ҚОШ БОЛ ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМ ИЕСІ

ҚОШ БОЛ ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМ ИЕСІ

ҚОШ БОЛ ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМ ИЕСІ
ашық дереккөзі

Ол 1959 жылы 4 қазанда Моңғолияда дүниеге келді. 1982 жылы Ұланбатыр қаласындағы Политехникалық институтты, 1986 жылы Моңғолия Үкіметі жанындағы жоғарғы басқару институтын инженер-экономист мамандығы бойынша бітірді. Моңғолияның кен орындарында мамандығы бойынша түрлі қызметтер атқара жүріп қарымды қаламгер ретінде танылды. Қиыннан жол іздеп ойын өрге салған өткір мақалалары үшін 1989-1990 жылдары Моңғолияның ең беделді басылымы «Үнэн», «Хөдөлмөр» газеті, қазақ тілінде шығатын «Шұғыла» әдеби журналының арнаулы сыйлықтарына ие болды. 1991 жылы қазақ көшінің алғашқы легімен атажұртқа оралды. Мұндағы еңбек жолын «Орталық Қазақстан» газетінен бастады. Автордың алғашқы мақалалары оқушы қауымды елең еткізді, көпшіліктің жүрегінен орын алды. 2001 жылы Теміртау қаласында алғаш рет қазақ тілінде шығатын «Теміртау» газетін ашты. Автордың ұлт, ұлттық тіл, көші-қон мәселелерін көтерген тұщымды мақалалары «Жас Алаш», «Түркістан», «Жас қазақ» газеттерінің беттерінен жарық көрді, Шалқардың көк жиегінен шалқыды. Аманжол Ақын Қазақстан журналистер одағының мүшесі. Баспасөз саласындағы республикалық және облыстық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері. Ол «Аңсап жеткен атажұрт», «Тұғыры биік Теміртау», «Сыпайы сырын білдірмес» атты кітаптардың авторы. Ол ақындықты қара сөз құдыретімен қатар ұстаған жан еді. Амал нешік дарынды қаламгер бар жоғы 54 жасында ортамыздан кетті.  Қош, қаламгер бауырым, жаның жәннәтта болсын!

Б.Бәмішұлы, Д.Баймолдаұлы, Қ.Бекенұлы, З.Қинаятұлы, Е.Кәпқызы, З.Болатхан.