271
«МЕН АҚЫНҒА ҚЫЗМЕТ ЖАСАҒАН ЖАНМЫН»
«МЕН АҚЫНҒА ҚЫЗМЕТ ЖАСАҒАН ЖАНМЫН»
Иә, қазақ әдебиетінің мол мұрасының ауыр жүгін арқалап өткен, қазақтың тілі мен сөз өнері қаншалықты қымбат болса, оның шығармалары да соншалықты қымбат, асыл қазынаға айналған Қадыр ақынның орны тым бөлек еді…
Оның әрбір туындысы халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жаныңмен сезіндіріп, санаңды серпілтеді. Оқисың. Оқисың да тұшынасың. Өлеңдерінің әр жолы көкірек сарайыңды ашып, туған халқыңа, оның өлмейтін салтына тәнті боласың. Бүгінде тойшыл қазақтың әрбір той-томалағы ақынның өлең жолдарымен салтанатты сарайларды тербеп тұрады. Нәпақасын осынау дәстүрлі өнеріміз – асабалықпен тауып жүрген талайлар ақын Қадыр Мырза Әліге шексіз қарыздар болар деп те ойлаймын кейде.
Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Басқа тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Осынау қазақтың қарапайым ғана тілімен жеткізген бір-ақ шумақта не деген сылқым ой, сырлы сезім жатыр десеңізші?! Ақыл тоқтатқан сауаттылар үшін емес, тілі былдырлап енді шығып келе жатқан балғын сәбилерге де жаттауға жеңіл болғанымен, үлкен салмақты ой көтеріп тұрған жоқ па?!
Кез келген шығармасында туған халқының тағдыры, туған тілінің болашағы үшін толғанған ақынның шаңырағына да бізді сүйреп келген осынау жыр жолдары еді.
«Біздің есігіміз ешқашан кілттелген емес» деп ескертсе де, Салтанат жеңгей бізді сыртқы қақпа алдынан күтіп алды. Қабағындағы сәл-пәл кірбің мен жанарының қиығында әлі де кебе қоймаған мөп-мөлдір тамшыларды көріп, ыңғайсызданып та қалған жайымыз бар.
– Жаңа ғана Сағидың ( Жиенбаев) үйіндегі апаларыңмен сөйлесіп, өткен-кеткенді еске алып едік, – деп ол кісі бізді үйге бастады.
Ақынның әулетіне бас болып, оның жазған-сызған мол мұрасының шырақшысындай боп үйде отырғандықтан болар, іштей әлдекімді алаңдап іздейтін сияқты көрінді. Өйткені талай рет шақырылған жерлерге қасында мәңгі жүретіндей, бірге бармай үйде қалып қоятынын, бүгінде соған қатты өкініп жүргенін, бұлай тез кетіп қалады деген ойдың болмағанын, ақынның жанында алаңсыз ғұмыр кешкенін тізбелеп айтып шықты.
– Анам марқұм, әйел ерінің тұсында, – деп отырушы еді. – «Еркекті меншіктемей, еркіне жіберіп отыру керек, ол мүлік емес қой, меншіктеме» дегенде ішім біртүрлі болып қалатынмын. Сөйтсем, менің де тәкаппарлығым Қадырдың тұсында, оның жанында жүрген кездерімде екен ғой. Бірақ, осындай бір ойлардың көзі тірі кезінде пендеңіздің басына кірмейтіні өкінішті-ақ. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы да…
Ақын жарының кірбің шалған қабағын, жабырқаған көңілін көтергіміз келгендей әңгіме ауанын жастық шаққа, қазақтың біртуар ақынымен алғаш кездескен жылдарына бұрдық.
Жеңгеміз жадырап сала берді.
– Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінің оныншы сыныбында оқып жүргенде Қазақ Ұлттық университетінен тәжірибеден өтпек мақсатында бір топ жоғары курстың студенттері келді. Алғашқы сабақ үстінде сабақ бастамас бұрын аты-жөнімізді атап таныстық басталады ғой. «Қадырова» дегенде мен орнымнан тұрдым. Сәл-пәл кідіріс жасады да: «Сен менің қызым боласың»,– деді.
Солай күндер өтіп жатты. Мектеп-интернат болғандықтан, жатақханада жатамыз. Қадыр күнде кешкі астан кейін жатақханаға келіп кетеді. Оқушылар «ағай, неге келдіңіз» деп сұраса, «қызым қыдырып кетпеді ме екен деп келдім» дейтін. Бір ай тәжірибелік мерзім біткеннен кейін, қоштасу кеші ұйымдастырылды. Біздің сыныптан да әдебиетке жақын, өлең жазып жүретін балалар да шықты. Олар маңайынан шықпайды. Сабақтан шығып, жатақханаға кетіп бара жатыр едік, артымыздан қуып жетті де: «Кешке өзің қай жерде отырсаң, сол жерден маған орын алып қой», – деді. Мен де қырсығып: «Ал орын болмай түрегеліп тұрсам не істеймін», – дедім. «Түрегеліп тұрсаң, түрегеліп тұрған жеріңнен орын алып қой» деді ол да қайталап. Сөйтіп кеш те басталды. Ән салынып, би билеп, кейбіреулер өлеңдер оқып, қызықты бір кеш болды.
– Орын алып қойдыңыз ба?
– Жоға да. Концерттен кейін ағайды шығарып салдық. Екі класта он төрт қызбыз, үйден келіп оқитындары бар, бәріміз улап-шулап бірге жүреміз. Ол кезде тәртіп қатал, жатақханада Құлмағанбетова Гауһар деген тәрбиеші апайымыз бар, кешігуге болмайды. Ертеңінде жатақханада кезекшілігіміз болды да, сабаққа бармадым. Өйткені ол кезде жатақхананың тазалығына, жылуына дейін оқушылардың мойнында, күл шығарып, от жағамыз. Сол міндеттерімді орындап жүрсем, менімен оқитын бір бала іздеп жүр екен. «Ағай саған хат беріп жіберді» дейді қызарақтап. Алып оқысам, «мені шығарып салуға кел» депті.
– Бардыңыз ба?
– Бара алмадым. Бармақ түгілі, жігітті шығарып салмақ түгілі,ол кезде қыз балалардың артық жүріс-тұрысы деген атымен жоқ. Тәртіп қатал. Содан ағаларың әрбір сенбі-жексенбі күндері келіп-кетіп жүрді. Сөйтіп жүріп, мектепті бітірдік. Университетке емтихан тапсыра алмай, байланыс және полиграфия мамандықтарын дайындайтын №1 техникалық училищенің полиграфия бөліміне түстім. Қолмен терім, машинамен терім, переплет жасайтын бөлімдері болды.
Сол жылдың күзінде тұрмысқа шығып кеттім. Кішігірім той жасадық. Сол тауықтың күркесіндей болған үй Төле би мен Гайдар көшесінің қиылысында әлі тұр. Оқуымды бітіріп, жұмыс жасадым. Екінші баладан кейін ағаларың үйде отырғанымды қалады да, содан 54 жыл ақынның жағдайын жасап үйде отырмын.
– Бірге ғұмыр кешкен 54 жыл ішінде талай қуаныштар мен жақсылықтар, соншама реніш-өкпе де болған болар…
– Неге болмасын, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды ғой. Үлкен кісілердің тәрбиесінде болғандықтан болар, өзімшіл болып өстім. Ал Қадыр өте әділ болды. Содан соң, ренжігенін де көп білдіре бермейтін. Жалпы, ол өзінің туған халқына қызмет жасаса, мен ақынға қызмет жасаған жанмын. Шақыратын, шақырылатын жерлер де көп болды. Үйдегі тірліктен шыға алмаймын ба, әлде балаларға алаңдайтын болуым керек, көбіне қонаққа бармай қалатынмын. Ақын да бір бала, бәлкім ол қонақтап жүргенде өз тірлігіммен айналысқым, әйтпесе демалғым келетін болар…
Алғашқы құдамыз Амандос Ақанаев болды. Кейін түрлі себептермен балалар ажырасып кетті. Одан Мұхит деген тұңғыш немереміз бар. Екінші ұл Қазбек орыс қызы Аленаға үйленді. Алғашында басқа ұлт деп қарсы болып едік, келін ибалы бала болып шықты. Айсұлу мен Руслан деген немере сүйгізді. Мен төрт бөлмелі үйде екі келін, екі немереммен төрт жыл бірге тұрдым. Бір орыс, бір қазақ. Тату-тәтті болдық. Көршілерім таң қалушы еді, «өздерің түгілі, балалардың да артық дыбысы шықпайды» деп. Сырт қараған адамға сұсты көрінгеніммен, өмірде өте биязы адаммын.
– «Өз тіліңді құрметте…» деп жырлаған Қадыр ақынның балалары қай тілде оқыды?
– Ортаншы ұл Қазбек кішкентайынан дімкәс, аурушаң болды да, үйден алыс ұзамасын деп, жанымыздағы орыс мектебіне бердік. Ол француз тілін тереңдетіп оқытатын мектепті бітірді. Қуаныш пен Ғазиз қазақ мектебінде оқыды. Тілдері қазақша, балалары да қазақ мектебіне барды, жоғары оқу орындарын бітірді. Мұхиттан бастап Айсұлу, Руслан, Сырымдар бәрі қазақша бітірді. Әу бастағы өмірлік ұстанымым, келіндерімде шаруам жоқ, бірақ немерелерімді қазақша тәрбиелеймін дегенмін, сол уәдемен өмір сүріп келе жатырмыз.
– Қадыр ақынның жұмыс істеу тәсіліне көптеген ақын-жазушылардың қызығатынын жиі естиміз? Қандай ерекшелігі бар еді?
– Жазуға ешқашан бап таңдап, уақыт таңдап, белгілеп жатпаушы еді. Үйдегі тыныштықты, не болмаса күн батып, таңның атқанына қарап жатпайтын. Төс қалтасынан төрттен бірдей ғана кішкентай қаламы түспей кетті. Кішкентай ғана кітапшасы мен ұшы үшкір жазу қаламы күндіз түгілі, түнде жастығының астында жатты десем өтірік болмас. Ол мейлі көлікте келе жатсын, мейлі аялдамада тұрсын, көңіліне келіп қалған жақсы ойлары мен пікірлерін үнемі түртіп жүретін-ді. Ұшқыр ойлы, ақындығымен қоса қоғамдағы, айналасындағы болып жатқан түрлі құбылыстарды сатиралық, ойнақы қалжыңмен суреттеген әдемі сөздері қалды артында. Бірде Байзақов көшесінің бойында көлік күтіп тұрғанбыз, тойлатыңқырап келе жатқан бір қазақ жігіті: «У вас закурить есть», – деп сұрады. Бетіне ойланып қарап алған ағаң: « Айналайын, шылым шегетін жасқа жетпеппін әлі», – деді. Әлгі жігіт үндемей өтіп кетті де, анадайда тұрған бір топ қыздарға барды да: «Е, қыздар шырпыларың бар ма», – деп еді, олар «мы не курим» деді. Жан-жағына алақтап қараған әлгі жігіт: « Бүгін өзі не боп кеткен, орысқа барсам қазақша, қазаққа барсам орысша жауап береді» деді. Сөйтсек, Қадырды орыс екен деп қалыпты. Танымайтындар көбіне басқа ұлттарға ұқсатып жүруші еді.
Қадырдың мазасын алмасын деп, балалардан бұрын тамақтандыратынмын. Жеке отырып асықпай шайын ішіп, асын ішкен соң балалармен біраз әңгімелесіп, тынығуға кетуші еді. Жағдайын жасау деген осы болар. Содан кейін өмірбақи ол кісінің шебері болдым, шаштараз дегенге бармай кетті. Үнемі өзім әдемілеп қиып, жұқартып отырушы едім.
Кейбіреулер жазған-сызғандарының алғашқы тыңдарманы болдым, бірінші маған оқып беретін деп жатады. Бізде ондай әдет болмапты. Алғаш қосылған жылдары оның жазып отырғанын, не жайлы екенін білгім келіп, қызығып бөлмесіне бас сұғушы едім. Ондайда қағаздарын жинаңқырап, қағазын көлегейлеп, ыңғайсызданған кейіппен басын көтеріп, маған «Жай ма?» дегендей қараушы еді. Содан өзімнің әбестігімді білдірмей, үнсіз шығып кетуші едім. «Кел, отыр, мен мынандай жыр жаздым, жазып жатырмын» демеген соң, ойын бөлмей, мазасын алмайын деп жазу үстінде кірмейтін болдым. Сол әдет өмірбақилыққа созылды. Шынымды айтсам, кітаптарының өзін жарыққа шыққан соң ғана көретінмін.
– Ақынның кітапханасы жайлы айтсаңыз. Қадыр кітапханасы аңызға айналған ғой…
– Кітаптары тұңғыш баласындай болды, қай елге, қай жерге барса да кітап сатып алып жүруші еді. Бүгінде бар ма, жоқ па білмеймін, ол заманда бұқаралық ақпарат құралдарында қай қалада қандай баспаханадан қандай кітаптар шықты, соның тізімі жарияланып жатушы еді. Соны іздеп жүріп, жаздырып алатын. Оқымысты, сауатты еді ғой. Оларды сөреде шаң басып қана қоймай, үнемі парақтап, жалықпай қайталап оқып отырушы еді. Тіпті бірнеше қайтара оқығандарын қай бетте не жазылғанына дейін жатқа білетін. Ол да еңбекқорлықты, төзімділікті қажет етеді емес пе?! Сейфуллин мен Райымбек көшесінің қиылысында тек қана кітап сататын қара базар болатын, таң алакеуімнен тоғызға дейін ғана сауда қызушы еді. Сол базардың тұрақты тұтынушысы да Қадыр еді. Қазақ әдебиетінің небір зиялыларының, оқырманға жете алмаған, тыйым салынған шығармаларын да осы қара базардан алғанын, сондағы қуанғанын, оқып отырып егіл-тегіл жылағанын да талай көрдім…
– Сол мол мұраны ақын атындағы мұрағатқа тапсырады екен деп естідік.
– Қайтыс болғаннан кейін Қадыр атындағы қор ашылды да, оған әнші-сазгер Доңеділ Қажымов басшылық ететін болды. Содан бір жылдан кейін оралдықтар еске алу кешін ұйымдастырып, Мәдениет үйінде үлкен бір кеш өтті. Өлеңіне жазылған әндер орындалды. Шығармаларынан үлкен стенд жасапты. Кісі де көп жиналды. Студенттер ақынның шығармалары мен арнау өлеңдерін оқыды. Үздік студенттерге осы қордан стипендиялар белгіленді.
Облыс басшысы «Қадыр атындағы орталық» ашу үшін қаладан жер бөліп, мұрағаттың жобасын сыздырып, бекітті. «Қарашығанақтықтар» демеуші боламыз деген, құрылыс жүріп жатқан болар. Егер ойдағыдай болып, көңілден шығып жатса кітапханасы мен архивін соған өткізсем деген ойым бар.
– Сол қымбат мұраны ақынның бүкіл саналы ғұмыры өткен Алматыда қалдыруға болмай ма? Неге немерелерінің біреуі мұрагер болмасқа деген ой келіп отырғаны?
– Олай етуге де болар еді, біріншіден, өзіміз тұрып жатқан шаңырақ мұражай қызметін атқара алмайды, қаладан сырт, тарлық етеді. Басқа ыңғайлы ғимарат салуға немерелері әлі өз қолдары өз ауыздарына жетіп, аяқтарынан тік тұрып кете қойған жоқ. Әрі үлкен қаражатты қажет ететін, келіп қызықтаушыларға қызмет ететін қызметкерлер мен ондай зәулім үйді ұстап тұру да оңай шаруа емес. Бұл бір десек, екіншіден ойлана келе, көзін ашып әріп тани бастағаннан өмірінің соңына дейін халқын сүйіп, оның түрлі тарихи тағдырларына алаңдап, туған халқының сөз өнерін аялап, мәдениеті мен әдебиетінің болашағы үшін көз ілмей қызмет еткен дүниелерін неге жеке меншіктеп отыруым керек дедім, халқы үшін жасаған мол мұрасы сол халықтың меншігінде болғанын қаладым. Қазақ халқының салт дәстүрін, әдет-ғұрпын әрбір шығармасына арқау етіп өткен ақынның өз туған топырағынан алшақ жатқанын да қаламадым.
– Кітапханасымен қатар, қолжазба қоры да мол екен. Жазған хаттар мен жауаптар, жіберілмеген хаттар деген сияқты папкілер әрі қызық, әрі құпия болып тұр. Сізге жазғандары да бар шығар?
– Сөз басында айттым ғой, өте ұқыпты, жұмыс істеу тәсілі ерекше болды. Бәрі тап-тұйнақтай. Сенсең, Қадыр кеткелі оларды ашып оқымақ түгілі, кітапханасы мен архивіне кіре алмай жүрмін. Жүрегім дауаламайды. Әр кітаптың арасындағы қажет жеріне қыстырып қойған жіңішке қағаз түтікшелеріне дейін әлі тұр. Сол жұмбақ күйінде тұра тұрсын. Қадыр ақын болмағанда керемет суретші болар еді. Түрлі майлы бояулар мен кенепке салған суреттері кез келген суретшіден кем емес. Ал өзіме жазған хаттары сақталмады. Біз бойжеткен шағымызда жігітпен хат жазысу, қыдыру деген бір сұмдық еді ғой. Тіпті кездеспек түгілі жігіттер көз қырын салған қыздар Қыздар кеңесіне салынып, мұғалімдеріміз таяқпен ұрмаса да, сөзбен жер-жебіріне жетіп жатушы еді. Сондықтан жазылған хаттар оқып болар-болмастан қызыл жалынға айналып жататын.
Соңғы сапарға шыққандағы пойыздың жол билеттері де жазу үстелінде шынының астында сол күйі әлі тұр. Жазу үстеліндегі қалам-қағаздарын ғана күніне бір сипап, сүртемін де қоямын. Ақын жолаушылап жүрген сияқты, бір күні қақпадан қазақтың қалақтай ғана ақын шалы кіріп келе жататындай елегзимін…
Қадырдың қазақтан жасырған сыры да, жыры да жоқ. Оның тұла бойындағы асыл қасиеттері өзінің туған халқынан дарыған болса, сол дарын-қабілетін де өз еліне, өз халқына жұмсаған ақын дер едік. Халқының болашағына қажеттінің бәрі шығармаларынан желдей есіп тұрады, сөз өнеріне еңбегі сіңсе, қасиетіңнен айналайын ел-жұрты да Қадырдың қадір-қасиетін білетіні көңілге демеу. «Шын бақыт қой елдің саған сенгені» деп өзі айтпақшы, халқы да сүйді, құрмет тұтты, іздеушілері де баршылық. Қазақтың Құндыз, Мадияр деген жомарт жігіттері таңдамалы шығармаларының жарыққа шығуына үнемі демеушілік жасап жүреді.
Ел арасында «Қазақтың Қадыры» атанған осынау қасиетті қара шалдың үйінен өзі сүйген халқының амандығын тілеп, біз де арқаланып шықтық…
Әңгімелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