КЕРБҰҒЫ СЫНДЫ ҚАЛАМГЕР ЕДІ

КЕРБҰҒЫ СЫНДЫ ҚАЛАМГЕР ЕДІ

КЕРБҰҒЫ СЫНДЫ ҚАЛАМГЕР ЕДІ
ашық дереккөзі
508

 Сол арқылы Оралханды таныды. Шығармалары арқылы Орағаңды сүйетін әрбір оқырман жеке дара «Өз Оралханын» тапты. Оны әркім өзінше меншіктеп алуы да мүмкін. Мұның өзі табиғи нәрсе. Ал менің Оралханым бір бөлек құбылыс, бір бөлек феномен болатын.

Бала кезімнен Орағаңның «Ұйқым келмейді» атты шығармалар жинағын құшақтап өстім. «Ұйқым келмейдінің» ішіне енген шығармалардың дені ауыл хикаялары еді. Бұл шығармалардан қарапайым ауылдағы адамдардың табиғи болмысы көрінетін. Жазушы сөз еткен Биғаң да, Иғаң да, Тортайдың да прототиптері бар еді біздің ауылда. Аңқылдаған, ақкөңіл, қарапайым ауылдағы ағайынның бет-бейнесін кестелеп суреттегені үшін жақсы көрдік Орағаңды. Ол хикаяттар біздің өмірімізге рухани азық болды. Одан кейін де талай шығармасын оқыдық. «Мұзтау», «Құм мінезі», «Өліара», «Сайтанкөпір», «Қар қызы», «Елең-алаң» біздің сүйіп оқитын дүниелерімізге айналды. Сосын біз «Атаукерені» оқыдық. Орағаңның шығармаларын оқу үшін күнұзақ кітапханада сарсылып отырған кездеріміз де болды. Орағаңның қолда бар кітаптары бірімізден бірімізге көшіп жүретін. Біз Орағаңды осылай оқып өстік. Біз Орағаңды осылай таныдық.
«Ұлы қолбасшы таңғажайып бір жұмбақ адам болуға тиіс: өзі көп сөйлемейтін, тірі жанға сыр бермейтін болуы керек, күшті болу үшін істеген ісің, жүріс-тұрысың, мінез-құлқың бәрі де шешілмейтін жұмбақ. Ашылмайтын құпия сыр болып тұру, дүние өртеніп бара жатса да бір ұстанған бетіңнен таймауы керек»… Дәл осы сөзді ұлы қаған Шыңғыс немересі Батуға айтқан екен. Оны жазушы өзінің «Мұзтау» атты хикаятында Асан шалдың аузымен ертегі етіп айтқызатын. Шыңғысхан айтты делінген осынау бір қағида айтылды ма, жоқ па, мәселе онда емес. Ең басты нәрсе анық: мұның бәрі Оралханның өн бойынан табылуында еді.
Ал мына «Оралхан Бөкейдің» жөні бөлек. Кітаптың сыртқы мұқабасында Орағаңның бейнесі берілген. Бұл «Оралханнан» біз білетін шығармалардың көбін табасыз. «Қазақпарат» баспасы «Әдебиет сериясымен» берген «Оралхан Бөкей» атты кітабы жазушының жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шығып отыр. Бұл Оралханын сүйетін әрбір оқырман үшін таптырмас қымбат қазына. Мұнда Орағаңның әр жылдары жазылған құнды дүниелері топтастырылған. Кітаптың алғысөзінде белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков: «Шын ойшылда, шын суреткерде ешқашан дос болмайды, тіпті жай қарапайым адамның өзінде де Дос деген әрқашан шартты жағдайда қалыптасқан. Дос болу – басқаның өзіңе ұнамайтын мінездеріне немқұрайды қарау, кешіре білу, үндемей қалу. Ал Оралханда өзгенің оқыс қылығы мен мінездеріне немқұрайды қарау, үндемей қалу деген жоққа тән еді. Жазушының жалғыз досы бар, ол – қағаз. Оралхан ішіндегі бар шындығын адамнан гөрі қағазға ақтарғанды жөн санады. Барлық шығармаларында Оралханның болмысы көрініп тұрса, «Мұзтау» хикаятында оның портреті анық салынған. Егер мен Оралханды тірісінде көрмеген суретші болсам, «Мұзтауды» оқып шыққан соң оның тірі бейнесін айнытпай салар едім деп ойлаймын».
Жазушының сөзінде шындық бар. Жазушының шығармаларын сүйіп оқитын бүгінгі оқырман Орағаңды көре алған жоқ. Бірақ, олардың әрқайсының қиялында «Өз Оралханы» қалыптасты. Олар оны шығармалары арқылы тапты. Бірі – «Мұзтаудан», енді бірі – «Атаукереден», тағы бірі – ауыл хикаяларынан іздеді. Мұның бәрі жазушының жеткен биігі, шыққан шыңы деп ойлар едік.
«Қазақпарат» баспасының директоры Қонысбек Ботбай «Оралхан Бөкей» жинағының жазушының мерейтойына жасалған қымбат сыйлық екенін айтады. Тұсаукесер рәсіміне келген жазушы Тәкен Әлімқұловтың жолдасы Әсемгүл апай «Қазақпарат» баспасынан «Әдебиет сериясымен» шығып жүрген бұл жинақтарды тойға, туған күн кештеріне сыйлық ретінде ұсынып жүргенін айтқан еді. «Мұқағали», «Ғабит», «Қалижан» және «Оралхан» ең қымбат тойға тарту болар еді. Әрі болашақ ұрпақ үшін рухани қымбат қазына болып саналары сөзсіз. Атадан балаға мирас болып қалатын құнды дүние кітап болса, құба-құп емес пе?! Сонда әрбір үйдің шаңырағында қымбат жиһаз ретінде кітап тұрар еді.

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары