Сайын даладағы сандаған жәдігерлер

Маңғыстау – тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Республикадағы осы санаттағы ескерткіштердің 70 пайызы шоғырлануы бұл даланы «ашық аспан астындағы мұражай» атандырған болатын. Күн жеп, жел мүжіген табиғи әсерлер былай тұрсын, өткен кезеңдердегі солақай саясаттың салқыны да ескерткіштерді елеусіз қалдырып, еңсесін біраз түсіріп тастаған болатын. Ел Үкіметі қолға алған «Мәдени мұра» бағдарламасы осы бағыттағы толымды істердің ізашары болды. Ұнжырғасы түскен ескерткіштердің бірқатары жөндеуден өтіп, қадағалауға алынып, көз тартып, көңіл қуантатын жәдігер ретінде ұлықтала бастады. Жуырда Маңғыстау облысы әкімі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Аталмыш бағдарлама аясында құрылған кеңестің жиынында өлкедегі ұлттық тарихи мұраны зерделеу және насихаттау жұмыстарының бүгінгі таңдағы барысы бағамдалды. 

Маңғыстау облысында республикалық және жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енген 449 ескерткіш бар. Оның 21-і республикалық дәрежеде қорғауға алынған. Маңғыстаудың кең даласының әр түкпіріне орналасқан ескерткіштерді түгендеу, қорғау бағытындағы жұмыстар жыл өткен сайын ауқымдана түскен. 

– Қазір тарихи-мәдени мұраны зерделеу және насихаттаудың маңызы артып, бұл бағытта әдістемелік құралдарға, зерттеулер сапасы мен деңгейіне жоғары талаптар қойылғаны белгілі. Кеңес өлкенің тарихи-мәдени мұраларын ғылыми зерттеу, ғылыми құжаттандыру, қорғау, ғылыми-реставрациялау, насихаттау жұмыстарын ұйымдастыруға елеулі үлес қосты. Олардың қатарында маңызды ескерткіштерді жаңа ақпараттық әдістер арқылы ғылыми құжаттандыру, ескерткіштерді археолог, сәулетші, лингвист, этнограф, тарихшы мамандардың қатысуымен жан-жақты, ғылыми-зерттеу жұмыстары, ескерткіштерді апаттан сақтау жұмыстары ғылыми жобаланып, ғылыми-реставрация шаралары жүзеге асырылды, тарихи-мәдени мұра обьектілерін анықтау және есепке алу жөнінде дала экспедициялары өткізіліп, Маңғыстау облысының ескерткіштер тізбесі құрастырылды. Бұл – атқарылған істердің қысқаша барысы. Бұл – саладағы жұмыстардың ғылыми негізделуі мен жоғары деңгейі қамтамасыз етілуін ең басты жұмыстардың бірі дей аламыз, – деді жиын тізгінін қолына алған Кеңес төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев. 

Мәдени мұраларды сақтау үшін айтуға тұрарлық жұмыстар арнайы заңды басшылыққа ала отырып жүргізілгенмен, әлі де жетпес тұстар жеткілікті екен. Соның бірі – Үкімет деңгейінде бекітілген бірегей «Реставрациялық ережелер мен нұсқаулар» жоқтығы, облыстағы республикалық ескерткіштердің орналасу ауқымдылығы, мағынасына байланысты оларды пайдалануға беру мәселелері біраз жылдардан бері айтылғанмен, шешімін таппаған күйінде келе жатқаны жасырын емес. Мысалы, Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласындағы «Шебер Ідіріс Серікбаевтың тұрғын үйі» ескерткішін жалға беру, халық игілігіне пайдалану жоспары жүзеге аса алмай келеді, ол ескерткішті күтіп ұстауға облыстық бюджеттен бөлінген қаражат игерілмеген.

«2013 жылы облыстағы тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы атқарылған шаралар және алдағы міндеттер туралы» баяндамасында Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Б.Базарбаев 2014-2016 жылдарға арналған «Халық тарих толқынында» өңірлік өлкетану бағдарламасының іс-шаралар жоспарының жобасы дайындалып, талқылауға ұсынылып жатқанын айтты. Жос­пар бойынша келесі жылы тарихи-мәдени ескерткіштерге археологиялық қазба, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, жаңа мұражай залдарын ашу, ғылыми-танымдық басылымдар шығару тәрізді жұмыстар қолға алынбақ. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 30 млн. теңге қаржы бөлінген «Маңғыстаудың материалдық емес мәдени мұралары» ғылыми-зерттеу жобасы конкурсында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті жеңімпаз атанып, бұл тұрғыдағы жұмыстарды жолға қоя бастаған. 

Кеңесте «Маңғыстау ескерткіштерінің ерекшеліктері, оларды сақтау, қорғау және пайдалану туралы» «Қазреставрация» республикалық кәсіпорнының директоры Қ.Тұяқбаев, «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау ісіндегі нормативтік-құқықтық мәселелер» жөнінде «Казреставрация» МК архитекторы С.Ағытаев, «Маңғыстаудың киіз үйін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізудің өзекті мәселелері туралы» Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Т.Жұмалиева, «Маңғыстаудың материалдық емес мәдени мұралары» тақырыбындағы зерттеу жұмысының 2013 жылғы нәтижелері және алдағы зерттеу бағыттары туралы» Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-нің профессоры, филология ғылымының докторы Б.Нұрдәулетова баяндама жасады. 

Кеңес отырысына тұрақты қатысып келе жатқан тең төраға Әбіш Кекілбай «Индустриалды-өндірісті аймақ боп саналатын Маңғыстауда көбіне экономикалық есептер бар, ал оның төңірегіндегі мәдени және рухани ескерткіштерді қорғаудың есебі жоқ. Мен биыл «Доңғаның» тұсынан бірнеше рет өттім. Ондағы өндіріс аймағы Таушыққа жақындапты. Бұрын осы жерлерден ескі скиф, массагет заманы ескерткіштерін өз көзіммен көріп едім. Кейінгі жылдары сол таңбаларды таба алмай жүрміз. Балбалдардың құлап-сынғаны анық. Ол қандай ескерткіштер, бойында нендей сыр-тарих бар, нені меңзейді, зерттеп, зерделеп қарау керек еді, кеш қалдық. Қазір ол жерлерде өндірістік жұмыстар жүріп жатыр. Зерттеу жұмыстары қазба жұмыстарынан бұрын жүруі керек еді және ол сол жерден пайда табатын мекемелердің бюджетіне кіріп, солардың есебінен жүргізілуі тиіс еді», – дей келе, Маңғыстау өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, сақтау, өңдеу, насихаттау жұмыстарына білек түре кіріскен Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының қызметкерлеріне алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Өзіндік өрнегі мен нақышы бар Маңғыстаудағы ескерткіштерді сұрыптау, өңдеу, қалпына келтіру кезеңдерінде бастапқы қалпының сақталуына мән беру – жауаптылықты қажет етеді. Мәдени мұраларды келер ұрпақ игілігіне өз қалпында табыстау, лайықты дәрежеде насихаттау, өзге елдерде кездесе бермейтін ерекшелігін мақтан тұту да бүгінгі азат елдің ұрпақтарына жарасатын қылық. Келешекте жасалуы тиіс жұмыстарды саралап, түйіндеген кеңес шешілуін күткен мәселелерді тиісті орындардың құзырына ұсынды.

Асыл МҰРАТТАС

Маңғыстау облысы

Back to top button