ОТАРСЫЗДАНДЫРУ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ КҮШ

ОТАРСЫЗДАНДЫРУ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ КҮШ

ОТАРСЫЗДАНДЫРУ  САЯСАТЫНА ҚАРСЫ КҮШ
ашық дереккөзі

 Бүгіндері бұл терминді отандастар, бауырлар деген ұғыммен балама жасау қажет деген пікір бар болғанымен, халық арасында қалыптасып кеткендіктен, кейінгі көші-қон заңына өзгеріс енгізушілер сол күйінде қалдырды.  

Егер оралманды қазақ деген сөздің аясында, яғни шетелден өз еліне оралған байырғы қазақ, салт-дәстүрін, ескі қазақ мәдениетін Отанына әкелген ағайын деген ұғымда түсіндірсек, қоғамда ешқандай жік, бөлінушілік, алауыздыққа орын қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, оралман деген ұғым тәуелсіздіктің арқасында қоғамда пайда болған қазақ ресурсы, адам капиталы, отарсыздандыру процесінің құрамдас бөлігі, азат Отанына кірпіш болып қаланушы деген мағыналы атау. Қасиетті Құран Кәрімде де, мемлекеттік Ата заң да да ең басты құндылық, ең басты байлық – адам! Елбасының жүйелі саясатының арқасында елге оралған 1 миллионнан астам қандастарымыз ең үлкен капиталымыз. «Елге ел қосылса құт» деген осы.
Демограф ғалымдарымыздың есептеуінше, 1950-1963 жылдар аралығында Қазақстанға сырт елден  шеп бұзып, шеру тартып келген ескі оралмандардың жан саны өсіп-өне келе бүгіндері 2 миллион адамға жеткен. Сол себепті, жалпы қазақтардың шамамен алғанда 3 миллиондайы атажұртына қайта оралған қазақтар деуге негіз бар.
Жаңадан туған бір баланың өзін өсіріп-өндіруге, бағып-қағуға, оқытып-тоқытуға, тәлім-тәрбие беруге, азамат етіп қатарға қосуға Үкіметтен немесе жеке адам тарапынан қаншама қаржы, қаншама еңбек, қаншама күш кететіні әркімге түсінікті. Сол себептен де кейбір қайраткерлеріміз шетелде оқыған, түрлі кәсіпті меңгерген, іс-тәжірибені бастан кешкен, ең бастысы патриоттық сезімімен алыстан оралған ағайындарды «тонды бала» деп те атап отыр. Жаугершілік қилы замандарда қаны төгіліп, саны күрт кеміген жансебіл алашты әр түрлі саяси-тактикалық шеберлікпен түгендеп, айбынын асырған хандарды жыраулар «Қоғамы күшті ер еді, Киімді бала тудырған» деп мадақтаған. Олай болса Елбасының стратегиялық саясатының арқасында азат еліміз шетелдегі қазақ есебінен «тонды бала тудыруы» – келешегіміздің кепілі!
Оралман – қазақ тілін тұтынушы, қазақы кәсіп-нәсіпті жаңғыртушы,  демек ол орыстанған қоғамды қазақтандырушы соны күш, асыл тек. Ата қазақтың «Еншісі бөлінбеген елміз», «Тырнақты етінен айыруға болмайды», «Қабымыз да бір, сабымыз да бір»,  «қарға тамырлы қазақпыз» деген сөздерінде терең де ұлағатты ұғым жатыр.
Рас, шетелдегі қазақ отаршыл империялардың жерімізді қақ айырып зорлықпен шекара тартуынан, соңғы кездегі сталиндік зұлматтың құрбанына шалынуынан болып елінен қуылушы. Солардың бірі – Мұстафа Шоқай, бірі – Зият Шәкәрімұлы, бірі – Халифа Алтай, бірі – Қажығұмар Шабданұлы, бірі – Мұстафа Өзтүрік. Кеңестік идеология мен ақпарат ұзақ жылдар бойы бұл тұлғаларды және арғы беттегі ағайындарды атажұрқа жау, дұшпан етіп көрсетіп, сананы улады. Бұл өтірік ақпарат қоғамда әділет орнауына, тарихи шындық салтанат құруына байланысты біртіндеп өшуде. Дегенмен қазақтың берекесін бұзушы сыртқы және ішкі күштердің салдарынан кейде ақпарат құралдарында оралмандарға деген теріс пиғыл, қиямпұрыс пікір бой көрсетіп те қалады. «Қазаққа қазақты қарсы қойғанда кім ұтады, кім ұтылады?». Бұл – соншама күрделі ақылды қажет етпейтін өте-мөте түсінікті мәселе.  Екіншіден, бейкүнә жағдайда, ортаны алшақтатқан ұзақ кеңістік пен уақыт салдарынан, немесе географиялық-кәсіптік ерекшеліктерге байланысты  туған белгілерден қазақ бірін-бірі зілсіз «Сен шымкенттіксің»,  «Сен адайсың», «Сен қытайсың», «Сен моңғолсың», «Сен оралмансың» деп атау қазір ел аузында әдетке айналған. Бұл – әзіл-қалжың, рабайсыз анекдот, сайып келгенде «әзілің жарасса атаңмен ойна» деген сауықшыл, дыр-думаншыл қазақтың төл мінезі. Мұндай ақжарылқап ғадетті, құрдасымен, құдасымен, нағашы-жиенімен, жекжатымен қалжыңдаспаса, қағыспаса іші пысатын қазақуар мінезді  саясиландырудың, ушықтырудың ешқандай негізі жоқ.
Ұлы көш Қазақ КСР-і егемендігін жарияласымен 1991 жылы наурызда Моңғолия қазақтарынан басталды. Шекараның тікенек сымын аттап өтіп ұзақ ғасырлардан кейін атажұртына оралған ағайындар экономикалық дағдарысты да басынан кешті, ең бас­тысы  көк тудың көтерілгенін, Қазақстанның тәуелсіздігін жаһанға жариялағанын  өз топырағын табанымен басып тұрып қарсы алып марқайды, шаттанды, бүгінгі әлеуетті де қуатты еліміздің шарапатты игілігін де бірге көріп отыр.  Міне, сол себептен де бүгіндері  оралман деген ұғым нағыз патриот, қазақы салт-дәстүрді жаңғыртушы, ата ділдің, ана тілдің жанашыры деген кең аяда қоғамдық санада қалыптасты. Оралман қандасын қолдау – бауырмалдылық пен мейірбандылықтың, кісіліктің, қазақы дарқандық пен намысқойлықтың үлгісі ретінде ел ішінде кең өріс алды. Бұл тамаша құндылық – тәуелсіздіктің ең негізгі олжаларының бірі екендігі айдай әлемге әйгіленді.

Ерлан АЛШЫНБАЕВ