Шалкөде жайлауында

Шалкөде жайлауында

Шалкөде жайлауында
ашық дереккөзі
2088

Таң алакеуімде Алматыдан Кегенді бетке алып, үш машина жүйткіп келеміз. Бағытымыз – ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туған, атақты Бердібек Соқпақбаевтың балалық шағы өткен Қарасаз ауылы, Шалкөде жайлауы. Алматыға қоныс тепкенімізге 25 жыл болса да Кеген, Нарынқол өңіріне ат басын бұрмаған екенбіз. Қазақстан Жазушылар одағы секретариатының І орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай Шалкөдеге экспедиция жасап қайтуға ұсыныс білдіргенде жерден тілегеніміз көктен түскендей болды.

Алматыдан оңтүстік-шығыстағы Алатауды бөктерлеп, Көкпектің қысаңын көктей, атақты Шарын шатқалын қиып өтіп, Қайқының асуынан асып, Хан Тәңірінің күн сүйген мұзарт шыңдарын тамашалауға асығып барамыз.

Таңғы ондар шамасында Шелекті артқа тастап, Райымбек ауданының аумағына қадам бастық. Көкпектің қысаңы, Аласа мен Қайқының асуы, Шарын шатқалы. Алла тағала бұл өлкеге табиғаттың ғажап суретін, тілмен айтып жеткізгісіз әдемі келбетін сыйлай салған ғой. Бұл өлкеден тарам-тарам жан-жаққа тарап жатқан шимай жолдардың әртүрлі бағыты бар. Бірі – атақты Шоқанның аяғы тиген, зираты қалған Алтын Емелге, әлемде теңдесі жоқ – Айғайқұмға жетелесе, екіншісі – сұлулығымен талайды өзіне тәнті еткен – Көлсай көлдеріне тартады. Ал үшіншісі Жәркентке, Қорғас қамалына қия тарады. Біздің межеміз – Қарасаз, Шалкөде.

Бүгінде шекаралас отырған Нарынқол, Кеген аудандарының қосылып, Райымбек ауданына айналғанына біраз уақыт болған. Кеген – аудан орталығы. Алматыдан тұп-тура 240 шақырым. Бел суытып, аялдап аттанар бекетіміз аудан орталығындағы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жетісу» газетінің Райымбек аудандық тілшісі, ақын Қанат Біржансалдың үйі. Кеген кентінің қазіргі жан саны шамамен 10 мыңға жақындайды екен. 1997 жылдан Райымбек ауданының орталығы болғаннан бері мұнда алыс-жақын ауылдардан көшіп келушілер көп.

Қазақтың байырғы мекені Нарынқол өңірінің өзі екіге бөлінген. Әйгілі Іле өзенінің басы Қытай жағында. Кезінде еншісі бөлінбеген, бір атаның балалары жайлап-қыстаған өлкені Совет пен Қытай шекара сызысып, жер бөліскенде бірге туғандарды екіге жарған. 1954-1962 жылы Кеңестер Одағы Қытайда қалған өз отандастарын кері шақырғанда арғы бетте аңырап қалған көп туыстың қайта қауышуына мүмкіндік алғанмен жер қалған. Бір таудың, асқақ шыңдарын күн сүйген Хан Тәңірінің екі бетіндегі ел жамырап табысқан қой мен қозыдай 1991 жылдан, Қазақ тәуелсіздігін алған заманнан бері тағы да қауышқан еді. Алайда 2011 жылдан бері жаттың қолында шарасыздан қалған бауырларымыздың атамекенге келуі  тағы да қиындады. Қазір Нарынқолда бұрынғыдай тығыз халық жоқ. 1997 жылы аудан орталығы болып тұрған кезде, халқының саны – 15 мыңнан асып жығылатын еді, 2014 жылғы есеп бойынша – сегіз мыңнан сәл ғана асатын ел қалған. Ал, 2012 жылғы есеп бойынша 8,5 мың тұрғыны бар Кегенде 3 мектеп бар. Оның бірі, орысы жоқ елді мекендегі – орыс мектебі. Қанат Біржансалдың үйіндегі жеңгеміз Кеңесгүл осы орыс мектебінде қызмет атқарады екен.

