АЛЫПТАР АЛЫСТАЙ БЕРЕДІ

АЛЫПТАР АЛЫСТАЙ БЕРЕДІ

АЛЫПТАР  АЛЫСТАЙ БЕРЕДІ
ашық дереккөзі
182

Титтей жақсылық жасауға жалп ете қалатынбыз. Айналамыздан тек сұлулықты ғана көруге талпынатынбыз. Мұңымыздан күлкіміз көп еді. Өзімізде бар демедік, жоқ демедік, өзгеде болса қуандық. Біреу көзіне жас алса, бәріміз жабылып жұбататынбыз. Біз Алматыға арман қуып келгенбіз, біздер армандастар едік.

Әнеки, Әуезов атамыз бізге осы тұста кездесті. «Абай жолының» авторы бірінші курсқа болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мамандарына дәріс береді екен дегенде бірнеше күн толқумен жүрдік. Көбіміз «Абай жолын» мектептен оқып келгенбіз, енді соны жазған кісіні көру, сөзін тыңдау біз үшін зор қуаныш. Әсіресе, атақты тірі жазушыны көру мерейлі мерекемен тепе-тең еді. Біз сол күнді асыға күттік. Мұхтар Әуезов университетке келе жатыр дегенде жүгіріп сыртқа шықтық. Әнеки, Әуезов келе жатыр. Қолында қоңыр былғары пәпкесі бар, үстінде жұқа плащы, аппақ костюмі, бұйра шашы бидай өңіне ерекше сәуле түсіріп тұрды. Сәл жымиып қараған жүзінде өзгеше бір жылылық лебі бар. Кісіге қарағанының өзінде оң шырай шуағы бар.

Бәрімізбен сыпайы бір сәлем­дес­ті де қазақ әдебиетінің кафедра­сына қарай бұрылды. Әрбір қимылының өзінде айырықша келісім күйі тұр. Ол кафедраға кіргенше өңшең өрімтал құстардай шулап, дәліз бойы артынан жүріп отырдық. Күтуші ұстаздар орындарынан тік тұрып қарсы алды, бәрі де жарысып амандасып жатыр. Әсіресе, әйелдер жағы сырт киімін ілуге асығып, әбігер боп қалды. Ұстаздар Әуезов қашан орындыққа жайғасқанша орындарында тұрған бойы қозғалған жоқ. Біз бұның бәрін сырттай бақылап тұрмыз. Әуезовтің әрбір қимылы, сөзі, әзілі бізге де, ұстаздарымызға да әсем әуендей естілді.

Кафедраның есігі баяу жа­был­ға­ннан кейін дәрісханаға қарай жүгірдік. Алдыңғы қатарға орналасып алуымыз керек. Үлгіргенімше бірінші қатарға жайғастым. Жан-жағыма көз салсам, студенттер ғана емес, қаптаған халық жиналып қалыпты. Бәрі де Әуезов дәрісін тыңдауға келіпті. Жас шамалары да, мамандықтары да әртүрлі салада болса керек. Әуезов аудиториямен және бір жылы амандасып алды да, лекциясын бастай берді. Әңгімесінің өзекті тақырыбы – Абайтану болып шықты.

Көз алдымызда тірі Абай тұрғандай елестейді. Абай өлеңдері аузына түскенде мейірімді жүзі мүлдем жарқырап, келбеті көсемдік кемелге айналып, көктемнің жаңа шыққан қызғалдағындай елжіреп кетеді екен. Біздер ұйып тыңдап қалыппыз, ұшқан шыбын болса, соның ғана ызыңы естіледі. Қоңыр барқыт сүйкімді үні таудан аққан бұлақтай асыр салып, алдымызға бір ғажайып әлемді жайып салып, көсілтіп, күмбірлетіп барады. Бейне бір ашық аспанда қыран қалықтап жүргендей, күнмен шағылысып жарқылдайды. Біз бар ынта-ықыласымызбен ХІХ ғасырдың жайлауына, Абай құшағына қойып кеттік… Тағы да және тағы да айтса екен деп, тамсана түсеміз. Кәусар бұлақтың мөлдір, тастай суын жұтқандай-ақ көмекейіміз бүлкілдейді. Уақыттың қалай зымырап өте шыққанын байқамай да қалыппыз. Қоңырау соғылғанда ғана селк етіп, әттеген-ай дестік. Келесі парға келгенше дегбіріміз таусылып тостық. Не артық, не кем сөйлемейтін кемеңгердің кемесіне қолымыз бір тигесін айырылғымыз жоқ. Келесі сабақта Абай дана бізді бұрын кездеспеген шыңырау шыңға алып шықты. Бас айналатын биіктік, тіпті өзімізді Гималайға көтерілген альпинистердей сезінеміз. 

Мұқаң үзіліске шыққанда столдың үстіне қоңыр былғары пәпкесін қалдырып кетті. Жапа-тармағай жарысып, әлгі пәпкіні қолымызға алдық. Абай қалдырып кеткен бойтұмарды ұстағандай мәз болып, бір-бір сипап, орнына қоямыз. Ішінде Абай өлеңдері және бір топ-толық қызыл қалам бар екен. Қаламды да бір-бір ұстап, қасиетті аса таяқты көргендейміз. Күлкіге де батып қалдық. Ұстаз келгенше үлгіруге тиіспіз, ол келгенде дәнеңе болмағандай тым-тырыс отыра қаламыз. Ұлы ұстаз кең даланы көмекке шақырғандай терезеден бір қарап алады да, қанатын кеңістікке сілтеп қаға бастайды. Бүкіл жазира даласын, тауларын, көл-көсір көлдерін, бұлақтарын, тобылғы сайын, Тоғжанын ертіп Абай атамыз алдымыздан шығады. Неткен көркем көрініс еді, одан «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қор болды жанымға» көшеміз.

«Басқа сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол ақынның білімсіз бишарасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз сарасын

Қазақтың келістірер қай баласы», – деп Мұқаң сөз құдіретіне бір табындырып өтеді.

Абайды мұнша жақсы көріп, қадірлейтін жалғыз қазақ Мұқаңдай көрінеді. Сабаз қалай-қалай шырқатады десеңізші, екпіні шаң қапқан тұлпардың тұяғындай зымырайды. Көкжиекке құлдилап кетіп барады. Шын жүйріктерге дауа бар ма? Абай болып күледі, күңіренеді, қуанады. Сөзін Абайдан бастап, Абайға әкеп тірейді.

Сол біз оқып жүрген шақта университетте Әдеби бірлестік жұмыс істейтін. Жетекшісі Сұлтанғали Садырбаев ағамыз еді. Бәріміз белсеніп қатысатынбыз. Бір поэзия кешіне Әуезовті шақыруды ұйғардық. Әбіш Кекілбаев екеуміз Мұқаңа жас ақындардың жинақтарын тапсыратын болдық. «Е, бәрекелді, әкеліңдер, маған жеткізіңдер, жастар жақсы өсіп келеді» деген Мұқаң. Содан соң жас ақындардың бір топ жинағын жинап, сабақтан кейін Мұқаңа табыстадық.

ҚазГУ-дің акті залына студенттер мол жиналды. Негізгі сөзді ұстаз сөйледі. Бұл бір тарихи сөз еді, осы уақытқа дейін маңызын сақтап қалған. Әсіресе, «Толыспаған Толстойлар мен шала шекспирлерден сақтаныңдар» – деген қанатты сөзі тасқа жазылғандай боп қалды. Айтқандары аңыз боп жайылып кетті. Ұстаз сол сөзінде бір топ жас ақындардың атын атаған еді. Солардың бәрі кейін атақты ақындар боп, ел аузына ілігіп кетті. Есімде қалғаны – Тұманбай, Қадыр, Сағи, Ізтай екен.

Абайтанудан емтиханға әзірлене бастадық. Біз үшін өте жауапты бекет еді, оның үстіне сынақ кітапшамызға Әуезовтің қолтаңбасы түсуі тиіс. Сондай қуанышты күндердің бірінде Мұқаң Мәскеуге жол жүріп кетті деген хабарды естідік. Келгесін экзамен аламын депті. Басқа сынақтардан өте бастадық. Бүгінгі Қарасай батыр, ал бұрын Виноградов көшесіндегі университеттің жатағында жатамыз. Пушкин атындағы кітапханаға таңертең барып, кешкісін ораламыз. Оқимыз, жазамыз, жаттаймыз, әйтеуір тынбаймыз, намысқа тырысамыз. Сонау Сырдың бойынан білім іздеп келгеннен кейін күні-түні оқимын, ізденемін, ойлаған мақсатыма жетуді армандаймын. Елдің, ата-ананың сенімін ақтау міндетіміз.

Бір күні таңертең радиодан жаман хабар саңқ ете қалды. «Бүгін белгілі совет жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов операция столында қайтыс болды» деді. Жылап қоя бердік. Енді тірі Әуезовті көре алмайтын болдық, қандай өкінішті! Әкемізді жоғалтқандай еңіредік. Сынақ кітапшамызда Әуезовтің қолы бос қалды. Абай атамыз бізге көңіл айтып, басымыздан сипағандай болды. Ат тұяғын тай басар деген мақал жүрмеді. 


Өтеген Күмісбаев,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

Серіктес жаңалықтары