АҚЫЛЫ ЖОЛДАР АЗАПТАН ҚҰТҚАРА МА?

АҚЫЛЫ ЖОЛДАР АЗАПТАН ҚҰТҚАРА МА?

АҚЫЛЫ ЖОЛДАР АЗАПТАН ҚҰТҚАРА МА?
ашық дереккөзі
295

Ақылы жолдарға халық қазынасынан қанша ақша бөлінуде? Қаражат түгел өз мақсатына жұмсала ма? 

Жолдың қадірін жүрген білер. Анығында, көлігі барлар. Ойқы-шойқы жерлердің мазаны кетіретіні белгілі. Ал ақы төлеп өтетін тақтайдай кең жолдар ше? Үстіміздегі жылдың 31 мамырынан бастап, Астана мен Шортанды арасындағы көлік жолы ақылы болды. Егер көлігіңіз осы жолмен құйғытқысы келсе, 200 теңге төлейсіз. Әр шақырымына – 1 теңгеден астам. Әлемдік валютаға шақсақ – 1,3 доллар. Ал автобустар мен жүк көліктеріне салынатын салық олардың көлемі мен жүгінің ауырлығына қарай анықталады. Ақша төлеуден босатылатындар қатарында – мотоцикл айдаушылар, құтқару қызметі, «Жедел жәрдем», полиция мен жол жөндеу жұмыстарын жүргізетіндер. Жол бойына жақын орналасқан маңайда тұратындар үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылыпты. Әлбетте, ауыл не аудан ішінде олар тегін жүреді. Жол ақысын көлік иелері трассаға кіре берісте қолма қол немесе карточка арқылы өтей алады. Егер көлік шоссе арқылы аудандарды аралай жүретін болса, арнайы бекітілген төлем тағы бар. Осылайша, ұзын жолдың бойынан бюджетке түсетін жыл сайынғы кіріс 1,4 млрд. теңге (9,3 млн. доллар). Ал жолды салуға кеткен қаражат – 700 млн. теңге (4,6 млн. доллар).

Ұзындығы 224 шақырымға созылатын «Астана – Шортанды» трассасы 2009 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Үкімет сол жылы-ақ халықаралық деңгейдегі осы жолды ақылы етуге деген ниетін жасырмады. ҚР Премьер-министр Серік Ахметовтің айтуынша, түскен пайда көлік жолдарын жақсартуға және оларды жүйелі түрде жөндеуден өткізіп отыруға жұмсалады. Қолда бар деректерге сүйенсек, биыл салынатын «Астана – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» жолдарын да ақылы етуге шешім шығарылған. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы жолдардың барлығын кіріс көзіне айналдыру тиімсіз көрінеді. Мәселен, Астана – Бурабай трассасынан күн сайын небары 4 мыңдай көлік өтеді. Есесіне, Алматы – Қапшағай жолының 24 сағат бойы аузы-мұрнынан шығып жататыны бар. Кейде бұл жерден тәулігіне 20 мың көлік ерсілі-қарсылы ағылады. Яғни, Алматы мен Қапшағай арасындағы жолды ақшаға айналдырғанмен, 1 күнде жүретін көліктер саны нормадан асып түседі.

Алматыға қатысты тағы бір мәселе, қала әкімшілігі әл-Фараби даңғылымен жүретін көліктерге де салық салғысы келіп отыр. Бюджетке күн сайын 2 млн. теңгеге дейін кіріс кіргізуге құлшынып отырған жергілікті билікті сынға алған сарапшылар қауымы әл-Фараби көшесінің халықаралық стандарттарға сай келмейтінін, керісінше, «артық қылам деп, тыртық қылып алуы мүмкін» екендігін де тілге тиек етеді. Яғни, ақылы жолмен жүруге мәжбүрлеймін деген билік алматылықтардың жүйкесін жұқартқан көлік тығынын одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Оның үстіне, бір кездері Елбасы Алматы әкімдігіне көкжелекке оранған әсем де алып шаһарды көліктердің көк түтінінен құтқару үшін шеттен келетін темір тұлпарларға арналған арнайы тұрақтар салуға пәрмен бергені белгілі. Әлбетте, олар қала сыртынан салынуы тиіс.

Тағы бір түйткіл, жолдарды жаңартуға инвесторлар да аса құл­шынып отырған жоқ. Өйткені 25 жылдық инвестициялық айналымда Қазақстандағы жолдардың бағасы еуропалық бағамнан жоғары, ал тариф керісінше, шетелдік бағаның маңайына да жолай алмайды. Яғни, тым арзан. Мәселен, Автрияда 1 шақырым жол жүрсеңіз, 0,35 еуро төлейсіз. Сарапшылардың айтуынша, 143 млн. тұрғыны бар Ресейдің өзінде жолдарға инвестиция салуға ұмтылған қалталылар жоқтың қасы. Сол себепті, орыстардың жерінде небары 430 шақырым жол ғана ақылы. Кейбір жолдарда Польша мен Португалиядағы секілді әр шақырымға 9 еуро цент алынады екен.

2009 жылы қабылданған ҚР «Көлік жолдары туралы» заңға сәйкес, ақылы жолдар салынған жерлерде тегін жолдарды қарастыру мүмкіндігін шектеді. Халықаралық заңдарға салсақ, бұл да тұтынушы құқығын шектейтін, яғни, заңға қайшы әрекет. Ресейлік сарапшы Алферов: «Ақылы жолдарға баламасы жоқ елдер өте аз. Тек Қытайда ғана солай. АҚШ пен Еуропада тоннельдер мен көпірлер ақылы болуы мүмкін. Бірақ жолдар емес», – дейді.

Тәуелсіз көлік одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың айтуынша, Алматыдағы жолдарды жөндеу үшін жылына орташа есеппен алғанда, 400 млн. доллар жұмсалады екен: «Бірақ қаладағы жолдардың жағдайына қарасақ, бұл қаражаттың жолдарды жөндеуге түгел жетпейтіні белгілі. Сондықтан халықтың басым бөлігі ақылы жолдар арқылы пайда табуға білек сыбана кіріскелі отырған билікке аса сенбейді. Үкіметтің соңы сиырқұйымшақтанып барып, құмға сіңген бағдарламаларының бірі – «100 мектеп, 100 аурухана». Бұл туралы ҚР Президенті Н.Назарбаев орталық және жергілікті атқарушы билікке бірнеше рет ескерту жасап, тіпті, жемқорлыққа жол берілгенін де қатаң сынағаны белгілі. Демек, жолды ақылы етем деп жүргенде салық төлеушінің, яғни, қарапайым салық төлеушінің қалтасынан шығатын қаражаттың тағы да желге ұшпасына кім кепіл? Үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарлама шеңберінде 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға жүгінсек, осы мерзім ішінде әлі дұрыс жөндеуден өткізілмеген «Астана – Теміртау», «Алматы – Қорғас», «Тәшкен – Шымкент – Жамбыл облысының шекаралары», «Орал – Каменка – Ресей шекаралары» жолдары да ақылы болуы тиіс еді. Халықаралық талаптарға сай келмейтін жолдардан ақша алуға бола ма? Тағы бір түйткіл, «шаш ал десе, бас алуға» дайын тұратын жергілікті билік, әкім-қаралар ақшаға қызығып, елді мекендер мен ауылдардың жолын да ақылы етуі мүмкін. Демек, мұны да қадағалауда ұстаған жөн.  


Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары