Алып шаһардың бақытсыз тұрғыны

Алып шаһардың бақытсыз тұрғыны

Алып шаһардың  бақытсыз тұрғыны
ашық дереккөзі
245

Үйсіз де, күйсіз де осында, жұмыссыз да осында, қоқыс жағалаған да осында, тәнін саудаға салған да, жанын саудаға салған да осында… 

Әйтеуір, күйбің тіршілік… 

Екі жыл болды, мен күнде осы атаның қасынан өтемін. Өткен сайын қолындағы қорапшасына тиын тастайтынмын. Әр кезде басын көтерместен, «Бақытты бол, айналайын!» – дейді. Орта бойлы, қара торы, оң қолында балдағы, басында тақиясы бар. Бетіне тағдыр аямастан қатар-қатар әжім салған. Жанары мұңлы. Жасы 65-70-те десем, 55-ке жаңа келген екен. 

Сәл әріректе бір аяғы жоқ қартаң кісі, одан ары екі аяғы жоқ бала, одан 100 метрдей ары баласын құшақтаған сыған отырады. Бұл қаланың бір бұрышында 4 қайыршысы бар. 

Бір күні қасына барып, қорапшасына 20 тиын салдым. «Рахмет, айналайын!» Сол күні атамен таныстым. Бір кезде қасыма жасы елулер шамасындағы орыс кісі келді. «Басқа тұратын жер таппадың ба, әлде мынау сенің адамың ба?» деп дүрсе қоя берді. Сөйтсем, әр қайыршының да «бастығы» болады екен. Ал, менің кейіпкерім «өзіне-өзі жұмыс жасайды». Бұл жерден орын алу үшін талай қайыршыдан, талай «бастықтардан», полиция қызметкерлерінен де таяқ жепті. Ақырында, осы жерді паналапты. 

«Адамдарды таныған сайын, итті жақсы көріп кетемін» деген Артур Шопенгауэрдің сөзін білесің бе?». Біздің әңгіме осылай басталды. «Білемін». «Не жазбақшысың, айналайын… Мұны жазу үшін көпті көру керек, көп нәрсені түсіну керек! Ал сен жассың, өмірдің не екенін білмей жатып жаза алмайсың!». Сол сәтте Бауыржан Момышұлы мен Александр Бектің әңгімесі есіме түсті. «Ә-ә, «Волоколамское шоссені» оқыпсың ғой… Онда жаз!» деді.

Әңгіменің кейіпкері болу үшін Баукең болудың қажеті жоқ екен… Себебі, әр тағдыр бір романға өзек болады. 

Қас-қағым сәт…

Ол 1958 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған. Мектепті қызылға аяқтап, құрылысшы мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаған. Біраз жыл мамандығы бойынша жұмыс істеп жүріп, Настя есімді орыс қызымен үйленеді.

Бір ғана сәт, бір ғана қимыл адам­ның бүкіл ғұмырын тас-талқан етуі мүмкін. Арақтың кесірінен қаншама жас қыршынынан қиылып, қаншасы мүгедек атанды. Ал біздің кейіпкер «жынды су» ішіп, бір жанның өмірін мойнына жүктеген. 

…1989 жылдың 31 желтоқсаны. Сұмдық сұрапыл күн. Ерлан ата жолдас­тарымен жаңа жылды қарсы алуға кафеге жиналады. Сонда төбелес шығып, байқаусызда бір жігіт мерт болады. Қас-қағым сәт Ерлан атаны 15 жыл тас камераға қамады. 

2004 жылы жазасын өтеп шығып, оңтүстікке қарай жол тартты. Ата-анасы, туған-туыстары, әйелі мен 2 қызы солтүстікте қалды. Қас-қағым сәт 15 жылынан ғана емес, барынан айырды. Алматыға келіп құрылыста, біреудің есігінде жалданып та жұмыс істеген. Бір күні құрылыс алаңында 5-қабаттан құлап, мүгедек болып қалды. Содан кейін нан табу үшін «қайыршы» атанды.

Ерлан ата «қарабазар» маңында 1 бөлме жалдап тұрады. Айына 15 мың теңге төлейді. Сол жерден автобусқа отырып, «жұмысына» келеді, кешке қайтады. Бір күнде 1000-1500 теңге табады екен. Ал мереке күндері 2000-2500 теңгеге жетеді. 2-топтағы мүгедектігіне алатын жәрдемақысы бар. Егер бір аяғы, әлде бір қолы жоқ болса, бұдан да көбірек табуға болады екен.

Тамағынан қалған ақшасына кітап алып оқиды. «Ол заманда барлығымыз әлем классиктерін, орыс әдебиетін жарыса оқитынбыз. Соның арқасында ғой оқып адам болғанымыз» дейді. Қазір Ерлан ата орындалмаған армандарын, өткен өмірін кітаптан ғана іздейді, кітаппен ғана сырласады…

Қайыршы көрген кесірлер

Ерлан ата қарттар үйінде 6 ай тұрыпты. Атаның айтуынша, «онда тұру үшін шалдармен арақ ішу керек». Ондағы басшылардың қарттарға қарым-қатынасына да көңілі толмайды. Ол жерге орналасу үшін де көк қағазды санап беру керек дейді. Ондай жерде тұрғанша, жалғыз күн кешкенді жөн көріпті.

«Қазір Қазақстанда не көп, түрме көп. Түрмеде жастар көп. Ойынханадан да, сыраханадан да шықпайтын жастар. Барлығы сатылады. Адам да сатылады, адамның тәні де сатылады, тіпті жаны да сатылады. Адамнан адамгершілік те кете бастады. Бәрі қу арақтың кесірі ғой…» Бір кезде: «Қазаққа ақыл айтатын мен кіммін? Қайыршы халыққа өмір сүруді үйретпей-ақ қойсын. Бір айтарым – арақ ішпеңдер! Ауыздарыңа алмаңдар арақты! Дәл осылай жазып қой!», – деді.

Ерлан атаның әйелі мен 2 қызы Ресейде тұрады екен. Оларды көрмегеніне 20 жыл болған. Қазір бұл кісінің кім екенін, қайдан келгенін, қайда екенін де ешкім білмейді. Алып шаһардың белгісіз яки бақытсыз тұрғыны…

Күндегідей бірінші Алматы вокзалы сапырылысқан халыққа толы. «Балам, Шымкентке бара жатыр едім. Жолыма ақшам жетпей тұр, 200 теңгең бар ма?!» дейді бір қартаң кісі. Даусы таныс. Ол кісі Шымкентке не үшін барады екен? Туыстары да жоқ еді ғой ол жақта.

«Ата», – деймін!

Маған жалт қарады. Сол кісі ғой…

…Келесі жолы аялдамада тұрсам, «Қызым, үйіме жетіп алайын, 80 теңге берші» дейді қасымдағы бейтаныс қызға.

«Ата», – деймін!

Маған жалт қарады. Сол кісі ғой…

Одан кейін көрмедім. 

Пана болған бұрынғы бұрыш та бос тұр…

Серіктес жаңалықтары