БІЗГЕ ҰЛТТЫҚ САЯСИ ФИЛОСОФИЯМЕН ҚАРУЛАНҒАН САЯСИ ТАП ҚАЖЕТ

БІЗГЕ ҰЛТТЫҚ САЯСИ ФИЛОСОФИЯМЕН ҚАРУЛАНҒАН САЯСИ ТАП ҚАЖЕТ

БІЗГЕ ҰЛТТЫҚ    САЯСИ   ФИЛОСОФИЯМЕН  ҚАРУЛАНҒАН   САЯСИ    ТАП   ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі

Соңғы жылдары  белгілі  саясаттанушы Сейдахмет  Құттықадам  ақпарат  құралдарында  көп  көрінбей кетті  деуге  болады.  Кей-кейде ғана  еліміздегі  кейбір  күрделі мәселелерге  байланысты  пікір айтып тұратыны  болмаса.  Алайда  бұл кісі жай  қарап жатқан  жоқ.  Өте  қызық, тартымды, маңызды  үш  кітап  жазды. «Служение  нации», «Казахская драма», ал  соңғы кітабы «Дао Алтая» жақында ғана  жарық  көрді.  Қазіргі  елімізде және әлемдегі болып жатқан  қоғамдық-саяси жағдайларға,  кейбір өзекті мәселелерге байланысты ойын білу мақсатында  Сейдахмет Рысқожаұлын әңгімеге  тартқан едік…


«Мен турашыл адаммын»


– Сіз қазір өткеніңізге қарап, бүгінгі қоғамның жай-күйіне, мемлекеттігіміздің ішкі-сыртқы жағдайына пікір айта алатын жастасыз. Жалпы, осы жасқа дейін көңілге түйгеніңіз не? 

– Мен табиғатымнан турашыл адаммын. Ашық сөйлегенді ұнатамын. Кеңес кезінде КГБ-ның менің сөзімнен ілік іздеп, көзқарасымды ұнатпаған тұстары болды. Бірақ соған қарамай, ойымды ашық айтып, «саясат қайда бара жатыр» деген секілді қоғамдағы кейбір мәселелерге қатысты пікірімді білдіріп отырдым. Қазір де дәл солай. 

Негізі, түп-тамырым – Түркістаннан. Түркістанның Қазақстанның басқа қалаларынан бір ерекшелігі – өзінің рухани келбетін сақтап қалуында. Осында туып-өсіп, айтулы адамдардың ортасында жүрдім. Менің азамат болып қалыптасуыма сол ортаның әсері болды деп ойлаймын. Жастайымнан оқуға құштар болып, қазақ әдебиеті мен орыс классиктерінің, батыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларымен кеңінен таныстым. Оған қосымша, мені тарих пен саясатқа қызықтырған Геродот, Плутарх, Ибн Халдун, Сыма Цянь, Карамзин. Белгілі саясаткерлер Юлий Цезарь, Николло Макиавелли, Отто Фон Бисмарк, Уинстон Черчилль, Шарль де Голль ойларын білмей, саясатты түсіну мүмкін емес. «Әлемде не болып жатыр?», «Әлемнің талпынысы қандай?» деген ойдың жетегінде жүріп, тарих, философия, діндер, басқа да дүниелермен сусындадым. Содан кейін менің көзқарасымның қалыптасуына тарихи жайттар әсер етті. Мен соғыстан кейінгі буынның символдық өкілімін. Себебі 1946 жылы 9 мамырда дүниеге келдім. Біздің тарихымыз ерекше болды. Кеңес өкіметінің аяқтан тік тұрып, дәуірлеген, кейін қайта құлдырай келіп күйреген кездеріне куә болдық. Сол тұстағы кейбір мәселелерді көре тұра, әлемдік шығармаларды оқи келе «неге бұлай?» деген секілді сұрақтарға жауап іздедім. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін, ол кезең туралы әркім әр түрлі ой айтады. Әлі де нақты байламдар жоқ, зерттеліп, жүйелі кітап та шыққан жоқ. Тарихи баға берілмеді. Сырттан америкалықтар, немістер, француздар, т.б. баға берсе де, әлі де нақты емес. Өйткені олардың жанына саясаттың салқыны тимеген. Сондықтан көп нәрсені терең түсінбейді. Сырттай бақылаушы ретінде ғана жазады. 

– Өмір жолыңызға көз жүгіртсек, техника ғылымдарына үлес қосып, ғылым биіктерін де алған екенсіз. Ал журналистикаға қалай келдіңіз? 

– Сәті түсіп, 1989 жылдары МГУ-ға, төрт айлық біліктілікті арттыру курсына бардық. Ол кезде мен Арқалық пединс­титутында кафедра меңгерушісімін. Сол жылдары кеңестік саяси жүйеде «жұмсақ революция» басталып жатқан кез еді. Ельцинді Парламентке сайлаудан басталып, эволюциялы түрде дамып жатқан болатын. Бұл жағдай Кеңес өкіметінің көпке бармайтындығын сездірді. Міне, осы тұста «Литературная газета» басылымында «Оберегая корни, сохраняем себя» атты мақалам жарық көрді. Бұл мақалада ұлтқа, тілге, тарихқа қатысты біраз мәселелерді төтесінен қойып, «Қандай бағытта жүруіміз керек?» деген ойларды айттым. Сол кезде орталық баспасөзде осындай мәселені қойған жалғыз мен шығармын. Сосын, тағы бірнеше мақалаларым жарық көрді. Сөйтіп «Арай» журналының бас редакторы Әшірбек Көпішев мені Алматыға шақырып, журналистикаға алып келді. Сөйтіп мен Алматыға 1991 жылы қаңтар айында, саяси жағдайдың қайнаған кезінде келдім. Содан кейін көптеген тарихи оқиғалар болады: Кеңес Одағы қирады, қоғам өзгерді. Азаттық қозғалыс пайда болды. Ол кезде саяси публицистика болған жоқ. Өйткені оған дейін саясат тек қана Кремльдің мәселесі болатын. Және арнайы рұқсаты бар саяси шолушылардан басқа ешкім саясат туралы жазуға батпайтын. Қазақ журналистикасындағы саяси публицистиканың негізін салған мен десем, артық болмас. Себебі біріншіден, әлемдік саясат туралы көп оқығаным бар, екіншіден, журналистикаға сырттан келгенмін, ішкі цензура мәселесімен таныс емеспін. Сол 1991-1994 жылдардағы мақалаларымды оқығандар есіне алса, әлі де құнды деген ойға келер. 

– Өзіңіз орыстілді басылымды басқарып отырсыз. Сіздің басылымда қазақ мәселесі қалай қозғалуда? Және оқырмандар оны қалай қабылдайды? 

– «Мысль» журналы орыстілді басылым болғанымен, ондағы материалдардың тоқсан пайызы қазақтың мәдениеті мен тарихына, тұлғаларына, өнеріне, басқа да проблемаларына арналған. Сол мәселелерді орыстілді азаматтарға жеткізу – біздің негізгі мақсатымыз. Қазақ тілінде айтылған бір басқа, орыстілінде айту екінші бір мәселе. Қазақ тілі мен орыс тілінің өзіндік жеткізу ерекшеліктері бар. Айталық, қазақша мақаланы орысшаға аударып жарияласа, оқырман тарапынан қабылданбауы мүмкін. Сондықтан «Мысль» – орыс тілінде қазақтың мәдениетін, тілін, тарихын насихаттайтын журнал. Басқа орыстілді газет журналдар аз жазатын тақырыптарды көтереді. Біздің журналдың таралымы шағындау болғанымен, қазақтың зиялылары оқиды. 

– Сіз қазақтілді де, орыстілді де ортаның зиялы азаматтарымен тығыз байланыстасыз десек, артық болмас. Мемлекет болашағы, ұлт мүддесі жолында қай ортаның зиялылары белсендірек, сөзі өтімді? Қазақ және орыс басылымдарының қайсысы қуатты?

– Қазақ публицистикасы мен журналистикасының арасында айырма­шылықтар бар. Бұл – заңдылық. Себебі екеуі­нің тарихы бөлек. Орыстілді басылымдардың тарихы тереңде, патшалық Ресей кезеңінен бастап қалыптасқан үлкен өркениет. Одан кейін, ХХ ғасырдағы қазақтың белгілі зиялыларының көбі орыстілді болды. Бірақ бұған қарап орыстілділер өздерінің ұлтын сүймейді деген теріс пікірден аулақ болуымыз керек. Ұлтыңды сүй, қалай болған күннің өзінде де тіліңді біл! Қараңызшы, ең қиын кезеңдерде орыстілділер де ұлт, мемлекет мәселесіне үн қосып отырды. Кеңес империализміне бірінші болып қарсы шыққандардың қатарында орыстілділер де бар. Бүгінде екі арна екі түрлі бағытта дамып келеді. Қазақ журналистері тарихқа, тілге, мәдениетке, дінге байланысты өте терең мақалалар жазады. Ал экономика, сая­сат, геосаясат секілді мәселелер орыстілді баспасөздің еншісінде. Кейбір мәселелерге келгенде бірін-бірі толықтырып, бір идея ұсынып отырса деймін. Екеуі байланыста дамыса, отандық журналистиканың болашағы жарқын болар еді. 

 Қателеспесем, осыдан бір жыл бұрын үлкен дау шықты. Қазақтілділер мен орыстілді журналистер бір-бірлерін даттап, парасаты төмен деп біраз шу болды. Ол дұрыс емес. Ешқашан бөлінуге болмайды! Екеуі де бір ұлттың құрамы. 

 – Осы тұста зиялыларды бөліп қарастырып отырмыз ғой. Ойға мынадай сұрақ оралады: неге біз зиялыларды тек орыстілді, қазақтілділер деп қана тілдік жағынан бөлеміз? Мәселен, Ресейде «славянофилдер», «западниктер» деген ұғымдар болды. Герцен западниктер қатарында Хамяков, Киреевский, Достоевскийлер славянофилдер болды. Жалпы осындай ағымдар қазақта болды ма немесе қазір бар ма? 

– Өткен ғасырдың басында бізде де әлгіндей көзқарастар болды. Біреу Түркияға тартты, біреу Ресей, енді біреулер Орталық Азияға ден қойды. Алаш Орданың өзінде Шығыс Алашорда, Батыс Алашорда, Шығыс Түркістан Автономиясы деген секілді бөліністер болды. Алайда олардың өзіндік доктриналары, терең философиялары болып, нақты бөлініске түскен жоқ. Идеялық тұтастықты сақтады. Ал қазір, меніңше, батыс және шығыс идеясын ұстанушылар болып бөлінуде. Бұлар бір-бірін күшейтіп, байытып отыруы тиіс, оларға нақты философия, доктрина керек. Бізде кейде көзқарастар қайшы келіп қалғанда, идеялар қайшылығы болмайды, оның орнына адамның жеке басына қатысты мәселелер алға тартылады. Сондықтан бізде терең ойлы ағымдар жоқ. Осы тұста Батыстан, Шығыстан не аламыз деген идеялар төңірегінде кеңессек. Сөйтіп, зиялылар саяси емес, мәдени идеялар мен жаңалықтарды іздесе құба-құп. 

«ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕК ҰЛТЫ РЕТІНДЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН СЕЗІНУІ КЕРЕК»


 – Тәуелсіздік алғалы 22 жыл уақыт өтіпті. Бір сәт артқа шегініс жасап, өткенге зер салып көріңізші… Не өзгерді, неден ұттық, ұтылған тұсымыз қайсы? Қазақ қоғамы қайда бара жатыр? 

– Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жағдайына екі жақты қарау керек. Таразының екі басы да тең. Ең бірінші ұтқанымыз – саяси бостандық алуымыз. Шетелдермен байланыс жақсарып, әлем елдерімен идея алмасуға мүмкіндіктер пайда болды. Егемендік алуымыз – үлкен тарихи оқиға. Себебі сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсап, зиялы азаматтарымыз армандап өткен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ұтылғандарымыз да жоқ емес. Қоғамды парақорлық, өтірік жайлап, білімділіктің деңгейі төмендеп кетті. Экономикамыз ақсап жатыр. Бұрын 80 пайыз өнімді өзіміз шығарсақ, ал, қазір 80 пайызын сырттан әкелеміз де, ішкі өнім болса 20 пайызға жете ме, жетпей ме? Бірақ мен оптимиспін. Бас кезінде осындай қателіктер болуы мүмкін. Содан қорытынды шығарып, алға ұмтылсақ, Қазақстан дамыған мемлекет болады. 

 – Біз бір формациядан екінші формацияға ауысқан тұста кеңестік кезең қалыптастырған идеология мен идеяларды күйретуге ұмтылдық. Осы вакуумды толтыратындай, қоғамды тұтастандыру үшін мемлекетке күшті идеология қажет екені рас. Ал біз сондай идеологияны қалыптастырып үлгердік пе?

– Біз идеократиялық қоғамда өмір сүрдік. Қоғам бірізді саясаттың ықпалымен дамыды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз демократиялы, ашық қоғам болуға ұмтылуда. Бұл мақсатқа эволюциялық жолмен баруымыз керек еді. Расында да, өзіміздің менталитетімізге сай ұлттық жаңа идея, ұлттық идеология керек. Ұлттық идея «елімізді қайтсек дамытамыз» деген мақсаттың төңірегінде туындауы керек. Жаңа идея іздеу дегеніміз бәрін бірден өзгертіп тастау емес, батыстың, шығыстың идеяларынан керегімізді алып, ұлттық идеяларға ұштастыра отырып, қоғамды топтастыратын идея болса. Қазақ халқы өзінің ұлт ретінде жауапкершілігін сезінбей, біз дамымаймыз. Қазақты аяғынан нық тұрғызып алғаннан кейін, басқа ұлттардың да жағдайы көтеріледі. Ұлттық идея білімді, іскер, намыс­ты, денсаулығы мықты, әлем шынайы сыйлайтын халық болу, экономикалық мәдениеті дамыған бай және ерекше ел болу идеясынан туындауы тиіс. 

– Бүгінгі таңдағы қазақ қоғамын алаңдатып отырған проблемалардың ең үлкені – дін мәселесі екендігі жақсы белгілі. Осы орайда «Түркістан» газетіне берген сұхбатыңызда елімізде ханафит масхабымен бірге сопылық жолды ұстануды жөн деген екенсіз. Мұның мәнісі неде? 

– Ислам дінінде төрт масхаб бар болса, соның ішіндегі Ханафит масхабы біздің дәстүрлі дінімізге сай. Бірақ соған қосымша сопылықты да ұстансақ болады деп есептеймін. Себебі суфизм – мистикалық ағым. VІІІ-ХІІ ғасырларда ислам кең таралып, көптеген өркениеттер исламның қарамағына кірді. Сол кезде олар дінді қабылдағанымен, ислам діні олардың білімпаздарына қарапайым болып көрінді. Сөйтіп, Ислам теологиясының деңгейін көтеру үшін суфизм пайда болды. Ол Еуропаға көп әсер еткен. Сопылықты біздің елде дамытқан Ахмет Яссауидың орны бөлек. Сопылық пен Ханафит масхабының арасында аз ғана қайшылықтар болғанымен, адамның ойына ерекше әсер береді. Меніңше, шынайы сопылық ислам дінін насихаттауға, қоғамның басқа жағымсыз ағымдарға еніп кетпеуі үшін керек. 

– Қазіргі таңда Елбасы «интеллектуалды ұлт» құру мәселесін алға тартуда. Алайда сіздің түсінігіңізде, интеллектуалды ұлт деген қандай ұлт? Оның талаптары, сыртқы сипаттары қандай? Ал «саяси ұлт» қандай болуы керек? 

– «Саяси ұлт» дегеніміз саясаттан хабары бар, әр азамат өзінің саяси құқықтары мен бостандықтарын білетін азаматтардан тұратын ұлт. Халықтың 10 пайызы сая­сатты жақсы білсе, оны саяси сауатты ұлт деп айта аламыз. Ал бізде саясатты жақсы түсінетін 10 адам таба аламыз ба? Бізде сая­сат туралы білімі бар, ой айтатын азаматтар мүлдем аз. Қазір оппозицияда да, билікте де, басшылықта жүргендердің бәрін саяси білімді деп айта алмаймыз. Ол жай ғана популизм. Шетелдерде саяси мәдениетке туғаннан, мектептен бастап тәрбиелейді, тіпті саяси тапты дайындайды. Сол секілді біз саяси ұлттан бұрын, саяси тап, яғни саяси тап қалыптастырсақ, саяси ұлт өзі-ақ қалыптасады. Қазір жастарға саясатты үйретіп, бағыт-бағдар беретін мамандар азайып барады. Шетелде жүрген жастарды қазақтың мүддесін ойлайтындай етіп тәрбиелеу керек. Мемлекеттің күре тамыры солар. Ал енді, «интеллектуалды ұлт» дегенге келейік. Халықтың барлығы интеллектуал бола алмайды. Тіпті дамыған елдердің барлығын интеллектуал деп айта алмаймыз. Ол тек халықтың бір бөлігін құраса да үлкен жетістік. Биліктегілер, құқық қорғаушылар, экономистер, т.с.с. интеллектуал болса, қоғамның басқа мүшелеріне де әсер етер еді. Әрі кетсе 15 пайызы болуы мүмкін. Олар тарихты, мәдениетті жан-жақты білуі керек. 

– Қазір бізде билікте жүргендердің, біразы интеллектуал деп санайтындарымыз өз халқының мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін білмейтіндер емес пе? Біз түптің түбінде салт-дәстүрден, тілден, мәдениетімізден безген ұлтқа айналмаймыз ба? 

– Өте дұрыс мәселе көтеріп отырсыз. Бізде осындай азаматтар көбейіп кетті. Олар не өз тілін, тарихын, мәдениетін білмейді. Мұның барлығы, негізі тәлім-тәрбиеге байланысты. Адамды ұлтын, жерін, елін сүйетін, еңбекқор және білімді етіп тәрбиелеуіміз керек. Мәселен, атақты Билл Гейтс өзінің еңбегімен тапқан миллиардтарын балаларына емес, әр түрлі қайырымдылық жобалары арқылы халыққа қайтармақшы. Бұл бір жағынан Гейтстің халқын сүйгендігінің белгісі болса, екіншіден, балаларына қалдырмауы әркім өзі еңбектенуі тиіс деген тұжырымның бір дәлелі. Көптеген миллиардерлер осындайға көшіп жатыр. Мұны айтып отырғаным, ұрпағымыздың тәрбиесіне көңіл бөлейік. Біздің басшылар тек қана жалаң ұран, негізсіз уәделерден аса алмайды. Бұдан ешнәрсе шықпайды. Елді дамыту үшін ұрлық, жемқорлықтан арылып, ұлтты жұмылдырып, жүйелі жұмыс жасау керек. 

– Қазіргі кезде тарихымыздың ақтаңдақ беттері қайта қаралып, жазылып жатыр. Тарихшы Тұрсын Жұртбай айтқандай, кез келген елдің тарихы идеологиялық негізсіз жазылмайды. Біздің жаңа тарих қандай болуы керек? 

– Тарих өте күрделі мәселе. Тарих – елдің өткен-кеткеніне баға беру. Кез-келген тарихта мифология, аңыз болады. Айталық, Еуропаның тарихын оқысаңыз, бәрі керемет. Бірақ негізінде мифология азырақ, шындық басымдау болуы керек. Біздің тарихшыларға шынайы дерек жетіспейді. Қазіргі тарихтағы көп дерек бұрынғы кеңестік кезеңнен қалған, Мәскеудегі ВАК-тың деректері бойынша жазылған диссертациялардан алынған деректер, Демек, тарихшылардың көбі бұрынғыдай партияны, билікті мақтап үйренген. Ал біз өзіміздің тарихымыздың өте терең тарих екендігін есте сақтауымыз керек. Егер, дұрыстап жеткізе білсе, біздің тарихымыз өте бай. Біздің ел әлемдік үрдіске ерекше әсер еткен. Сондықтан да тарихты дәлдікпен әрі шынайы қызық, әсерлі етіп жазсақ, оны оқыған жастар рухтанып, пат­риот болып шығар еді. 

– Латын әліпбиіне көшу мәселесі көтеріліп, қайта басылды. Бұл қаріпке көше қалсақ, еліміздің мәдениеті мен дамуына қалай әсер етеді? 

– Бұл деген өте қиын әрі өзекті мәселе болып отыр. Қалай айтарыңды да білмейсің. Себебі бір жағынан латын әліпбиіне көшкен дұрыс. Әлем талабы осы. Екіншіден, бұған үлкен дайындық керек. Ең бірінші елдің сауаттылығын көтеруге тиіспіз. Асығуға болмайды. Қазір көшіп кетсек, жаппай сауатсыздыққа ұрынамыз. Кемінде отыз жыл сананы дайындау керек. Ал негізі латын әліпбиін қолдаймын.


«ҚАЗАҚСТАН ЖАҺАНДЫҚ ҮРДІСТЕРГЕ ДАЙЫНДАЛЫП ҮЛГЕРМЕДІ»


– Қазақ халқы, жалпы, Қазақстан азаматтары ғаламдық үрдістерге ілесе ала ма? Әлемнің дамыған үздік елу елінің қатарына ендік деп қуанып жатырмыз. Алайда біз қаншалықты ой мен сана тұр­ғысынан алғанда олармен теңесе аламыз?

– Әлемде жаһандану үрдісі көз ілестірмес жылдамдықпен жүруде. Ғаламдық дағдарыс күшейіп, жаһанданудың не екенін әлем алыптарының өзі білмей қалды. Қаншама экология, экономика, саясат, мәдениет, тіл мәселелері секілді ғаламдық деңгейдегі проб­лемалар бар. Батыстың қайда бара жатқаны белгісіз? Шығыс соның соңынан кетіп барады. Қытай, Үндістан секілді Оңтүстік Шығыс елдері экономикалық өсімімен мақтануда. Алайда өкінішке қарай, олар Батыстың жолын таңдады. Қазір байқалмағанмен, 15-20 жылдан кейін Батыстың проблемалары күрделі түрде оларда да туындайды. Тұрмыстық психология олардың ұлттық болмыстарына әсер етуде. Халықтар тамырына сіңген мәдениеттерінен безіп, батысқа еліктеуде. Шпенглер айтқандай, «Батыстың жолы дұрыс емес, қалай да болса ол дағдарысқа алып барады». Егер батыстың проблемаларын шығыс халықтары қабылдаса, Батысқа қарағанда Шығысқа әлдеқайда қиындау болады. Аз уақыттың ішінде мүлде басқа халық болып шығуы мүмкін. Ал ол мәдениет батыстың өзінің тамырына сіңген, қарсы иммунитеті бар. Міне, осы секілді әлемдік құбылысты біз терең түсініп, өз жолымызды табуымыз керек. Ол үшін Батыстың озық технологиясын, идеяларын, Шығыстың мәдениетін, философиясын, тарихын, соған қосымша өзіміздің әдет-ғұрыптарымызды сақтап қалуға тиіспіз. Кеңес Одағы құлағаннан кейін әлем мүлде өзгеріп кетті. Жаһандану процесстері бас­талып үлгерді. Ал Қазақстан ол процесстерге дайын болмай қалды. Өзіміздің ішкі қиыншылықтарымызға әлемдік түйткілдер қосылып кетті. 

– Қазір мәдениеттер мен өркениет­тер қақтығысы жүріп жатыр. Біз өз мәдениетімізді жақсы білеміз. Ал өркениетіміз, яғни техникалық жетіс­тіктеріміз, басқа да өркениетті сана-сезіміміз жағынан қаншалықты уақытпен ілесе аламыз? Мәдениеттер мен өркениеттер қақтығысқан ғасырда біз өзімізді қалай ұстауымыз керек? 

– Қазақ басылымдарында осы нәзік мәселелер көтерілмей жүр деуге болады. Біздің арамызда мәдениетті де, өркениетті де бір деп санайтындар бар. Негізінде екеуі жақын болғанымен, екі түрлі ұғым. Мәдениет халықтың рухы, қайнаған ойлары, әдет-ғұрыптары. Ал өркениет оның сыртқы дүниесі. Сол ақыл-ойдың формасы, инфроқұрылымы. Меніңше, өзіңнің өркениетіңді білу үшін әлемдік, жаһандық өркениеттің үрдістерін біліп, терең түсіну керек. Сонда ғана қазақтың әлемдік өркениетте қай межеде тұрғанын, қай салада қалып бара жатқанымызды анықтай алар едік. Шетелдермен араласа отырып, салыстыру арқылы өзіміздің жағдайымызды түсінеміз. Сонда ғана біз өз жолымызды табамыз. Әлемдік үрдістерді білмей, сен өзіңнің кім екеніңді түсінбейсің. 

Менің ойымша, қазақтың мәдениеті, әдет-ғұрыптары ерекше. Тек, біз оны бағалай алмай жүрміз. Қазақтың ашықтығы, ақкөңілдігі секілді мінездері рухани байлықтың жемісі. Ал бұл қазір кемшілік болып саналып жүр. Біздің табиғатымызға қулық тән емес. Сондықтан ашықтығымыз, тез қабылдағыштығымыз – дамуымыздың кілті. Оған қосымша іскерлік және білім керек. Ізденімпаз болуға ұмтылыумыз керек. Ізденуді тоқтатқан мәдениет, адам ешқашан өспейді. 

 – «Где начинается цивилизация, там кончается культура» деген сөз бар. Осы тұрғыдан келгенде, біз жаһандану аждаһасынан мәдениетімізді қорғай аламыз ба? Қарсылық көрсететін иммунитетіміз дайын ба? 

– Шынында да, әр өркениеттің өзіндік жақсы және жаман жақтары бар. Өркениеттің барлығы тек пайда әкеледі деп айтуға да болмайды. Батыс өркениеті Америкаға барып, үндістерді басып алды. Керемет өркениеттер қирап қалды. Сондықтан Батыстың жақсы жағын қабылдап, жаман жағын алмауымыз керек. Батыс өркениетінің рухани вирустары бар. Біздің батысты ойланбай қабылдап жатқанымыз дұрыс емес. Сұрыптау керек: батыстың ғылым-білімі, технологиясы, демократиясы керемет нәрсе. Бірақ Батыс ақшаға құнығып кетті, ерлі-зайыпты қатынастарды бұзып алды. Ал ақша мақсат емес, ол құрал. Адамның негізгі мақсаты оның рухы, адамгершілігі екенін ұмытпауымыз керек.

 – Қазір ағылшын тілінің қажеттілігі, одан кейін батыс мәдениетінің күшті ықпалы, мәдени экспанциясы халықты, әсіресе жастарды батысшыл етіп барады. Біз батысшыл боламыз деп, шығыстық зердемізді жоғалтпаймыз ба? Шоқанның өзі батыстың ықпалының зиянын кеш ұққан. Сіздің пікіріңіз қандай? 

‒ Халқымыздың екі рухани көсемі – Шоқан мен Абай біреуі батысшыл, біреуі шығысшыл болды. Олар бір-бірімен араласқан жоқ, ал егер араласса, бірін бірі түсіну қиын болар еді. Ал негізінде Шоқанның орны бөлек. Ол тез қабылдап, тез дамып кетті. Бес-алты жылдың ішінде орыс тілін еркін меңгеріп, білімнің шыңына ұмтылды. Қазақтың надандығы мен еріншектігіне налып, батыстың және Ресейдің оқу-біліміне көңіл бөлген. Бірақ оларды терең түсіне келе, Батыстың іріп-шіріп бара жатқанын сезді. Шоқан өмірден 30 жасқа толмай ерте кетті, ең болмағанда қырық жыл жасағанда көп нәрсені түсінер еді. Себебі ақылды адам өз халқын ойлай келе, патриот болады. 

– Киплинг: «Восток есть Восток, Запад есть Запад», ал Олжас Сүлейменов: «Нет востока и запада нет, есть единое слово Земля» дейді. Бірақ қазіргі Таяу Шығыстағы, Сириядағы, Ливиядағы жағдайлар, жалпы, Араб елдерінде болып жатқан оқиғалар сол Батыс пен Шығыстың еш қосылмайтынын көрсетеді. Қосылғанның өзінде қандай жағдайда қосылатынын айтып бере аласыз ба? 

– Киплинг пен Сүлейменов екі түрлі айтқанымен, екеуінің айтқаны бір дүниенің екі жағы, демек диалектикалық бірлік. Материяның өзі де солай. Протон мен электрон екеуі екі түрлі, бірақ бірігіп бір материяны құрайды. Батыс пен Шығыс екі түрлі болғанымен, екеуі бірі-біріне тартады, екеуі әлемнің екі жағы. Айналатын ось біреу. Қазіргі кезеңде Батыс пен Шығыс өркениеттік тұрғыда екіге бөлінсе, ХХ ғасырда әлем идеологиялық, саяси тұрғыда екіге бөлінді. Екі идео­логия ұзақ жылдар бойы текетіресіп келді. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Америка бұрынғы көзқарасында қалды. Яғни күш пен әскери қуатқа деген сенімі әлі де күшті. Араб елдеріндегі жағдай да Американың мұнайға деген қызығушылығынан туындап отыр. Менің ойымша, қазір әлемдегі бейбітшілікті ұстап тұру үшін әлемге басқа сана, психология керек. Бұрын күшпен, алдаумен болса, қазір бейбіт қарым-қатынас керек. 

– Жаһандану келе жатыр дейміз. Бірақ жаһандану ұлттық мемлекетке, оның құрылымына қаншалықты ықпал етеді? Мәселен, АҚШ ұлты – жаһанданудың жемісі. Онда мемлекет ұлтты қалыптастырды, ал бізде керісінше ұлт мемлекетті қалыптастырып отыр. АҚШ-тан басталған жаһандану үрдісі ұлттық мемлекетке зиянын тигізбей ме? 

– Жаһандану үрдісінің қазіргі бағыты ұлттық мемлекетке қарсы. Өйткені жаһандану жағдайында бәрі ашық болуы керек: қаржы, ресурстар, т.б. сол кезде ғана дамиды. Жаһандану үрдісінде бәрі бірдей болса дейді. Ол бәрі бірдей джинсы киіп, фаст-фуд жеп, бірдей мінсе, мәдениеті бірдей космополиттік, адамдардың құндылығы бірдей болса дегенге келетін бағыт-бағдарда дамиды. Бірақ бұл тек материалдық дүние. Саяз түсінікті біреулер мұны дұрыс деп қабылдауы мүмкін. Бәрі бірдей болса, әлемдік тұрақтылық орнайды деуі мүмкін. Алайда бәрі керісінше. Менің бұл сөздерімді АҚШ-қа қарсы деп түсінбеу керек, ол ұлы өркениет. Бірақ саяси экологияда әр түрлі «жануарлар» сақталмаса, көп ұзамай Американың өзі де бұл жалған дүниемен міндетті түрде қоштасады. Жүйелік сараптау деген түсінік бар. Сондағы ең негізгі постулаттардың бірінде, әлемде бірнеше тірек нүктесі болуы керек делінген. Әр мәдениеттің әртүрлі тірегі болады. Қазір Америка әлемнің кіндігі болуға ұмтылуда. Сондықтан жаһандану басқа мәдениеттерді жұтып қоюға бағытталған. Материалдық құрылым жаһандануға тән болса да, әр ел мәдениетін сақтасын!

 – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жәния Әбдібек