Құммінезділер
Құммінезділер
Қызылқұмның төсінде қызмет атқаратын шекарашылардың мінез-құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы – жанын ұғынғандай болдық. Әйтпесе, сол құмдарда талай боламыз ғой. Бір қараған адамға ерекшелігі байқалмайды.
Иә, кәдімгі бұйығы бұғып жатқан бұйра құм. Сексеуілі, шөбі, қояны, қырғауылы, малшылар ауылы, тағы басқасы. Ал шекарашылардың көзімен қарағанда, бұл өлкені тұңғыш рет көргендейміз. Оралханша айтқанда, құмға жан біткен, құмға мінез біткен. Құм момақан екен, құм дүлей екен. Құм – әнші, құм – күйші. Құмда да қуаныш, құмда да мұң болады екен.
«Шопанқазған» шекара заставасының тарихы сонау 2000 жылдары басталған болатын. Қазақстан Президентінің Мемлекеттік шекараны бүкіл ендіктері бойынша күзетуге байланысты Жарлығына сәйкес Қызылорда шекара отряды құрылып, осынау құмды жерде «Шопанқазған» шекара заставасының қабырғасы да қаланды. Құмды бархандарда мекен еткен отыз шақты үйлердің арасында заставаның ғимараты орналасқан. Ауыл тұрғындары да 90-шы жылдардың басында көрші елдің аумағына көшіп келген қандастарымыздың ұрпағы. Елім деп еңіреп келген бауырларымыз бұл мекенді қоныс қылды. Төрт түлігін бағып, шаруасын дөңгелеткен жайы бар. Шекарашылардың бұл жерге алғашқы қадамын үлкен қуанышпен қарсы алды. Елді мекен тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылды. Заставадағы дизелді агрегат арқылы ауыл электр жарығына қол жеткізді. Құмға тіршілік бітті. Мемлекеттік шекараға қазық қағылып, екі елдің арасы айқындалды.
– Біздің застава 60 шақырымға жуық аумақты күзетеді. Мемлекеттік шекара сызығы құмды кесіп өтеді. Біздің аумақ инженерлік құрылғылармен қоршалып, шекаралық бақылау мұнаралары орнатылды. Жеке құрам қатары жеткілікті. Бізде келісімшарттың әскери қызметшілері мен әскер қатарына алынған жауынгерлер қызмет атқарады. Шалғайда орналасқандықтан болар, шекара отряды бізді барлық керек-жарақтармен бірінші кезекте қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, қызмет атқаруға барлық жағдай жасалған, – дейді застава бастығы капитан Ренат Жомартов.
Сондай-ақ, застава аумағында Қызылорда шекара отрядының инженерлік-саперлік базасы орналасқан. Инженерлер мұнда заставаға бекітілген Мемлекеттік шекара учаскесін инженерлік құрылғылармен қамтамасыз ету міндетін орындап келеді. Сондықтан, аға лейтенант Арман Күзбаев пен лейтенант Сымбат Тұрғанбаев басқаратын инженерлік база мен шопанқазғандық шекарашылардың бір-бірімен біте қайнасып кеткеніне жарты жылдың жүзі болып барады. Тәртіп демекші, бұл жағы заставада жақсы жолға қойылған. Бұл – застава бастығының орынбасары лейтенант Мереке Ибраев секілді жас өреннің елеулі еңбегі. ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының былтырғы түлегі ұжымға келгелі бері застава бастығы капитан Ренат Жомартовтың қолқанаты болып үлгерді. Жеке құрамда тәртіп бұзушылықтың алдын алу шараларын үнемі өткізіп отырады. «Тартпай тумас негізге» дегендей лейтенант М.Ибраевтың әкесі көп жылдар бойы Ішкі істер органдарында қызмет атқарған кәнігі офицер болыпты. Бәлкім, әкесінде бар тектілік баласына дарыған шығар. Қызметіне барынша адал, жауапкершілікті жіті түсінетін қасиетке ие. Өткен жылы отбасын құрып, сүйген жарымен заставаның офицерлер үйінде тұрып жатыр.
– Бұл өңірдің ауа райы ерекше. Қысы салқын, жазы аптап ыстық. Басқа түгілі Жаңа жылдық мерекенің белгілері білінбейді екен. Қалай дейсіз ғой. Желтоқсанның өзінде күн жылы, қар атауы жоқ. Елдің бүкіл өңірінде қарлы боран болып жатқанда біз бір бөлек әлемде тұрып жатқандаймыз. Қыс ортасында қарлы боранның орнына құмды боранды көрсеңіз, еш таңғалмайсыз. Өйткені бұл біздің ерекшелігіміз. Сәйкесінше, бұл өңірде ат төбеліндей малшылар ауылы болмаса, халық екі жақта да сирек орналасқан. Сондықтан, Мемлекеттік шекара тәртібін бұзушылық белгісі сирек. Солай екен деп қарап жатқан жайымыз жоқ. Застава қашанда қырағы, – дейді жас лейтенант.
«Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, заставаның қызметі бір ізге түскен. Қалың құмның ішінде өркениеттен алыс орналасқандықтарына қарамастан шопанқазғандықтар қызметіне қырағы, істеріне берік ұжым. Сосын да менің көзіме шопанқазғандық шекара сақшылары құммінезді болып көрінді… Ал осынау құммінезділер жайында әлі талай мақалалар жазылары хақ.
Д. СЕИТОВ,
лейтенант, ҚР Журналистер одағының мүшесі