«ҚИЯЛДАҒЫ» ҚАЗАҚСТАН

«ҚИЯЛДАҒЫ» ҚАЗАҚСТАН

«ҚИЯЛДАҒЫ» ҚАЗАҚСТАН
ашық дереккөзі
458

Астанада өткен Дамушы нарықтардың еуразиялық форумында Қазақстан Президенті мемлекеттің келешегіне қатысты өз пікірімен бөлісті. Елбасының алдағы қырық жылдағы елдің даму деңгейі туралы ойлары былтырғы Жолдауда айтылған мақсат-межелермен мазмұндас болуы заңды да. Бұған қоса, Президент озық отыздық санатына ену мақсаты туралы «Бұл ешқандай қиял-ғажайып емес!» деп байлам жасады.

«Еуразия ХХІ ғасырда: жаңару арқылы көшбасшылыққа өту» тақырыбымен өткен екі күндік басқосуға ұзын-саны 200-ден астам қайраткерлер мен сарапшы мамандар қатысты. Мәртебелі қонақтар ішінде Австрияның бұрынғы канцлері Альфред Гузенбауер, Польшаның экс-президенті Александр Квасьневский, Италияның бұрынғы премьер-министрі әрі Еурокомиссия төрағасы Романо Проди, Израильдің экс-премьер-министрі Эхуд Ольмерт бар. 

Форумның алғашқы күні «Қазақстан 2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясының жүзеге асырылу мәселелері талқыланған болатын. Бұл тақырып бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі баяндама жасады. 

Мемлекеттің дамуы жайлы ойларымен бөліскен Нұрсұлтан Назарбаев статистикалық деректер мен тұжырымды ойларын айта келіп, аз-маз қиялға да жол берді: «Егер қиялға қанат қақтырып, арман­дайтын болсақ, мынаны елестетеміз. 2050 жылы ел Үкіметі жиын өткізіп, «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру қорытындысын шығарады. Сонда бүгінгі студент, ал сол кездегі тарихшы өз мақаласында: «Сонау 2012 жылы сол кездегі бәленше деген Пре­зи­дент бізге осы бағдарламаны ұсынған екен. Біз, міне, оны орындадық» деп жаза­ды».

Өз баяндамасында Нұрсұлтан Назар­баев «Қазақстан-2050» стра­тегиясының алдағы кезеңдегі басым­дықтары туралы былай деді: «Мен «Стратегия – 2050»-дің бас­ты мақ­саттарына жету бағытындағы жұмыс­тың екі тұғырлы басымдығын көремін. Бірінші басымдық  –  адами капиталды, адами әлеуетті дамытуда сапа­лы секіріс-серпін жасауға жағдайлар ту­ғызумен байланысты. Кез келген жағ­дай­да дәл осы адами ресурстар қоғамның дамуын анықтайтын болады. Бірінші ке­зекте, бүгінде қазақстандықтар үшін ағартушылық, білім берудің жаңа сапасы талап етіледі. Екінші басымдық  –  экономикалық және құқықтық институттардың тиімді жүйесін құру бағытындағы үлкен жұмыс­тар. Бұл институттар ел дамуының жоғары қарқы­нын қамтамасыз етеді». 

Бұл форум сегіз жылдан бері әр түрлі мемлекеттерде өткізіліп келеді. Ал кешегі кеңестік кеңістікте бұл форум тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қазақстан тарапынан бұл шараны ұйымдастыруға «Назарбаев Университеті» мен «Ұлттық сараптама орталығы» атсалысқан.

Бұл жолғы басқосуда Қазақ­станның әлемнің 30 дамыған елдерінің қатарына қосылу мүмкіндіктері де сарапқа салынды.

Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның әлемнің дамыған отыз елінің бірі болуы қиял-ғажайып емес екенін мәлімдеді. Форумдағы ең өткір мәлімдемелердің бірі осы шығар. «Біздің қоғамымыз үшін бұл әлдебір утопияның бірі емес! Бұл – нақты тарихи асу және оған шығу, оны еңсеру – біз үшін өмірлік маңыздылық әрі қажет­тілік. Тек сол шыңды бағындырсақ, көшбасшы отыз ұлттың біріне айналсақ қана біз, ХХІ ғасырда ғана емес, сондай-ақ одан ары қарай халқымыздың гүлденуін және сенімді болашағын қамта­масыз етеміз, бұған менің еш күмәнім жоқ! Тек осы жағдайда ғана біз халықтардың жаһандық жанұясында Қазақстанның лайықты орнын, азаматтарымыздың лайықты өмірін қамтамасыз ете аламыз», – деді Елбасы. 

Қазақстан Президенті еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық экономиканың ауқымы отыз пайызға азайса да, одан кейін едәуір ілгерілегенін баса айтты. «КСРО республикаларының ішінде аутсайдер болсақ та, біз келе-келе тұрақты экономикалық өсу жолына түстік. Бүгінгі таңда экономикалық өсім жағынан біз ТМД бойынша көшбасышлар санатындамыз», – деді Елбасы.

Ал отыз көшбасшы мемлекеттің біріне айналу үшін Қазақстан үкіметінің мойнына артылар міндет көп. Президент жеті бірдей міндетті санамалап берді. Оның бірі – табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда Баламалы энергетика агенттігі құрылатынын хабарлады.

Кешегі аптада Санкт-Петербургте өткен G20 саммитіне арнайы ша­қыртумен қатысқан Қазақстан басшысы алдағы уақытта әлемдік үздік отыздың емес, алдыңғы қатарлы жиырмалық мүшелігіне өтуге талпынуы мүмкін екенін жасырмады. 

Алдағы уақытта «дамыған мемлекет» деген ұғымның мазмұны өзгеруі мүмкін. «Қазіргі түсініктегі «дамыған мемлекет» ұғымы уақыт өте басқаша мағынаға ие болуы мүмкін. ХХ ғасырдың басында үлкен колониялы мемлекеттер дамыған елдер саналса, 30-40 жылдан соң озық ғылыми және әскери қуаты мықты елдер ғана осы санатқа жатқызылды. Оның үстіне, осы ғасырдың басында ақпараттық дамудың деңгейі айрықша маңызға ие болды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ендеше, алдағы отыз-қырық жылда дамыған мемлекетке тән құндылықтарды қайта қалыптастырған абзал. 

Болашақта ұлттық бірлігі мықты, басына түскен қиыншылықтарға сабырлылық танытқан, ортақ іске бір кісідей жұмылатын, сауатты экономикалық және әлеуметтік саясат қалыптастырған, саяси бағдары түзу мемлекеттер дамыған ел саналуы мүмкін. 

Қазақстан басшысы өз сөзінде елдің дамуына үлкен сеніммен қарайтынын аңғартты. «2050 перс­пективасы қазір тым алыс көрінеді. Бірақ уақыт жылдам жылжиды. Күні бүгінге дейін уақыт біздің одақтасымыз болды. Алда да солай боларына сенемін! Бүгінгі Қазақстан  –  үлкен мүмкіндіктер мен үміттер елі. Біз бейбіт, халқы біртұтас елміз. Сенімді әріптеспіз. Біз сенім ту­дыра­мыз. Мұны біз мақтан тұтамыз».

Гүлбиғаш ОМАР

Астана

Серіктес жаңалықтары