Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Абай облысына жұмыс сапары аясында Бесқарағай, Аягөз, Жарма аудандарының шалғайдағы ауылдарында орналасқан білім беру ұйымдарын аралады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өңір басшысы Берік Уәлимен бірге Аягөз қаласында«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи үлгідегі 600 орындық жаңа мектептің ашылу рәсіміне қатысты.
Қала тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған министр елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен білім сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елімізде балаларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалған инновациялық оқу орындарының жаңа желісі құрылды. Абай облысында биыл халықаралық білім сайыстарына қатысқан 18 оқушының 14-і жүлделі орындарға ие болды. Бұл ұлт зиялылары дүниеге келген мекенде ғасырлар бойы қалыптасқан зияткерлік әлеуеттің сақталғанының айқын дәлелі»,- деді оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Өңірде бүгінгі күні 4-ші Келешек мектебі пайдалануға берілді, сондай-ақ бір мектептің құрылысы жүргізілуде, биыл 9 мектеп заманауи стандарттарға сәйкестендіріліп, реновациядан өтті, 2026 жылы 26 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі.
«Бұл мектеп Аягөз қаласындағы мектеп тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізеді. Шеткері аудан тұрғындарына арналған, барлық жағдай жасалған заманауи білім ордасы», - дейді өңір басшысы Берік Уәли.
Сонымен қатар, министр өңірдің шалғай ауылдарындағы
мектептерде болып, педагогикалық ұжымдардың ауылдарда білім сапасын арттыру, балаларға қолайлы жағдай жасау жөніндегі ұсыныс-тілектерін тыңдады. Бесқарағай ауданындағы Башкөл негізгі мектебінде 40 оқушы білім алуда, мектепте 18 педагог қызмет етеді. Айта кету керек, Абай облысында 311 мектептің 166-сы шағын жинақты мектептер болып табылады.
Ал Жарма ауданындағы Ақтайлақ би атындағы орта мектебі өңірдегі білім сапасы жоғары мектептердің бірі саналады. Оқушылары жыл сайын облыстық және республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып келеді.
Сонымен қатар, министр осы ауданның Суықбұлақ ауылында апатты деп танылған мектептің орнына салынып жатқан жаңа мектептің құрылысымен танысты. 100 оқушыға арналған білім ордасы 2026 жылы пайдалануға беріледі. Ғимарат «Келешек мектептерінің» архитектуралық жобасының үлгісінде салынуда. Айта кету керек, бұл ауылда бірнеше жылдан бері бастауыш сынып оқушылары ескі ғимаратта білім алуға мәжбүр, ал 5-11 сыныптың оқушылары көрші ауылға автобуспен тасымалданады.
Өңірлерге сапарында оқу-ағарту министрі инклюзивті және арнайы білім берудің сапалы ұйымдастырылуына ерекше көңіл бөледі. Жұлдыз Сүлейменова Семей қаласындағы №9 «Айгөлек» бөбекжайында болды. Мұнда ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін ресурстық инклюзивті кабинет, логопед және ұлттық құндылықтар кабинеттері, спорт және музыка залдары жасақталған.
Екі күнде облыстың үш ауданындағы білім нысандарының жағдайымен танысқан Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім басқармасы мен аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшыларына өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, педагогтердің мәртебесін көтеру, балаларға сапалы білім алуға барынша қолайлы жағдай жасау және қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуді күшейту жөнінде тапсырмалар жүктеді.