ҚЫТАЙДЫҢ ОРТА АЗИЯДАҒЫ МҮДДЕСІ

ҚЫТАЙДЫҢ ОРТА АЗИЯДАҒЫ МҮДДЕСІ

ҚЫТАЙДЫҢ ОРТА АЗИЯДАҒЫ МҮДДЕСІ
ашық дереккөзі
208

Қытайдың жаңа сайланған төрағасы Си Цзиньпин посткеңестік мемлекеттерге жорығын бастады. Ол қыркүйектің 3-13-і аралығында Ресей Федерациясынан бастап, Орталық Азиядағы ірі мемлекеттер – Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстан басшыларының арнайы шақыруымен ресми сапарын жалғастырды. Ең әуелі Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен үлкен жиырмалықтың кезекті саммитіне қатысып, АҚШ және РФ президенттерімен кездесу өткізіп, жаһандық проблемаларға қатысты өз үнін қосты. Әсіресе бүкіл әлемдік түйткілге айналған Сирия мәселесін Барак Обама мен Владимир Путинмен жеке-жеке талқылады. РФ президенті В.Путинді Қытайдың ең жақын досына балаған ол бұдан кейінгі сапарын Түркіменстанда жалғастырды. Си Цзиньпиннің Орталық Азиядағы мүддесі қандай? Ол осы сапарында қандай келісімдерге қол жеткізді?


Түркіменстан газын береді

Жиырма жылдан астам тәуелсіздік тарихында бейтарап саясат ұстанып, ешкімге есігін ашпай оқшауланып алған түркімендердің де тілін тапқан қытайлар бұл жолы да бірталай тиімді келісімшартқа қол қойып оралды. Қытай мен Түркіменстанның арасындағы газ құбырын тарту және оны Қытайға тасымалдау туралы келісім 2009 жылдан бастау алады. Дәл сол жылы «Түркіменгаз» мемлекеттік компаниясы мен Қытайдың Мемлекеттік даму банкі арасында 4 миллиард АҚШ долларының көлемінде келісім-шарт дүниеге келді. Бұл қаржыны Қытай Түркіменстандағы ірі кен орны Галкынышты игеру жұмыстары үшін бөлген. Бұл кен орнының жалпы қоры – 21 триллион текше метр газдан тұрады. 2011 жылы Қытай «Түркіменгазға» тағы да осы мақсатқа 4,1 миллиард доллар бөледі. Сондай-ақ, «Түркіменгаз» мемлекеттік компаниясы мен CNPC-тің еншілес компаниясы PetroChina және Қытайдың Мемлекеттік даму банкі арасында несиелерді түркімен табиғи газын тасымалдау негізінде қайтаратын келісімге қол жеткізеді. Әрі Бейжің Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай газқұбырының құрылысына тағы 6,5 миллиард доллар бөлді. Бұл құбыр арқылы жылына Түркіменстанның 40 миллиард текше метр газын жеткізу жоспарлануда. Есесіне ресми Бейжің біраз нәрсеге қол сұғып үлгерді. Қытай 1,3 триллион текше метр қоры бар Багтыярлык кен орнының құрылықтағы бөлігіне қол жеткізіп отыр. Бұл – Түркіменстан тарихында алғашқы және жалғыз шетелдік инвестор. Бүгінде бұл жоба жылына 13 миллиард текше метр газ айдалатын Түркіменстан – Қытай газ құбырының негізгі қайнар көзіне айналды. 2012 жылы арадағы газ тасымалын жылына 40 миллиардтан 65 миллиард текше метрге жеткізу туралы келісімге отырды. Биылғы кездесуде бұл көлем тағы да 25 миллиард текше метрге ұлғайтылып, жиыны – жылына 90 миллиард текше метр газды Қытайға жеткізу туралы келісімге қол қойды. Қытай мұнымен бірге, жол бойындағы транзиттік елдердегі газдарды да жинай жүруді ұмытпайды. Қытай мен Қазақстан арасында Бейнеу – Шымкент газ құбырының газ айдау мүмкіндігін жылына 10 миллиард текше метрге дейін жеткізу туралы келісім шарт 2008 жылдан жұмыс істейді. Бұл құбыр арқылы тек қазақ газы ғана тасымалданбақ. 2010 жылы Түркіменстан – Қытай газ құбыры арқылы жылына 10 миллиард текше метр өзбек газын айдау туралы Қытай мен Өзбекстан келісім шарты жасалған. 


ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫН… ӘРІ ЖЕРІН БЕРЕ МЕ?

Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары 6-8 қыркүйекке дөп келді. Қытай басшысы Астана мен Алматыны да бірдей аралап көрді. Екі күн ішінде құны 30 миллиард доллар тұратын 22 келісім шартқа қол қойылған. Қытай бүгінде Қазақстанның басты сауда әріптесі. 

– Екі ел арасындағы сауда айналымын 2015 жылға қарай 40 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр, – дейді Си Цзиньпин. 

Осы жолғы сапарында «Қашаған» мұнай кен орнындағы Қытайдың үлесі айқындалып, «Бейнеу-Бозой» газ құбырының тұсауы кесілді. Эко­номикалық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Қытайдың Қазақстан экономи­касындағы үлесі 30 пайыздан асты. Қытайлық алпауыт CNPС компаниясы ең ірі ойыншылардың қатарына қосылды. 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеуінше, Қазақ­стандағы Қытай инвестициясының көлемі – 20 миллиард долларға жеткен екен. 

– Біз ортақ шекарамызды бекіт­тік,­ тауар айналымының көлемін ұл­ғайт­­тық. ҚХР-дың Қазақстанға сал­ған инвестициясының көлемі – 20 миллиард долларға жетті. Бұл біздің экономикаға инвестиция құйған барлық шетелдіктердің ішінде үшінші орынды көрсетеді. Осы уақыт аралығында оның көрсеткіші жүз есеге артты, – деген Елбасы брифингте. 

– Біз Қазақстан үшін қат болып отырған мұнай өңдеу зауыттарының құрылысын салу туралы келісімге келдік. Аграрлық салада ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Көлік және коммуникация саласындағы нысандардың құрылысын салу жайында ақылдастық, өзара студент алмасу жайында сөйлестік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Елбасы, сондай-ақ, Қазақстан Қы­тайды аймақтық қауіпсіздік, экс­тремизм, терроризм және сепаратизммен күрес мә­селесінде қолдайтынын айтты. 

Қытай көшбасшысы «Жібек жолы» керуен жолын жаңғыртудың жаңа принциптерін ұсынды. 

– Әуелі, – деді ол, – саяси келісім мәселесін күшейтіп, бірыңғай жол желісін қарқынды дамытып, сауда мәселесін оңтайландыру керек. 

Сондай-ақ, Қытай төрағасы ұлттық валютаның резервтік құнын арттырып, теңге және юань арқылы сауда жасауға кеңес берді. 

Сөз соңында осы жоспарлардың барлығы екі елдің ішкі ісіне араласпай, тату көрші жағдайында жүзеге асырылатындығы тілге тиек етілді. 

2010 жылы Қазақ билігі қытай шаруаларына 1 миллион гектар жерді жалға беру туралы әңгіме көтерген еді. Алайда қоғамның күшті қарсылығының арқасында бұл райынан қайтқан болатын. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жақында Астанада өткізген баспасөз мәслихатында осындай идеяны қайтадан көлденең тастады. Шығыс Қазақстан облысының билігі аймаққа қытай инвестициясын тартуды көздеп отырғанын айта отырып, пай­да­ланылмай жатқан жерлерді көрші елдің шаруаларына уақытша пайдалануға беру арқылы да қаржы көзін табуға болатындығын мәлім етті. 

– Біздің адамдардың әл-ауқатын арт­тыруды көздесек, экономиканы да­мыту керек. Ол үшін инвестиция тарт­қан жөн. Қазір өз қалтамыз көтермейтін болғандықтан, инвестиция тартуымыз керек, соның ішінде қытай инвестициясын тартқан абзал. Ал пайдаланылмай жатқан жерлерді неге қытайларға бермеске? Онда біздің адамдар жұмыс істейді, қосымша қаржы табамыз, – деді ол. 

Әкімнің дәл осы мәлімдемесі қоғамда үлкен сілкініс тудырды. Ұлтшыл күштер әлеуметтік желіде бұл мәселені өте қарқынды талқылап, әкімнің жер береміз дегені қай сасқаны деп мәселе көтеруде. Билік қоғам қарсылығына бір рет ұшырады, енді екінші рет тағы да халықтың тамырын басып көруді жөн санап отырған секілді. Әрі ол мәлімдеменің Қытай басшысының Қазақстанға сапары кезінде айтылуы тегін емес. Демек, Қытайдың Қазақстан мұнайындағы үлесі аздай, енді жерге ауыз сала бастағаны байқалады. Дегенмен, екі ел басшыларының кездесуі барысында, осы бір толғақты мәселе талқыланған жоқ. 

«Қытай Орталық Азияға экспансия жасамайды»

Қытайдың Орталық Азия елдерінің экономикасына сұғына енуі – көптеген сарапшыларды алаңдатып отыр. Бұған байланысты отандық сарапшылар да, АҚШ пен ресейлік сарапшылар да өз ойларын айтып қалуға тырысуда. Қазір баспасөздегі ең көп талқыланып жатқан мәселелердің бірі де осы. 

Орталық Азия – Қытай үшін геосаяси тұрғыдан Еуропаға шығар қақпа, игерілмеген кеңістік. Ормандағы орыстың, Қырымда татардың тілін таба білетін іргелес алып елдің көздегені тек қана көрші елдердегі табиғи ресурстар емес, қосалқы плацдарм, батысындағы Шығыс Түркістан немесе Шыңжаң өлкесінің тұрақтануы және сол өлкені қытайландыру мақсаты да қалыс қалар емес. ҚХР Сауда министрі Цзян Яопиннің мәлімдеуінше, Қытай Қазақстан мен Түркіменстанның ең ірі сауда әріптесіне айналған. Ресей бұл ретте екінші орынға қарай ығыстырылды. Сондай-ақ, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сауда әріптестерінің арасында алғашқы үштікке еніп тұр. Орталық Азия арқылы Қытай Еуропаға темір жол бойымен тауар тасымалдай бастады. «Достық-Алашанькоу» және «Қорғас-Алтынкөл» теміржолдарының ашылуы әлемдік нарыққа бастаған үлкен көштің іргесінің кеңеюін білдіреді. 

Әрі мұнай газ саласындағы ынтымақ­тастық аса қарқынды даму үстінде. Оның ішінде газ және мұнай құбырларының құрылысы да бар. 

Қытай, сонымен бірге, шетелде жазылған өздері туралы ақпаратпен жақсы таныс. Оларды сараптап, дер кезінде үн қатып отыруды да естен шығармайды. Қазақстан ақпарат құралдарындағы Қытайға байланысты жағымсыз мақалаларды ой елегінен өткізген қытайлық басшылар бұған байланысты өз пікірлерін айтуды да жөн санапты. Әуелі Қазақстанның «Время» газетіне сұхбат берген ҚХР Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Орталық Азия елдері департаментінің директоры Чжан Ханьхуэй Қытайдың Сыртқы істер министрінің Қытай Қазақстанның мүддесіне қайшы келмейтінін мәлім­дегенін айтыпты. Дәл осы мәселені Астанада Назарбаев университетінде дәріс оқыған Си Цзиньпин қайталаған: 

– Қытай бейбіт даму жолын қолдайды және тәуелсіз әрі бейбіт сыртқы саясатын жүргізе беретін болады. Біз өзге тәуелсіз елдердің даму жолын құрметтейміз әрі Орталық Азия елдерінің ішкі саясатына қол сұқпаймыз. Қытай тарапы аймақтық мәселеде басқыншылыққа жол бермейді, біз ықпал ету аймағын іздеп жүрген жоқпыз, – деді ол. 

Оның сөзімен түйіндесек, екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастық өзара тиімді және ортақ құлшыныстар арқасында жүзеге асуда. Трансшекаралық мұнай және газ құбырларының құры­лысын салып, энергоресурстарды зерттеу, қайта өңдеу және барлау жұмыстарының өзара кешенді іс қимылдарын арттыру көзделіп отыр. 

Қазақ баспасөзінде әңгіме өзе­гі­не айналған тағы бір түйткіл – транс­ше­каралық өзендер суының Қытай тарапынан буылуы. «Мегаполис» газетіне сұхбат берген қытайтанушы, ҚХР-да біраз жыл Қазақстанның елшісі қызметін атқарған Мұрат Әуезов Қытайда трансшекаралық өзендерді бууға қатысты құпия құжат туралы мәлімдеген болатын. «Время» газетіндегі қытай шенеунігінің сұхбаты бұл мәселені де қозғай кетіпті. Ол М.Әуезовті аспаннан түсті ме деп кінәлап отыр. Ал, ҚХР төрағасы екі елдің өзара сенімділігін арттыру мақсатында трансшекаралық өзендердің суын пайдалануда өзара түсіністік аясында келіссөздер жүргізетін болады деп қадады. 

Қытай Үкіметі ШЫҰ-ға мүше ал­т­ы­ мемлекетке Қытайда білім алу үшін жиыны 30 мың шәкіртақысын тағайындайтынын жеткізді. Яғни әрбір мемлекетке алты мыңнан білім гранты тағайындалмақ. Бұндағы мақсат шет мемлекеттерде қытай тілінің аясын кеңейту. Сол арқылы ықпал ету аясын арттыру. Дегенмен қулығына құрық бойламайтын көршіміздің осы мәлімдемелерінің өзінде саяси астар бар іспетті. ҚХР Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Орталық Азия елдері департаментінің директоры Чжан Ханьхуэй Қазақстан ақпарат құралдарындағы қытайлықтардың саны туралы ақпараттарды да жаңсақтық деп отыр. Оның айтуынша, Қазақстанға былтыр 180 мың қытайлық жолаушылап қайтқан. Керісінше, Қазақстаннан Қытайға жолаушылап барғандардың саны миллиондап саналады екен. 

Дүниежүзінде ІЖӨ-нің адам басына шаққандағы үлесі жағынан екін­ші орынға көтерілген Қытай қазір жан саны жағынан ғана емес, басқа да­ экономикалық көрскеткіштері тұр­ғы­сынан әлемде алда келеді. Электр-энергиясы құралдарын өндіру жағынан дүниежүзінде алдыңғы орынға шыққан Қытай біздің энергетикалық проблемаларымызды шешу мақсатында көмек қолын созуды жөн көретінін айтады Чжан Ханьхуэй. Алайда олардың құрал-жабдықтарының тілін түсінетін адамдардың Қазақстанда аз болуы себепті өз жұмысшыларын бірге ала келуді жөн санайды. Бұның өзінен көмекейінің бүлкілі байқалып тұрған жоқ па ұлы көршіміздің?!. 

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары