Жаңалықтар

Темекісіз бір күн

Темекі – адамдардың өліміне себеп бола тұра, заң жүзінде тұтынуға рұқсат етілген әлемдегі жалғыз өнім. Таяуда Алматыда «Заң азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғау үшін темекіге қарсы» атты Темекісіз дүниежүзілік акциясына орай баспасөз конференциясы ұйымдастырылды.
Аталмыш мәжілісті ұйымдас­тырушы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен салауатты өмір салты қызметі темекінің адам өміріне төндіретін қаупіне тоқталып, темекі індетінің ауқымын азайту бойынша іс-шара жүргізуге шақырды. Жаһандық темекі індеті жыл сайын 6 миллионға жуық адам өліміне әкеліп соқтырады, олардың 600 мыңнан астамы темекі шекпесе де, темекі түтінінің жанама әсерінен, яғни ықтиярсыз темекі шегуіне байланысты дүние салады. Табанды шешім жасалмаса, 2030 жылға қарай бұл індет жыл сайын 8 миллионнан аса адам өліміне әкелетін болады.
2012 жылы өткізілген бесінші ұлттық зерттеудің мәліметтері бойынша ҚР-да ересектер арасында шылым шегудің таралуы – 26,5 пайыз, ықтиярсыз темекі шегу – 62,2 пайыз, темекіні тастамағандар – 25,9 пайыз, күн сайын шылым шегетіндер – 20,3 пайыз ал балалар мен жасөспірімдер арасында шылым шегудің таралуы – 6,7 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда темекі шегудің салдарынан туындайтын аурулар 25-тен асатын болса, олардың арасында жүрек-қан тамырлары, ауатамыр-өкпе және онкологиялық аурулар көш бастап тұр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Елдік кеңсесінің басшысы Мелита Вуйновичтың сөзіне қарағанда темекі шегу көрсеткіші Солтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды, Алматыға кірсе, Атырау, Маңғыстау облыстарының халқы басқасынан темекіні аз тұтынады екен. Қазақстанның барлық аймақтары «Темекісіз дүниежүзілік күнді» атап өтеді. Осы күні темекінің қаупі туралы халықты ақпараттандыруға, темекіні тастауға бел буған тұлғаларға көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау мектептері мен темекіге қарсы орталықтардың қызметін белсендендіруге бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Алматы қаласының салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Күлсара Сүлейменова өлімге жеткізетін темекі шегуді азайту мен оған қарсы күрес жүргізудің мақсатына тоқталды.
Дүниежүзілік темекіге қарсы күрестің басында темекі компа­ния­ларының санын азайту тұр. Темекісіз дүниежүзілік күннің ДДСҰ ұсынған 2012 жылдағы тақырыбы – «Темекі компанияларының жарнамасына, сатылымын ынталандыруға және демеушілігіне тыйым салу». Жаһанды жайлаған темекі індетіне тосқауыл қою адам өмірін сақтаумен бірге ел экономикасына да оң нәтиже береді.

 

Back to top button