Тәулігіне 38 мың жұмыртқа береді

Тәулігіне 38 мың жұмыртқа береді

Тәулігіне 38 мың  жұмыртқа береді
ашық дереккөзі

Өнім аз болғандықтан облыста жұмыртқа тапшылығы сезілген. Нарықтағы осынау сұранысты ескерген облыс басшылығы жұмыртқа өндірісін одан әрі дамыта түсуді қолға алды. 

Өткен аптада Сарыағаш ауда­нының орталығынан 18 шақырым жерде орналасқан Дарбаза ауылдық округінде жұмыртқа өндірісіне бет бұрған жаңа құс фабрикасының салтанатты ашылу рәсімі болды. Оған ОҚО әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев, облыстық мәслихат депутаты Ә.Досболов және Сарыағаш ауданының әкімі Ә.Мақұлбаев арнайы қатысып, құс фермасын аралап көрді. 

«Сарыағаш құс» шаруа қожалығында 4 тауық баптайтын ғимарат бар. Әзірге оның біреуі ғана іске қосылған. Онда 43 мың 700 тауық бір тәулікте 38 мың дана жұмыртқа береді. Қожалық басшысының айтуынша, «Сарыағаш құс» ЖШС-нің өнімі базарларға көтерме бағамен 8-9 теңгеден өткізіледі екен. Әзірге жаңа құс фабрикасы Сарыағаш ауданын жұмыртқамен 20 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50-60 %-ға көтеру үшін жұмыс жасалуда. Ол үшін мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған. Қаржы қолға тисе, қалған ғимараттарды іске қосып, тауық санын 125-130 мыңға көбейту жоспарлануда. Яғни, келешекте мұнда тәулігіне 110-120 мың жұмыртқа өндірілмек. 

– «Жоспарымыз іске асса, оңтүстік өңірін ғана емес, өзге де облыстарды жұмыртқамен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік болады», – дейді қожалық басшысы Мұрат Серікұлы. Кәсіпорын жылына 12 512 000 дана жұмыртқа өндіруді көздеп отыр. Құстарға жем, су беру, бөлмелерді жылыту және желдету процестері толығымен компьютерлендірілген және автоматтандырылған. Арнайы мамандар тауықтарға күніне 3 мезгіл жем-шөп беріп, бөлменің ылғалдылығын, температурасын бақылап отырады. Мұндағы құрал-жабдықтар Шымкенттегі «Қаз құс батареясы» ЖШС-нен 45 млн. теңгеге сатып алынған. Кешен 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Қожалық басшысының сөзіне қарағанда, алдағы уақытта жұмыртқа ұнтағы мен ет өнімдерін шығаруды да қолға алмақ. Бұл дегеніміз тағы да 50-ге жуық маман жұмысқа тартылады деген сөз. 

Шара барысында Сарыағаш ауданының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев таяуда Сарыағашта тағы бір құс фабрикасының іске қосылатынын айтты. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы қолға алынғалы бері Сарыағаш ауданында 8 кәсіпорын ашылса, үстіміздегі жылы тағы да 4 жоба іске қосылмақшы. 

Осындай заманауи кәсіпорындар көптеп ашылса, ішкі сауда сұранысын қамтамасыз етіп, бюджетке кіріс түсіреді дейді мамандар. Оның үстіне істің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер көбейген сайын жұмыссыздық та азайып, шетелден әкелінетін жұмыртқа мен құс етін импорттауды доғарып, өзіміздің өнімді тұтынар едік. Бұйыртса, ол күн де алыс емес секілді.

Мұрат Талманов, «Сарыағаш құс» ЖШС-нің қожайыны:

– Құс фермасының құрылысы 2006 жылы басталған еді. Алайда қаржы мәселесіне байланысты қожалықты аша алмадық. Дегенмен, үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл құс фабрикасы ашылып отыр. Бұған «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығынан 40 млн. теңгені 5 жылға несие алу арқылы қол жеткіздім. Алдағы уақытта мемлекеттен субсидия алып, құс фабрикасын кеңейту жоспарымыз да бар. 

Оңтүстік Қазақстан облысы