БАР ӘКІМ БЕЛСЕНДІ БОЛСА...

БАР ӘКІМ БЕЛСЕНДІ БОЛСА...

БАР ӘКІМ БЕЛСЕНДІ БОЛСА...
ашық дереккөзі
222

Бүгінгі таңда Елбасы Н.Ә Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық дамуын белгілеп берген кешенді мемлекеттік жоспар деп бағаланып отыр. Айта кету керек, 1997 жылы ел Президенті «Қазақстан-2030» страте­гиялық жоспарын жария еткенде, ол бәріміз үшін қиял-ғажайып дүние секілді көрінгенімен, қазіргі таңда біз соның негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізіп отырмыз. Әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енгеніміз Қазақстанның экономикалық әлеуетін танытты. Бұл – сөзбен емес, нақты іспен дәлелденген межелі көрсеткіш. Енді жаңа Жолдаудың өн бойына арқау болған басты мақсат – әлемдегі дамыған отыз елдің қатарында болу.

Бүгінгі таңда әлемде «Әлеуметтік қауіпсіздік» деген жаңа ұғым пайда болды. Азаматтардың әл-ауқатының жақсаруы қоғамдағы тұрақтылықтың басты кепілі екені анық. Ал қоғамда тұрақтылық болмаған кезде, мемлекеттің тәуелсіздігіне нұсқан келеді. Әлеуметтік тұрақтылық болмаса, елдің берекеті кетіп, өндірісі де, экономикасы да, шағын кәсіпкерлігі де кері құлдырайтыны сөзсіз. Сондықтан біз де әлеуметтік қауіпсіздікке басты назар аударып отырмыз. Ол үшін тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, халықтың бай-қуаттылығын арттыру керек.

Білім беру, денсаулық сақтау, адами капиталды дамыту және басқа да осындай салаларға көптеген қаражаттар бөлінуде. Сол қаржы тиімді пайдаланылуда ма? Біздің азаматтар ең төменгі әлеуметтік стандарттарға сай мемлекеттік қызмет түрін ала ала ма? Осы мәселеге талдау жасап қарасақ, кемшіліктердің де орын алғанын көреміз. Тұрғындардың бәрі бірдей денсаулық сақтау саласында мемлекет кепілдік берген әлеуметтік стандарттар бар екенін біле бермейді немесе мың балаға арналған мектепте қандай ең төменгі әлеуметтік стандарт бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілуі тиіс. Соның барлығы заңмен белгіленіп, тиісті қаражатпен қамтамасыз етілуі керек. Сол сияқты бес жүз адам тұратын немесе мың адам тұратын ауылда қандай ерекшеліктері болуы керек? Ал бізде қазір әр аймақта, әр ауылда жағдай әр түрлі. Әкімі белсенді, іскер болса, ол ауылда әлеуметтік саланың ғимараттарын салады. Тиісті қаражатты көптеу ала алады. Ал әкімі белсенді болмаса, ол ауылдың дамуы да кейін қалып жатады. Міне, осындай жағдайлар орын алмас үшін заңмен бекітілген әлеуметтік стандарттар болу керек, әрбір ауылды мемлекеттік орган соған сәйкес қаржыландыруы керек.

Екінші қағида әлеуметтік мемлекеттік қолдаудың атаулылығы болып отыр. Қазірдің өзінде мемлекет атаулы әлеуметтік көмек көрсету бағдарламасы бойынша көптеген қаражат бөлуде. Бұл бағдарлама негізінен зейнеткерлерді, мүгедектерді, еңбекке жарамсыздарды, науқас балаларды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар жұмыссыздарға да әлеуметтік жәрдемақы беріліп келеді. Енді осындай мемлекеттік қолдау бойынша тек мұқтаж адамдарға ғана көмек берілетін болады. Ал, жұмысы жоқ, бірақ жұмыс жасауға қабілетті азаматтар, ең алдымен мемлекеттің қаржысы есебінен қайта даярлау курстарынан өтіп, басқа мамандық алып, мемлекет жұмсаған қызметке барулары керек. Оған келіспеген жағдайда, жұмыссыздыққа берілетін жәрдемақы берілмейді. Яғни, біздің қоғам масылдықтан арылуы керек. Барлық игіліктер тек еңбекпен келетінін ұғындыруымыз керек.

Үшінші басымдық – өңірлерді дамытудағы әлеуметтік теңгерімсіздікті еңсеру. Мұның өзі төрт бағыттан тұрады. Атап айтсақ, моноқалаларды дамыту, көші-қон мәселелерін шешу, шекаралық аумақтардың экономикалық әлеуетін арттыру, мемлекеттік органның өңірлік даму саласындағы жұмыстарын үйлестіру. Біздің кейбір аймақтарда өндіріс дұрыс дамымаған, соның әсерінен жұмыссыздықтың көрсеткіші басым болып отыр. Ал кейбір өңірлерде жаңа өндіріс орындары ашылған, ол жерде жұмыссыздық мәселесі шешілгенімен, жаңа жұмыс күштері керек. Әлеуметтік теңгерімсіздік мәселесін шешу үшін бірінші кезекте дамымай, артта қалған аймақтарға қаржы бөлу арқылы еңбек төлемі саясатын жақсарту қажет. Бұл жерде Елбасы барлық бағдарламалар түпкі нәтижеде тұрғындарды нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету және жұмыссыздардың санын қысқарту екенін ескертіп отыр. Яғни, ауқымды бағдарламалар дайындап, бөлінген қаражатты игеруді бірінші кезекке қоймауымыз керек. Қанша жұмыс орнын ашты, қанша адамды жұмысқа орналастырды? Ең басты критерий осы болуы керек. Ал бізде бүгінге дейін, өкінішке қарай, «Қанша адамды қосымша мамандыққа даярлады?», «Қанша қаржы игерілді?» деген мәліметтерге көбірек мән беріліп жүр.

«Нұр Отан» партиясы фракциясының жанынан үш кеңес құрылғаны белгілі. ҚР Парламенті мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда Қазақстан Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын іске асыру аясында халықты жұмыспен қамту мәселесі талқыға салынды.

Осы отырысқа аталған кеңестің 20 мүшесі, сонымен бірге облыстардың, Астана және Алматы қалалық мәслихаттарының хатшылары және осы облыстық мәслихаттың өкілдері қатысты.

Кеңестің отырысында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ерғали Егемберді баяндама жасады. Өңірлердегі жұмыспен қамту мәселесі жөнінде Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Қайырлы Едресов қысқаша түсінік беріп өтті. Осы басқосуда әріптестерім – Мәжіліс депутаттары Орал Мұхамеджанов, Бақытжан Ертаев, Алдан Смайыл, Әлихан Тойбаев, Гүлмира Исимбаева, Сәкен Жылқайдаров, Асхат Бекенов, Абай Тасболатов, Еркін Шпанов өз ойларын ортаға салды.

Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауында еліміздегі жұмыспен қамту және еңбекақы төлеу сая­сатын жаңғырту міндеті алға қойылды. Бұл міндетті орындауда халықты жұмыспен қамтуға ықпал ету, оның ішінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыру басты рөл атқарады. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы оған 187,5 мың адам қатысып, бюджеттен 95 миллиардтан астам теңге бөлінген. Жұмыссыздық деңгейі 2011 жылмен салыстырғанда өткен жылы 5,4-пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеген.

Алайда, халықты жұмыспен қамту саласындағы проблемаларды шешуде қабылданған бағдарламалар әлі де болса толық ықпал ете алмауда. Бүгінгі таңда статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде 2 миллион 700 мың адам немесе экономикалық белсенді адамдардың 31,6 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуде. Олардың да әл-ауқатын көтеруге қызмет ету Үкіметтің, партия мүшелерінің алдағы уақыттағы жұмысы болуға тиісті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жұмыс берушілер халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын жұмысқа белсене тартып, оларды еңбекақымен қамтамасыз ететіндей жағдай туғызу қажеттігі маңыз­ды», – деп атап өтті. Жұмыспен қамту мәселесін көтергенде осы жағына мән беруі­міз керек.

Сондықтан халықты жұмыспен қамту саласындағы проблемаларды облыстық мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып қарап, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына ұсыныстарды, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асырудағы кемшіліктер мен ұсыныстарды талқылап, жалпы, Елбасымыздың 2012 жылғы стратегиялық Жолдауындағы міндеттерді орындаудағы ортақ жұмыс бағытын анықтауымыз қажет деп есептеймін.

Осы бағыттағы ұсыныстарды, ойларды, пікірлерді жинақтап, Үкіметке және жергілікті атқару органдарына жолдау туралы ортақ шешімге келдік.

Біздің адамдарымыз психологиялық тұрғыда нарықтық жағдайға бейімделіп келе жатыр. Әр адам өзінің, отбасының әл-ауқатын жақсарту үшін еңбек етуде.

Елбасы кәсіподақтардың мәртебесін көтеру туралы тапсырма берді. Соған орай жаңа заң жобасы дайындалып, оны Үкіметтен келеді деп күтіп отырмыз. Әсіресе, еңбек дауларын реттеудегі кәсіподақтар рөлінің өз деңгейінде болмауы кейбір келеңсіз оқиғаларға алып келгенін жұрт көріп отыр. Сондықтан кәсіподақтың құзыретін айқындайтын заң қабылдауымыз керек. Ол жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы тең құқықты әріптес ретінде туындап жататын дауларды бейбіт жолмен шешуі тиіс. Өркениетті елдердегідей, әрі қарай дау-жанжалға ұластырып, халықты көшеге алып шықпайтындай үлкен күш болуы керек. Елбасының Жолдауында айтылған тағы бір мәселе – еңбек төлеміне және жалақы мөлшеріндегі сәйкессіздіктерді қысқартуға байланысты тәсілдерді әзірлеу.

