АҚША ҮШІН АДАМЗАТҚА АЖАЛ СЕПКЕН

АҚША ҮШІН АДАМЗАТҚА АЖАЛ СЕПКЕН

АҚША ҮШІН АДАМЗАТҚА  АЖАЛ СЕПКЕН
ашық дереккөзі
173

Шернияздың сондағы бар айыбы өлеңдерінде «Кешегі Исатайдай асыл ерді, орысқа ұстап бердің дым білмеген» немесе «Кең көшіп ен жайлаған қалың қазақ, Кәпірден түршіккен соң толықсыған» деп ұлтының басына қара бұлттың қайдан түнеріп тұрғанын ашына айтқаны ғана.

Ал Саршолақтың айтқаны Шернияз­ді­кінен де өтіп кетеді… Әрине, біз бұл жерде мұсылман еместің бәрін кәпір ретінде күстаналап, «аттанға» «ойбай» қосайық деп отырған жоқпыз. Өйткені кейбіреулер бүгінгі Қазақстанды жер бетіндегі дін атаулының орталығына айналдыру керек деп, сөйтсем дүниежүзіне үлгі атанамын деп жүргенде бұлай деудің өзі «сая­си күпірлік» болып кетуі де мүмкін. Бірақ қалай десек те, соңғы жылдары бұрын адам баласы естімеген СПИД-ті айтпағанда сиыр құтыруы, «атипичная пневмония», «құс тұмауы» сияқты «жаңа аурулардың» бәрі мұсылман елдерінен емес, жаңағы Шернияз ақын айтқан жақтардан келгені рас. Егер өзінің дініне, ұлттық дәстүрлеріне негізделген заңдары мен тәртіптері бар, сол заңдары мен тәртіптері бұлжымай сақталып отыратын ел болса, әлгіндей өзге елдерден әртүрлі жолмен немесе әдейі әкеліп таратылатын кесел, сырқат атаулы қазақ сияқты тегі мықты, ағзасының қарсымандығы (иммунитеті) күшті халықты сырт айналып-ақ өтер еді. Бұрын біріншіден – елге шетелдің азық-түліктерін ағыл-тегіл әкеліп, базар, дүкендерді аузы-мұрнынан шығарып қою деген болған емес еді. Мүлік, киімнен, жиһаздан бас­тап бүкіл ішіп-жеуге жарайтын азды-көпті әкелінетіннің бәрі қатаң, мұқият тексерілетін. Қазір шатыраш қоржын арқалаған кез келген алыпсатар шетелдік шай-судан бастап, көшедегі кезбелері мен қаңғыбастары ғана жейтін кириешка, чипсы, спрайт, фанталарын, тіпті ит пен мысыққа арналған жемтіктерін вагон-вагонымен тасып әкелуде. Олар адам ағзасын улайтын, неше ай, неше жыл тұрса да бұзылмайтын, яғни, у мен зәрдің алты атасы қосылған кесапатты заттар екенін ақшаға құныққан қалталы қазақ та, қорада жүрген қитабан қазақ та ойлап жатқан жоқ. Екіншіден, бұрын шетелден бірнеше күн ғана тұруға келіп жатқан саяхатшы, қыдырма, саудагер, іскер, кәсіпкер (бизнесмен) атаулы дәрігерлік тексеруден өтетін. Соңғы жылдары ол да тоқтатылды. Өйткені бұл шетелдіктердің намысына тиеді-міс. Сөйтіп, инвестициядан қағылуымыз да мүмкін екен.

Қазір кейбір қазақ жастарының ағзасын жайлап алған, ата-бабамыз естімеген гонорея, хламидиоз, сифилистерді айтпағанда СПИД сол еуропалықтардан жыныстық қатынас арқылы келсе, кейін бұл ауру ине салу, вакцина егу, тағы басқа жолдармен әдейі таратылды. 

Енді міне, баяғыда бесіктегі баланың, ақ сүт берген ананың, ақша қардай жүзі әппақ, қасы мен көзі қараның ар-намысын ақ найзаға ту қып көтерген қазақ елінде біресе құстұмау, біресе шошқатұмау деген шығып, өз жеріңде өмір сүруге де үрейленіп отыратын заманға тап болдық. Жақында сонау Аустриядан әрқайсысын пәленбай мың долларға сатып алған, оларды әкелудің өзіне пәленбай мың доллар жұмсалған сиырлар (700-ден астам) түгел қатерлі аурумен ауыратыны белгілі болды. О заманда бұ заман қазақ шетелден мал сатып алыпты дегенді естімеген қазақ, оны Ресейден азаттық алғалы еститін болды. Әнебір жылы Қызылорда уәлаятының басшылары шұбат ашытуды Израильден үйренейік деп ұран тастады. Енді орыстан арақ ішуді, темекі шегуді үйренген қазақ шұбатты қалай ішуді еврейлерден үйренсін демесіне кім кепіл? Осының бәрі жат елден кім келіп, кім кетіп, не әкелініп, не әкетіліп жатқанына қатаң бақылау жоқтығынан, кім көрінген есіктен кіріп, төр менікі дейтін бассыздықтан болып отыр. Елдің аман-саулығына тікелей жауапты прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, қауіпсіздік кеңесі, денсаулық сақтау министрлігі, ішкі істер министрлігі, мұнан да басқа өзге арнаулы қызметтер қайда қарап отыр деген сауал осындайдан туады. Қазір вирусолог ғалымдардың айтуынша әнебір кездегі құс тұмауы әр жерде әлі де қылаң беріп қалып жүрген көрінеді. Оның алып-қашпа әңгімесі суымай жатып, шошқатұмау (доңызтұмау, свиной грипп) деген шықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) деп аталатын ұйымның 2010 жылғы болжамына қарағанда бұл індет бас-аяғы (екі жылда) жер-жерге таралып, 1,5 миллиард адам дәрігерлік жәрдемге мұқтаж болуы және оның 30 миллионы ауруханаға жатқызылуы мүмкін екен. Мұндағылардың айтуынша 2009 жылдың 4 мамырына дейін осы тұмаумен 985 адам ауырып, Мексика мен АҚШ-та кісі өлімі болыпты. Шошқатұмаудың «туған жері» – Мексика, оның «испанка» деп аталуы да содан болуы керек. Алдын-ала берілген мәліметтерге қарағанда, Мексикадағы және басқа да елдердегі шошқалардың ауыруы А (HINI) деп аталатын тұмау вирустарынан басталыпты. Бұл аурудың ойран ошағы Мехикодан 150 шақырымдағы Ла-Глория деген ауылда екен. Сонымен үш мың тұрғыны бар бұл ауылдың тең жарымы осы аурумен ауыратыны белгілі болғаннан кейін ғана жұртшылық   шеруіне шығыпты. Олар осындағы 100-ден астам адамның өліміне осы жердегі америкалық-мексикалық SmithFeld Foods шошқа фермасына таяу, исі қолқаны қабатын шошқа қиының көлі кінәлі екеніне шәк келтірмейді. Бұл фермада жыл сайын 1 миллион шошқа өсіріледі екен. Бізді таң қалдырғаны әлгі ДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) да, БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) осындай індет шыққан, оның таралуына себепші болған не АҚШ-ты, не Мексика мен еуропалық елдердің ешқайсысына қарсы шара қолдану туралы аузын ашқан емес. Ашпайды да! Әрине, шошқа тұмау шықты екен деп қара аспанды қапылту яғни елді үрейлендірудің жөні жоқ. Жүрген жерінде ана ауылды түрікпендер шауып кетіпті, мына ауылға жалаң қылыш, жез мұрт орыс-казактар жақындап қалыпты деп ылғи атыс-шабыспен жүретін Бораш деген атамызды біздің ауыл «Жау келсе, Бораш жақтан» дейді екен. Солар айтқандай, шошқа тұмауға ем қонбайды, енді қырылмасақ болар еді деудің де реті жоқ сияқты. Өйткені, бүгінде мамандар «шошқатұмауға» қарсы арнайы вакцина даярлауды қолға алуда. Қашан бұл бәлені құртатын тажалдәрі табылғанша дәрігерлер қолда бар коммерциялық вакциналарды пайдалануға кеңес беруде.

Кеңесшілері кеңес беріп, дәрі сатқыштары дәрі сатып, дәрігерлер бұл аурудың басын қағып тастау үшін өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз деп гүмпілдетіп жатқанда әрнәрсенің түпқазығына қарайтындар осының бәрі әлдебіреулердің пайданың көзі есебінде ойлап тапқан жанжал, шыршуы деп отыр. Олар бұны кәдімгі тұмау дейді. Әрине, әлемнің бір түкпірінен шыршу шықса, аржағында арқырап Америка тұратыны белгілі. Баяғыда СПИД, құс тұмауы шыққанда да осы алпауыт елдің аты абайлап қана айтылып жүрді. Енді бүгін білетіндердің айтуынша, Американың фармацевтік Genenteh (Genentech) және швейцарияның Гоффма Лэ Реу (Hoffmann La Poche) компаниясы бірігеді. Біріккені бар болсын, көп ұзамай олар осы шошқатұмаудың шуы шыға салысымен, вирусқа қарсы қолданатын Тamiftu деп аталатын дәрі сата бастайды.

«Poche» компаниясы дереу енді осы дәріні көптеп шығаруға дайынбыз деп, оның құстұмауға да, шошқатұмауға да ем екенін жариялай жөнеледі. Бұл дәрі құстұмаудың емі ретінде компанияға ұшан-теңіз пайда, яғни, ақша түсіріпті. ДСҰ-ның мәліметінше «құстұмауға» қарсы «күреске» 3 миллиард долларға жуық қаржы бөлініпті. Ал одан жансақтайтын жалғыз дәрі әлгі компаниядан шығарылса, одан түсетін пайданы ойша есептей беріңіз. «Шошқатұмау» туралы шулыған таратылғаннан бері дәрі жасайтын (фармацевтік) компаниялардың құнды қағаздарының бағасы бірден көтеріліп, қыруар пайда түсіріп жатыр. Мұның үстіне бұл үрейлі дүрбелең АҚШ-тағы да, Батыстағы да билік басындағылардың экономикалық дағдарысқа деген елдің наразылығын, ойын басқа жаққа бұрып жіберуіне жақсы болды. Кейбіреулер былай дейді: «Қазір фармацевтік корпорациялар жұрттың жиі-жиі, көбірек ауырғанын қалайды. Олар енді өздерінің жаңа дәрілерін көбірек өткізу үшін жаңа бір ауруларды ойлап тауып, әртүрлі ақпараттар таратуда. Мысалы, «Новартис» корпорациясы атышулы «Риталин» деген дәріні жасауға өте көп қаржы бөлді. Жалмажан 90-шы жылдардың ортасында балаларға «арналған» жоғары белсенділік және аңғарымсыздық (АДНД) деген дерт ойлап шығарылады. Ал жаңағы «Риталин» аңғарымпаздықты, зерделілікті, зейінділікті арттыруға арналған деп жариялады. Олар сәбилердің құдай берген, та­би­ғатына тән тынымсыздығын, ұш­қа­лақтығын әлгіндей жоғары белсенділік ауруы (гиперактивность) деп бұрмалап, жұртқа осы «Риталинді» тыққыштады.

Әнебір кезде Индонезияның ден­сау­лық сақтау министрі Сити Фадила Супари ханым дәрі жасайтын компаниялардың кө­бірек табыс табуын көздеп, неше түрлі вирус шығаратын гендік инженерия зертханалары бар екенін айтып, бұл адам баласына жасалып отырған қылмыс деп айыптады. Ол небір жаңа вирустарды шығарып, оларды енді дамып келе жатқан елдерге әсіресе, мұсылман елдеріне білдірмей таратушы ел ең әуелі АҚШ екенін айтты. Ол бұның өзі АҚШ-тың биологиялық қаруы екенін баса ескертіп өтті. Осындай пікірлерге қарап-ақ, қазір дәрі шығарушы компаниялар көбірек табыс табу үшін де неше түрлі жаңа ауруларды, олардың құрттарын (вирустары) ойлап табатынын, бұларды АҚШ және басқа да өзгенің есебінен байып отырған мемлекеттер жасап тарататынын аңғару қиын емес. Және бір сұмдығы ара-тұра Африкадағы мұсылман елдерінде әлдебір індет шығып, бала-шаға жаппай қырылып жататыны да, оларға АҚШ пен Еуропа мемлекеттері әлдебір дәрі-дәрмек, азық-түлік әкеліп көмектескен болып жататыны да ақылы бар адамды ойлантарлық іс.

Қазақ «дүниежалған» демей ме?! Біреудің басына түскен батпан қайғы біреулерге қуаныш әкелгені де сол «дүниежалғанның» бір заңдылығы. Мына жақта аурумен арпалысып жатқандарға мына жақтан дәрі сатып баюды көздейтін пендеге ол қуаныш емей немене? Қарасөзді қайыған іңгендей қайқаңдататын қазақ мұндай жағдайды «біреуге – жан қайғы, біреуге – мал қайғы» деп атапты. Егер «Шошқатұмаудың отаны» болып отырған Мексикаға жұртшылықтың көз тігіп, құлақ түруі бұлайша созыла берсе, бұл елдің қаржы-қаражатына да қатер төнеді дейді сарапшылар. Қазір мексикалық сауда қызметкерлерінің (саудагерлерінің десе де болады ғой – М.К.) конфедерациясы деп аталатын ұйым бұдан үш жыл бұрын яғни, шошқа-тұмау басталған кезде Мексика астанасында тәулік сайын 55 миллион доллар шығын жұмсалуда деп мәлімдеді. Астананың жеке қазынасынан 500 миллион доллар құмға сіңген судың кебін киіпті. Сірә, елдің денсаулық сақтау министрлігі әлемдік қауымдастықты «шошқатұмау» азайды деп қайта-қайта сендірмек болып әбігерленуі де содан болуы мүмкін! 

Иә, шошқатұмау жұртты шо­шытып-ақ тұр. Оның құртын құртатын дәрісі түскір қашан табылғанша осылай бола бермек. Білгіштер, тіпті, оның қарсықұртты (антивирус) табылғаннан кейін де бола беретін қатер туралы көп айтып жүр. Шамасы, әлгі «құстұмау», «шошқатұмаулардың» өздерінен де олардың жанама, яғни, келесі бір туынды вирустары қауіптірек сияқты. Қалай десек те ең сұмдығы осының бәрі байлыққа құныққан, адамнан ақша қымбат екенін ашық көрсетіп жүрген алпауыт мемлекеттердің жасап отырғаны ма деген күдік расқа айналса қайтеміз? 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Серіктес жаңалықтары