ТАУДАЙ ТАЛАП, ТӘУЕКЕЛ ШЕШІМ

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық қызу жүріп жатыр. Енді төрт жылдан соң Астана тоқсан күнде бес миллионнан аса қонақты қарсы алуға дайын болуы тиіс. Қазірдің өзінде, бұл шараны ұйымдастыруға орасан көп қаржы керектігі айтылып жүр. Дегенмен, экономист мамандар халықаралық көрмені өткізудің Қазақстан үшін сауда-экономикалық, саяси-әлеуметтік, имидждік т.б. пайдасы көп дейді.

ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне байқау жариялағанда ұйым­дас­тырушылар бұл шараны өткізу шы­ғыны шамамен 2,3 миллиард доллар болады деп бағалаған еді. Канада мемлекеті өз атынан Эдмонтон қа­ласын ұсынғанымен, шығынның көп­тігіне байланысты бұл бастамадан бас тартты. Австралия, Испания, Франция, Норвегия, Сербия үкіметтері де қаржылық қиындықтар кесірінен 2017 жылғы көрмені ұйымдастыруға байланысты өтетін тендерге қатыса алмады. Дүниежүзілік экономикалық қиын­шылықтар мен қаржылық дағ­дарыс қаупіне қарамастан, Қазақ­станның осындай ірі жобаға қатысуға өтініш беріп, оны жеңіп алуына әрі үлкен ерлік, әрі ірі тәуекел деп баға беруге болар. Белгілі бір қар­жылық шығындарға, белгілі бір ұйым­дастырушылық кедергілерге мойын­сұнбаған Қазақстанның бұл бастамасы – елдің келешек экономикалық әлеуетін күшейтетін, халықаралық сая­сатта беделін көтеретін айтулы жоба болатынына күмән жоқ.

Бұған дейін Қазақстан басқа мемле­кет­терде өткен көрмелерге бірнеше мәрте қатысқан болатын. Осыған дей­інгі павильонында Қазақстан ғылым мен мәдениет, бизнес пен туризм салаларындағы дәстүр мен жаңашылдық негіздеріне сүйеніп, су көздерін пайдалану, Қазақстанның ке­шегісі мен келешегі тақырыптарына арналған жобалар ұсынған еді. Астана қаласы мен «Болашақтың энергиясы» атты тақырыптары соңғы павильонда жан-жақты насихатталды.

Көрменің экономикалық тиім­ділік­тері жөнінде қазірдің өзінде белгілі бір болжам жасауға болар. Мысалы, халықаралық көрме кешенін салу барысында ілеспе бизнесті дамыту, оның ішінде тамақтану орындарын ашу мәселелері қарастырылуда. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының құрылыс жөніндегі атқарушы директоры Мұрат Омаровтың айтуынша, халықаралық көрме кешенінің аумағында көптеген қоғамдық тамақ­тану орны салынады. «ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде барлығы 50 қоғамдық тамақтану орны мен 200-ге жуық сауда автоматтары жұмыс істейтін болады», – деді ол. Мұрат Омаровтың айтуынша, бұған қоса бөлшек сауда орындары да ашылады. Олар көрменің брендтік бұйымдарын сатумен және басқа да тауарлар мен қызмет түрлерін ұсынатын он шақты арнайы дүкен болмақ.

Халықаралық деңгейдегі шараны ұйымдастыруда ел экономикасына тигізер басты пайдасының бірі – ел аумағында республикалық маңызы бар, арнайы кешен құрылысы салынып, қалааралық жолдар жөнделіп, мемлекеттің туристік әлеуеті артады. Мысалы, Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметіне жүгінсек, Астана – Теміртау, Астана – Павлодар, Шортанды – Зеренді автокөлік жолдары қайта төселетін болды. Қазіргі таңда жолды жөндеу, қайта төсеу және құрылыс жұмыстары басталып кеткен. 2016-2017 жылдарға дейін бұл жұмыстар толықтай аяқталуы тиіс. Бұған қоса Астана оңтүстік-батыс айналма жолы салынады. 31 шақырымдық айналма жол астанадағы көліктер ағынын азайтып, жүк көліктерін қала сыртына шығаруға сеп болмақ. Айналма жол құрылысы келесі жылы басталуы тиіс.

Көктемде Шетелдік инвесторлар­ кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме кешені бір реттік қана емес, ұзақ мерзімді стратегиялық жоба екенін баса айтты. Президенттің айтуынша, көрме болашақта Қазақстанның барлық аймақтары үшін технологиялық трансфертке айналуы әбден мүмкін. «Жоспар бойынша, инвесторлармен бірлескен жеке инновациялық тех­нологияларды ашамыз. Оның ая­сында «жасыл экономикаға көшу» мәселесі қаралған, «жасыл эко­но­ми­каға» көшудегі катализатордың бірі – 2017 жылы Астанада өткіземіз деп отырған халықаралық арнайы мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі болады. Біз ЭКСПО көрмесін ойдағыдай өткіземіз деп үміттенемін», – деді Елбасы. «ЭКСПО-2017 көрмесіне әлемдегі ең озық технологияларды, ең жақсы дүниелердің бәрін жинаймыз және әлемге бізде не бар екенін көрсетеміз. ЭКСПО көрмесін Қазақстанның бүкіл аймағы үшін орталық технологиялық трансферт ретінде қалдырамыз», – деді Президент.

Шындығында, қазақ жеріндегі халық­аралық көрмені тамашалауға 5 мил­лионнан 8 миллионға дейін қонақ келуі мүмкін деген болжам айтылып жүр. Ал осы көрмеге белсене араласып, өзінің техникалық және технологиялық жаңалықтарын жарнамалауға шамамен жүз шақты мемлекет атсалысуы тиіс. Әйтсе де, бұл өздігінен бола салатын жұмыс емес. Жүз мемлекетті көрме кешенінде павильон ашып, бес миллионнан аса туристі оны тамашалауға шақыру қауырт дайындық пен ұйымшылдықты, табандылықты қажет етеді. 

Қыркүйек айында Астанада өт­кен Қазақстан-Британия Сауда-Өнер­кәсіптік Кеңестің 17-ші отырысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК стратегия және халықаралық қатынастар бо-йынша басқарма төрағасының орынбасары Ақмарал Омарова былай деді: «Болашақ энергиясы» тақырыбында Ас­танада өтетін «ЕХРО-2017» халық­ара­лық мамандандырылған көрмесіне дайындық қызу жүріп жатыр. Біздің қазіргі басты міндетіміз – аталған көрмені өткізуге арналған алаң құру. Біз ең төзімді және жақсы құрылыс материалдарын қолдануды және құрылыс кезінде көрменің тақырыбын қалай айқындай түссек, Қазақстан мен Астананы әлемнің «жасыл» бастамаларына қалай алып шықсақ болады деген мәселелер бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз». 

Оның айтуынша, халықаралық көр­ме жұмысына 5 миллион көрермен тар­ту да ұйымдастырушылардың бас­ты мақсаттарының бірі. «Бұл қа­зақ­­стандықтар және шетелдік қонақ­тар­дың жалпы болжамды саны. Төртінші мақсат – «ЕХРО-2017» көрмесі өткеннен кейін оның ел аумағында мұра ретінде қалуын қамтамасыз ету. Көрме өткеннен кейін біз «Болашақ энергиясы» саласында Кәсіпкерлік бас­тамаларды дамыту орталығы болса дейміз», – дейді А.Омарова.

ҚР сыртқы істер министрінің бірін­ші орынбасары – «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесінің комиссары Рапиль Жошыбаев халықаралық көрмені ұйымдастыруға инвестиция тарту мақсатында бірқатар шетелдік іссапарларда болды. Оның ішінде Гонконг пен Макао ірі компанияларының көрме жұмысына инвестиция салу мүмкіндіктері арнайы форумда сөз болды.

Сондай-ақ жақында Астанаға ресми іссапармен келген Белорусь президенті Александр Лукашенко да белорустық мамандардың «ЭКСПО-2017» көрмесі нысандарының құрылысына атсалысуға дайын екенін мәлімдеді. «Қазақстанды және Сізді, Нұрсұлтан Әбішұлы, Астананың «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу орны ретінде таңдалуымен шын жүректен құттықтаймын. Біз бұл ауқымды жұмыстан Беларусь құрылысшылары мен мамандарына да орын табылатынына сенімдіміз. Біз қазақ жерінде бұл ауқымды шараның инфрақұрылымдарын салу жұмыстарына қатысуға дайынбыз»,– деді А.Лукашенко.

Ал қазан айының басын­да­­­ канадалық делегация Аста­на­ға­ келіп, «Астана ЭКСПО-2017» ұлт­тық компаниясының басшы­лы­ғымен кездесті. Канада іскерлік қауым­дас­тығының Ресей мен Еуразиядағы директорлар кеңесінің төрағасы Натан Хант бастаған делегация мүшелері әріптестік қарым-қатынас мәселелерін талқылады. Канада мемлекеті екі рет ЭКСПО көрмесін өткізген. Сондықтан бұл салада канадалықтардың қазақ­стан­дықтарға үйретер өнері, бөлісер тәжі­рибесі жеткілікті.

Бұдан бөлек, қыркүйек айында Германияда «Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрме аясында Қазақстан экономикалық және туристік орталық ретінде қарас­ты­рылады» атты экономикалық форум өтті. Бұл басқосуды ұйым­дас­тыруға Қазақстанның Германиядағы елші­лігі­мен бірге Герман Бундестагының атсалысуын атап өткен маңызды. ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары – «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесінің комиссары Рапиль Жошыбаев халықаралық көрмеге дайындық және оны ұйымдастыру жұмыстарына неміс іскерлік топтарын белсенді түрде атсалысуға шақырды.

Германия Еуроодақ мемлекеттері арасында Астананың «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыруға берген талабын алғашқылардың бірі болып қолдаған еді. Шындығында, Германия осындай көрмелерді Ганновер қаласында өткізген болатын. Енді осы саладағы мол тәжірибесімен қазақстандық мамандармен бөлісуге әзірлігін білдіріп отыр.

Осы орайда, Бундестагтың экономика және технологиялар жөніндегі комитетінің төрағасы Эрнст Хинскен Германия өзінің қаржылық және технологиялық бай тәжірибесін алға тарта отырып, Қазақстанмен ұзақ мерзімді экономикалық байланыс орнатуға, оның ішінде индустриалды бағдарламаны жүзеге асыруда және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу аясында экономикалық тұрғыда әріптес болуға дайын екенін мәлімдеді. 

Германия экономика және технология министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Эрнст Бургбахердің айтуынша, қазіргі таңда «алдыңғы қатарлы технологияларды шикізатқа айырбастау» формуласы өте өзекті. Сондықтан ол екі ел арасындағы сауда-экономикалық, өнеркәсіптік-технологиялық әріптестікті одан әрі жандандыру үшін екі мемлекет арасындағы туризм және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясындағы әріптестік саласында екі мемлекет арасындағы визалық жүйені жеңілдету жөнінде ұсыныс айтты.

Ал Бундестагтың туризм мен спорт жөніндегі комитет мүшесі Юрген Климкеб Қазақстанда табиғат тамашалары мен тарихи-мәдени ескерткіштерінің көп екенін айтып, мұның бәрі туризм саласын дамытуға негіз бола алатынына тоқталды.

Жалпы алғанда, ЭКСПО тек тех­­никалық және технологиялық жетістіктерді паш ететін павильондар ғана емес, әлемдік озық ой мен соны идеяларды ортаға салар пікір алмасу алаңына айналуы тиіс. Оның үстіне, энергетика саласында жұмыс істейтін компаниялар үшін ол бизнес-платформа болуы да ғажап емес.

Жақында «Астана ЭКСПО-2017» ұлт­тық компаниясының құрылыс жөніндегі атқарушы директоры Мұрат Омаров көрме жұмысын ұйымдастыруға демеушілік жасайтын компанияларға әкімшілік тарапынан қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Ең бастысы, ЭКСПО демеушілері белгілі бір салықтық жеңілдіктерге ие болмақ. «5 миллион адам тамашалайтын көрме бизнес жүргізуге жайлы ауқымды коммерциялық алаңға айналуы тиіс. Осыған байланысты ұйымдастырушылар компанияларға өз өнімдерін өткізуге мүмкіндік тудырып және көрме кешені аумағында айрықша қызмет көрсетіледі, осы арқылы жоғары сауда көрсеткіштеріне кепілдік беріледі», – деді Мұрат Омаров.

ЭКСПО халықаралық көрмесін қазақ жерінде өткізу идеясы туралы бас­таманы Елбасының көтергені мәлім. Бұл идеяны Президент әр түрлі жиындарда, кездесулерде айтқан сөздерінде қайталап, оның ауқымы мен маңызын түсіндіріп келеді. Облыс әкімдері қатысқан жиналыс үстінде Президент осы көрмені Астанада өткізудің тиімділігі туралы таратып айтқан еді. «Меніңше, қазақстандықтар әлі сезіне алмай отырған сияқты… Бұл – тәуелсіздік жылдары Қазақстанның халықаралық деңгейде қол жеткізген ең үлкен жетістігі. Салынған ғима­рат­тардың бәрі бізде қалады, олар жеткен жетістіктерді жалпы Қазақстан бойынша енгізу үшін қажетті үлкен зертханаға, ғылыми паркке айналады», – деді Елбасы. 

«Барша әлем осы жолмен жүретін болады, сондықтан алдағы бес жылда барша әлем Қазақстан туралы айтатын шараның маңыздылығын тағы бір мәрте ескертіп өткім келеді»,– деді Н.Назарбаев.

Президент көрмені өткізудің өзі ел үшін айтулы шаралардың біріне айналатындығын айтты. Соның барысында елордада ғылым мен техника саласындағы ең озық жетістіктер көрсетілмек. Ал көптеген қазақстандық осы болашақ экономикасын өз көздерімен тамашалау мүмкіндігіне ие болады.

«Біз үшін ЭКСПО әр өңірге пайдасы тиетін тиімді мегажобаға айналуы тиіс. Ол өз кезегінде елдің инновациялық дамуына жаңа серпін береді», – деді мемлекет басшысы.

Сондықтан да қазір жер-жерде «жасыл экономикаға» қатысты білім мен тәжірибені тереңдету, тәжірибе бөлісу, тың ой қорытуға азық беру үшін түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылып жүр. Қазан айының басында Қарағанды қаласында Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру мақсатында аймақтық семинар өткізілді. Осы семинар аясында облыстағы шағын және орта кәсіпкерлер, өнеркәсіптік кәсіпорындар «таза» технологияларды енгізу саласындағы жетістіктерімен бөлісті.

Жақында өткен «Kazenergy» форумында «Болашақтың энергиясы: тәуекел мен болашақ мүмкіндіктер» атты тақырыпта пікірталас ұйым­дас­тырылды. Жастардың назарын энергетика мен қоршаған орта мәсе­ле­леріне аударуды мақсат еткен дебаттар қуат көздерімен қамтамасыз ету түйт­кілдерін талқылап, экологиялық қауіп­сіздік мәселелері жөнінде ой бөлісуге мүм­кіндік берді.

Осы саладағы басқа мемлекеттердің тә­жірибесіне жүгінетін болсақ, Қытай мен Жапония елдерінде өткен көрмелерді ерекше атап өтуге болар. 2010 жылы Қытайдың Шанхай қаласында өткен халықаралық көрмеде павильондар құрылысына мил­лиардтаған доллар қаржы жұм­сал­ғаны айтылып жүр. Қытай осы көрме арқылы экономикалық жетіс­тік­терін әлемге паш ету үшін, дүние жүзінде Қытай ықпалының артып келе жатқынын насихаттау үшін ұтымды пайдаланды. Сол кездегі жергілікті шенеуніктердің бірі: «Бұл өте маңызды шара. Біз оған көп жыл бойы дайындалдық»,– деп сұбат берген.

Көрме қарсаңында Шанхай қала­сында 70 миллион қонақты қарсы алуға қауқары бар жол құрылысы салынды. Сол кездегі ресми дереккөздерге қарағанда, Қытай үкіметі көрменің дайындық жұмыстарына жалпы шамасы 4,2 миллиард доллар жұмсаған екен. Басқаша айтқанда, бұл 2008 жылы Пекин олимпиадасын өткізуге жұмсалған қаржыдан екі есе көп. Ал жергілікті баспасөз сол кезде қытай ЭКСПО көрмесін өткізу шараларына, павильондар құрылысына, оның инфрақұрылымын жасауға барлығы 58 миллард доллар жұмсалды деп жазды. Осы жолы көрмеге бірінші рет қатысқан Израиль мемлекеті өз павильонын салуға 12 миллион доллар жұмсаған. ЭКСПО көрмелерінің экономикалық маңызы осыдан-ақ көрінеді.

Ал 2005 жылы Жапонияның Нагоя қаласында өткен ЭКСПО көрмесінде келетін қонақтар саны 8 миллион болады деп жоспарланса да, шын мәнінде олардың жалпы саны 22 миллионнан асып кеткен. 120 мемлекет қатысқан бұл көрменің жұмысын дүниежүзілік ақпарат құралдары үш ай бойы назардан қалдырмай, насихат жасаумен болды. Жергілікті ақпарат көздеріне жүгінсек, ЭКСПО көрмесі өткеннен кейін, Жапония экономикасында едәуір ілгерілеу байқалған. 

Ендеше, ЭКСПО-2017 халықаралық көр­­месін өткізу Қазақстанның бола­шақта туризмнің халықаралық орта­лығына айналуына айтарлықтай әсер етеді деуге негіз бар. 

Көлбай ЖЕҢІС

Астана 

Back to top button