ТІЛДЕР МЕРЕКЕСІ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

ТІЛДЕР МЕРЕКЕСІ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

ТІЛДЕР МЕРЕКЕСІ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?
ашық дереккөзі
251

Биыл еліміз тәуелсіздігінің 22 жылдығын атап өтеді. Бір қарағанда, аз да, көп те уақыт емес. Сол егемендік алған жылдары өмірге келген сәби ержетіп, атұстар азамат болды бүгінде. Демек, мемлекетіміздің де өсу сатысы мен дамуы, кемеліне келуі де дәл сондай. 

Иә, қазір Қазақстанды күллі әлем жұрты біледі. Бұған елімізде өтіп жатқан түрлі халықаралық басқосулар мен шаралардың септігі мол. Әйтеуір қонақ болып келген қадірлі меймандар қазақтың қонақжайлылығына ерекше тәнтілік танытады. Бұл біздің бағзыдан қанымызға сіңіп кеткен дархан пейіліміз бен ақжарқын көңіліміздің айнымағанын паш еткендей. Ал кейде дарақылық пен даңғойлыққа жол беріп қоятынымыз да жасырын емес. Неге?

Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл Ата заңда тайға таңба басқандай көрсетілген. Соған қарамастан, ел халқының,  ұлт жанашырларының тілінің ұшында сайрап тұрған бір мәселе бар. Ол – қазақ тілінің жайы. Тәуелсіздіктің 22 жылдығы табалдырығында тұрсақ та, әлі күнге қазақ тілі өз биігінде, өз деңгейінде емес. Қоғам қазақтілді және орыстілді болып бөлінгелі қашан. Бірі төрге, бірі есікке сүйреп әуре. Сөндірем десе, сөнбейтін, өшірем десе өшпейтін қазақ тілі мыңмен жалғыз алысып келеді ілдәлдәлап. Күні кешегіге дейін орыс тілі үстемдік еткен уақытта қазақ тілі ысырылып келген жоқ па? Бүгін ше? Еңсемізді тіктеп, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылған кезде де қазақ тілі көшке ілесе қойған жоқ. Тіпті, кейбір шараларда ана тіліміз есіктен сығалап қана қарайды. Ол ол ма, бүгінде жасы да, жасамысы да басқа тілді білер-білмес, бірақ ағылшынды үйренуге әлдеқашан кірісіп кеткен. «Бұл заман талабы» дейді. Ағылшын тіліне деген сұраныс артқаны соншалық, бәзбір қазақ тіліне шорқақ шенеуніктер (оның ішінде жасы егде тартқандары да бар) бір кісідей сөйлеп те жүр. Мейлі ғой, бірақ солардың дені «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегенді құлағына қыстыра бермейтін сияқты. Бір өкініштісі, сол сіз бен біз үйренуге ұмтылып жүрген ағылшын тілінің қазақ тілін ығыстырып жатқан жайы бар. Тап қазір орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәні сағатының қысқарып кетуіне 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқытуды қолға алу түрткі болған көрінеді. 

Айтпақшы, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов сөзінің бісмілләсін «жақында білім беру саласын жаңа реформа күтіп тұр» деумен бастап еді. Сол кезде жұрт «Тағы қандай реформа енгізіледі екен?» деп елеңдеген. Жаңа оқу жылынан бастап қазақ балалары «Орыс тілін» мектепке даярлық тобынан бастап оқи бастапты. Кейбір ата-ана «үшінші сыныпқа дейін орысша оқымайды» деген мектеп басшылығының аяқ астынан жоспарды басқа жаққа бұрғанына аң-таң. Енді олар орысша жазуға арналған дәптер іздеп, табанынан тозып жүр. Өйткені биыл жоспарда жоқ болғандықтан еліміздегі баспалар «Орыс тілі» жазу дәптерін шығармаған көрінеді. Есесіне, дүкен сөрелерінде ресейлік кітап өнімдерінің түр-түрі самсап тұр. Жақында Астанаға іссапармен келген Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров мырза орыс тілін дамытып, орыстың мәдениетін сақтап отырған қазақ еліне алғысын жаудырған еді. Бәлкім, ресейлік шенеунік осы жағдайдың бәрін көріп, біліп отырған соң жүрекжарды қуанышын жасыра алмаған шығар, кім білсін?! 

 Еліміз 22 қыркүйекті Тілдер мерекесі ретінде атап өтеді. Осыған байланысты жыл сайын тіл фестивалі, тіл апталығы ұйымдастырылып жатады. Кейде тіл мерекесіне арналған шараның ресми тілде өтетіндігіне күйінесің. Сосын басқа ұлт арасынан қазақ тілін білетін бірен-саран жастарды шығарып, аяғын жерге тигізбей насихаттайды кеп. Тілдер мерекесінің де көздеген мақсаты сол ма, әйтеуір қазақ тілі шет елдің тілі сияқты жатырқап қалады бізді. Жалпы, Тілдер мерекесі деп аталуының өзі құлаққа түрпідей естілмей ме? Бұл қандай, қай тілдердің мерекесі? Неге қазақ тілінің емес?

Басқа мемлекеттерге қарасақ, тіл мәселесі жүйелі түрде өз шешімін тауып жатқандай көрінеді. Бұл жағдайда үнемі көршілес жатқан елдің тәжірибесіне сүйенбеске лаж жоқ. Мәселен, біз жиі тілге тиек ететін Қырғызстанда бейресми ұйымдардың кейбірі орыс тілінде ақпарат таратудан бас тартты. Жақында Мемлекеттік тіл күні мерекесін атап өту шарасына байланысты өткен баспасөз мәслихатының ұйымдастырушылары орыс тілінде сөйлеуге қарсылық білдірді. Кейбір журналистер орыс тілінде ақпарат беруін өтінсе де, ұйымдастырушы топ: «Қырғызстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі керек. Бұл осында отырғандарға да қатысты…» дегенді кесіп айтты.  

Ал Эстон билігі орыстілділердің білім ұяларында сабақ беруіне тыйым салуға кіріскеніне көп болған жоқ. Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша қабылданған шешім қолданысқа еніп те кетті. Эстонияда жаңа оқу жылынан бастап орыс мектептеріндегі 10-12 сынып пәндерінің 60 пайызы эстон тілінде оқытылатын болады. Ал кейбір орыстілділер көп оқитын гимназиялар әзірге орыс тіліне қысым жасамауын сұранса да, жағдай түк өзгерген жоқ. Оған тіпті Таллин әкімшілік соты да рұқсат бермеді. Таллин вице-мэрі Михаил Кылварт орыстілділердің құқығын шектеуге болмайтынын айтып, бұл мәселені Еуропалық сотқа жеткізуге дайын екенін жеткізді. Бірақ Эстон билігі алған бетінен қайтпайтынын сот процесінде анық білдірді.  

22-қыркүйек Тілдер мерекесі. Бұл күнді тағы да әдеттегідей жалаулатылған шаралармен өткіземіз. Бірақ оның мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тасын өрмелетуге қаншалықты үлес қосып жатқанын қазіргі жағдайдан анық аңғаруға болады. 

Динара Мыңжасарқызы 

Серіктес жаңалықтары