ІЗДЕНІСТЕР ЖЕМІСІ

ІЗДЕНІСТЕР ЖЕМІСІ

ІЗДЕНІСТЕР  ЖЕМІСІ
ашық дереккөзі
268

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, ҚР Жоғары мектебі Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Мәдениет қайраткері Қансейіт Әбдезұлы әдебиеттанушы ғалым ретінде белгілі азамат. 

Ал ғалымның өз шығармашылық жолын қазақ филологиясы кафедрасынан бастағанын, студент кезінде атақты Мамания мектебінің негізін салған Мамановтар әулетінен шыққан, кезінде морфология саласының білгірі саналған Ыбырайым ағайдың шәкірті болып жүргенін қазір бірі білсе, бірі білмес. Ыбырайым ағайдың студентке қояр талабы тым жоғары, терең білімді ғана бағалайтын. Сонысымен өзін бағалата алған ұлағаты мол, тектілігі сұсынан сезіліп тұратын ұстазымыз еді. Мамановтың көңілінен шығу үшін морфологиялық құрылымды терең меңгеріп, грамматикалық форма мен грамматикалық мағынаны ажыратып, әдеби тілдік нормамен ойды толық әрі нақты жеткізу қажет екенін ХХ ғасырдың 70-80 жылдарындағы студенттер жақсы білетін. Сондықтан да ұстаз-ғалымның жоғары талаптарына жауап бере қоятын студенттер кемде-кем-тін. Қансейіт ағаймен сөйлесіп отырып, қазіргі қазақ тілінің грамматикалық және практикалық мәселелерін ешкімнен кем білмейтінін, тіпті анау-мынау ғалымдардан кәсіби білігі терең екенін іштей амалсыз мойындайсыз.
Көп сөз айтпайтын, көлгірсуді білмейтін филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Майтанов Қансейіт ағаның 50-жылдық мерейтойының тұсында былай деп жазыпты: «Мәселе … бір қия шатқалға кімнің қалай ат басын тіреуінде ғой. … Қансейіт Әбдезұлы әдебиеттану ғылымына кездейсоқ бұрылмағанын, ортаға түссе, озғындап шабатын, ізденсе, тапжылмай тер төгетін білімді, қарымды зерттеуші екенін таныта келді» [2. 177]. Ия, «Кейiпкер және тартыс» (1995), «Т. Әлiмқұлов және қазақ прозасы» (2000), «Т.Әлiмқұлов және 60-80-жылдардағы қазақ әдебиетi» (2001), «Әдебиет және өнер» (2002–03) атты зерттеулері, «Жазушы және заман шындығы», «Тарих және тағдыр» (2004), «Таным көкжиегі» (2007), «Тәуелсіздік кезеңі және қазақ әдебиеті» (2012) т.б. оқулықтар мен оқу құралдарының авторы Қ. Әбдезұлының шығармашылығы қазірдің өзінде талай зерттеу еңбектеріне дерек боларлық деңгейде.
Тәкен Әлімқұловтай көркем сөз шеберінің шығармашылығын зерттеу арқылы шыңдалған ғалымның өзінің де сөз қолданысы мен жазу стилі ерекше. «Әдебиет және өнер» атты зерттеуінде Қ. Әбдезұлы: «Шығарманың тілі мен оның көркемдік сапасын екі бөліп қарауға болмайды. Шұрайлы тіл жоқ жерден шынайы көркемдікті іздеу бос әурешілік» деп жазады [1. 43]. Шынайы сұлулықты сөзбен кестелеу – әдебиеттің жүгі.
Қазақ дүниетанымынан туындайтын атаулар мен қолданыстар ұлттық өнер, ұлттық салт-дәстүр тақырыбына жазылған зерт­теудің ұлттық бояуын қалыңдатып, санадағы берік тағылымнан сыр шерткендей болады. Мәселен, «Мынау фәни дүниеден, бақи дүниеге көшкеніне бір мүшел жастың мөлшері толған қаламгердің аса көркем, ойлы шығармаларына оралып, туған әдебиетіміздің игілігі үшін қаламгер қандай олжа салды деген сұрақ туады. Ат басын Тәкен Әлімқұлов шығармашылығына тіреуіміздің басты бір басты себебі – жазушы туындыларының тіл өрнегінің ерекшелігімен сабақтасады. Тіл – көркемдік шеберліктің қайнар көзі, мөлдір басатуы. Бұл жөнінен келсек, жазушының өз тұстастарынан оза шапқанын айтпау қиянат («Әдебиет және өнер»).
Шағын мәтінде фәни дүниеден, бақи дүниеге көшу, мүшел жас, олжа салды, ат басын тіреу, оза шапқаны, тіл өрнегі сияқты төл тіркестердің қолданысы мен ат басын Тәкен Әлімқұлов шығармашылығына тіреуіміз, өз тұстастарынан оза шапқаны сияқты соны қолданыстар оқушыны елең еткізері даусыз. Әдетте, ат басын белгілі нысанға (ауылға, көшке, жайлауға, үйге т.б.) тіреу мағынасы кең жұмсалады, ал субъектіге қатысты жұмсалуы, сөз мағынасының құбылуын, көпмағыналылығын туғызады. Оза шабу, шабу – жылқы малына қатысты болса, мәтінде кісіге қатысты жұмсалып, ұлттық ментальдылықты туғызған.
«Күй сазына арбалған қара сұр, жасыл жолақ жыландар секілді ниеті қарайып, барымта жолына шыққан дұшпандар да дұшпандық ойларынан қайтып, бір сәт өмірдің қым-қуыт қиыншылықтары, қайғы мен мұң, үміт пен өкініш, аза мен жаза сарындары қат-қабат келіп, көкірегіне жарық түсірген бір бейтаныс сезімге бой алдырады.
Білектің күші, қарудың жүзі қайтара алмайтын ащы түйін, дұшпандық ниет кетіп, оның орнын жан мен жүректен шыққан мейірім басады. Дұшпандық ойды адамдық, адамгершілік сезім жеңеді. Осының бәрі күй мен күйші өнерінің асқан үлгісі болумен бірге сол өнердің басқаларға әсерінің қаншалықты қуатты, қаншалықты жасампаз, арылтушы, тазартушы құдіретке ие екендігі де әңгіме әлемінде ерекше суреткерлік серпінмен шешім табады» («Әдебиет және өнер»). Мәтінде динамикалық жүйе сақталады, Байсүгір күйшіні суреткердің қалай суреттегенін діттеп отырып, зерттеуші оқушысын жалықтырмай, көркем тілмен көркем шығарманың сюжетін орағыта отырып, жазушыға табындыра түседі. Жазушының сөйлеу ерекшелігін толқыта тарата отырып, қасиетті қара қобыздың үнін тағы да естірткендей болады: «Қобыз – ғасырлар қойнауынан бізге, бүгінгі ұрпаққа, жоғалып қалмай, аман-есен жеткен, қасиетті, киелі өнер аспабы» екенін ұқтырады.
Зерттеуші-ғалым қаламынан шыққан мақаладан бастап, монографиялық зерттеу­леріне дейін қойылған мәселенің бүтіндігі мен байыптылығы, ішкі байланыстылығы мен біліктілігі ерекше көзге түседі. Біз мұнда «мәтіннің бүтіндігі мен байланыстылығы» дегенде мәтіндік лингвистика тұрғысынан пайымдаймыз. Өйткені тілші ғалым үшін мәтін ерекше бірлік статусына ие болады да, өзіндік жаңа ерекшеліктерімен, сөз қолданыстарының өзгешелігімен, тақырыптық маңыздылығымен жаңа жүйеде қарастырылады. Мәтіндегі бүтіндік – белгілі бір кейіпкердің жан дүниесін ашудағы авторлық шешімді көрсетумен ғана емес, сонымен бірге шығармадағы жалпы көркемдік шешім мен өмір шындығының арасын таразылауымен де астасып жатыр дер едік. Мәселен: «Тәкен Әлімқұлов өнер иесі мен билік иесі арасындағы таным мен тұрғы, мақсат пен мұрат қайшылығынан туған осындай тартысты шығармасының басты өзегіне, сюжеттік желісіне айналдыра отырып, Ықыластың мінезін, таным байлығын, талант даралығын терең лиризммен бейнелейді» деген тұжырымды пікір мәтіндегі ойдың бүтіндігінің, әуелгі ой мен кейінгі ой арасындағы ішкі байланыс тереңдігінің көрінісіндей.
