ОРЫС ШАЙЫРЫ ЖӘНЕ ШЫҒЫС

ОРЫС ШАЙЫРЫ ЖӘНЕ ШЫҒЫС

ОРЫС ШАЙЫРЫ  ЖӘНЕ ШЫҒЫС
ашық дереккөзі

   Батыстың  философиясынан жалыққан  орыстың  қаламгерлері  жанды,  тәнді  жаңғыртатын  жаңалықты Шығыстың  шырайлы  да шұрайлы  бағынан  іздей  бастаған.  Сондай  сәулелі бақта асыл  мұралардың  барын біліп, Құраннан, Шығыстың айтулы  поэзиясынан  қорған  іздеген  Пушкин, Лермонтов, Толстой, Фет,  Полонский ізденістері  үлгі  болған.  1824 жылғы  патша  айдауында  Михайловскіде  болғанда  Александр  Пушкиннің  Құранға  құштарлықпен  қызығуы  және  табанда тоғыз  өлең  жазып  тастауы  да тегін  болмаса керек.

Иван Бунин: «Шығыстың шөбі де, суы да, күні де, қары да ерекше бояулар кеңдігімен тебірентіп тұрады. Талтүсте күні оттай жанып, айнадай сағымы бүткіл дүниені ұлы ұйқымен орап, шетсіз, шексіз мұңлы жердің жиегіне апарып, жәннаттың жасыл бақтарына жаныңды алып кетеді», – дейді. «Өзендердің өзені көгілдір Кәусәр барша жерлерге, ұлыстарға, елдерге тыныштық дарытып, шыда, дұғаңды оқы дейді», – деген. ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Буниннің ориенталдық поэзиясы орыс сөз өнеріндегі өзгеше бір құбылыс еді. Шығыс мәдениетін, әдебиетін сыйлаған орыс көркемсөз шебері кең қазынаға жолығады. Бір кезде Киплинг айтқан: «Восток есть Восток, Запад есть Запад» деген қағидасын «Батыс-Шығыс» синтезіне барған орыс ойшылдары теріске шығарады. Сөйтсек, Батыстың Шығыс алдында қарызы көп болып шықты.
Иван Бунин поэзиясындағы Шығыс сюжеттері оның шығармашылық шека­расының арнасын кеңейтіп, үлкен бір жаңа, бедерлі бастауларына, негіздеріне тәнті еді, осы дінді оқы деп, оны ешкім зорлаған жоқ. «Егер адамдарды бауырмалдыққа, тепе-теңдікке шақырып тұрса бабизмді де бар жаныммен жақын көрер едім» деген Толстой емес пе еді?! Мінеки, Бунин мырза да діндер арасынан осындай өрелі көпірді іздеді, гуманизмді, туыстықты іздеді. Буниннің оң қолында Таурат, ал сол қолында Құран хадистері. Олардың ұқсас тұстарын біріктіріп қарауға тырысты. Сол байқаған белгілерін Шығыс елдері, адамдары жайлы қолжазбаларында бедерлеп берді. Орыс ақыны христиан бола отырып, мұсылман дінінің діңгектеріне көз тікті, қызықты. Мұсылманшылықтан мін іздемеді, мұң іздеді, ізгілік ойларының гүлдестесін іздеді, табыс­ты да, тапты да. Өзін қайран қалдырған Құранды талмай зерттеді.
Мұсылман боп намаз оқымадың деп, ешкім Бунинге кінә қоймайды, бірақ қасиетті Құранның сүрелеріне көзімен де, көкірегімен де тебіренген кісіні қалайша мұсылманшылықтан қашық тұр дей аласың. Шығыс шайырларының шалқар шабытының алдында ең алдымен Құран тұрады. Әрбір ақынның, мейлі ол Батыстікі, мейлі ол Шығыстікі болсын, өз Шығысы, өз Құраны болды. Пушкин, Лермонтов Шығысына қарағанда Бунин Шығысы бөлектеу, оқшаулау. Александр Блоктың сөзімен айтқанда «Шығыстың аптап құпиясына еніп кеткен» Буниннің осынау алған бағытынан беті қайтқан жоқ. Шығыс адамының ұлттық мінезіне бойлап барды. Шығыс елін, уақытын, өткенін, табиғатын тамырынан таныды. Бунин «өз Шығысын» алдыңғы сапқа алып шықты. Әйтеуір бір жырлай салайын, айта салайын деген ой Бунинде болған жоқ. Ақын ұлттардың, діндердің үндестігіне, үйлесімділігіне, Батысты Шығыс жауһарларын түсінуге, тануға, табысуға шақырады.