– Мектеп соңғы жылдары аралас мектепке айнала бастады. Өйткені балаларын қазақ мектебіне бергісі келетіндер көп. Сол себепті де, қазақ сыныптарын ашу қажеттігі туындады, – дейді Кеңесгүл жеңгеміз. Дегенмен, Кеңесгүл апай Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа енгеннен кейін жұрттың тағы да орыс тіліне аңсары ауа бастағанын, балаларын әлі де орыс мектебіне беруге құмар қазақтардың көп екендігін айтты нали отырып.

Көз тойғысыз Нарынқол, Кеген табиғатын көргенде:

Пай, пай, пай!

Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер,

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер.

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,

Сарылып сал-сері кеткен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер!, – деп Мұқағали ақын жырға қосқан киелі мекеннің киелі топырағын басып тұрып, мынадай аруақты жерде дүниеге келген адамның ақын немесе батыр болмауға қақысы жоқ шығар деген ой өзінен-өзі келетіндей.

Кегеннен тағы да аттандық, Мұқағалидай ақын туған өлкені, Бердібектей жазушы өткен өлкені көрмей көкіректі кернеген сағынышымыз басылмайтын секілді. «Сары қымыз сапырып, тамсандырған, ауылым!» Айналаңнан күзгі сары қымыздың бал иісі мұрын жарады. Оған қымыздық пен қыр гүлінің, аршасы мен жусанының хош иісі қосылғанда, көкірегің кеңіп, тынысың ашылып, кеңсірігіңді ашытқан ауаның өзіне мас болып, буын-буының біртүрлі босап сала береді екен.

Бердібек Соқпақбаев туған «Тұйық» ауылының тұсынан өткенде, оның «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты атышулы повестеріндегі үзік-үзік суреттер көз алдымнан өте бастады. Мұқағалидың жырларын жаттап өстік, Бердібектің кітаптарын жастанып өстік. Ақын мен жазушының туған елі, туған халқы туралы шығармаларын оқып отырып, ондағы қазақы тірлік, қазақтың ішкі жан-дүниесінің сонау Алтайдың ар жағында жүрген біздің ауылмен кіндіктес, тіпті аса ұқсас екендігін көріп қайран қалатынмын. Сөйтсем, мына сары жазық, өзен, шатқалдардың бәрі біз өскен ауылдан аумайды екен.

Алда Ақбейіт, Сарыжаз ауылдары, Сарыжаздан өте – Мұқағали ақын әйгілі еткен Қарасаз. Қарасаз сонысымен бақытты. Ұлы туған жерінің атағын біразға жеткізді. Бүгінде әр қазақ ән қылып айтатын, «Қарасаз қара шалғын өлеңде өстім!» өлеңінің шумақтары тіліме орала берді:

Қарасаз, қара шалғын

                         өлеңде өстім,

Жыр жазсам, оған жұртым

                         елеңдестің.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда

                         өлеңді ешкім!..

Ақын өмірінің соңғы күндерінде туған жерін аңсаған, сол киелі Қасқабұлақтың суының дәмін татса, жазылып кетердей күй кешіп, аласұрған кезі.

Қарасазға кіреберісте оң жақтағы беткейде ақын анасының бейіті тұр. Сол бейтіке тоқтап, ақиық ақынды өмірге әкелген анаға дұға бағыштадық.

Анасының атын «аспанға жазсам» деген ұлы ақынның да тілегі қабыл болғандай:

(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)

Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!

Ана,

Сен бақыттысың, тербете бер Құба талдан иілген бесігімді, – дейді анасының асыл мұраты, ұрпағының ары қарай сабақтасып жатқандығын меңзей отырып. Анамыз шынымен де бақытты. Өмірден өзі көшсе де, ұлы Мұқағали да бақилық болса да, қалың орман қазағы оны ұмытпайды. Үнемі қасынан өткен сайын, ақиықты тудырған анаға тағзым жасап өтеді.

