ЕСІЛ ЕҢБЕК... ҚЫЛТИМАЙТЫН ҚЫЗЫЛША
ЕСІЛ ЕҢБЕК... ҚЫЛТИМАЙТЫН ҚЫЗЫЛША
Осыдан жиырма бес жыл бұрын Қазақстанда 80 мыңнан аса, соның ішінде Жетісу өңірінде – 39 мың, Жамбыл облысында 42 мың гектар жерде тәтті түбір өсіріліп, әр гектардан орташа 270-300 центнерге дейін өнім алынған екен. Жылдық қуаты 840 мың тоннаны құрайтын 7 қант зауыты жұмыс істеді. Қазір сол қуаттылықтың жартысына жуығы ғана жұмыс істеп тұр. Экономикалық сарапшылардың мәліметтеріне жүгінсек, бүгінде Қазақстандағы қанттың 95 пайызы сырттан әкелінетін қант құрағынан, қалған 5 пайызы ғана отандық қант қызылшасынан өндіріледі екен. Бұл қаншама мүмкіндік бар екеніне қарамастан, отандық қант өндірісінің дамуы мен оның бағасы импорттық шикізатқа тәуелді болып отырғанын көрсетеді.
Қызылша өсіру – күтіп-баптауды, тынымсыз еңбекті қажет ететін қиын шаруа. Ала жаздай кетпені қолынан түспей тырбанып, белі бүгілмейтін шаруа өз маңдай терінің босқа кетпегенін өнімді жиып-теріп, лайықты бағаға өткергенде ғана сезінеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, облысымыздағы қант өндірісінде де балтамырдың үлесі жылдан жылға азайып келеді. Сондай-ақ, былтыр облыстағы қос қант зауытының ұзақ уақыт тоқтап тұруы cалдарынан аймақтағы тамақ өнімдерінің көлемі 21,4 пайызға төмендеп кетті. Қазір де Меркідегі қант зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтап тұр.
Мойындау керек, өндіріс ошағын жергілікті шикізатқа қарық қыла алмаған – шаруалардың өздері. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметіне жүгінсек, биыл бас-аяғы 1021 гектар аумаққа балтамыр егілген. Одан алынатын өнім «Азия қант» акционерлік қоғамына қарасты Меркі қант зауытының жұмырына жұқ болмайды, тіпті, әрі кеткенде үш апталық жұмысқа өзек болуы мүмкін. Қалған он бір ай бойы Бразилиядан әкелінетін қант құрағы өңделеді. Мәселен, жыл басында кәсіпорын үш айға жуық уақыттың ішінде 63,5 мың тонна қамыс құрағын әжетке жаратқан. Оның үстіне барлық шаруашылық балтамырды зауытқа өткізе бермейді. Ол малдың қоңын шығарып, балпанақтай етіп семіртуге таптырмайтын құнды азық. Сондықтан, шаруалар оны жеткізуді қымбатсынып, зауыт белгілеген бағаны місе тұтпай, малға жем есебінде өткізуді әдет қылып алды. Көпшілігі болмаса да бірталайы соны қолай көреді. Мәселен, 2011 жылы Меркі қант зауыты 50 мың тонна қант қызылшасын өңдесе, былтыр қабылдап алынғаны небары 18 мың тоннаны құраған. Ал, сол кезде басқа аудандарды айтпағанда, бір ғана Меркінің өзінде егістік басынан 20 мың тонна балтамыр жиналған болатын. Басқалардың еккені де осының төңірегінде. Мейлі, оның жартысы құрғақшылықтан өнім бермеді дейік, қалған жартысы қайда кетті? Ұсақтарын сөз етіп қайтеміз, Шу ауданындағы «Бектібай» секілді ірі шаруа қожалығының тонналаған тәтті түбірді қайда жібергенін ешкім түсіне алар емес.
Міне, сол үшін де биыл субсидия бөлуде жаңа талаптар енгізілді. Бұрын әр гектарына 60 мың теңгеден бірден төленіп келсе, енді қызылша бүршік жарып шыққан сәтте – 30 мың теңге, ал қалғаны шикізатты зауытқа өткізген соң ғана төленеді. Тоннасына – 1500 теңгеден. Диқандардың биыл тәтті түбірге беттемей қалуының бір себебі – осы. Бұл қолайлы әдіс, бұрынғыдай 60 мың деп шектелген баға жоқ, өткізгенің қанша болса, сонша ақша аласың. Бірақ, мұны көп аудандағылар түсінбепті.
Техникалық дақылдың мал азығына айналып кетуіне қант зауыттары да айыпты. Олар шаруалармен келісімшартқа тек қызылша жинау науқаны басталған шақта отырады. Оған дейін шаруа кімге сенерін білмей іштей әрі-сәрі күйде жүреді. Сөйтіп, жеме-жемге келгенде төмен бағаны ұсынады. Тағы да өткен жылдарды еске алуға тура келіп тұр. Меркі қант зауыты 2010 жылы қызылшаның әр келісін 11 теңге 50 тиыннан, ал, 2011 жылы 8 теңгеден қабылдауға мәжбүр болды. Өйткені Кедендік Одақ жаңадан құрыла сала Беларусь, Ресейден вагондап арзан қант сау ете қалды да, отандық өнімнің де құны күрт өзгерді. Кәсіпорын сол 8 теңгенің өзін ақшалай емес, әр тоннасына 65 келі қант пен 640 келі сірнемен есептесуге келісті. Оны да науқан толық аяқталғанда ғана береді. Енді жол шығынын есептеңіз. Мәселен, Қордай ауданы Меркідегі зауыттан 210, Шу ауданы 100-110 шақырым қашықтықта орналасқан. 20 тонналық КамАЗ әр рейске пәленбай мың ақша сұрайды. Зауыттан алатын қап-қап құмшекер әр рейске төлеген ақшаны ақтай ма? Сол жылы аймақтарды аралағанда шаруалардың жеткізу жағын ойлап бас қатырмай-ақ, жиын-терінмен ғана айналысқанына куә болдық. Өткізетінін жемге, қалғанын өзінде қалдырды. Көрген пайдасы – субсидия және малға жем. Болды. Жалпы, зауыттар пайданы ғана ойламай, Шу қаласынан, басқа да теміржол бойындағы аймақтардан уақытша қабылдау пунктін ашып, өзі келісімшартқа отырған тұлғаларға тиісті жағдайларды жасап қойса, екі жаққа да ыңғайлы емес пе? Бір жылдары жол шығынын ішінара субсидиялау мәселесі қаралып еді, ол да аяқсыз қалғанға ұқсайды.
Биылғы баға тағы белгісіз болып тұр. Меркі ауданындағы қант зауытына хабарласқанымызда, бас инженер Р.Сабдиев директордың еңбек демалысында екенін жеткізді. Ал, тариф саясатын зауыттың Алматыдағы басшылығы шешетін көрінеді. Бас кеңседегілер де сауалдарымызға салқын жауап беріп, бейресми әңгіме барысында бағаны белгілеуге әзірге ерте екендігін сөз етті. Жалпы, зауыттар өз тарапынан келісіне 6-7 теңгеден төлесе, мемлекет бөлген дотацияның есебінен қосымша тиын-тебен қосып, 11-12 теңгеден қабылдайтын. Былтыр зауыт мемлекеттен дотация бөлінеді деген сеніммен балтамырдың келісін 11 теңге, 90 тиынға бағалап қабылдағанымен, жыл соңында ондай қаражаттың бюджеттен қаралмағаны белгілі болған. Зауыт орта есеппен 700 миллион теңге көлемінде зардап шеккен көрінеді. Өкініштісі сол, дотация биыл да жоқ. Сондықтан бағаның 5-6 теңгеден аспайтындығы айдан анық. Оны зауыт басшылығы да жоққа шығармады. Ал, «Азия қант» АҚ Тараздағы филиалы (бұрынғы «Қант» АҚ) көптен бері қант құрағын ғана пайдаланып, қызылшаны өндіріске мүлде жолатпай келеді. Өйткені көлемі өте аз. Олар тек қабылдап алады да, сол күйі Меркіге жөнелтіп отырады. Оның үстіне Таразға жақын маңдағы аудандардың көпшілігі биыл балтамыр еккен жоқ. Жыл сайын бұл істен тыс қалмайтын Байзақ ауданы бір гектарға да тұқым сеппесе, Жамбыл ауданында себілген 45 гектардың 15 гектарында ғана өнім шығыпты.
Жамбыл ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Аманалы Құрбановтың айтуынша, биыл зауыт әдеттегі тұқымды да бермепті. Жыл сайын шаруаларға жарты гектарлық себу бірлігін – 15 мың теңгеден қарызға беретін көрінеді. Ал, биыл кепілдендірілген сапалы тұқымды алмаған соң, шығым да нашар болған.
Былтыр 700 гектардан астам аумаққа еккенімізбен, құрғақшылық салдарынан соның 211 гектарынан ғана өнім жиналды. Ал биыл шаруаларды қыстамадық, – дейді А.Құрбанов. – Егер пайдасы болатынын бағамдаса, олар ешкімнің ақылынсыз-ақ егеді. Бір жыл болса да дәстүрлі үрдіс үзіліп қалмасын деген ниетпен диқандар еңбектеніп көріп еді, көпшілігі шықпай қалды. Бұл дегеніңіз олар үшін үлкен шығын. Дегенмен, біз келесі жылға тастүйін әзірленіп отырмыз. 1400 гектарды еңсеру ойда бар.
Біз осы аудандағы егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты облыстық филиалының қызылша егістігінде болып қайттық. Филиал директоры Ерлан Құлкеев 5 гектардан алынатын тәтті түбірді түгелімен қант зауытына өткізетіндерін жеткізді.
Ендігі үміт – «Агробизнес-2020» бағдарламасында. Жа-уапты мамандар алдағы жылы егілетін тәтті түбірдің көлемі 7 мың гектардан кем болмайтынын, аталған бағдарлама аясында шаруаға – субсидия, қант зауытына – дотация молынан бөлінетініне сендіріп отыр. Егер диқандар қант зауытына тым болмағанда жарты жылға «азық» болатын қор жинап бере алса, мұхиттың арғы жағынан қант құрағын алдыруға деген қажеттілік азаяр еді. Келе-келе өндіріс келешекте толығымен отандық шикізатқа көшуі әбден мүмкін. Жалпы, қос зауытты толық қамтамасыз ету үшін шығымдылығын шамамен 300 центнерден деп есептесек, 12-15 мың гектарға дейін қант қызылшасын егу қажет көрінеді. Бұл тұтас республика болмаса да, өңірдегі қант бағасының төмендеуіне айтарлықтай ықпал етеді. Сайып келгенде, барлық түйткіл диқан мен зауыт арасында жүйелі қарым-қатынас орнап, мемлекет қолтықтан мықтап демегенде ғана шешілетін сыңайлы.
Жанат ҚАПАЛБАЕВА
Жамбыл облысы