Түйінді мәселелер толғандырған

Түйінді мәселелер толғандырған

Түйінді мәселелер  толғандырған
ашық дереккөзі
139

Әкімнің Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы міндеттер туралы есебі тыңдалып, облыстың болашақ жос­парлары қаралды.

Жетісу өңірінде ауылшаруашылық өнімдері жылдан-жылға көбейіп келеді. Жалпы алғанда республика өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша облыс алдыңғы шепте.  «Жүгері, майбұршақ, қант қызылшасы, көкөніс, картоп, ет пен жұмыртқа өндіруден бірінші орында, жүзім, бүлдірген және сүт өндіруден екінші орында.

Елімізде өндірілетін темекі өнімдерінің 98,6 пайызы, жүзім шарабының 88,3 пайызы, құс етінің 70 пайызы біздің облысымыздың еншісінде, – дей келе, – сондай-ақ, электр аккумуляторларын, жоғары кернеулі электр жүйелерінің бағандары, өртке қарсы қолданылатын құрал-жабдықтар шығаратын бірден-бір өңір. Дегенмен де, қол жеткізілген жетістіктермен қатар, бірқатар кемшіліктер де орын алып отыр, – деп өңірдің кенжелеп қалған салаларын да атап өтті. Жоспар бойынша Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылында ауыз су құбырын жөндеуге қажетті жобалық сметалық құжат дайындалмаған. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдерінің атына түскен 603 ұсыныстың 2-ші тоқсанға жоспарланғаны – 279, орындалғаны – 273, немесе 98 пайызды құрайды. Көшені жарықтандыру, аулаларға су тарту, қоқыс контейнерлерін орнату сияқты жұмыстар кейбір ауылдарда жүргізілмеген, бірақ бұл қаражат бөлінбегендіктен орын алып отыр», – дейді әкім. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер жылына бір рет жергілікті мәслихаттардың депутаттары алдында есеп береді.

Есеп беру барысында Мемлекет басшысының Жолдауы мен тапсырмаларының жүзеге асырылу барысы, елде жүргізіліп жатқан реформалар, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың іске асырылуы, өңірдің әлеуметтік – экономикалық саласында қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралары туралы өзекті мәселелер қаралуы тиіс. 

Ал биылғы есеп беру отырысында аталмыш мәселелер тегіс қаралды. Айталық, Алматы облысы әкімінің аппаратына жеке және заңды тұлғалардан 1561 өтініш келіп түскен. Өтініштердің басым бөлігі Талдықорған қаласынан, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарынан жіберілген. Халықтың көпшілігі өз ұсынысы мен өтініштерінде баспана алу, жер, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, құрылыс және әлеуметтік көмек көрсету, жол жөндеу, білім салаларын қамтыса керек. Шалғайдағы аймақтар мен өңірлердің барлығы да осы мәселелердің шешілуін қалайды, бұл еліміздің ақсап тұрған келеңсіздіктері. Сондықтан облыс әкімі Аңсар Мұсаханов ауыл және аудан әкімдерін осы мәселелерге жіті назар аударуға шақырды. 

Елбасының тапсырмасы бойынша жүргізілген орталықсыздандыру нәтижесінде облыс аумағындағы ауылдық округтерге қосымша 647 штат бірлігі бөлінді. «А» корпусының кадр резервiне конкурстық iрiктеуден өту үшін Алматы облысы бойынша 83 азамат құжаттарын өткізіп, тестілеуден өтуге 77-сі жіберілді. Тестілеудің оң нәтижесіне 39 адам қол жеткізіп, кадр саясаты жөніндегі Ұлттық комиссияның шешімімен «А» корпусының кадр резервіне енгізілді. 

Сәуір айында облыстың әкімшілік – аумақтық құрылымына бір­қатар өзгерістер енгізілді: Ақсу ауданының Құрақсу ауылдық округі, Сарқан ауданының Көкжиде ауылдық округі таратылып, Қарасай ауданында жаңадан Әйтей және Жамбыл ауылдық округтері құрылды.

Ақниет ОСПАНБАЙ 

Серіктес жаңалықтары