Атақты, Қарасаз! Түс әлетінде ендік. Хан Тәңірінің етегінде, қарағай-самырсыны сыңсыған беткейге жапсарлас орналасыпты. Тау өзенінің аңғары болған соң, жері саздауыт. Кегеннен Қарасазға келетін күре жол ақынның 80 жылдығы қарсаңында арнайы күрделі жөндеуден өткен деседі. Табиғаты тамылжып тұр. Биылғы жаңбырсыз жазға былқ етпеген көк балқаш. Халқының өзі қандай. Құдды түгелімен өлеңнен жаратылғандай. Ауылдағы кез келген қарадомалақты тоқтатып алып, Мұқағалидың өлеңін сұрасаңыз, бәрі жатқа айтады. Бұл өз ауылынан шыққан тектіге деген тағзым, құрмет, бәрі Бердібек Соқпақбаевтың кейіпкерлерін біледі. Ақын, «Қаламгер-медиа» ЖШС-інің атқарушы директоры Жанарбек Әшімжан өлеңді жатқа айтқан әрбір қара домалақты сый-сияпатқа кенелтіп жатты.

Ауылда Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды мұражайы бар. Біздің топ осы мұражайға арнайы ат басын бұрды. Мұражай алдында ақынға арналған бюст бой көтерген. Шағын ауылдағы шағын мұражайдың іші естелікке толы. Ақынның 45 жылдық ғұмырын түгелдей сөйлетіп тұр. Сондай-ақ, ақынға арналған өлеңдер топтамалары, естеліктердің өзі бір төбе. Мұражай қызметкерлері ақын өмірі туралы, өлеңдері, оның шығу тарихы туралы жатқа біледі. Мұражайды тамашалағаннан кейін, мұражай қызметкерлерімен шағын әңгіме өтті. Әңгіме бастауын Қазақстан Жазушылар одағы хатшысының І орынбасары Ғалым Жайлыбай бастады:

– Мұражайда өте керемет тарих, Мұқағали заманының, Бердібек Соқпақбаев заманының ауыл тынысы, әдеби орта бәрі-бәрі жақсы ашылған екен. Бердібек Соқпақбаевтың өзі туған ауылында мұражайы барын білеміз. Қарасаздан шыққан қос алыптың бірі. Оның деңгейін сәл кейін қою ақылға қонымсыз. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтырады деген ойдамыз. Сондай-ақ, Мұқағалиға арналған өлеңдер көп. Соның шоқтықтысы – Жәркен Бөдештің өлеңі деп білем, сол өлеңді де бір көрнекі жерге орналастырған абзал болар еді, – деген тілегін жеткізді. Ақын мұражайы Талдықорған қаласындағы облыстық Мұхамеджан Тынышбаев мұражайының бір филиалы есебінде екен. Бұндағы сегіз қызметкерге сол облыстық мұражай бюджетінен қаржы төленеді. Өзінің жеке қаражаты жоқ. Халықтың рухани азығы, қайталанбас тума талантының мұражайына қазынадан жеке қаржы бөлуге де болар еді. Дегенмен осыған да шүкір дейсің.

 Ақын, «Анарыс» баспасының директоры Кәдірбек Құныпияұлы ақынға арналған өлеңдердің жеке бір жинақ болып басылатын кезі жеткенін де ескертіп өтті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бақытбек Бәмішұлы Мұқағалиға арнаған «Мұзбалақтың рухы» өлеңін мұражайда оқып берді.

Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесінде: «Судың арғы өңірі ойпат, тоғайлы алқап. Одан әрі тау. Таудың аппақ басы күн нұрымен шағылып, көзді ұялтады. Әжемнен ол аппақ не екенін  сұраймын. Қар дейді. Жаздыгүні қар бола ма? Болады, дейді әжем. Қызық. Қалайша еріп кетпейді?» дейтіні бар. Міне біз де судың бергі бетін жағалап, тоғайлы алқапқа қарай жолсызбен келеміз. Қарасаздан арықарай қара жол. Асфальтсіз. 30-40 шақырым жүргеннен кейін шекараның ала бағандарын кездестіресіз. Атақты Шалкөде жайлауы. Ол Алматы облысының, Райымбек ауданында, Кетпен жотасының оңтүстік баурайында, Шалкөде өзенінің алабын бойлай шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 35 – 40 шақырымға созылып жатыр. Шығысында Қытаймен шектеседі. Теңіз деңгейінен 2000-2150 метр биіктікте орналасқан. Қарасаз бен Шалкөде арасында көлік қатынасының қиындығына қарамай бұл жерге келіп демалуға ниет білдірушілердің саны жыл өткен сайын өсіп келеді екен. Әсіресе, көрші Ресейден келіп шатыр тігіп, балық аулап, арқаны кеңге салып, көсілушілердің санында есеп жоқ деседі. Міне, кәдімгі жайлау, үп еткен дауысыңды естіп қояр саққұлақ шекарашылар бар демесең, қазақтың киіз үйін тігіп, биесін байлап, сабасын күрпілдеткен,  қаймағы бұзылмай тұрған ежелгі тірлік. Дөңкиіп, саф түзеп жатқан мықтың үйлері осы өлкенің қорғаны іспетті.Таңертең саф ауамен тыныстап, қарағай түбінен қайнап шыққан тас бұлақтың суына жуынғаннан кейін, бұған дейінгі бүкіл шаршау басылғандай болады екен. Өрге салса, төске озған күрең жорғадай тайпалған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, осы өлкенің кәсіпкері  Сәлім  Жусанбаев ағайдың ақ толқын жырларын тыңдап, сексен үшке келсе де еңсесі түспеген Ескермес ақсақалдың әңгімесіне елтіп, Жанар жеңешеміздің бал қымызын жантая іше отырып, «Ақбұлақ» атты арасанның басына түнедік. «Сулары құнан қойдың сорпасындай» деп Таңжарық ақын тамсанса, тамсанғандай. Атақты Хан тәңірінің бір сілемі. Қойны-қолаты толған қой бүлдірген, арша, итмұрын дейсіз бе, адамның жансарайын ашатын, жанына шипа, дертіне дауа жеміс-жидектің бәрі бар. Шоқ қарағай, самырсыны сыңсыған, жайлаудың таңертең шық тұнған көк шалғынын кешіп жүрудің өзі бір ғанибет. Қаладағы  түтінге қақалып, компьютердің радиациясына уланған біздің тәніміз де бір түлеп, жасарып қалғандай күй кештік.

Кең дүние, төсіңді аш,

                         мен келемін,

Алынбаған ақым

                         бар сенде менің.

Бұйрат құмдар –

бұйығып шөлдегенім,

Бура бұлттар –

         бусанып терлегенім.

Аспаныңдай кей сәтте

                         күрсінемін,

Жас талыңдай

жауқазын бүршік едім.

Кең дүние, керемет

қалпыңменен,

Жүрек болып кеудеме

кірші менің.

Байтақ ел, балауса тау,

                         бозаң далам,

Секілді бәрі менен көз алмаған.

Кең дүние, кенде етсең

                         сыбағамнан,

Шырылдаған сәбидей

                         мазаңды алам.

Кең алқаптың саф ауасын тыныстап тұрып осындай шабытқа толы жыр жолдарын жазған болар бәлкім Мұқағали ақын.

Немесе биік таудан нәр алып өскен ақынның:

Тау дейтін алып жүрек

Ана туған,

Мен – таулықпын!

Таудан мен жаратылғам.

Киіктің сүтін еміп

ержеткенмін,

Қуат алып қыранның

                              қанатынан.

Мен – таулықпын!

Таудан мен жаратылғам.

Бұлт бүркеніп,

         жай отын ала туғам.

Күн алғашқы сәулесін

         маған шашып,

Маған келіп түнейді қара тұман.

Тау ұлымын,

Тау – менің дәу бесігім,

Мен оның әуресімін, сәулесімін.

Асқар шыңдар

                 тербейді бесігімді,

Бір орамын ағытып сәлдесінің.

Мен – таулықпын!

Таудан мен жаратылғам.

Тау деген Ана туған,

                      дара тұлғам.

...Тауға барып,

Көкке ұшып кетсем бе екен,

Ұстап алып қыранның қанатынан, – демеске қақысы да жоқ еді.

Есенгүл Кәпқызы

 Алматы –  Кеген – Қарасаз – Шалкөде – Алматы

Серіктес жаңалықтары