«АСЫЛ АРМАНДЫ» АРАЛАҒАНДА

«АСЫЛ АРМАНДЫ» АРАЛАҒАНДА

«АСЫЛ АРМАНДЫ» АРАЛАҒАНДА
ашық дереккөзі
229

Елімізде күйіп тұрған мәселенің бірі – баспана. Бүгінде ауылдан қалаға көшкен жұрттың басындағы басты түйткіл де осы. Әсіресе, бас­пана жаңадан отау құрған отбасы іргетасының берік болуына да бірден-бір әсер ететін фактор. Өйткені, Елбасы айтқандай, «Баспана, үй, пәтер – әрбір қазақстандық үшін басты мәселе, жеке өмір мен отбасы, ошақ қасында қолайлы ахуал қалыптастыратын темірқазық. Бұларсыз әл-ауқат пен еңбек өнімділігіне қол жеткізе алмаймыз». 

Түйткілді мәселені шешу жолдарын қарастыру үшін ел үкіметі «Қолжетімді бас­пана – 2020» бағдарламасын қабылдаған болатын. Бүгінде бағдарлама алты бағытта жүзеге асырылып келеді. Оның бір парасын «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қаржыландыруды өз мойнына алып, тұрғын үй құрылысына бас-көз болуда. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры арқылы Астана, Алматы, Ақтөбе мен Тараз қалаларында 5 тұрғын үй кешені мен 1 көп пәтерлі тұрғын үй салынуда. Нәтижесінде 2 жылда 322 мың шаршы метр баспананы ел игілігіне беру жоспарда тұр. Бұл мақсатқа мемлекеттен 99 миллиард теңге бөлінген.

Қазір Алматы қаласының маңайы елді мекендер мен шағын аудандармен кеңейіп келеді. Бұрынғыдай бос жатқан жерді таппайсыз. Сондықтан болар, жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендері облыс аумағынан орын тепкен. Жақында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ ақпарат құралдары өкілдерін Алматы облысы, Іргелі елді мекеніндегі құрылысы бітуге таяп қалған «Асыл арман» тұрғын үй кешенімен таныстырды. Былтырғы жылдың тамыз айында басталған құрылыс ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін пайдалануға беріледі екен. Яғни, баспанаға мұқтаж жандар үшін жаңа жылдың қарсаңында кешеннің бірінші кезеңінің бірінші басқышы бо­йынша 17 тоғыз қабатты үй тапсырылады. Ал бірінші кезеңнің екінші басқышы мен екінші кезең бойынша салынатын үйлер 2014 жылдың 31 желтоқсанында алдын-ала өтініш берген отбасыларға берілмекші. 

«Қолжетімді баспана-2020» бағ­дарламасы бойынша салынған тұрғын үй кешеніне қалай қол жеткізуге болады? Бұл сауал мемлекет тарапынан ұсынылған қандай да бір жеңілдік арқылы баспана алғысы келетін халық үшін аса маңызды. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ-ның баспасөз хатшысы Салтанат Құсайынованың пікіріне қарағанда, «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің пәтерлері аты мен заты жағынан да қолжетімді. Яғни, ұйым Қазақстан нарығында бұрын-соңды болмаған жаңа әдістің түрін, пәтерге өтінім берудің ең оңай жолын ұсынып отыр. Бүгінгі жаңа технология қарыштаған заманда интернет желісі арқылы да баспанаға өтінім беруге болады. Бұл ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз етіп, уақыт пен ақшаңызды үнемдейді. Тіпті, кезекке тұру тәртібін интернеттегі сайт арқылы қадағалай аласыз. Ол үшін қордың арнайы сайтына кіріп, тіркеліп, өтініш қалдырсаңыз болғаны. Содан кейін сізге реттік нөмірі беріліп, тіркелу күні мен уақытын нақтылап береді. Ал «Баспана алу үшін тіркелімге тұруға қандай құжат керек?» деген мәселеге келсек, мұның да мейлінше жеңіл жағы қарастырылыпты. Баяғыдай мекемені аралап, құжат жинап, табан тоздырмайсыз. Тек он бес жылға жалға алған баспанаға ай са­йын төлеп тұратын төлем қабілеттілігіңізді растайтын, яғни бір сөзбен айтқанда, тұрақты табысыңыздың бар екендігін және жылжымайтын мүліктің жоқтығын көрсететін құжат жіберсеңіз жетіп жатыр. Тағы бір құлаққағыс ретінде айта кететін жайт, егер тұрғын үй кешеніндегі баспанаға қол жеткізсеңіз, үш жыл жалдық құнын төлегеннен кейін біржола сатып алуға мүмкіндік бар. Ал пәтерлерді сату жаңа үй пайдалануға берілетін межеден үш ай бұрын электронды өтініш арқылы жүзеге асады. Мәселен, шағын әрі қолайлы салынған бір бөлмелі пәтерге шаршы метрінің ауқымына байланысты, айына шамамен 53 мың теңге, екі бөлмелі пәтерге – 56, ал үш бөлмеге – 72 мың теңге көлемінде құясыз. Баға он бес жылға дейін тұрақты. Яғни, инфляция, нарықтағы бағаның құбылмалығы әсер етпейді. Демек, бұл – орташа табыс көзі бар азаматтарға арналған бағдарлама. Халықтың талап-тілегі де сол. Себебі, алдын ала жүргізілген әлеуметтік сауалнама бойынша, азаматтардың 90 пайызы пәтердің шағын әрі ыңғайлы болуын құп көріпті. Сол себептен де тұрғын үй кешенін салуды мойнына алған тараптар тұрғындардың ұсынысын ескеруді жөн көрдік деп отыр.  

«Асыл арман» тұрғын үй кешенінің соңғы баспалдағындағы жұмыс барысымен танысқанымызда, расында да пәтерлердің қолжетімді екеніне көз жеткіздік. Бөлмелері жайлы, шақтап салынған. Мұнда тұрсаңыз, коммуналдық қызмет төлемдері де қалта көтереді. Жалпы алаңы 33 шаршы метрден 65 шаршы метрді құрайтын бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер үшін элек­тр қуатын үнемдейтін технология ен­гізілген. Сонымен қатар, тұр­ғын үй кешеніндегі пәтер­лерде бейнебақылау жүйелері ор­наты­лып, едендер де жылы­тыл­мақ. Мұнда тұрғындардың иелігіндегі авто­кө­ліктерге арналған жал­пыға қол­жетімді 2000-нан астам автотұрақ салу көзделген.

«Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қорының Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Сергей Лазерев тұрғын үй құрылысында өзіндік тәжірибесі мен қолтаңбасы бар «Элитстрой Проект» ЖШС-мен бірлесіп, жұмыс істеп жатқандығын алға тартты. «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры 8 мың шаршы метр­ден аз тұрғын үй салған және көпқабатты үйлер құрылысын жүргізбеген компаниялармен байланыс орнатқан емес. Құрылыс компаниясының жұмысшылары да өз ісінің білгір маманы. Қазір 1 мыңға тарта мамандар екі ауысымда жұмыс істеп, бірінші басқышта тапсырылатын үйлердің есік-терезелерін орнату, әрлеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Ал кешенді құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету, жұмысшыларға жалақы төлеу мәселесі уақытынан кешіккен емес. Монолиттен тұрғызылған үй 10 баллға дейінгі жер сілкінісіне де төтеп береді. Сондықтан да жұмыс белгіленген кестеден қалмай, сапалы түрде атқарылып жатыр. Бірінші кезеңде 2376 пәтерді қамтитын 118 мың шаршы метр, екінші кезеңде 2808 пәтерді қамтитын тағы 143 мың шаршы метр тұрғын алаңы белгіленген мерзімде пайдалануға тапсырылады. Қаржыландырудың 80 пайызы – Қордың, 20 пайызы – құрылыс салушы компанияның есебінен жүргізіледі. Олар сәйкесінше, тапсырылған тұрғын үй алаңы немесе пәтердің тиісті бөлігіне иелік етеді. Құрылысты жүргізген компания өз үлесіне тиген пәтерлерді нарықта қалыптасқан баға бойынша тікелей сату құқығына ие болады. Ал Қор Үкімет белгілеген тәртіпте пәтерлерді 15 жылға дейінгі мерзімге жалға береді. Бұл мерзімді күтпей-ақ, пәтерді толық сатып алуға немесе екіжақты келісім арқылы шартты бұзып, одан шығып кетуге болады. Алла сәтін салса, «Асыл арман» тұрғын-үй кешенінде келешекте шамамен 18-20 мың адам тұратын болады, – дейді.

Ал жоба жетекшісі, «Элитстрой Проект» ЖШС өкілі Сабыржан Бекимов: «1998 жылдан бері тұрғын үй нарығына белсенді түрде кірісіп кеттік. 15 жылда өзіміздің құрылыс жобалау институты ашылып, монолиттік бригада қалыптасып үлгерді. Біз жобалау жұмыстарынан бастап, тұрғын үй пайдалануға тапсырылғанға дейінгі барлық шаруаға жауап береміз. Яғни, бас мердігер ретінде құрылысты қадағалаймыз. Былайша айтқанда, инвестормен толық өзара бірлікте әрекет ете отырып, осы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын тікелей жүзеге асырушының біріміз. Елбасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті кез келген қатынаста дамыту керек деген міндет қойды. Сондықтан бізге деген талап күшті. Біз қазір 80х20 пайыздық қатынас мөлшерін тәжірибеде қолданудамыз. Бұл қатынас өзгеретін шығар, бірақ жеке меншіктің үлесі 20 пайыздан кем болмайтыны анық. Ал, бұл бағдарламаның болашағы зор. Тек бір жарым жылдың ішінде ғана 5184 пәтер тапсырылып, 20 мыңдай отбасы баспана кілтіне ие болды», – дегенді жеткізді.

«Элитстрой Проект» ЖШС бас директорының орынбасары Виктория Маликтің пікірінше, компания өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай атқаруда. «Бұл қолжетімді ғана емес, өте жайлы, ыңғайлы баспана. «Асыл арман» тұрғын үй кешені аумағындағы инфрақұры­лым­ды одан әрі дамыту ойлас­ты­рылуда. Егер балабақшаға деген қажеттілік туындаса, арнайы көзделген аумаққа салуға әбден болады. Ал кешенді жарық көзі мен арнайы желілермен қамтамасыз етуді Алматы облысының әкімдігі қолға алады. Осы уақытқа дейін Алматы және Астана қаласында 1 млн. шаршы метр тұрғын үйді тапсырдық. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорымен» бірлесіп, дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында «Хан тәңірі» 54 тоғыз қабатты тұрғын үй кешенін салдық. Сондықтан мемлекет те, тұрғындар да сапа жағына алаңдамаса да болады», – дейді ол. 

Бұдан соң Қор бақылауына алған екінші нысанға атбасын бұрдық. Саин-Жұбанов көшесіндегі іргетасы қаланған «Современный» көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмысын «ARMADA STROY» ЖШС жүргізіп жатыр екен. Кешеннің жалпы ауданы 18 512,4 шаршы метр, яғни 243 пәтерге есептелген. Соның ішінде Жылжымайтын мүлік қорының үлесі – 194 пәтерді құрайды. Мұндағы пәтерлер де тұрғындарға таза әрі әрленген күйінде беріледі. Ғимараттың сейсмикалық төзімділігін арттыру мақсатында іргетасты және қабырғаларды салу кезінде салмақ көтеруге жеткілікті қабілеті бар тұтас темірбетон қолданылған. Жаңа кешеннің құрылысын 2014 жылдың аяғына қарай аяқтау жоспарланып отыр. Ал пәтерлерді сатып алу құқығымен жалдау арқылы өткізу мерзімі – 15 жыл. Жалгер пәтерді сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша өз міндеттемелерін толық орындап біткен соң, сатып алынған пәтерді Қор жалгердің меншігіне тапсырады. Жеке тұлғалар пәтер сатып алу құқығын, соның ішінде жалдай отырып сатып алу құқығын бір-ақ рет пайдалана алады.

Бүгінде тапқан-таянғанына пәтер жалдап, күн көріп жүргендер қаншама. Біз көрген тұрғын үй кешенінің шарттары дәл сондай отбасы үшін тиімді әрі қолжетімді. Бұл баспанаға деген мұқтаждық мәселесін жеңілдетіп, адам бойына сенімділік пен үміт ұялататын баспалдақтың бірі. Шіркін, бәрінен де «Өз үйім – өлең төсегім» деп өз шаңырағыңда аунап-қунап жатқанға не жетсін?! 

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары