ЖЫРАҚТАҒЫ ОТАУ ЖЫЛЫЛЫҚ КҮТЕДІ

ЖЫРАҚТАҒЫ ОТАУ ЖЫЛЫЛЫҚ КҮТЕДІ

ЖЫРАҚТАҒЫ  ОТАУ ЖЫЛЫЛЫҚ КҮТЕДІ
ашық дереккөзі
226

 Сол жылдары Моңғолияның Батыс өңірі шүршіттерден азат етіліп, қараусыз қалады. Осы уақытта қазақтар жайылымдарда малдарын отарлап, Моңғолия жеріне тұрақтай бастайды.

1931 жылдан бастап, қазақтардың саны өсуіне байланысты жеке ұлттық аймақ құру мәселесі туындайды. Қазақтар Моңғолияның орталық билігіне жер бөлу жайында көптеген арыз шағымдар түсіре бастады. 1939 жылы 28 ақпанда Моңғолия үкіметі мен Кіші Хуралының қаулысымен Баян-Өлгий, яғни Бай-Өлке аймағын құру туралы шешімі шығады.
Статистикалық мәліметтің есебінше, 97 пайызын қазақтар құрайтын Баян-Өлгийде бүгінгі күні 150 мыңның үстінде қандасымыз тұрады.
«Қазақ әлемі» сайтының дерегінше, шетелде ұлттық жағдайы ең жақсы қандастар – Моңғолия қазақтары деуге болады. Олардың басым көпшілігі өз ана тілінде оқып, білім алады. Қазақтың ұлттық ерекшелігін, ежелгі салт-дәстүрін, ата кәсібін өте жақсы сақтаған. Аймақтың басшыларының бәрі дерлік қазақтар болғанымен ресми іс қағаздары мен кеңсе жұмыстарының көбінде моңғол тілі басымдау. Бұл моңғол тілінде оқыту және саяси өзгерістер еніп жатқанын да жоққа шығармайды. Осыған қарағанда, шеттегі қандастарымыздың қамын ойлау атажұрттағы ағайынның да ісіне саяды. Әсіресе, Бай-Өлке жастарының болашағын тарихи Отанымен сабақтастыру ләзім. Сайт мәліметіне қарағанда, бұл аймақта жалпы орта білім беретін 42 мектепте 22601 мың шәкірт білім алады, яғни осынша қазақ өрендері өзгенің тәлімінің негізінде тәрбиеленіп жатыр. Жыл сайын мектеп бітіретін мыңнан аса түлектің Атажұрттан оқуды қалайтындары дайындық факультеттері мен Баян-Өлгийдегі Өскемен университетінің филиалына түседі. Мұның сыртында, аталмыш оқу орнынан арнайы бөлінетін 25 білім гранты талай жастың үздік оқуына сеп. Әрі мектепті енді бітірген қаракөздерін алыс жаққа жалғыз жібіруге қаймығатын ата-ана да аз емес.
 Моңғолияның ақпараттарына көз жүгіртсек, Моңғолия қазақтары сол елдің жоғарғы оқу орындары мен Атажұртынан тыс, әлемнің 40-тай елінде білімін жалғастырады. Бүгінге дейін Моңғолия қазақтары арасынан 24 ғылым докторы, 61 ғылым кандидаты шыққан, 26 адам Моңғолияның Еңбек ері, 70 қазақ мемлекет қайраткері атанса, қазақ әдебиеті мен мәдениеті өз алдына әңгіме. Бай-Өлкенің мәдениет ошағы «ойын-сауық» отауы деген атпен қаланып, аймақтық Музыкалық Драма театры статусына ие болғанымен, «Азаттық» радиосының айтуынша, оның да жағдайы мәз емес көрінеді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» демей Қазақстандағы өнер иелері алыстағы ағайынға ат басын бұрып, қазақ өнерімен сусынын қандырып, көңілдерін көтеріп қайтатындай болса, нұр үстіне нұр. Көңілге жұбаныш, таяуда «Аэро Монголия» әуе компаниясының Улаанбаатар-Өлгей-Өскемен бағытындағы әуе рейсі іске қайта қосылды.
Тарихшы, ғалым Зардыхан Қинаятұлы Моңғолия қазақтарының қазіргі рухани жағдайынның жақсы болуына арқа сүйер, тәуелсіз Қазақ мемлекеті дәтке қуат екенін айтады: «Бұның өзі ерекше рухани серпіліс беріп, рух дарытады. Бірақ екінші жағынан өткен ғасырдың 80-90 жылдарына жетпейді. Экономикалық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да қиындықтар туғанға ұқсайды».
Осыған алаңдайтындар көп. Білетіндердің айтуынша, «Бай-Өлкеде тұрақты түрде күніне бір сағат хабар тарататын жергілікті радио ғана моңғол бюджетінен қаржыландырылады. Оның сыртында Баян-Өлгийдің тыныс-тіршілігін баяндайтын www.baiolke.com сайты бар. Бұрын Кеңес одағы кезінде дотациямен жаздырып алатын Қазақстанның мерзімді басылымдары бұл күні Баян Өлгейге жетпейді, есесіне «Хабар» мен «Қазақстанды» Өлгейлік көрермен көріп отыр. Алайда, ол тек Өлгейдегі 30 мың халыққа қана қолжетімді. Ал, ауылда тұрып жатқан қазақтар ақпараттық ва­акумде өмір сүріп отыр». Қазақстан Баян-Өлгийге өзінің жырақтағы отауы ретінде қол ұшын созғаны абзал.
Осыдан біраз уақыт бұрын Нұртай Лаханның «800 қазақ Моңғолия азаматтығын қайта сұрады» атты мақаласы жарық көргені белгілі. Әуелде бұл ақпарды таратқан «Азаттық» радиосы болатын. Ал күні кеше ғана Улан-Батыр қаласында Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайын өткізіп қайтқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев әлгі сөздің арты қаңқу болуы мүмкін екенін айтады: «Біз барғанда бұл жөнінде бірде бір адам жақ ашпады. Демек, бұл бос сөз немесе бір шикілік бар. Оны тиісті ұйымдар әлі анықтай жатар», – деп ағайын арасында реніш болдырмаудың алдын алған ниет көрсетті.
«Моңғолиядағы 100 мыңнан асатын қандастарымызға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Осыны барлық ағайын дұрыс түсінгені жақсы. Одан соң әр елдің жағддайы басқа, әр елдегі саясат, әлеуметтік жағдай, көзқарас әртүрлі. Бәрін бағамдап көріп отырмыз. Осыған байланысты жұмысты кеңейте түссек деген жоспарымыз бар», – деп «Айқын» газетіне ашығын айтты.
Расымен де, демократия қанат жайған моңғол мемлекетіндегі қандастарымыз қысым көрмесе де, өзгенің қабағын бағып отыруы мүмкін бе деген күдігімізді «Жебе» ақпараттық порталы еселей түскендей. Онда айтылғандай, Моңғолия қазақтары елдің қазіргі президенті Цахиагин Элбэгдоржыны ұлтшыл, қазақтарды ұнатпайтын саясаткер ретінде көреді. Біз «қаймағы бұзылмаған» деп мақтайтын Баян-Өлгей аймағына жүздеген моңғолды көшіріп әкелу жоспары бар екенін де ел-жұрт айтып жүр. Осыдан екі жыл бұрын аса қажет болмаса да, аймаққа әскери бөлімдер әкеліп, орналастырып қойған көрінеді.

Алтын Бейімбет

Серіктес жаңалықтары