ОН БЕСІНДЕ ТОЛҒАН АЙДАЙ БОП...

ОН БЕСІНДЕ ТОЛҒАН АЙДАЙ БОП...

ОН БЕСІНДЕ ТОЛҒАН АЙДАЙ БОП...
ашық дереккөзі
  ЕҚЫҰ саммиті, Азиада, Ислам конференциясы ұйымының саммиті, жыл сайынғы Бүкіләлемдік экономикалық форум, т.б. халықаралық деңгейдегі басқосулар мен жиындар Астананың геосаяси маңызына салмақ қосқаны сөзсіз. Ал он бес жылдық мерейтой елорданың этономәдени мазмұнын арттыра түспек. Он бес жылда Елорда Қазақ астанасына лайық ұлттық нақыштарға, қазақы нышандарға, халықтық фольклорлық сипатқа байи түсті. Астана бүгінгі мерейтойына бар сән-салтанатын сарқа дайындалғандай. Тойға тарту – «Біржан мен Сара» Қала күніне орайластырған оқиғалар ішінде өткен аптада классикалық опера және балет театрының ашылуы айрықша мәнге ие. Бұл театр Орталық Азиядағы теңдессіз өнер ордасы болмақ деген үміт бар. Екі жыл салынған зәулім сарай алыстан көздің жауын алып, Астана төсіне таққан асыл алқа сынды көрік беріп тұр. «Жаңа театр – Орталық Азиядағы ең үлкен өнер шаңырағы. Бұл – бүкіл еуразиялық кеңістіктегі соңғы бірнеше онжылдықта салынған кең ауқымды бірден-бір классикалық театр. Бұл – әлемдегі техникалық жағынан ең жетілдірілген театрлардың бірі. Осы тарихи сәт әлемдік опера өнерінің жылнамасына енеді. Ғаламат «Астана Опера» ғимараты қазірдің өзінде елі­міздің тарихына жазылды. Оның күмбезі астында мен «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жария еткенімді білесіздер. Онда мәдениет біздің ұлтымыздың генетикалық кодының ажырамас бөлігі болып белгіленді», – деді Елбасы. Жаңа театрдың шымылдығы композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» шығармасымен ашылуы кездейсоқтық емес. Биыл – КСРО халық әртісі, композитор, педагог және қоғам қайраткері Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жыл. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасының тікелей тапсырмасымен салынған әлемдік деңгейдегі талапқа жауап беретін «Астана Опера» театрының дүниеге келуі – опера мен балет сияқты бекзат өнерді барша қазақстандықтардың ортақ игілігіне айналдырып, олардың биік талғамы мен эстетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған», – деді. М.Төлебаевтың құнды мұрасы «Біржан мен Сара» операсын режиссер Юрий Александров сахналады. Ал басты рөлдерді Нұржамал Үсенбаева мен Ахмет Ағади сомдады. Жеті мамандық бойынша – жүзден жүйріктер Қала күніне орай өткізіліп жатқан түрлі байқау, іс-шаралардың арасынан «Астана таңдауы» байқауын ерекше атап өту керек. Дүйсенбі күні астаналықтар ең үздік деп таңдаған жеті жеңімпаздың тізімі белгілі болды. Оларға тұрғындар astana.kz сайтында онлайн жүйесінде дауыс берген болатын. 15 күн ішінде барлығы 87 252 адам өз таңдауын білдірген. Осылайша, елорданың үздік мұғалімі, дәрігері, инспекторы, құрылысшысы, жолшысы, қоғамдық көлік жүргізушісі және энергетигі анықталды. Мамандықтар тізімінде ең көп дауыс жинаған мұғалімдер екені анықталған. Бұл – қоғамымыздағы Ұстаз беделінің көрінісі болса керек. «Үздік педагог» атағының иегері ретінде Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімі Рабиға Ташкенбайқызы Иманқұлова таңдалды. Үздік ұстаз жалпы саны 21 562 адамның сеніміне ие болыпты. Ал 23 жыл бойы денсаулық сақтау саласында қызмет етіп келе жатқан «Астана әкімдігінің №1 Қалалық ауруханасының» қызметкері Марат Қарсыбекұлы Абдулов 3596 дауыс жинаған. Осылайша, ол «Үздік дәрігер» аталымында жеңімпаз деп танылды. Бұдан соң, 31 жылдан астам еңбек тәжірибесімен «Астана-Жылутранзит» АҚ-ның Реттеу және тұтынушыларды есепке алу қызметінің бастығы Рауза Жүнісбекқызы Кәкімова – «Үздік энергетик» (5 317 дауыс); 24 жылдық еңбек өтілі бар «№1 Автобус паркінің» қоғамдық көлік жүргізушісі Қанат Хамзаұлы Құлтаев – «Үздік көлік жүргізушісі» (315 дауыс); 32 жылдық еңбек өтілі бар «ҚазақАвтожол» Ақмола филиалының қызметкері Вячеслав Викторович Шевченко – үздік жолшы» (72 дауыс); «Алтын ХХI» ЖШС қызметкері Сүндет Ізбасарұлы Үмбетов – «Үздік құрылысшы» (1 734 дауыс); Астана қаласының «ОП-14 СРУ ВД» мекемесінің қызметкері, 24 жастағы Мұрат Балтанбекұлы Ширтаев «Үздік инспектор» (1341 дауыс) атанды. Жүзден жүйрік шыққан үздіктерді таңдау барысында Ресей мен Украинадан хат жолдап, алғыс білдірген шәкірттердің, осы еңбек озаттарының қызметіне дән риза болған қарапайым азаматтардың лебізі ескерілді. Жалпы байқауға 170-тен астам үміткер қатысқан екен. Байқауды ұйымдастырушылар дауыс беру электронды түрде өткендіктен, оның нәтижесін шынайы деп санайды. Бірақ белгілі бір мамандықтар бойынша ұсынылған үміткерлер саны көбірек. Мысалы, мұғалімдер қауымы атынан 58 педагог ұсынылған. Ал дәрігерлер атынан 32 үміткер қатысты. Олардан басқа, байқауға 24 энергетик, 17 инспектор, 16 құрылысшы, 14 жолшы, 9 қоғамдық көлік жүргізушісі қатысқан. Үздік мамандар Астана күнінде, яғни 6 шілдеде Конгресс-холлда салтанатты жағдайда марапатталады. Осының өзі байқау жеңімпаздарының қадірін арттырғандай… Қала көркейе түспек Астана күні қарсаңында елорданы абаттандыру жұмыстарына айрықша көңіл бөлінді. Қалада жыл сайын жаңа скверлер, саябақтар салынуда. Аулалар қоршалып, жаңа спорт алаңдары мен балаларға арналған ойын алаңқайлары көптеп ашылып жатыр. Он бес жылдыққа орай елордадағы аулаларды түгел жаңарту жоспарланған. Мысалы, қалалық әкімшілік берген ресми ақпаратқа жүгінсек, Сарыарқа ауданында осы жазда 260 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Бұған дейін бұл ауданда сырғанақ, әткеншек, балалар ойнайтын құм және спорттық қондырғылар орнатылған болатын. Сарыарқа ауданында 130 мекен-жай бойынша абаттандыру жұмыстары басталып та кетті. Оны осы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтау жос­парлануда. Ал, 1 тамызға дейін тағы да 75 мекен-жайға жұмыстар жүргізілсе, 30 тамызға дейін тағы да 25 мекен-жайдың ауласы абаттандырылады. Сарыарқа ауданы әкімдігінің хабарлағанындай, ауданда қазір көшелерге асфальт төселіп, жарықтандыру тіректері, шағын сәулет пішініндегі балалардың ойын алаңдары, спорт алаңдары жабдықталуда. Ал Есіл ауданында биылдың өзінде 36 ауланы қалпына келтіру жоспарланған. Алматы ауданы да межелі табыстармен қарсы алуды көздеп, 106 орамішілік ауланы абаттандырып, онда 106 балалардың ойын алаңын, 34 спорт алаңын