КЕСТЕЛІ КИМОНОЛАРДЫҢ КӨРМЕСІ

КЕСТЕЛІ КИМОНОЛАРДЫҢ КӨРМЕСІ

КЕСТЕЛІ  КИМОНОЛАРДЫҢ КӨРМЕСІ
ашық дереккөзі
404

 

Көрмеде 2010 жылы белгілі
кәсіпкер, меценат Фаттах Шодиев сатып алған кимонолардың коллекциясы
көрсетіледі. Коллекция 104 кимонодан тұрады. Жалпы алғанда мұндағы әрбір
кимоно қайталанбайтын бірегей жәдігер және кимонолардың жалпы топтамасы
біртұтас өнер туындысын, ерекше пейзажды құрайды.

Әлемге әйгілі жапониялық шебер Итику Кубота кимоно шебері Кобаяси Киесидің
шеберханасында шәкірт болған. 20 жасында Токио ұлттық мұражайында болып, ХV-XVІ
ғасырлардағы ұмытылған дәстүрлі мәнерде боялған көне жібек маталарының
қалдықтарын көреді. Осыдан кейін ұзақ уақыт бойына көне шеберлердің құпияларын
ашуға талпынды және ашқан жаңалықтары өзіндік бағыт қалыптастыруға толығынан
жететінін бағамдады. Осылай Кубота өзіне тән Jtchiku Tsujigahana деп аталған
мәнерді өмірге әкелген болатын.

1961 жылы Токио қаласында Кубота өз шеберханасын ашқан. Ол кимонолар жасау
үшін жаңа заманға сай креп-жібекті және синтетикалық бояқтарды пайдалана
бастады. Кимоноларға Фудзи тауының түрлі бейнелерін, жылдың төрт маусымына тән
көріністерді, гүлдер мен өзге де суреттерді салды. Декоративті табиғат
суреттері бір кимонодан екіншісіне көшіп, маусымдар мен көңіл күй саздары
кезектесіп кестеленетін, 2,5 метр мата жұмсалатын әрі қолмен өрнектеліп, кестеленген
әрбір кимоно осылайша нағыз өнер туындысына айналды. Әр кимононы өрнектеуге
шебер бір жылға жуық уақытын сарп еткен. Кубота 2003 жылы, 85 жасында қайтыс
болды.

Осыдан он шақты жыл бұрын жапон провинцияларын аралаған белгілі меценат
Фаттах Шодиев Кавагути қаласындағы (Яманаси префектурасы) кимоно мұражайына бас
сұғады. Аталмыш мұражайдағы Жапонияның біртуар шебері Кубота Итикудың қолымен
жасалған кимонолар ешкімді де бей-жай қалдырмайтын. Сөзбе сөз аударғанда кимоно
«киіп жүретін зат» дегенді білдіреді. Бірақ жапон халқының киелі затына айналған
кимоно дәстүрлі киімнен гөрі ерекше құндылыққа айналды. Әр кимоно көп сырлы әрі
ерекше көркем дүние. Әр кимоно философия мен эстетика, дәстүрлі символизм мен
суретшінің еркін қылқаламының қуаты астасып жатқан нағыз өнер туындысы екенін
бүкіл әлем мойындаған.

«Мені бұл заттардың сиқырға толы сұлулығы үнемі еріксіз тартатын, – дейді Ф.Шодиев.
– Кенет, 2010 жылдың наурызында мұражайдың банкрот болуға жақын екенін және
баға жетпес кимоноларды аукцион арқылы сатуға дайындап жатқандарын білдім. Ең
бас­тысы, бөлшектеп саудаламақ. Бұған жол беруге болмайтын еді. Өйткені әрбір
кимоно – ғажайып жапон пейзажын бейнелейтін тұтас суреттің бір бөлігі. Кейде
бір сурет алты кимононы біріктіреді».

Сөйтіп, Ф.Шодиев тұтас коллекцияны Жапония, тіпті әлем мәдениеті үшін сақтап
қалуға шешім қабылдап, 270 млн. иенге сатып алады.

Осылайша, 2011 жылы 31 қазанда Токионың New Otani қонақүйінде «Бояу
фантазиясы» коллекциясын таныстыруға байланысты қабылдау болып өтті. Қабылдауға
Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Юкио Хатояма қатысты. Іс-шараны жапонның
жетекші телеарнасы NHK, сондай-ақ орталық газеттер мен журналдары кеңінен
насихаттады. Көркемдігіне көз сүйсінген кимоноларды министрлер мен депу­таттар,
Жапония сырт­қы істер министрлігінің сансыз қызметкерлері және көптеген
елдердің елшілері, көрнекті саясаткерлер мен мәдениет қай­раткерлері қы­зықтады.

Өз сөзінде Ф.Шодиев Кубота­ Ити­ку мұражайының коллекция­сы­ жекеменшікке
өткенімен, ол Жа­по­нияның ешкім қол сұқпайтын мұрасы болып қала беретінін,
сәті түссе, мұ­ражай коллекциясының мінсіз сақ­талуына кепілдік беретін жеке жа­пондықтың
қолына тапсыруға да дайын екенін мәлімдеді.

Белгілі меценат ара-тұра аталмыш коллекцияны әлемнің аса ірі мұ­ражайларында
көрсету үшін ғана ел шекарасынан алып шығуды көздеп отыр. Әлем сүйсінген кимоноларды
ең алғаш Елордамыз – Астананың өнерсүйер қауымы тамашаламақ. Көрмеге арналған
баспасөз конференциясына меценат және Шодиев Халықаралық Қорының негізін
қалаушы Фаттах Шодиев, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы елшісі, Итику
Кубота мұражайының директоры мен Астана қаласы әкімшілігінің өкілдері қатысады.


Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары