АСТАНА – АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ АЙНАСЫ

АСТАНА – АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ АЙНАСЫ

АСТАНА – АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ АЙНАСЫ
ашық дереккөзі

Астананы таңдауымыздың Сарыарқа төсіндегі Ақмолаға түсуі – болашаққа бағытталған тарихи шешім болды. Жаңа Астана еліміздің экономикалық локомотиві, оның саяси және мәдени орталығына айнала білді. 

Белгілі ақын Серік Тұрғынбековтің:

«Он бес жыл есігіңе ендіргелі,Он бес жыл есіміңді ел білгелі. Он бес жыл саясаттың тоңын бұзып,Есілдің көк мұзымен сең жүргелі», – деп жырлауы тегін емес.

Жаңа астана әлемдік қоғамдастыққа еліміздің қандай істер атқара алатынын дәлелдеудің тамаша үлгісі еді. Үлкен міндетті ел болып еңсердік. Он бес жыл ішінде Батыс пен Шығыс мәдениеті үйлесім тапқан бірегей қала бой көтерді. Ару Астанамыз әлеуеті зор, бәсекеге қабілетті әлемдік деңгейдегі қалаға айнала білді.

Мерейлі мерекенің өзіндік тойлану дәстүрі бұрыннан бар. Оның бірі Астана күнінде  Бас байрағымызды көкке көтеру. Бұл мерейтойда да  биіктігі 111 метрлік алып ту салтанатты түрде көтерілді.

Байрақты көкке көтеру салтанатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Халқымыздың қасиетті нышаны осы байрақ болған. Ел шетіне жау келсе, ата-бабамыз осы байрақтың түбінен табылған. Азаттықтың туының жолында осы елдік туы көкке көтеріліп, есіл ерлердің туы жығылмасын деп бата берілген», – деп ағынан жарылды.

Сол күні көкте желбіреген көк ту астында Елбасы жоғарғы әскери оқу орындарын бітірген үздік түлектерге лейтенант шенін табыс етті. Алғашқы белгісін қолына алған жігіттерде де қуаныш басым. Жас өрендердің қуануының да өзіндік сыры бар. Өйткені тұңғыш шендерін Қарулы Күштердің Бас қолбасшысының қолынан алып отыр. 

Түс ауа еліміздің саяси элитасы жаңадан ашылған Опера және балет театрында өткен салтанатты шарада бас қосты. Салтанатты жиында Елбасы 15 жыл бұрын қу тақыр жерден алып шаһардың салынатынына әуелде  е??????? ?????????? ?????, ??????? ???? ???????.

шкімнің сенбегенін айтып, өткенді еске түсірді.

Елбасы өз сөзінде: «Астана егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі,  азаттығымыздың айнасы болып саналады. Қазақ елінің жасампаздығын паш еткен ұлы көш оңай болған жоқ. Оны барлығымыз жүзеге асырып, биік белестерге жеткіздік», – деді.

Үш күн бойы Есілдің оң жағалауы мен сол жағалауы мәре-сәре думанды бас­тан кешірді. Астана аспаны ән мен күйге бөленді. Биыл Астана тойына тұңғыш рет Түркияның «Мехтер» әскери-этни­калық үрмелі аспаптар оркестрі келді. Әлемдегі ең ежелгі әскери оркестр қала көшелерінде кернейлетіп, патриоттық әуендерін паш етті. Бұл думанды кешке  Қор­ғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің әскери оркестрлері де қатысты. Ол үшін арнайы сахнамен жабдықталған  үш көлік дайындалыпты. Әр көлікте бір-бір сахна бар. Жиналған қауым әр көлікте сах­наланған көріністерді, ән-биді та­машалады. Саптағы музыканттар бір-біріне кедергі келтірмес үшін жүз метр ара қашықтықты сақтап жүрді. Бі­рінші көлікте шоу-бизнес өкілдері, екіншісінде еліміздің спортшылары мен эстрада жұлдыздары жайғасқан. Көлікке шоғырланған топ  жол бойы патриоттық әндер шырқады. Ал шерудің үшінші легі – инновациялық топтан құралған. Әр топтың өзіне сай түсі бар. Әр көліктің   соңынан мыңдаған жаяу жүргіншілер ерді. Салтанатты шара эстрада жұлдыздарының  қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Салтанатты кеш соңында аспанға он бес мың шар ұшырылды.

Дүниеде тәтті тоқаштан дәмді не бар десеңші. Торттың да  бәрі дәмді. Ал бұл торттың дәмі ерекше. Оның ерекше болатын да жөні бар. Өйткені, бұл он бес жылдыққа орай ұйымдастырылып отыр. Он бес жылдық мерейтойға арналған торттың үлкендігін былай қойғанда, сыртқы безендірілуі де көздің жауын алады. Торттың бетінде  «Бәйтерек», Бейбітшілік және келісім сарайы, Ақорда, «Хан Шатыр» ғимараттарының бейнесін табасыз. Төртбұрыш пішіндегі торттың жиектеріне еліміздің көрікті орындарының нобайы бедерленген.

Ерекше тортты дайындауға  15 аспаз жұмылған. Бұл тортты аспаздарымыз он бір сағат бойы әзірлепті. Олардың қатарында Франциядан дәріс алып келген аспаз Зайтуна Байсейітова да бар, Зайтуна апай кез келген торттың өзіне тән дәмі, композициялық безендірілуі болу керектігін айтады. Бұл торттың   ең алдымен экологиялық таза өнім болуына басты назар аударылыпты. Оның құрамы тек табиғи қоспалардан құралған. Тортты дайындау үшін 200 келіден астам ұн, 250 келі қант, 5 мың жұмыртқа, 200 келі құлпынай тосабы және тағы басқа қоспалар жұмсалған көрінеді. Он бес жылдыққа арналып әзірленген ерекше тортты жегенде арманда, жемегенде арманда.

Айтпақшы, он бес жылдық мереке күні елордада 79 сәби дүние есігін ашты. Астананың он бесінде дүниеге келген сәбилердің 42-сі қыз, 37-сі ұл бала.  Өмірге келген әрбір сәби қуанышқа қуаныш қосты. Бұл бір күннің ғана дерегі. Үш күн бойы елімізде қаншама сәби дүние есігін ашты екен десеңші. Оған да тәубе!

Жұрт осылайша мәре-сәре болып, Астананың туған күнін үш күн тойлады. Ән де айтылды. Күй де тартылды. Жұртшылықтың  есінде қалатын ән мен жыр ғана ма? Бүгін тыңдаймыз, ертең ұмытамыз.  Біз кейде той-тойлаймыз деп дабыралыққа, даңғазалыққа жол беріп қоятын сияқтымыз. Тойдың сәні Ресейден келетін эстрада жұлдыздарының ән шашуы ғана емес еді ғой. Астананың мерекесін ұлттық нақышта, ұлттық үрдісте тойласақ, жөн болар еді-ау деген ой келді санамызға. Кім білсін, он беске енді ғана қадам басқан Астананың тойы әлі де талай түрге енер, түрленер.

 

Гүлзина БЕКТАС