ҮНДІСТАН НЕГЕ ӨКПЕЛІ?..

ҮНДІСТАН НЕГЕ ӨКПЕЛІ?..

ҮНДІСТАН НЕГЕ ӨКПЕЛІ?..
ашық дереккөзі

Зауыттың өзі сынақ мерзіміне қосылған, егер де жоспарға сәйкес қыркүйекте шикізат өндіру басталса, нағыз жұмыс сол кезде қызады. Ал әзірге түрлі әңгіме өрбіп тұр. 

ConocoPhillips компаниясының үлесінің жаңа қожайыны кім болмақ? 2011 жылы акциясын саудаға салған компания қаржылық дағдарыстың аз-ақ алдында тұрған. Ол кезде жалпы құны 8-10 миллиард долларға бағаланған. Арада екі жыл өтсе де 8,4 пайыздық акция ешкімнің меншігіне өткен жоқ. Бірақ оған қол созушылар саны көп. Үндістан, Қытай және Қазақстан. Үндістан Қашағандағы өндіру үлесін 5,5 миллиард долларға сатып алуға даяр. Бірақ 2 шілдеде Қазақстан Үкіметі ConocoPhilips компаниясының акциясын 5 миллиард долларға сатып алатыны жөнінде мәлімдеме жасады, әрине америкалық компания келісімін берді. Ал қымбатқа сатып алмақшы болған Үндістан ұсынысы кері қайтарылды. Неліктен? Бұл күтпеген жағдайға Үндістан үкіметі аң-таң, тіпті өз құқықтарының тапталғандығын айтуда. Үндістанның Сыртқы Істер министрлігі Қашағанды игеру үлесін Oil & Natural Gas Corp (ONGC) компаниясына бермегені үшін ҚР Үкіметіне өкпесін білдіргендей болды.

– Қазақстан Үндістанның емес, өз пайдасына шешім шығарғандықтан, біз Үкіметпен энергетика саласында қарым-қатынас жасау үшін байланысқа шығып отырмыз. Бұл – әділетсіздік. Айрықша құқы бар деген желеумен акцияны сатып алғанын түсіндіруін талап етеміз, – дейді Үндістанның Сыртқы істер министрі Саид Акбаруддин.

Десе де үнді шенеуніктері «қолда бар алтыннан» айрылғанына көндікті. Олар Қашағаннан үлес алу арқылы энергетикалық ресурстарын ұлғайтуды көздеген, өйткені олар мұнай шикізатының 80 пайызын шетелден тасиды. 

                                                                  Уәдеміз – уәде

Қашаған кенішін игеру бірнеше фазаға бөлінген еді. Бірақ бірінші фазаны бастаудың өзі қиындық тудырып отыр. Әуелде техникалық ақаулардың көптігінен жұмыс кейінге шегерілді, осы жолғысына не жорық?

Кенішті өзара бөліскен алпауыттардың Қашағанды игеруге қаражаты да, мүм­кін­­­дігі де жеткілікті. Қашағанда үлесі бар­ компаниялардың бірі – Exxon Mobil. Қалған еншілестердің үлесі өзара тең. Осы америкалық Exxon Mobil дүние жүзіндегі ең бай компания. Ernst&Young корпорациясы 2013 жылдың ең бай 100 компаниясының рейтингін жасады. Бұл жүздікті Exxon Mobil бастап, ағымдағы жылдың бірінші жартысында  түскен табысы 402 миллиард долларды құрапты. Олай болса, 2005 жылдан бері қарай Қашаған кенішін неше қопарып, ұңғыл-шұңғылындағы мұнайды түгел сарқуға болар еді ғой. Бірақ мұнай игеруге не кедергі? Кеніштің жер қыртысы мен геологиялық орналасуын зерттеуге уақыт пен қаржы молынан жұмсалды. Ендеше игеру неге күзге қалдырылды?

Бұрынғы Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев бұрғылау жұмыстары 2013 жылдың қыркүйек айына шегерілгенін мәлімдеді. Бұл мәліметті Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев та растады. Жалпы Үкімет мұнай өндіруді ағымдағы жылдың 6 шілдесінен кешіктірмеуді талап еткен болатын. Алайда, бұл мерзімнен де астық, Қашағандағы жұмыс басталған жоқ. Дәл қай мерзімде басталатыны да белгісіз, оны ешкім дөп басып айта алмайды. ҚР Үкіметі де, үлескер компания­лар да жорамал айтумен шектелуде. Сондай жорамалдардың бірінде мұнай өндіру 2005 жылы жанданады деп мәлімденген. Сөйтіп техникалық ақаулар мен кеніштегі жер қабаттарының күрделілігіне қарай мұнай өндіру 2012 жылдың соңы, 2013 жылдың басына жоспарлаған еді. Алайда әне-міне дегенше бұл мерзім де өте шықты. Ендігі уәде – қыркүйек айы.

Газетімізде бұған дейін де Қашағанның әлемдегі ең ірі кеніш екенін айтып өткенбіз. Мол қоры бар кеніштің үлескерлері де жетерлік. Олардың ішінде «ҚазМұнайГаз» компаниясымен қатар шетелдік акционерлер де бар. Ал соңғы екі жылда үлесі дауға қалған, ConocoPhillips акциясын кімге сатпақшы? Әлем баспасөзі мен кәсіпкерлерінің құлағын елең еткізген акция сатып алушы кім? Бұл сауал талайды мазалайтыны анық. Былтыр бұл акцияны Қазақстан тарапы сатып алады делінген, алайда бір сұхбатында Сауат Мыңбаев мәселенің анық-қанығын білген соң ғана нақты шешімді жариялайтынын айтқан болатын. Бұдан кейін де 8,4 пайыздық акцияны «ҚазМұнайГаз» ҰҚ сатып алып, Қашағандағы негізгі, яғни бақылаушы үлескерге айналады деген болжамдар айтылды. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан мен ConocoPhillips арасындағы сауда 2013 жылдың төртінші тоқсанында аяқталмақ.

Кейбір сарапшылардың сөзіне сенсек, Үкімет Қашағандағы 8,4 пайыздық үлесті қайта сату үшін сатып алуда. Өйткені қытайлық CNPC компаниясы көптен бері Қашағанға көз салуда, ал еліміз Қытайға тағы бір кеніштің үлесін беруге қарсы емес. Сондай-ақ Қазақстан ConocoPhillips-тің акциясын өзіне қалдыру арқылы жобадағы басты үлескер болуға ұмтылуы ғажап емес. Алайда Қазақстанның жобада үлесін көбейтуі жобаға әрі қарай қаржы салуды ұлғайтып, инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін несие тартуды ұлғайтады дейді мамандар.

Кеніш 2000 жылы табылды. Батыс Қашаған 2001 жылы, оңтүстік-батыс Қашаған 2003 жылы ашылды. Ал оны игеретін North Caspian Operating Company (NCOC) – Солтүстік Каспий халықаралық бірлескен консорциум соңғы 40 жылдағы ең ірі жоба. Қашағанның геологиялық қоры болжаммен 4,8 миллиард тонна. Ал АҚШ-тың зерттелген қорының барлығын есептегенде 3,7 миллиард тоннаны құрайды. Жоспарға сәйкес жылына 13 миллион тоннадан өндірсе, «ҚазМұнайГаз» осы кеніштен жылына – 2,3 миллион тонна мұнай игере алады.

Соңғы он үш жылдың ішінде Қашағанды игеруге орасан зор қаражат жұмсалды. Кейбір ақпарат көздеріне сенсек, жұмсалған қаражаттың жалпы құны – 116 миллиард доллар. Жуырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қашағандағы «Болашақ» зауытының ашылуында болды. Әзірге зауытта сынақ жұмыстары жүргізіледі, ал күзде мұнда нағыз жұмыс қайнамақшы.

 

Ақниет ОСПАНБАЙ