Президент Жолдауын іске асыру мақсатында Мәжілістің, оның ішінде біздің комитетте әлеуметтік стандарттарды дамытуға байланысты бастамашылық жасау жұмыстары жүргізілуде. Бұған комитет төрайымы Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева тікелей басшылық жасауда. Кәсіподақтар және еңбек қызметін реттеу туралы заң жобалары келеді. Одан бөлек, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша қолданыстағы заңдарға жаңа толықтырулар енгізіледі.

Денсаулық сақтау саласы мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаларға, толықтырулар енгізілетін болады. Соның ішінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» кодекске өзгерістер енгізілмек. Білім беру саласын жетілдіруге қатысты да заңдарға өзгерістер енгізілетіні көзделіп отыр.

Бүгінгі таңда Мәжіліс қабырғасында, әсіресе жұмыс тобының отырыстарында көптеген заң жобалары қызу талқылану үстінде. Соның бірі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Мәліметке сүйенсек, елімізде 37 мыңнан астам жетім балалар бар. Оның 13 мыңнан астамы балалар үйінде тәрбиеленушілер. Жетім балалардың үй алудағы құқығы заңмен жеткілікті реттелмей келген болатын. Балалар үйінің түлектері көп жағдайда әр түрлі ортаға тап болып, қылмыстық жолға түсіп, басқа да жағымсыз қылықтарға бой алдырып жүргені туралы мәліметтер бар. Олар дүние есігін ашқан сәтінде-ақ тағдырдың ащы дәмін татса, енді кәмелеттік жасқа келген кезде өмірдегі өз орындарын таба алмай қалатыны өте өкінішті-ақ. Сонымен қатар, елімізде балалар үйін мүмкіндігінше азайту жөнінде бастама да көтерілу үстінде. Оның орнына өркениетті елдердегідей отбасында тәрбиелеуге көшіру қажет. Мысалы, АҚШ-та балалар үйі жоқ. Оларда жетім балаларды қамқоршылыққа аламын деген отбасыларды алдын ала психологиялық, медициналық жағынан тексеруден өткізіп, бала асырап алуға қабілетті адамдардың тізімдерін жасап отыратын органдар бар. Жетім бала түскен жағдайда сондай отбасыларға ұсыныс жасайды. Сөйтіп, әрқайсысы үйіне алып кетеді.

1994 жылғы 8 маусымда Қазақстан Рес­публикасы Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаған болатын. Осы құжаттың ең негізгі қағидаты – әр бала отбасында тәрбиеленуге құқылы. Сол қағидатты біз де орындауымыз керек.

Осыдан екі-үш жыл бұрын «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға толықтырулар енгізуді көздейтін заң қабылданғанда жетім балаларды 23 жасқа дейін тұрғын үй алу кезегіне қою туралы норма қарастырылған еді. Ал 23 жастан кейін кезектен шығарып тастайтын-ды. Енді өткен жылы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Онда 29 жасқа дейін үйдің кезегінде тұратыны, ал оған дейін үй алмаса, қашан үй алғанға дейін оны кезектен шығарып тастауға ешкімнің құқығы жоқ екені туралы жаңа норма бар. Алайда, үй кезегінде тұратындар өте көп. Жаңадан қабылданғалы тұрған заңда жетім балаларға тұрғын үй алу құқығын Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен, мүгедектермен теңестіріп, бірінші кезекте үй алуға құқылы деген норма енгізілуде. Оның берілу тетіктерін де жазу қажет. Мысалы, жаңадан салынған үйдің неше пайызы жетім балаларға тиесілі болуы керек? Соның бәрін нақты көрсетіп берсек, бес-алты жылдың ішінде жетімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік туады деп ойлаймын.

Сонымен қатар, бүгінгі ақпараттық өнімдер тасқынының өрлеп тұрған шағында балалардың денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттардан қорғайтын заңнаманың болмауы бір топ депутаттарды бастамашы болып жаңа заң жобасын дайындауға мәжбүр етті.

Әлемнің дамыған елдерінің, ТМД-ға мүше мемлекеттердің осы бағыттағы заңнамасына талдау жасай отырып, депутаттар А.Смайыл, Г.Исимбаева, С.Бычкова, Г.Сейітмағанбетова бастамашы топ болып «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заң жобасын дайындап, Мәжіліске ұсындық. Қазір жұмыс тобының отырыс­тары өтуде. Заң жобасының міндеті – балаларды жалпы және психологиялық денсаулығына, адамгершілік, рухани, психикалық әлеуметтік дамуына зардабын тигізетін ақпараттардан, сонымен бірге зорлық-зомбылық пен қатыгездікті, порнографияны насихаттайтын, қоғамға қарсы мінез-құлық танытуға, құқық бұзуға итермелейтін ақпараттардан қорғаудың заңнамалық кепілдіктері мен ұйымдастыру-құқықтық механизмдерін енгізу болып табылады.

Гүлнар Сейітмағанбетова,

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің төрайымы

Серіктес жаңалықтары