Миллиардер Миттал мемлекеттік қолдауға мұқтаж ба?

Миллиардер Миттал мемлекеттік қолдауға мұқтаж ба?

Миллиардер Миттал мемлекеттік қолдауға мұқтаж ба?
ашық дереккөзі

 Әсіресе «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына мемлекеттік көмек уақыт күттірмейтінін айтып Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне 10 күн ішінде бұл мәселені реттеуді жүктеді. 

Үкіметтің ірі өндіріс орындарына қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созуы орынды. Бірақ «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы көмекке шынымен зәру ме? «Үкіметтің пейілін асыра пайдаланып отырған жоқ па?» деген сұрақ туындайды. Өйткені оның құрылтайшысы және басшысы Лакшми Миттал әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде көш бастайды. Forbes журналының тізімінде 31 миллиард долларлық дәулеттің қожайыны ретінде Миттал 41 орынға жайғасқан. Сондай-ақ Үндістанның «Билл Гейтсі» деген атағы тегіннен емес. Әлемнің 21 елінде 61 зауыты бар «Арселор Митталдың» географиялық ауқымы мен өнімдерінің алуан түрлігі бойынша теңдесі жоқ. Компанияның Қазақстандағы құрамында Қарағанды облысындағы 8 көмір шахта, Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинат, Ақмола, Қостанай облыстарында темір рудасын өндіретін 4 кеніш бар. 2010 жылы бұл кәсіпорын 3,3 миллион тонна сұйық шойын және 2,9 миллион тонна басқа өнімдерді экспортқа шығарды. 2015 жылға қарай шойын өндіру көлемін 6 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Дәл бүгінде шетелдік компанияның өз табысы мен мемлекет қазынасына түсіретін қаражаты мол. Алайда металлургия нарығындағы өзгерістер шетелдік компанияға қалай әсер етуде? Неліктен мемлекет көмегіне мұқтаж? 

Былтыр Қазақстандағы металлургия өндірісі 13 миллиард АҚШ долларын құрады. Оның ішінде металл өндірісі 4,7 миллиард доллар болса, түсті металл 8 миллиард долларына жуықтады. Дайын металлургия өнімнің көлемі 850 миллион долларға жеткен. Бұл нарықта дағдарыс жоқ, қайта тапсырыс көп. Ендеше «Арселор Митталдың» әлсіреуіне не себеп? Өткен айда компания қызметкерлері бас көтерген болатын. Өйткені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шешімі бойынша компанияда жұмыс істейтін қызметкерлердің денсаулығына келтірген зияны үшін өтемақы төленуі тиіс екен. 2012 жылдың қазан айынан бері «АМТ» өтемақы төлеуді тоқтатып, бұл істерін заңды деп түсіндіріп бақты. Үш күннің ішінде министрлік өтемақы төлеуі тиіс деп талап қойды. Алайда Бас прокуратура компания қызметінің заңсыз екенін айтты, ал Теміртау сотына берілген талап-арыз қанағаттандырылса да компания өтемақы төлеуден бас тартуда. Өткен жылы тіпті қызметкерлер айлық еңбекақысын көтеруді талап етіп, ереуілге шыққан болатын. 

«Арселор Миттал» Теміртау қаласы мен шахта, өндіріс орындарының құрал-жабдықтары, құрылғы, құбырларын жаңарту және жөндеу жұмыстарына мемлекет ат салысса деген дәмесі жоқ емес. Өз құрал-жабдықтарын жаңартуға неге мемлекет көмектесуі қажет? «АМТ» немесе кез келген басқа инвестор елге келгенде өндіріс орнын жалға алады, сөйтіп құрал-жабдықтар өзіміздің тарапымыздан жаңартылады деп келісімшарт жасасады. Бірақ бірнеше жыл өткен соң ескі жабдықтарды жөндеу немесе алмастыру үшін мемлекетке аузын ашып қарап отырады. 

Жыл басында компания 128 жобаны қолға алған. Алайда олардың саны бүгін 30-ға қысқарып қалыпты. Себебі компанияның ауыр қаржылық жағдайы барлық жобаны жүзеге асыруға қауқарсыз. «Ең маңызды деген жобаларды тоқтатпаймыз. Мәселен – экологиялық жобалар, конвенторлы цехты газбен тазалау, айналатын пеш, ТЭЦ –тің жұмыстарын тоқтатпаймыз. Мұнда жоғары қысымды бу өткізгішті жаңалаймыз. Бұл жұмыстар қаланың келесі жылыту маусымына дейін аяқталуы тиіс. Біз үнемдеу үшін қажетті нысандарды ғана жөндейміз. Тек қауіпсіздік техникасына келгенде таласымыз жоқ. Ғимаратты жөндеу, ТЖ талабымен құрылғыларды ауыстырудағы жобаларды қысқартпаймыз», – деді. Әсілі мемлекет осындай құрал-жабдықтар мен қалаға қатысты жобаларға көмек көрсетуді айтса керек. Алайда бір өндіріс орны мен басы бүтін қаланы алақанында ұстап отырған инвесторлар өз мүддесі үшін жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндетті емес пе? Биыл осы шығындарына Арселор Миттал 50 миллион доллар жұмсаса керек. Тағы 60 миллион долларды жыл соңына дейін пайдаланбақ. Ал қысқарып қалған 100-ге жуық жобаның арқасында компания 45-50 миллион долларын үнемдей алдық дейді Иво Хмелик, осылайша жобаларды жүзеге асыру құны биыл 105 миллион долларды құрады. 

Бұл компанияның қаржылық жағдайы төмендеп кеткендіктен жұмыс істейтін мердігер кәсіпорындардың 50 пайызын қысқартуды жоспарлап отыр. Теміртау қалалық кәсіподағының мәліметінше бұл компанияға 100 мердігер ұйым кіреді және олардың барлығы стратегиялық серіктес. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуларды қысқартуды жоспарлап отыр. «Біздің қоймада 100 мың доллардың құрал-жабдығы бар. Біз осыларды пайдаланып, жаңасын алмау үшін үнемдеуге тырысамыз», – дейді АМТ атқарушы директоры Иво Хмелик. 

Дәл осы жағдай осыдан бес жыл бұрын қайталанғаны есте. «Арселор Миттал Теміртау» Қазақстан Үкіметімен қызу саудаласқан болатын. 2008 жылы дағдарыс дауылы талай өенркәсіпті баудай түсірді. Бұл дауылдың самалы Миттал кәсіпорнына да тиіп, жергілікті жұмыс орындарын қысқарта бастады. 10 мыңнан астам халық жұмыстан қағылып, Үкіметтің назарын өзіне еріксіз аудартқан еді. Үкімет «жаңа метталлургиялық зауыттың құрылысын бастап, жаңа жұмыс орнын ашуды талап еткенде» «Арселор Миттал» салықты төмендетіп, су мен электр энергиясының тарифін төмендету, қоршаған ортаға әкелген зияны үшін төленетін экологиялық салықтан босату сияқты 14 талап қойған болатын. Ол аз болғандай «Жаңа ауыл» станциясы мен теміржол учаскесін өзіне сыйға тартуды сұрап, компания миллиардқа жуық соманы үнемдей алады деп сендірген еді. Егер де сол кезде олардың қойған талабын Үкімет қанағаттандырса 10 миллиард теңгеден астам қаражаттан қағылар еді. Сондықтан бұл іске Үкіметтің еріксіз араласуына тура келген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тау-кен металлургия кешеніндегі дағдарыс біздің де кәсіпорындарға залалын тигізіп отырғанын атай келе: «Бұл жағдай кәсіпорындардың ірі жобаларын іске асыруына кедергі келтіруде. Корпоративті табыс салығын 30 пайыздан 15 пайызға дейні төмендету жоспарлануда. Сонымен қатар шетелдік компаниялар жергілікті қоғамның алдындағы жауапкершілікті мойындауы керек. Мемлекет оларды ұзақ мерзімде қолдап келеді, олардың жұмыс істеуіне ыңғайлы жағдай жасадық. Дағдарысты еңсеру қандай меншігі болса да барлық компанияның міндеті, әсіресе шетелдік компаниялардың. Олар Үкімет қолға алған шараларға жәрдемдесуі қажет. Үкімет пен инвесторлардың, әсіресе шетелдік инвесторлардың болашақ қарым-қатынасы осыған байланысты. Аймақтағы облыс әкімдері бұл мәселе бойынша инвесторлармен бірлесе жұмыс істеуі тиіс», – деген еді. Осыдан кейін инвесторлар мен әкімдер іле-шала үстел басына жиналып, бұл мәселені жұмыссыз қалған қауымның пайдасына шешіп берген болатын. Міне, Қазақстанда пайдасын артығымен көріп отырған инвестордың бес жыл бұрынғы талабы осындай. Соған қарамастан араны ашылған компания тағы да Үкіметке қол созып отыр. 

Былтыр Франциядағы «Арселор» метал­лург­тері ереуілге шығып, Флоранж зауытының жабылмауын талап етті. Митталдың француз үкіметі алдындағы келісімшартты бұзғанын айтқан президент Франсуа Олланд Лакшми Митталдың өзімен кездескен болатын. Тіпті зауытты жөндеуге 400 мың еуро құятын басқа инвестордың табылғанын да ескерткен. Міне, осындай ескертпелерді ел Үкіметі де жиі қайталап тұрса…

2007 жылы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы мемлекеттік бюджетке 100 млрд теңгеден аса салық төлемдері бойынша қарыз болған. Оны «Арселор Миттал» компаниясының жұмысын 2007 жылы ҚР Қаржы министрлігімен бірлесіп тексерген облыстық салық комитетінің қызметкерлері анықтайды. Сөйтіп компания тексеру қорытындыларымен келіспей ауданаралық экономикалық сотына шағым түсіріп үлгереді, алайда сот олардың шағымдарын қанағаттандырмай, Салық қызметінің төлемге берген есеп- қисабы дұрыс деп шешті. Жуырда сот шешімі күшіне енуі керек болатын, алайда «Арселор Миттал» компаниясының заңгерлері аппеляциялық шағымын облыстық сотқа тапсырды. Бірақ осы сотта Миттал тобы өз пайымын дәлелдеп, салықтан босатылған болатын.