«Еуразия» консорциумы құрылатын болды

«Еуразия» консорциумы құрылатын болды

«Еуразия» консорциумы құрылатын болды
ашық дереккөзі
245

Еуразиялық «Kazenergy» форумы соңғы жылдары отандық мұнайшылар мен энергетиктер үшін де, шетелдік әріптестер үшін де тиімді әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға, жаңа технологиялармен танысып, пікір алмасуға қолайлы алаңқайға айналды. 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев форум қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзінде энергетика саласындағы әріптестікті дамыту маңыздылығын атап көрсетті. «Бүгінде біздің республикада алға жылжудың ұлттық моделін қалыптастыру үшін қажетті іс-әрекет ережесі жасалды. Оның жарқын мысалы ретінде Қашаған кен орнында мұнай өндірісінің бас­талуын атауға болады. Алдымызда әлі талай жемісті жобалар бар. Біздің еліміздің экономикасындағы аса маңызды салаларының бірі болғандықтан да, мұнай-газ индустриясы бізге технологиялық көшбасшылық етуге себепші болуы тиіс. Тізе біріктіреп қимылдай алсақ, ортақ еңбек, тиімді әріптестіктің арқасында алға қойған мақсаттарымыздың бәріне жететінімізге сенімдімін», – деді Елбасы.

Форум жұмысына қатысқан премьер-министр Серік Ахметов Қазақстан тарапынан тағы бір тың идеяны ортаға салды. «Еуразия» халықаралық энергетикалық консорциум құру туралы идеясы Каспий маңы ойпатындағы Қазақстан мен Ресейге тиесілі жерлерде құрлықта да, суда да барлау жұмыстарын бастауды көздейді. 

Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин осы басқосу аясында өткен баспасөз мәслихатында жаңа консорциумның мақсат-мүддесі жайлы таратып айтып өтті. Министрдің айтуынша, бұл жоба бірнеше жылға созылуы мүмкін. «Бұл жоба Каспий маңы бассейнінде аймақтық кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жоғары технологиялы ірі компаниялардың консорциумын құруды көздейді… Бұл бассейннің тереңдігі 20-25 шақырым, оның мұнайтектес қоры өте бай деп болжап отырмыз, ендеше Қазақстанның әлеуеті екі есе артуы мүмкін», – деді министр. 

Екі күнге созылған басқосуда «Болашақтың энергиясы – Еуразияның келешегі» атты тақырып аясында түрлі талқылаулар мен пікірталастар өтті. Оның ішінде Қазақстанның ғана емес, барша әлемнің энергетикалық, экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі баса айтылды.

Осы орайда, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев дүние жүзінде қуат көздерінің тапшылығына орай астыртын күрестің күшейгеніне назар аударды. «Еуразия барша әлемдегі тұрақты даму үрдісінде басты рольге ие. Халықаралық есепке жүгінсек, әлемдегі мұнайдың 59 пайызы және дүниежүзілік газ қорының 80 пайызы біздің континенттің (Таяу Шығысты қоса алғанда) үлесінде екен. Әлемде өндірілетін мұнайдың 62 пайызы, газдың 60 пайызы Еуразия үлесінде. Бұған қоса біздің континент ғаламдық ауқымдағы энергетикалық қорларға деген сұраныстың өзгеруіне ықпал етіп отыр, сондықтан Еуразияда болып жатқан жағдайлар ғаламдық энергетиканы дамытудың ұзақ мерзімді сценарийіне тікелей әсер етеді»,– деді ол.

Болгария Республикасының экс-президенті Петар Стоянов осы тақырыпты жалғастырып, әлемде әрбір бесінші адамның электр тапшылығын сезініп отырғанын айтып өтті. «БҰҰ мәліметтеріне қарағанда, әлемде әрбір бесінші адам электр энергиясына мұқтаж, бұл деректі біз елеусіз қалдыра алмаймыз. Сондықтан да заманауи энергетикалық қызмет түрлерін жалпыға ортақ ету, қалпына келетін қуат көздерін пайдалану энергетика мен ғаламдық қауіпсіздіктің, ауа-райының өзгеріс салдарларын азайтудың негізгі факторы», – дейді экс-президент. 

Гүлбиғаш Омар,

Астана 

Серіктес жаңалықтары