Ғылыми зерттеу – ғалым біліктілігінің айғағындай, яғни оның тілі мен стиліне кәсіби көзқарас ерекше болуға керек. Қ. Әбдезұлы еңбектеріне жоғары академиялық этикет, ғылыми көзқарастың нақтылығы мен анықтығы тән. Көркем шығарманың халықтық талғамға, ұлттық тағылымға сай келуі зерттеуші үшін басты лейтмотив болғандай. Қайсыбір шығарманы талдаса да, одан осы мотивті іздейді. Өзі сүйіп жазған, зерттеген қазақтың ірі стилист жазушысы Тәкен Әлімқұловтың қарапайым оқушы байқай қоймайтын небір иірімі терең көркемдігін, сөз қолданысындағы өзіндік қолтаңбасын, астарлы да салмақты ойларын талдауда шеберлік танытқан ғалым «таланттың тоғыз қырын» таразылайды. «Суреткерлік даралық, көркемдік шеберлік биігіне» жеткен жазушының «ұлттық бояуы қанық, ұлттық өрнегі мейлінше дара сөздер мен сөз тіркестерін дәл тауып қолданатынын», қаламгердің ұлттық мінезді шынайы бейнелеп берудегі қол жеткізген табысы көбіне-көп дәл осы тәсілдің арқасында жүзеге асқанын, «өнер, этнография, этнопсихология, тұрмыс-салт, ырым-жорамалдар, өнер аспаптары, өсімдік, тал-шөп түрлері, төрт түлік мал, аң-құс, тағы басқалар сияқты ұғым-түсініктердің, киелі, қасиетті саналатын табиғат ғажайыптарының барлығының жиылып келіп бір арнада тоғысуы, көрініс табуы» деп тұжырымдалуы зерттеуші ғалым еңбегінің мәндік бүтіндікке жеткенінің нақты дерегі деп қабылдадық.
Ғылыми мәтін нақты ғылыми тұжырым­дар мен пікірлерге негізделетіні, түпнұсқадағы деректер мәліметтер негізінде талданатыны белгілі. Осы реттен, ғылыми зерттеулерде көркем сөз қолданыстары мен тұрақты тіркестер кең қолданысқа ие бола алмайды. Десек те, көркем шығарма туралы жаза отырып, көркем жазбау мүмкін еместігін Қансейіт Әбдезұлы зерттеулерін оқып көз жеткіземіз. Оқып көрелік: «…Асылы, адамның іші – сиқырлы әлем тәрізді. Тіршілікте не көрдің, не түйсіндің, неден дәмелендің, неден түңілдің – бәрі-бәрі көкірегіңде аян. Көлденең жұрттың көзіне төрт құбыласы түгел жігіттей көрінетін Елеусіздің көңілінде қаншама қаяу, сағыныш, мұң жатыр», «жалпы романның темірқазық идеясы – адамның ар-ожданы, имандылығы, кісілігі, бір сөзбен айтқанда ішкі жан дүниесінің тазалығы, рухани болмысы», «Бұл топтағы туындыларда бой көтеретін кейіпкерлер, мейлі ол «қатқылдау» қала тұрғыны болсын, немесе аңқылдаған ауыл адамдары болсын, олардың алдымен тағдыр соқпағы, тіршілік әрекеті, пендешілік қарбаласы қатар танылып, бір сөзбен айтқанда адам тағдыры, күнделікті өмір суреті алдыңғы қатарға шығады» (Жазушы және заман шындығы, 2003).
Келтірілген мәтіндегі сиқырлы әлем, көлденең жұрттың көзі, төрт құбыласы түгел жігіттей, көңілінде қаншама қаяу, сағыныш, мұң, темірқазық идея, «қатқылдау» қала тұрғыны, «аңқылдаған» ауыл адамдары, тағдыр соқпағы, тіршілік әрекеті, пендешілік қарбаласы сияқты тіркестердің жұмсалуы мен оқушының оны әсерлене қабылдауы ерекше функциональдық-коммуникативтік мән туғызады. Ғылыми талдаулардың сонылығы мен сөз қолданыстарының ұтымдылығы, тартымды тіркестердің орынды жұмсалуы – зерттеуді оқып отырған оқушыны жалықтырмайды. Жасандылықтан ада ғылыми баяндаулар ұлттық санадағы дәстүрлі тіркестермен таңбаланып, ұлттық болмысты терең танудың жолдарына бастайды. Егер сиқырлы әлем, көлденең жұрттың көзі, төрт құбыласы түгел жігіттей, көңілінде қаншама қаяу, сағыныш, мұң сөздері тілімізде жасалған тұрақты жұмсалатын тұлғалардың ұтымды қолданысы десек, темірқазық идея, «қатқылдау» қала тұрғыны, «аңқылдаған» ауыл адамдары тіркестері авторлық қолданысқа жатады.
Суреткерлікті таныту арқылы өзі де зерттеудің шебері болған, қаламы қарымды, ойы толымды, жазғаны жалықтырмайтын, ішкі бүтін болмысы мен байыптылығын сақтап, көркем ойды ғылыми таразымен саралап, көріктендіре жеткізетін ғалымның еңбектері бүгінде өз оқырмандарының қолында.

Анар Салқынбай,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық  университетінің  профессоры 

Серіктес жаңалықтары