Қазағым деген Қалағаң

Қазағым деген Қалағаң

Қазағым деген Қалағаң
ашық дереккөзі

«Өркениеттің ең маңызды міндеті – адамды ойлануға үйрету», – деп философ Эдисон Томас Алва айтқандай, ұлттық идеологияның ақыл мен жүрекке бірдей әсер ететін құдіретті саласы – жазушының парызы әлемге туған Отаныңның мүддесін танытудан тұратын болса керек. Кезінде Францияның жасанды өркениетінің масқарасын шығарған ақыл-ой таразысы Жан Жак Руссо мен өркениет ойшылы Джон Локк, белгілі әлемтанушы Карл Раймунд Поппер, сондай-ақ ағартушы, жазушы Шарль Луи Монтескье мен Американың атақты публицист жазушысы Бенжамин Франклин өз ұлтының мәдениеті мен дүниетанымын зерделей отырып, басқа елдермен терезесі тең боларлық рухани қор жинау жолында аласұрды. Жазушы Қалтай Мұхамеджанов, тәуелсіздігіміздің елең-алаңында қоғамдық қызметі арқылы саясатқа шақыру алды. Мемлекет басшысының алғашқы шетел сапарларында жанынан табылып, оның үнқатуларын қабыл алған. Қадірменді ұстаз Конфуцийдің: «Әлдебір билеуші мені қызметке шақырса, бір жылға дейін онда жақсы болады, ал үш жылдан соң табысқа ие болады» деген сөзіне жазушы өз іс-қимылымен жауап берді. Мемлекет басшысының алғашқы шетел сапарларында өз командасының қатарына жазушыны шақыруы оның таным биігіне сенім білдіргендіктен туған таңдау еді. «Мейірбанды ер ел билегенде, қызмет етуің оңай, бірақ көңіліне жағу оңай емес. Жолымен жүрмей жаққың келсе, оған ұнамайсың. Адамдарға ол басшылық жасаған кезде, әрқайсысының өнеріне қарап алады. Кіші адам билік еткенде қызмет ету қиын, бірақ оның көңіліне жағу оңай. Оның көңіліне жолымен жүрмей-ақ жағуға болады. Ол адамдарды басқарғанда, талғампаз келеді», – депті ұлы ұстаз. Мемлекет басшысы қытай данышпанының барлық талабына жауап беретін қасиеттерді жазушы бойынан байқағанын көреміз. Көркем әдебиет қашан да жазушыны саяси қайраткер дәрежесіне дейін тәрбиелеген. Ол жолдан дұрыс дәріс алған жазушы «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп еркін ойлы іс-әрекетімен деспотизмге жаны қарсы бола отырып, елінің ой-арманын бір сәтке де есінен шығармай, үнемі болашақ мұрат үшін күресе білген. Жазушы Қалтай Мұхамеджановтың таңдамалы шығармаларының үш томдық жинағындағы өнер өрісі мен ой-толғаныстарын, сұхбаттар мен жолжазбаларын оқи отырып, оның өз ұлтының жапа шегіп жүргенін көзімен көріп, жүрген ортасында ол туралы ашық айтып, қандастарының өз бет-бітімін, болмысын сақтап қалуын, өзін-өзі билеп, ел болып қалыптасуын қалағанын байқайсың. Бұл орайда ол өз ойын ашық айта да білген, баспа жүзінде жаза да білген ұлт қайраткері. Біз әлемдік саяси картадан өз орнын енді айқындаған жас мемлекетпіз. Сондықтан, еліміз үшін әрбір ақыл-ой иесінің өз орны бар. Кезінде Францияның атақты президенті Шарль де Голль жазушы Мальроға: «Қымбаттым, елдің саяси жағын мен мойныма алайын. Мемлекет қауіпсіздігі туралы мен ойланайын, дипломат та мен болайын. Ал