Бунин Батыс адамы бола тұрса да, Шығыс шырағынан сәуле тапты. Бертін келе Брюсов те, Хлебников те «өз Шығысын» тауып, орыс поэзиясына тың сала қосты. Мұнан орыс поэзиясы ұтпаса ұтылған емес. Шығысқа шынайы, шын пейілмен бұрылды. И.Бунин өзінің эстетикалық принциптеріне, ұстанымдарына берік суреткер еді. Бунин поэзиясы Батыс, Шығысқа бөлінбеген тұтастық гармониясымен тартымды еді, оның таңғажайып ақындық қуатында өзгенің қазынасын, қасиетін өгейсу, өзімсіну, тәлімсу болған емес. Синтез жасау Бунин поэзиясының парасатты мақсаты еді.
Бірқатар орыс ақындары Шығысты сырттай қызығып, экзотика ретінде шолып, жалпылама жырлады. Шығыстың сыртқы күмбездеріне, сән-салтанат сарайларына, қызылды-жасылды базарларына, құлпырған тоты құстарына, көздің жауын алатын алтын тастарына, сан алуан түрдегі сәнді кілемдеріне құштарлықпен қалам тартты. Десек те олар көптеген ориенталдық өлеңдердің көлеңкесінде көміліп қалды. Жай бір жаттығу ретінде жарқ етті де өте шықты. Ал Шығыс тақырыбын толғаған Бунин құбылыстың, суреттің ішіне кіре жырлады және онысына өте-мөте жауапты сезіммен қарады.
Содан шығар Шығыс циклдерінде шалағай, жүрдім-бардым жолдар ұшыраспайды.
Орыс ақыны Қадір түніне небәрі үш шумақ арнайды. Әрбір жолы сөзбен салынған сурет, артық деталь, көрінісі жоқ. Қадір түнінің құдыретін керемет толғаныспен бере білген. Бунин бояуды артық жақпайды, баттас­тырмайды. Дарынды қылқалам шеберіндей шебер өрнек салып өтеді. Түпнұсқаға үңілейік:
Ночь Аль-Кадра
…Ночь Аль-Кадра.
Сошлись слились вершины,
И выше к небесам
воздвиглись их чалмы.
Пел муэззин.
Еще алеют льдины,
Но из теснин, с долин уж
дышит холод тьмы.
Ночь Аль-Кадра.
По темным горным склонам
Еще спускаются,
слоятся облака.
Пел муэззин.
Перед великим Троном
Уже мечеть, дымясь,
Алмазная Река.
И Гавриил –
неслышно и незримо
Обходит спящий мир.
Господ благослови
Незримый путь
святого пилигрима
И дай земле твоей
ночь мира и любви!
Қадір түнінің қасиетін Бунин көп түсіндіріп, оқушыны мезі етпейді, сөзді созбайды, кірпіш тізгендей қалап өте шығады. Бір кірпішін қозғай алмайсың. Алғашында Бунин Құранмен танысады, таңырқайды, тебіреніске түседі, сосын барып тереңіне бойлайды. Ақырында жолсерік кітаптарының біріне айналады. Наполеонның, Гетенің, Пушкиннің бар ынта-ықыласын аударған қасиетті Құран Бунин тілімен қайта жырланып, орыстың ойлы ортасына жол тартады. «Магомет в изгнании», «Бедуин», «Каир», «Могила в скале» және т.б. өлеңдерінде мұсылмандық қоғамдағы мұңды, тепе-теңсіздікті, араби мінездің нақыштарын, азаншының жанарындағы жасты, Сахараның құм қуырған ыстығын, көшпенді арабтардың көңіл-күйлерін, таң сәріде соғатын аптап желдің арынын көре білген, сезе білген, тыңдай білген. Осындай суреткерлігі, шыншылдығы, табандылығы, тапқырлығы жағынан Бунин VІІ-Х ғасырларда ғұмыр кешкен Имрул Каис аль-Маари, аль-Мутанабби сынды араб шайырларын еске түсіреді.
Бунин барынша бейнеткер ақын, бір сөзін босқа жібермейді, нысанаға дәл тигізіп отыратын нағыз мерген. Шығыс сюжеттерін қуған Д.Бальмонт, Г.Шенгели, И.Северянин, В.Брюсов, меніңше, Бунин жеткен биіктерге жетпегендей.
Иван Буниннің суреткерлігінің сиқыры сонда – ол Шығыс циклдерінде ешкімге ұқсамайды, ешкімді қайталамайды, өзіндік соқпағымен шығады. Бунин Шығыстың әлеуметтік қайшылықтарына бара бермейді, қазбалай бермейді, ұлттық психологиялық ерекшеліктерін тап басуға тырысады, ұлттың намысына тимейді және оған қамшы салмайды. Бальмонт жазған бәдәуилерден гөрі Бунин бәдәуилері орнықты, өз орнында, көпірмесі жоқ, нық шегедей, өйткені Бунин естіп, оқып емес көргенін, көңілге түйгенін келістіріп, кесек етіп суреттейді.
Сондай-ақ Буниннің Шығыс циклдері де ХХ ғасыр басындағы орыс поэзиясына серпінді сөз болып қосылды. Сол тұстағы орыс ориенталист ақындарының ішінде Буниннің алдына ешкім түсе алмас еді. Оның мұсылман ақыны атануы да тектен-тек емес-тін. «Құранның әміріне ермегенді қарғыс атар» деген сөзді айтқан Бунин еді ғой. Бұл православтың аузынан шығып отырған сөз. Бунин «бедуиндерді» жырласа бәдәуилерге, «Долина Иосифатаны» айтса – Сахара жиһанкездеріне, «Потомки пророканы» тербесе пайғамбар үмметінің қатарына қосылып кетеді.
Мен ирантанушы ғалыммын, араб поэзиясын да қадір тұтамын. Иван Буниннен парсы әуендерін іздеп едім, қармағыма бір өлең ілікті, ол «Розы Шираза» деп аталады. Соған қарағанда Бунин Шираздан шыққан атышулы ғазалшы Хафизды жақсы білген болуы керек. Өлеңде Хафиз ғазалдарының әуендері бар, небәрі төрт шумақтан құралған. Шираз гүлдерінің иісі аңқып тұр. Бунин бұлбұл мен гүлді, ай мен бақты керемет ойната білген.
Пой, соловей!
Томят желанья,
Цветы молчат – нет слов у них:
Их сладкий зов благоуханья,
Алмазы слез ­–
покорность их, – деп аяқтайды жырын.
Шираз раушандарын мұңмен, сырмен тербетіп, тыныштықты, сұлулықты, гүлдер мен бұлбұлдардың мәңгі үйлесім, үндестігін паш етеді.
Шығыс поэзиясын жанына жақын тұтқан орыс ақыны кейбір тұстарда араб ақындарымен жарыса жырлап кетеді. Египет пирамидалары мен фараондары, Сахараның сапырылып күнге күйген құмдары, ежелгі заманның ескерткіштеріндей қарашашты, қаракөзді, қабасақал арабтар, таңертеңнен кешке дейін созылатын сазды дұғалары Бунин поэзиясына еркін еніп кеткен еді. Ғасырлар шаңының арасынан ежелгі Шығысты тауып, барлық шырғалаң жолдарымен, табиғатымен, тауларымен, адамдарымен, бұлбұлдарымен, кешегі, бүгінгі күндерінің күйлерімен қосып өлеңге айналдырып жібереді.
Отаннан алыс жат жерде отыз төрт жыл өмір сүріп, сексен үшінде дүниеден өткен Иван Буниннің бойын кесел мен кедейшілік билеп қинаса да, соңғы сағатқа дейін қаламын тастамапты. Отанын, Русін, қыстағын, табиғатын, аңдарын, адамдарын, қуанышын, қайғысын сағынышпен тербетіпті. Буниннің таңғажайып прозасы шет елде туды. «Захар Воробьев», «Митина любовь», «Жизнь Арсеньева» Россиядан тыс елде дүниеге келді. «Айхай, мен өмірдің кеңдігін сүйем, өмірді сүйем, махаббаты сүйем және қалай сүйемін десеңізші», – деп жазды ол. Бунин махаббат жыршысы еді, оның табиғаты толықсып сөйлеп кетеді, ол таңғы құстардың сыбырын, найзағайдың гүрілін, түнгі судың сылдырын, таңғы құстардың әнін, күзгі аспанның қоңыр бояуларын көрді, тыңдады, жүрегімен жырларына тізе білді. Бунин Батысты, Шығысты жырлады. Қай халықтың болмасын жүрегіне үңіле білді. «Мен ең алдымен ақынмын, сосын барып прозаикпін» деген еді ол. Біздің ұлы Абай атамыз Бунин поэзиясына бірінші назар аударған қазақ екен. «Қорқытпа мені дауылдан» деп аталатын тәржімасы бүгінде классика боп қалды.
Қорқытпайды қар мен мұз,
Өзге нәрсе қорқытты.
Ойсыз, доссыз, бақытсыз
Жыбырлақпен өмір өтті.
Сондықтан қайғы қат-қабат,
Қарап тұрмын сендерге.
Атасы басқа өзі жат.
Жалғыз жанша
жат жерде, ­– деген жолдар Абай ойларымен, армандарымен астарласып жатады. Бунин жүрегінің тамырларын кернеген мұң соншалықты терең берілген. Ендеше Буниннің көк торғындай аспан көгі Фирдоуси, Хаям, Хафиз, Абай, аль-Мутанабби, Имрул-Кайс тауларымен мәңгі сырласа береді.

Өтеген КҮМІСБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы