БІЛІКТІ БАСШЫЛЫҚ – ТАБЫС КЕПІЛІ

БІЛІКТІ БАСШЫЛЫҚ – ТАБЫС КЕПІЛІ

БІЛІКТІ БАСШЫЛЫҚ –  ТАБЫС КЕПІЛІ
ашық дереккөзі
316

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының директорлар кеңесінде холдинг жұмысын тиімді ұйымдастырудың алғышарттары қаралды. Холдингке қарасты бөлімшелердің барлығында ұжымдық басқарудың сапасын жетілдіру күн тәртібіне қойылып, мемлекетке табыс әкелу, ұлттық капиталды көбейту сияқты қордың дағдарыс кезінде қолға алған мәселелері қайта қаралмақшы. 

Дағдарысты жою бағдарламасының аяқталуымен соңғы екі жылда еліміз тұрақты экономикалық өсім жолына түсті. «Қазіргі таңда барлық мәселелер Қордың ұзақмерзімді стратегиясы негізінде жоспарланған барлық жобалардың тиімділігі, табысы мен тұрақтылығы бойынша қарастырылады. Бүгінде біздің жұмысымыздың басты бағыты – әлемдік нарықтың қолайлылығы, тиімді бизнес жоспарлауға қол жеткізу», – деді «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бішімбаев. 

Басқарма тобының мақсаты Холдинг қоластындағы компаниялар қызметінің табыстылығын арттыру ғана емес. Дағдарыс жылдарында банк мәселелері, жылжымайтын мүлік нарығы мен қарызын қайтаруға қауқарсыз борышкерлер мәселелері де холдинг мойнында. Қор басшылығы жобалардың сапасы, ұйымдастыру деңгейі және тәуекелділік пен болашағы бойынша қайтадан бағалау жүргізбекші. Басты міндет – салынған инвестицияның инновациялы сипатта болуы және барлық кәсіпорын мен жобаның ақырғы нәтижесі. Бүгінде іске қосылған және еншілес компаниялардың жоспарлаған жобалары мұқият зерттеледі. Мемлекеттік активтерді күдікті жобаларға рәсуа етпес үшін, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры нәтижесі жемісті жобаларды қолдайды. «Біз инновация, рационализация, энергия тиімділігі және энергеия үнемдеуге қолайлы жағдай жасау үшін ұжымдық мәдениеттен бастап жоспардағы жобаларды жүзеге асыру деңгейіне дейін жеткіземіз», – деді Бішімбаев мырза. 

Бірақ мұндай стратегияны жылдам жүзеге асыру оңай емес. Холдингтің өзіне және компанияларына мықты басқару тетігі қажет. Басқаша айтқанда, жаңартылған интеллектуалды менеджмент, яғни басқарма керек. Бұл дегеніңіз басқарушының жақсы атқарушы ғана емес, өз жауапкершілігін толық қамтуы міндет екенін білдіреді. Алайда оған бұл қасиеттер жеткіліксіз, қажеттісі – алдыға қойылған мәселенің шешімін тауып, талдамалы бағасын беру, сондай- ақ биік мүдде үшін бір жеңнен қол шығара білу. «Самұрық- Қазына» әл-ауқат қоры жаңа ештеңе ойлап тауып отырған жоқ, бұл электр техникасы мен жоғарғы технологиядан бастап мұнай өндіру саласындағы әлемдік жетекші корпорациялардың тәжірибесі. «Самұрық-Қазына» холдингіндегі Қазақстан мемлекетіне тиесілі ірі компаниялар мен корпорациялар отандық мемлекеттік сектордың беткеұстары. Сондықтан ұжымдық басқару сапасының төмен болмауы хақ. 

Бұл қадам түсінікті де. Өйткені Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іргетасы қаланған қазақстандық жаңа индустрияда бәсекелестік биік. Оның үстіне біз жаһандану дәуірінде өмір сүреміз. Қазақстан – ашық экономикалы ел.  Еліміз құрамына Ресей мен Беларусь кіретін Кедендік одаққа мүше болды, сөйтіп шетел өндірушілері Қазақстан территориясында тең дәрежеде тұр. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болудың да ауылы алыс емес. Сондықтан да Қазақстан инновациялық кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет, әсіресе көршілес елдер, яғни сауда-саттық орнатқан әріптестеріміз Қытай, Ресей және Оңтүстік Азия елдерінің ірі өндірушілеріне есе жібермеуіміз керек. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама «Самұрық-Қазына» қорына жүктелгендіктен, оның бөлімшелері, компаниялары мен институт басшыларының алдына инновациялық жобалардың нарықтық тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру жүктелген. 

Жаңа менеджменттің бағыттары айқын. Ол – компания жетістігін, күтілген нәтиженің сапасын арттыратын білім мен қабілет. Шынын айтқанда, отандық кәсіпорындарға жетпейтіні де осы, яғни басқарудың ең үздік үлгісі артта қалып келеді. 

Қазақстандық компаниялар бұған дейін жабық болып келген еді. Бұл директорлардың еркелігі емес, керісінше нарықтың талабы болып келді. Тек қана ашық компаниялар ғана шетелдік әріптестерімен иық тірестіре алады, әлемдік биржадан тиімді қаражат тарта алады. «Ашықтық принципі – қордың негізгі мақсаты. Бұл үшін ақпаратты толық, уақтылы және ашық жеткізудің қатаң үрдістері бар. Әсіресе дәл қазір біздің мамандар жұмыс істеп жатқан жылдық есеп 2010 жылғы Қордың жұмысын жан-жақты, толық, басқарманың талдамалық есептерімен көрсете алады», – деді Бішімбаев мырза. Есеп беруден өзге ашықтық пен тиімділікке қол жеткізу үшін әрбір бөлімшенің директорлар кеңесінің қызметтік бағалау жүргізуі маңызды. Бүгінде жекелеген еншілес компаниялар мен институттар бойынша сауалдар көп. Еншілес компаниялардың жаңа мамандарды шақыруы жасырын емес. Мұның барлығы жаңа басқару элитасын табу және қалыптастыру қажеттілігін білдірсе керек. 

Ұжымдық басқаруға лайық маман қандай болуы керек? Жан-жақты білімі бар, өз кәсібінен тыс ұйымдастыру қабілеттілігі, жауапкершілікті қалыпастыра алатын маман болуы шарт. Бұл атқарушы ғана емес, алыстан ойлайтын өз ісінің жетік маманы, стратегиялық және жауапты шешімді өз бетінше қабылдай алуы тиіс. Мұндай маманды іздеп табу немесе дайындау оңай шаруа емес. Бірақ басқа амал жоқ. Холдингке қарасты мемлекеттік компанияларға талап қатал. «Самұрық-Қазына»  әл-ауқат қорының еншілес құрылымдары мен ұйымдарындағы басты жұмыс орындарына маман қабылдау жоғарыда аталған талапқа сай болуы шарт. Осының арқасында компания қызметі мен қаржылық құрылымы дамиды. Мемлекет табысының тұрақты өсімі жоғары дәрежелі кәсіби басқарушылардың қалыптасуына тәуелді. Қор басшылығының пікірінше, басқару сапасының соңғы көрсеткіші ретінде инновациялық өндіріс пен инфрақұрылымды дамыту үшін дағдарыстық мәселелерді шешудің қаншалықты нәтижелі өткендігіне байланысты. ӘАҚ-ның еншілес компаниялары бөлінген табысты тиімді жобаларға айналдыра ала  ма? Бұл сұрақтың жауабы Астананың заманауи индустриялық-инновациялық стратегиясының сапасына байланысты. Әрбір компанияның дамуы, қаржы-экономикалық өсімі, жаңа стратегиялық, пайдалы экономикалық идеялардың дамуы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорында жүзеге асырылатын басқаруды жаңарту саясатының қорытындысы болуы тиіс. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары