Нәтижеге көңіл толады

Нәтижеге көңіл толады

Нәтижеге көңіл толады
ашық дереккөзі

Соңғы үш жылдың ішінде 8 технопарктен, 2 трансферттік технологиялық халықаралық орталықтан және коммерцияландырудың 21 кеңсесі мен 5 аймақтық кеңсесінен тұратын тиімді инновациялық инфрақұрылым қалыптасып үлгерді. 

Бүгінде «инновация» термині күнделікті өмірімізге етене араласып кетті. Бұл энергетика, машина жасау, ауылшаруашылық, білім, медицина мен ғылым саласында кеңінен қолданысқа түсуде. Өйткені бұл осы инновациялық тәсіл жүргізіліп отырған индустриялық саясаттың тиімділігіне, Қазақстанның шикізаттық емес бәсекелестік қабілетін құруға және сақтауға кепілдік береді.

Жаңа инновациялық жоба бойынша үш жылда 1097 ұсыныс қаралып, оның 173-і мемлекет тарапынан 9 млрд. теңгеге қаржыландырылған. Нәтижесінде 19 инновациялық жоба қайта қолдауға ие болып, 5 млрд. теңге көзделді. Бұл игі бастама талай істің жандануына септігін тигізіп, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге үлесін қосты. Жақында «2020 жаңа индустрияландыру» бағдарламасының қабылданғанына төрт жыл толуына орай, «Қазақстанның индустриялық өмірінің 7 күні» атты ақпараттық науқан басталған болатын. Бағдарлама әртараптандыру арқылы экономиканың тұрақты және теңгермелі өсуін қамтамасыз етуге және оның бәсекелестік қабілетін арттыруға бағытталған. Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, «екі бес жылдықта біздің экономикамыздың бейнесін өзгерту» міндеті қойылып отыр. Өткен кезеңде не жасалды? Аралық нәтижелер мен әлеуметтік-экономикалық тиімділік қандай? Бұл жөнінде кең мағлұмат 29 маусымнан бастап 5 шілде аралығында еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып келеді.

Аптаның әр күні бір тақырыпқа арналады. Атап айтқанда 29 маусым – Қазақстандық экспорт, 30 мау­сым – Шағын және орта бизнес, 1 шілде – Аймақтар және адамдар, 2 шілде – Инфрақұрылым, 3 шілде – Инновациялар, энергия үнемдеу, еңбек өнімділігі, 4 шілде – Инвес­тициялар, 5 шілде – Қазақстандық мазмұн күні. 5 шілде күні таңғы 9 бен 11 сағат аралығында «Transport tower» ғимаратында ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының Ашық есік күні өтеді. Бұл іс-шарада мемлекеттік органдар мен институттардың өкілдері қызметінің барысын баяндап, «Тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізімі» ақпараттық жүйесінің тұсаукесеріне арналған отандық тауар өндіруші компаниялардың фотокөрмелері мен диалогтық алаң және дөңгелек үстел ұйымдастырылады. 

 «2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысы» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев: «Ең алдымен индустрияландыру бағдарламасы бойынша үш маңызды мәселеге назар аударғым келеді. Бірінші мәселе – көптеген сарапшылар индустриялық бағдарламаны жобалар жиынтығы ғана деп түсінеді. Негізінде бұл олай емес. Индустриялық бағдарлама – бұл аса салмақты, ұзақмерзімді жүйелі президенттік бағдарлама. Мұнай мен шикізат таусылар, сол кездегі экономиканың қуатын көтеріп әкететін мұнайдан тәуелсіз дамудың даңғыл жолы болуы шарт. Сондықтан да, бұл сектор қуатты әрі орнықты болуы шарт. Бұл бағытта ескі өнеркәсіптік базалар жаңғыртылып, инвесторлар, инновациялар үшін жағдай жасалады. Бұдан бөлек, отандық жұмыс күші осыған даярланып, қажетті инфрақұрылымдар құрылуы шарт. Ең бастысы индустрияландыру бағдарламасы арқылы елімізде, бизнес­те және қоғамда жаңа экономикалық ой қалыптастырылуы қажет», – деді министр. Сондай-ақ, ол «индустрияландыру – барша экономикалық саясатты алмастырады» деген пікірді де жоққа шығарды. «Біз көбінесе кейбір өңірлерде индустриялық жобалардың болмай отырғандығы туралы сынды естіп жатамыз. Әрине, бұл жерде түсінуге тиісті басты мәселе – бізде адами және материалдық ресурстардың бәрі бірдей жеткілікті емес. Сондықтан да, индустриялық бағдарламаның басты мақсаты – қосымша құн салығы жоғары, экспортқа бағдарланған саланың қуатын арттыруға негізделеді. Сол үшін барлық салада және барлық өңірде «чемпион» болу еш мүмкін емес. Солай бола тұра кейбір өңірлерге жеткілікті назар аударылмайды деуге де болмайды. Өйткені еліміздің барша өңірлері мемлекеттік экономикалық саясат шеңберінде реттелетін болады», – деді. Сонымен қатар, министр күтілетін нәтижелерге де баса назар аударылатынын жеткізді. «Біз кей жағдайда «Неге бағдарлама жүзеге асқан 2 жыл ішінде Қазақстан Малайзия мен Сингапур бола алмады?» деген сұрақтарды да естіп қаламыз. Әрине, бір жобаны жүзеге асыруға бірнеше жылдарға созылатын даярлық қажет болатынын кәсіпкерлер жақсы біледі», – дегенді баса айтты. 

Кәсіпорынның қуаттылығы артуда

Ал бұл күндері ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев еліміздің өңірлеріндегі ірі кәсіпорындардың жұмыс барысымен, тыныс-тіршілігімен танысу үшін сапарға шықты. Соның бірі – «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Әліби Ахметжановтың мәлім еткеніндей, кәсіпорын соңғы жылдары жоғары технологияға негізделген мұнайгаз жабдықтарын, күрделі металл конструкцияларды шығаруды игерді. Қазіргі заманғы жабдықтармен жасақталған жаңа цехта мұнай қыздыру пештері, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар жасалады. Қазақстанда алғаш рет мұнай жинау мен әзірлеуге арналған автоматтандырылған кешен технологиясы игеріліп, газ айдау агрегаттары мен газтурбиналы электр стансалары жасалды. «General Electric» компаниясының технологиясы негізінде газтурбиналы қондырғыларды жөндеу, автоматика мен басқару жүйелеріне қызмет ету мен жөндеу жөніндегі сервистік орталық құрылды. Әзірге, түсіп жатқан тапсырыс мардымсыз. Кәсіпорын болашақта әскери және азаматтық бағыттағы авиациялық двигательдерді жөндейтін орын ашқысы келеді. 

Ғимран Бисенов басшылық ететін «Оралагрореммаш» АҚ-да өрт сөндіретін машиналар құрастырылады. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында коммуналдық және арнайы автотехника өндірісі жаңартылды. Техника құны 8 млн.-нан 25 млн. теңгеге дейін. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына сәйкес несиенің пайыздық мөлшерлемесін жеңілдетуге 736,3 млн. теңге бөлініп, металл конструкцияларын ыстықтай мырыштау қызметі ұйымдастырылып, арнайы техника цехы жаңғыртылды.

Ал ҮИИДМБ арқасында Павлодар облысы өнеркәсібінің үлес салмағы 6-дан 7,2 пайызға артқан. Бағдарлама жүзеге асырылғалы бері облыстың Индустрияландыру картасына жалпы құны 744 млрд. теңгеден асып жығылатын 82 жоба енгізілді. Олардың 50-і орындалып, 44 жоба жоспарлы қуаттылыққа шығарылған. Мұнымен қоса биылғы жылы құны 91 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба аяқталатын болады. «Жаңа индустрияландыру президенттік бағдарламасы экономикалық саясаттың негізгі бөлігіне және аймақ дамуының басты факторына айналды. Оның жүзеге асырылуы облыс өнеркәсібінің республикалық көлемдегі үлес салмағын 6-дан 7,2 пайызға арттыруға мүмкіндік берді», – деді облыс басшысы Е.Арын.

Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған жобалардың бір парасы ­– Солтүстік Қазақстан облысында. Бұл үлес 22 млрд. теңгені құрайды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан хабарлағандай, СҚО-да Индустрияландыру картасына жалпы құны 40,8 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба енеді. Оның аясында құрылыс уақытында 1818, қолданысқа берілгеннен кейін 1839 жұмыс орны құрылады. Айта кету керек, Президенттің тапсырмасына сәйкес, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі энергия үнемдеу саласында «Энергия тиімділігі-2020» бағдарламасын әзірлеуге кірісті. 2012-2015 жылдарға арналған энергия тиімділігі бойынша кешенді жоспар аясында 100-ден астам отандық энергия аудиторлары мен энергия менеджменттері дайындалды. Осыған орай, былтыр С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Энергетикалық менеджмент» атты жаңа мамандық ашылды. «Өнімділік-2020» бағдарламасының негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін ұлғайту жолымен экономиканың басымды секторларындағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекелестік қабілетін арттыру. Бұған қолдаудың әртүрлі құралдарын пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Мысалы, «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ «Инвестициялық жобаның кешенді жос­парын әзірлеу немесе сараптама жасау үшін төлем» құралы арқылы жалпы сомасы 57.5 млн. теңгеге бағдарламаның 49 қатысушысын қолдады. 

2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспар екі бесжылдық арқылы жүзеге асады. Оның ішінде әуелі бесжылдықта индустриялық инновациялық даму бағдарламасына барынша күш салынады.