жабдықтауды жоспарлауда. Сонымен қатар, осы аулаларға 632 қоқыс жәшігі, 701 орындық, 84 орындық шатыр қойылады. Сондай-ақ, жалпы көлемі 128 мың шаршы метр­ден астам жерге асфальт төселеді. Қазірдің өзінде 3 275 автотұрақ орны әзірленіп 24 мың шаршы метр жерге кеспе тас төселді. Астана күні мерекесі аясында 11 аула мен 2 скверде 10 мың адамды қамтитын іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерекелік күндерде халықтың аз қамтылған топтарына барынша көңіл бөлінуде. Бұған қоса аулаларда «Жасы үлкен абыз», «Алтын той иесі», «Жас отбасы», «Ауланың байырғы тұрғыны» сияқты бірнеше аталымдар бойынша үздік тұрғындарды анықтау байқаулары өткізіледі. Қазақ спорты енді ақпараттан қағажу емес Астананың мерекелік күндері қазақ ақпарат кеңістігінің тынысын кеңейткен тұсаукесер туралы айтпай кету мүмкін емес. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед осы аптадағы үкімет отырысында жақын күндері «KAZsport» телеарнасының ашылатыны туралы хабарлады. Айшықты тұсаукесер 1 шілдеге жоспарланып отыр. Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» жолдауында Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен Мәдениет және Ақпарат министрлігіне бірлесіп мамандандырылған спорт арнасын ашу туралы тапсырма берген еді. Бір жарым жылда ұлттық спорт телеарнасының бағыт-бағдары, тұжырымдамасы, мазмұны және келешек даму жоспары мәселелері айқындалып, бірталай жұмыс атқарылды. Жаңа телеарнаның жаңалығы – бұдан былай қазақстандық жанкүйерлер Ұлттық құрама командалар қатысатын құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жарыстарды, ел біріншіліктерін тікелей эфирде көре алады. Оның ішінде велоспорттан Тур де Франс пен Вуэльта көпкүндіктері, су спорты түрлері, жеңіл атлетика, дзюдо, көркем гимнастика, каратэ шито-рю, грек-рим және еркін күрес, ауыр атлетика мен шаңғы спортынан Әлем чемпионатын, волейболдан әйелдер арасында Әлемдік гран-при кезеңдік ойындарын, неміс бундеслигасын, Қазан қаласында өтетін жазғы Универсиада ойындарын, теннистен Wimbledon турнирін, волейбол, ауыр атлетика мен велоспорттан Азия біріншіліктерінен трансляция ұйымдастырылады. Сондай-ақ футболдан Қазақстан премьер-лигасы мен Ұлттық құрама кездесулері, спорт түрлерінен ел чемпионаттары мен кубок үшін ойындарын да көрсету жоспарланған. Жаңа телеарнаны спортсүйер қауым жерсеріктік және кабельдік жүйеде хабар тарататын операторлар арқылы тамашалай алады. Тәулігіне 20 сағат хабар тарататын «KAZsport» телеарнасы жергілікті спорт жанкүйерлеріне сапалы да өтімді отандық өнім ұсынуға қабілетті болғай. Астананың әдеби-мәдени әлемі Астана мерекелік күндерде әдеби-мәдени мазмұнмен байи түсті. Оған өлең-жыр, ән-би жанрларындағы таланттар байқауларының үлесі мол. Осындай шаралардың бірі – Сәкен Сейфуллин мұражайы және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы жариялаған «Жарқыра, жайна, Астана!» атты мүшәйра. Елорда әкімдігінің қолдауымен өткізілген жыр додасына еліміздің әр өңірінен, алыс-жақын шетелдегі қандастарымыздан – барлығы 70-ке тарта шығарма келіп түскен. Ұйымдастырушылар бәйгенің басты мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның азат Астанасын жан-жақты жарқырата жырлау екенін баса айтады. Сонымен, бас бәйгені жеңіп алған ақын Серік Тұрғынбекұлы Астана тойынан жеңіл автокөлік мінді. Мүшәйра қорытындысы бойынша бірінші орынға Ба­у­­­ыр­­­жан Жақып, екі екінші жүлдеге Кәкімбек Салықов пен Сәуле Досжанова, үшінші үш сыйлыққа Махсет Алсейтов, Жанат Әскербекқызы, Ерлан Жүніс лайық деп танылды. Бұдан басқа, Абылай Толыбаев, Мағиза Құнапияқызы, Ауыт Мұқибек, Роза Сейілхан, Қайрат Сабырбай ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Астана астана болғалы оған арнап талай ән шығарылды. Шындығында, Астана туралы әндер өзгеше бір жанрлық топ құрауға жарап қалды. Осыны ескерген ұйымдастырушылар «Ән жүрегім – Астана!» атты байқау өткізуді ұйғарыпты. Елорданың тұрғындары да, қонақтары да мұндай айрықша жобаны ризашылықпен қабыл алды. Өйткені Астана мерейтойына арналған ән шашуда талай талант топ жарып, танымал болары сөзсіз. Астанада отбасылық қағидалары құнды Астаналықтарға «Айналайын» отбасылық-демалыс қалашығы үлкен сый болғалы тұр. Үш күндік мерекеде қала тұрғындары мен қонақтары спорттық жарыстарды, ұлттық салт-дәстүрлер мен концерттерді тамашалай алады. Биылғы жылдық мерекелік іс-шаралардың арасында отбасы құндылықтарына ерекше мән берілгені қуанарлық жайт. Көпшілік серуен, мерекелік шеру, отбасылық және балалар фестивалі – отбасымен бірге тамашалайтын іс-шаралар кешені. Жүргізушілер, аниматорлар мен бойшаң қуыршақтар, балалар мен ересектерге қызықты ойындар, байқаулар мен спорттық сайыс ұсынады. Мысалы, «Студент» саябағындағы бағдарлама «Спорт және мен» деген ұранмен өтеді: «Гүлнәр» ансамблі, «Астана» қуыршақтар театрының театрландырылған ойын бағдарламасы, спорттық сайыстар, «Көңілді мәре», «Дәлел» таэквондо клубының каратэ көрсетілімдері, «R-V» қуыршақтар театрының театрландырылған ойын бағдар­ла­масы, «Фараб» ән-би ансамблінің концерттік бағдар­ламасы өтпек. Қалалық алаңда көрермендер №2 өнер мектебінің, «R-V» қуыршақтар театры, «Фараб» ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасы мен ҚР ІІМ ансамблінің әндері мен әскери билерін және Астана қаласы эстрадасының жеке орындаушыларының концерттік бағдарламаларын тамашалайды. «Жерұйық» саябағында «Қазақ дастаны» бағдарламасы қойылады. Онда «Ақ маржан» студиясының солистері өнерлерін ортаға салып, №1 өнер мектебі мен «Шаңырақ» әжелер ансамблі «Бесікке салу» және «Тұсау кесер» сынды ұлттық салт-дәстүрлерді көрсетеді.     Астаналық мерейтойға арналған іс-шаралар жоспары мұнымен түгесілмейді, әрине. Бұл күндері елордада «International Street Dance Session 2013 in Astana» атты көше биі халықаралық фестивалі, «Экстрим толқыны» атты спорттық кеші, Астана кубогы үшін велоспорт шабандоздары арасында жарыс, Астана күні дүние есігін ашқан жастардың неке қию рәсімі, тағы басқа көптеген шаралар ұйымдастырылады. Жылдан жылға елорданың қазақы болмысы айқынырақ таныла бастағаны қуантады. Ендеше, он беске толған Астананы астаналықтар ғана емес, барша отан­дас­тар мақтан тұтса да артық емес.
 Гүлбиғаш ОМАР

Астана