сен Францияның мәдениетін құртып алмау жағына атсалыс. Басқа ел ең алдымен, Францияның мәдениетін, өнерін сыйлайды. Егер мәдениетімізді жойып алсақ, онда біз жай әншейін қатардағы бір елсымақ боламыз да қаламыз», – деген екен. Бұл кез, әрине, Францияның ғасырлар бойы қалыптасқан, Үндіқытай мен Солтүстік Африкаға қазығын қағып, әбден толысқан кезі-тін. Біздің жағдайымызда ол бір басқа. Қазақ халқы ұлы болмаса, даналарымыздың, ғұламаларымыздың кіндіктері тереңде жатпаса, ғайыптан ештеңе өнбейді. Ұлыларымыз өзінің кең байтақ даласынан, тамыры терең елінен тәлім-тәрбие алғандығынан, текті рухының алға бастауынан, қанына біткен намысшылдығынан халқымыздың даналарының қа­тарында мәңгілікке қалғаны анық. Жаншылып, езіліп, қараңғылықта қалған халықты ояту үшін оның тарихын ояту қажеттігін Алаш арыс­тары үнемі ұран етіп көтеріп келді. Ұлт қайраткерлерінің осы шақы­рулары ұлттың идентифи­кациялық кодына айналды. Себебі, ұлт ісі үшін жанып тұратын ата-баба антына адалдық таныту қанымызда бар қасиет еді. Себебі, біз Римнің қайыс қақпасын ат үстінде тік тұрып, қамшының ұшымен қаққан Еділ патшаның, Кремльдің ағаш керегелерін отқа жағып, бойын жылытқан Тоқтамыс ханның, ежелгі Русь қосындарымен қатар тұрып, Наполеонды Парижге дейін түре қуып, шөліркеген атын Сена өзеніне суарған байырғы ержүрек ұлттың ұрпағымыз. Осыны кім жеріне жеткізіп айтуы керек?! Егер осыны қазақтың байырғы тарихы мен әдебиетінің білгірі айтса, нанымды болар еді. Оған Қалағаңның дарыны мен білім-бітігі толықтай жауап бере алды. Елбасымыздың халық жазушысының ой үдесінен шығатынына сенім білдіруіне тағы да таң қаласың! Қазақ декорациялық ұлт емес. Бізге лидерлік қасиет тән. Көсемдік, көш бастайтын батылдық қазақтың қанында бар қасиеті. Адамда жеке тұлғалық қасиеттер шығармашылықпен үндесуі шартты ұғым. Ондай болмаған жағдайда синтетикалық, қосынды ұлтқа айналып кететінімізді әркез есте ұстағанымыз абзал. Шүкір, біз әзірге ондай қауіптен аулақпыз. Түркі әлемінің қатарындағы қазақ халқының өз даму тарихы бар. Адамзатты тебірентер көнеден келе жатқан мәдениеті бар. Қазақ елінің қайраткерлеріне өз халқының ой тебіренісін бұлжытпай танып, тереңдете түсуге батыл ұмтылыс жасайтын кезең туғанын Қалағаң дер кезінде көтере білді. Осы мақсатта түрлі конференция­ларда, іргелі басқосуларда ұлт мүддесін қорғап, халықаралық қауымдастықтың назарын Қазақ еліне аударуға қызмет етті. Бүгінгі жаңа ұрпақ «Біз Қазақ­стандықпыз!» деген сөзді ұлттық ар-ұждан сезімі іспетті айтудан арланбауы тиіс. Қазақ халқы «қазақ» деп атал­ғаннан бері өз жерін қорғау үшін соғыспаса, өзгелердің жерін басып алу мақсатында соғыстар жүргізбеген. Біз білгенмен оны өзгелер білмейді. Ал оны жазушы, ұлт қайраткері әлемдік тарихпен салыстыра отырып, талдап береді. «…Еуропаға зер салайықшы. Людовик ХІ-ге дейінгі (XV ғ.) француз тарихын алыңыз, Иван Грозныйға дейінгі (XVІ ғ.) Ресей тарихын алыңыз, Отто Бисмаркке дейінгі (ХІХ ғ.) Германия тарихын алыңыз, бәрі қашан бастары қосылып, қашан мемлекет іргесі бекігенше, өзара қырқысудан көз жазды ма? Осы кезеңдер қазақтың жүздік кезінде де, хандық кезеңінде де өзінің куә болған, көз алдынан өткен дәуірлері еді ғой. Бақсақ, осы бес ғасырдан аса уақыт өресінде қазақ даласында өзара бірде-бір соғыс болып көрмепті. Енді осының сыры неде екен? Соған келейік. Меніңше мұның сыры – қазақтың генетикалық кодында – нәсілдік шартында жатыр», – дейді. Бұны бірліктің, патриотизмге шақырудың жанкешті үлгісі демес­ке амалың жоқ. Ол және еліміздің кешегі, бүгінгі тарихына толайым жауап береді. Енжарлық пен селқостық елде әлі басым. Тіл мәселесі әсіресе, атқарушы билік пен бұқараның арасында әлі де қайшылықтар тудырып отыр. Оған қарап отыруға бола ма? «Идеология – тіл. Идеология майданында кадр ұлтына қарап емес, іскерлік қабілетіне қарай таңдалуы керек. Тіл білмей тұрып, баға беріп, іс білмей тұрып өнер басқаруда мәдениеттің көсегесін қалай көгертеміз. Мен өз басым бүгінгі таңда республикалық идеологиялық ведомстволардың, шығармашылық ұйымдарының бірінші басшыларының басым көпшілігі өз орнында отырған жоқ деп санаймын», – депті жазушы өзінің Республикалық идеология қызметкерлерінің кеңесінде сөйлеген сөзінде. Тіл, мәдениет, дін мәселесі қазақ үшін қазір де өте күрделі болып тұр. Алайда мемлекет құрушы ұлт мемлекеттегі басқа ұлттардың тілімізге қарай бейімделетініне сенімді. Ал мемлекеттік тілді меңгеру – қазақтарды айтпағанда, барлық диаспоралар мен этностық топ өкілдерінің де парызы. Бұл – әлемдік тәжірибе. Мәселен, «Француз ұлты» ұғымының астарында екі түсінік қалыптасқан. Алғашқысының саяси мәні – ол француз қоғамы деген ойды қозғаса, этномәдени мәні – француз тілі, мәдениеті барша Францияда тұратын ұлттар мен ұлыстарға міндетті қағида. Онсыз күнкөріс жоқ. Бұл – қажеттілік! Мұндай мысалдар көп. Балқан түбегіндегі бар-жоғы 2 миллион халқы бар Словенияның өз тәуелсіздігін жариялаған кездегі ең алғашқы заңы – Словенияның азаматы болу үшін – словен тілін білу керек болыпты. Қазір Словения өз аумағында тұратын барлық ұлттарды бір тудың, бір тілдің астында топтас­тырып отыр. Халықтың өз еліне деген патриотизмі мықты. Ұлттың бойына Отансүйгіштік қасиетті сіңдіруді жазушының тілден бастағаны оның мемлекетшілдігін көрсетеді. Дәл бүгін бізге Отан үшін жанпида әрекетіне баруды батыл насихаттай беру керек. «Бұл – қазақ мемлекеті» деп ашық жазатын кез келді. Бүгінгі ұрпаққа Отан өзі, өзі Отан екенін сіңіре бергенде ғана ұтарымыз хақ. Оларды киелі ойларға табындыру керек. Өз халқын сүюден патриотизм туындайды. Өмірдің негізгі саласындағы аса күрделі және маңызды мәселелерді аса білгірлікпен озық әрі пәрменді жүргізудің жолдарын көрсетуден танбағанда ғана біз ілгері басамыз. Ал ілгері басқан ісіміз бен қол жеткен табыстарымызды насихаттау қай басылымның болса да міндеті. Алайда, қит еткен шалыс кемшілікті плюрализмнің азуына салып беру ұтыс әкелмесі анық. Ұлылықты қорлау қылмысы нақты ажыратылмаған болса, бұның өзі – басқарудың деспотизмге айналуына жеткілікті жағдай тудырады. Ертедегі Қытай заңдары императорға құрмет көрсетпеген кез келген адамды өлім жазасына кеседі екен. Заң құрмет көрсетпеудің неден тұратындығын еш жерде анықтап бермейді, сондықтан да кез келген әрекет кез келген адамның өмірін қиып жіберуге немесе кез-келген отбасын жоқ қылып жіберуге сылтау болып табылатын көрінеді. Бірде сарай газетін ұйымдастыру міндеті жүктелген екі адам, бір оқиғаның мазмұнын тәптіштеп хабарлау барысында жалған нәрселер қосып жіберген көрінеді. Сол үшін әлгі бейшаралар сарайға (билікке – авт.) арналған газетте өтірік айтты, демек, олар сарайға құрметпен қарамады деген айыппен, өлім жазасына кесіліпті. Бір ханзада, патшаның қызыл сиямен қол қойған құжаттарына байқамай бірнеше белгі соққаны үшін «императорға құрмет көрсетпеушілік» деп айыпталып, ол да өзінің бүкіл әулетімен бірге қатал қуғынға ұшыраған. Ал бұл кей елдерде билеушіні жолынан, ал мемлекетті – оның қуатының бір бөлігінен айыру деген ұғымға жатқызылған. Бізде ше? Мемлекеттің байыпты саясатын жүргізеді деген «Казахстанская правда» газетінің өзі сан-қилы жағымсыз әрекеттерге баратынын жазушы бетке басып айтады. «Қос тіл білетін алаяқтар» деп жалпы қауымды балағаттауға «Казахстанская правданың» қалай дәті барып отыр? – депті жазушы өзінің «Идеология – тіл» деген мақаласында. – Меніңше, «Казахстанская правда» газеті өзге өлкедегі әлдеқалай кооперативтік қоғамның газеті емес, Қазақстан Орталық партия комитетінің органы емес пе?» – деп мәселені төтесінен қояды. Аңғармай сөйлеу мен жамандық ойлау арасындағы бұл әрекет шын мәніндегі ұлылықты қорлау емес пе? Ұлы гуманист Махатма Ганди: «…Адамзатқа жойқын залал келтіруі мүмкін жеті әлеуметтік күнәдан сақтандырыпты. Олар: принципсіз саясат, бейнетсіз байлық, арсыз рахат, ақиқатсыз білім, имансыз сауда, ізгіліксіз ғылым, құрбандықсыз құлшылық». Осыдан сабақ алған жазушы дінге тым бас-көзі жоқ беріліп кетпей, ұлтының ғылымға, өнерге, өркениетке ұмтылу жағына көбірек көңіл бөлуін жақтайды әрі осы жолдағы ойын халықтың санасына жеткізуге тырысады. Бұл жерде Халық жазушысының ең іргелі ұстанымдарының бірі – оның моральдық зияткерлігі (интеллектуализмі) болса керек. Моральдық зияткерлікке игілік пен даналықты теңестіру, яғни, барлық өнегелік қателер білімнің жетіспеуінен туындап жатыр дегенге саяды. Жер бетінде жұмақ орнату туралы ең жақсы сөздердің өзі, жерді тозаққа айналдырып жіберуі мүмкін. Тіпті ол кейбір мемлекеттерді есінен адастыруда. Бұл әсіресе, дінге байланыс­ты. Сондықтан оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Мәселен, Кения мемлекетінің президенті Жомо Кениатта өз мемлекетінің басына түскен ауыр халді былайша түсіндіреді: «Батыстың адамдары Кенияға келгенде қолдарында Інжіл, ал біздің қолымызда жеріміз болатын. Біздің көзімізді байлап, шоқынуды үйретті. Көзімізді ашқанда алақанымызда Інжіл, ал олардың қолында біздің жеріміз қалыпты». Міне, діннің қиратушылық күші. Тәуелсіздігімізді жариялаған тұста руханият жағынан құлазып қалған біздің өлкемізге де Америка мен Еуропадан, Үндістан мен Оңтүстік Кореядан түрлі бағыттағы миссионерлер ағылып келіп жатты. Әлбетте, Құдай біреу. Бірақ оған баратын жол әртүрлі. Пұтқа табынушылық тұсында әрбір мемлекеттің өзіндік діні мен өз Құдайлары болған кезде ешқандай діни соғыстар болмаған. Себебі, әрбір мемлекет өзінің дініне, сондай-ақ өз басқаруына ие бола отырып, өз заңдарынан Құдайларын бөлген емес. Қазақ Құдайдың бірлігін әлдеқашан мойындаған халық. VII ғасырдағы Орхон жазуында “Көк Тәңір, аспанда сен болсаң, табанымның астында Жер болса, Көк түрік ешкімнен қорлық көрмейді» деген жазу барлығын айтқан Қалағаң Құранда отбасы, мемлекет жайлы саясат жүргізудің қамтылғанын алға тартады. «Егер Кеңес уақытында Қазақстанда небәрі 4-5 конфессия болса, қазір оның саны 37-ге жетті. Қазақстанның 17 млн. халқымен хиристиандардың да, буддистердің де, исламның да іргесі бекіп, айдарынан жел есіп кетпейтіні мәлім. Сол діндерді уағыздап осында жүргендердің көбіне кейде мен күмәнмен қараймын. Мұндағы халықтардың өзінің бағзы заманнан ата-бабасы мойындаған діннен бөлшектеп, оларды ұлттық менталитетінен айыру мақсатында жүргендер ме деп қауіптенемін. Ұлттық менталитеттен айрылғасын ар жағы белгілі. Дінді уағыздай отырып, қоғамды рухани ірітуден сақтап қалудың қамын жедел қолға алмаса болмайды», – дейді. Одан асырып не айтуға болады? Демек, кез келген дін өзін ұсынған мемлекеттің заңдарымен тығыз байланысты. Халықты өз дініне қарату үшін, оны құлдыққа түсіруден басқа әдіс, жаулап алушылардан басқа миссия жоқ. Қалағаң бұл бағытта ойшыл, өзіндік байламы бар. Ұлық дініміз туралы: «Ислам діні өзінен бұрынғы діннің ең құндысы. Біздің ар тазалығымыз 7 қабатта. Ең төменгісінде кәпірлер тұрады» депті жазушы бір орайында. ХІХ ғасырдың атақты педагогы Песталоцци: «Адам баласы үш қабатты үйде тұрған отбасы сықылды. Жоғарғысында – жақсы жайда аз халық тұрады, ортасында, әсіресе ең астыңғы қабатында халықтың көпшілігі тұрады… Әттең, осы астыңғы қараңғы қабаттағы халықтың көзін ашатын шара болып, соған бар күшімді жұмсасам, арманым болмас еді», – депті. Қалағаңның да бар арманы осыған саяды. Бүгінде исламды жау ретінде көрсетушілер бар. Ислам ешбір елге, дінге дұш­пандығы жоқ, ол қашанда бейбіт өмірді жақтайды. Коммунизм жойылған соң  кейбір орталар исламды жаңа дұшпан ретінде көре бастады. Бұлар демократия, даму жолындағы басқа да бүкіл адамзат мәдениеті қолданып жүрген исламды қорлауда. Бір Аллаға сену адамзаттың көзқарасын күнделікті тіршіліктің шеңберінен кеңірек кеңістікке жетелейді, адамзатты құрметтеуге, жаппай халыққа еркін өмір сүру заңдылықтарын мойындауға жеткізеді. Модернизм адамзатқа көптеген табыс алып келді, бірақ Алланы естен шығарды. Осыдан келіп, жауыздық, террор кең қанат жайды. Бүгінгі таңда адамзатты алалау, мейірімсіздік, қырып-жою шаршатып отыр, сондықтан қазіргі әлем ислам дінінің ең асыл құндылықтарына зәру. Исламда хаһтың барлық сипа­т­тарының ішінде оның рахман мен рахим (кешірім мен мейірім) сипаттары басты назарда ұсталады. Демек, ислам атымен жасалған тар өрісті, қорқыныш тудыратын нәрсенің бәрі исламға жат. Халық жазушысының исламға сыйластық пен сенімділік тудыру қажеттігі жөнінде Бүкіл ислам әлемінің бірлігі Конгресінің ІХ сессиясында сөйлеген сөзі осыны меңзейді. Жалпы, жазушы, ұлт қайраткері Қалтай Мұхамеджановтың бүкіл шығармасы «Қазақ халқы бай-қуатты, ұлтшыл болуы үшін не істеуі керек?» деген сұраққа жауап береді. Қалтай Мұхамеджановтың қанатты ойлары: Мемлекет – қоғамның шаңырағы. Шаңырақ шайқалмас үшін, оның уығы – мемлекеттік идеология, керегесі – қоғамдық яғни ұлттық идеология екенін естен шығармауымыз керек. Мекен-тұрағынан ауғанда да халықтың арқалап кетер жалғыз байлығы, қазынасы – тілі. Тілінен айрылған халық адамзат тарихының кемесінен, назарынан тыс қалады. Ислам діні өзінен бұрынғы діннің ең құндылысы. Біздің ар тазалығымыз 7 қабатта. Ең төменгісінде кәпірлер тұрады. …..патриотизм атты киелі ұғымның қай заманда да генераторы – идеология. Тиянақты идеологиясы жоқ мемлекет құбылнамасы жоқ кемемен бірдей. Дін мен философия қатар келе жатқан сала. Философияның иесі – жеке адамдар болса, діннің иесі – қалың бұқара. Әр кітап оқыған сайын, надандығымның бір бетін ашам. Мен білетін шексіз екі дүние бар: біреуі – аспан, екіншісі – ақымақтық. Басқасының бәрі өлшеулі. Сауатты сөйлеу мен сауатты ойлаудың айырмасы аспан мен жердей. Адамның адамдығы да ар мен адалдық айнасының алдында өлшенеді. Зұлымдық пен арамзалықтың жер жастанар орны да сол айнаның алды. Өмірге әр пенде құштар. Бірақ талантты адамның өмірге құштарлығы өзгеше болса керек. Ол ең алдымен суреткердің өнерге деген адалдығы мен өзіне қояр қатал талабымен өлшенеді. Нағыз өнер адамына өзін қайталаудың өзі қиын. …қандай бір жазушы болмасын, қай тақырыпқа жазса да ол өзі өмір кешіп отырған заманның идеясымен, мүддесімен, мұқтажымен қарайды. Кейде шабыттан гөрі, табыт көп елестейді. Арам ойыңды жасырам десең, бетіңе арсыз күлкі ойнат. Түнде перде жамылсаң, күндіз қай тесікке кіресің. Ұлылықтың нышанын ұлы адамдар ғана дәл тануы мүмкін. Көбіміздің өреміздің төмендігі белгілі. Қазір драма театрларында басты ролде актер емес, световой эффект, эстрадалық музыка, қысқасы станоктар ойнайды. Шығарманың сүйектілігін сонымен жабады. Шығарма кейіпкерлері үйге есік қағып кіруші еді. Қазіргі прозаның, психологиялық, философиялық өредегі кейіпкерлері оқырман есігін қағуға тырыс­пайды.

Ермек ЗӘҢГІРОВ