СӨЗ ТАРИХЫНЫҢ ТАРАЗЫСЫ

СӨЗ ТАРИХЫНЫҢ ТАРАЗЫСЫ

СӨЗ ТАРИХЫНЫҢ ТАРАЗЫСЫ
ашық дереккөзі
Жағырапиялық аумағы жағынан күн шығысында Тынық мұхиттан басталып, батысында Ақ теңізге дейін созылған ұланғайыр алқапты алып жатқан сайын дала мен ұлы үстірт ежелден түрік халықтарының мекені болды. Ал олардың түп тамыры түмен-түмен жылдарға тереңдеп кететін телегей теңіз тарихына тілі арқылы бойлап, таным-талғамымызды байытамыз. Осы тұрғыдан келгенде бұдан мың жыл бұрын жазылған, ұлы ғұлама, бүкіл түрік әлеміне ортақ бірегей тұлға Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінің құнарлылығы бүгін де өзінің құндылығы мен сапасын жоғалтқан жоқ. Тарихи жаңаруға байланысты еңбекке деген ынтық ықылас күннен-күнге арта түсті. Бұл күнде ғалымның өмір жолы мен оның осы әйгілі еңбегі жайлы мыңдаған зерттеулер мен мақалалар жарияланған екен. М.Қашқариды қазақтан тұңғыш рет Х.Досмұхамедұлы зерттесе, еңбектің қазақ тіліндегі толық аудармасын ақын А.Егеубай жасады. «Сөздік» түрік тілдеc халықтарымен қатар неміс, орыс тілдеріне аударылған. Орыс тіліне шығыстанушы З.Әуезова тәржімалаған. Ал Қ.Бекетаев пен Ә.Ибатов «Сөздіктегі» қазақ тіліне тән тұстарын екшеп, «Түбі бір түркі тілі» атты кітап шығарды. Мен алғаш рет «Сөздікпен» осы нұсқа арқылы таныстым. Оқыған сайын өзім әжептәуір білетін моңғол тіліне де байланысы бар мағлұматтардың молдығына, олардың қазіргі қолданыстағы моңғол тілінде сол бір ежелгі ортағасырлық, мың жыл бұрынғы мағынасын сақтап қалғанына қайран қала отырып, осы кітап негізінде көне түрік тілі мен қазіргі қазақ, моңғол тілдеріндегі түр-тұлғасы ұқсас, мағынасы бірдей сөздерді, сөз тіркестерін өзара салыстыра зерделеп, кейбір сөздердің этимологиясын анықтауға талпыныс жасадым. Ондағы ой – қазіргі Қазақ Елі де, Моңғол Ұлысы да кешегі Шыңғыс хан империясының орнынан отау көтерген жеке дара мемлекет – Ұлыстар. Ал моңғолдар болса сол ұлы державаның қара шаңырағы – Қарақорымға ие болып қалды. Демек, жалпы түркілік кеңістіктен тыс қала алмайды және бүгінгі ұлт құрамы ешқайдан ауып келмеген, Шыңғыс хан заманындағы түрік тілінде сөйлеген түрік тайпа-рулары екеніне дәлел табу, ол түрік-моңғол бірлігі мен тарихы қақындағы ескілікті әртүрлі көзқарасты жаңаша тәуелсіз пайымдауға септігі тиер деген ниеттен туған еді. Еңбектің энциклопедиялық құндылықтары түрік халқының дүниетанымы мен болмысына бойлаудан бастау алады. Ол Сөз арқылы сол халықтың (түрік) санасына, мифологиялық байлықтарына, энтикалық құрылымы мен қоғамдық құрмалас қарым-қатынасына, құзыретлі діні мен тамыры сан тарам тектік түп-тұяқиянына тереңдеп, теңіз түбіне сүңгіп, талмай маржан тергендей сүзе отырып, түріктер өмірін материалдық және рухани тұрғыдан сипаттап, этикалық, эстетикалық баға жетпес құндылық құбылыстарын алақанға салып, айнадан қарағандай етіп көрсетеді. Осындай ұланғайыр кеңістік пен уақыт өлшеміне құлаш созған еңбектің бүгінгі таңда ендігінде – Алтай тауынан Амур дариясына дейін, бойлығында – қытайдың Ақ қорғанынан алқалы Аңғара-Байкөлге (Анкара-Байкал) дейінгі байтақты иеленген моңғол жұртының қазіргі моңғол тілімен салыстыра зерделеу бүгінгі түрік тілдес (түркі тілдес емес) халықтардың моңғол халқымен тектік және тілдік бірлігін анықтауда ұстанып, табан тіреп жүрген батыстық тұжырымдардың екіұшты, тіпті кейбірінің жасанды, жалған екендігіне көзімізді жеткізеді. Түрік және моңғол тілінің бірлігі жөнінде бұған дейін ғылым докторы Б.Базылханның «Қазақ және моңғол тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы» атты монографиясы жарық көрді (Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың Білім академиясының республикалық баспа кабинеті, 1999 ж. 165-б). Б.Базылхан моңғол тілінің түбір сөздерінің жетпіс пайызға жуығы түрік тілінің түбір сөздерімен сәйкес келетінін айтады. Алайда еліміздің тілші, тарихшы ғалымдарының қай-қайсысы болсын осы еңбекке назар аударғанда бүгінгі таңда «Шыңғыс хан қай тілде сөйлеген?», моңғолдар кім деген сұрақтар мазаны алып, екіншіден, ХVIII ғасырда қалмақтардың (жоңғарлардың) қазақтармен тілмашсыз қарым-қатынас жасағанына таң қалмас едік. Таңғалмайтындығымызға орта ғасырда дүниеге келген Махмұт Қашқари «Сөздігін» қазіргі моңғол тілімен салыстыра зерделегенде шүбәсіз иланамыз. Моңғол тілін былай қойып, жалпы «түркология» (бұл атауды әдейі тырнақшаға алдық, өйткені «түркология емес, түрікология болу керек еді») саласында 1985 жылы Алматыда «Мектеп» баспасынан шыққан Ә.Қайдаров пен М.Оразовтың «Түркологияға кіріспе» оқу құралынан басқа содан бергі отызға жуық жылда қазақ тілінде бірде бір қолға алып, шүйіле қарар тұшымды еңбек жарық көрмепті. Демек түрікология ғылымы елімізде тоқырап емес, тоқтап тұрған сыңайлы. Түріктану дегеніміз Күлтегіннің көк тасының көшірмесін көтеріп әкеліп көрмеге қоюмен немесе бір топ адамнан құралған бір-екі апталық экспедиция – шынтуайтында ел кезу, саяхат жасап, бұрыннан белгілі, көзге қанық, көрген-білгенін көлдей мақала жазып, есеп берумен біте салатын іс, науқандық шаруа емес, күрделі әрі тұрақты, тоқтаусыз жүрілетін ұзын сонар ғылыми зерттеу, өткеннің өктемдік ықпал нәтижесінде жіберілген дұрыс, бұрысты сараптап, пайымдап ұрпаққа ұсыну болса керек. Осы тұрғыдан келгенде Махмұт Қашқари қолданысындағы әрбір сөз үлкен мағыналы ұғымға жетелейді. Ол Сөз ұлттың – түріктің (қазақтың…т.б. – Б.Б) тірегі, жаратқан жаны екенін дәлелдейді. Ғұлама ғалым жер бетінде түркі деген ұлт болғаны туралы сөз қозғамаған. Оның түрік тілінің мәртебесіне, түрік жұртының құзыретіне, түрік ұғымының қастеріне деген махаббаты ала бөтен. Шегелеп жазып, мәрмәрлап сызып, тәптіштеп түсіндіріп отырғаны түрік тілі, түрік жұрты туралы. Алайда небір сырттай тағылған «измдерге», идеология мен жасанды идея жетегінде кеткен, «бопса пікірлерге ұя басып, ықтасындап пайымдаумен шектелген» (Т.Жұртбай) ғалымдарымыз қазақты (qazaq) «қазақ» деп жазуға жарамай, атаудың орыс тіліндегі үлгісімен «казах» (kazakh) деп әлемеге паш етті. Ал түрікті «түрік» дей алмай, шынын айтқанда «күшігінде таланғанның» мінезін танытып, қорғаншақтап, этнонимді «түрк», «түркі», «түрік» деп бірнеше вариантпен атап, бір ізге түсіре алмай-ақ келеді. Білікті ғалымдарымыздың өзі дұрыс оқып, біле тұра бұрыс жазды. Ал Махмұт Қашқари болса, түрік жұрты және түрік ұлысы жөнінде «мен тәңірінің дәулет ұясын түріктер жұлдызына жаратқандығын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырып қойғанын көрдім. Тәңірі оларды «түрік» деп атады, оларға ұланғайыр ұлы үстірттен шұрайлы мекен сыйлап, оны «өз қосыным» деп санаған, «сансыз көп мақтаулы қасиеттерге ие» деп тайға таңба басқандай айқын жазып, еңбегіне «Диуани лұғат ат-түрік – Түрік тілдерінің диуаны» деп ат қояды. Біз оны «Түркі сөздерінің жинағы» деп бұрмалаймыз. Көне һәм орта ғасырлық түріктерді бүгінгі түріктерден ажырату үшін бұл пайдалы деп уәж айтамыз. Олай болса арабты арабы, немісті немсі, орысты орсы… атап неге ғылымға «пайдалы жаңалық» ашпаймыз. Сондықтан да әуелгі кезекте біз күрделі философ, терең ілімді, сан қырлы тілші ғалым Махмұт Қашқари ізімен «түрікті» «түрік» деп атауымыз керек. Тәңірінің өзі жарылқаған осы атаудың түп төркіні – Моңғолияның төріндегі Күлтегін, Тоныкөк, Орхон ескерткіш жазбаларымен сабақтасып, құрмаласып жатқан қастерлі ұғым. Оны біз бір сәт көзден таса, көңілден ада ете алмаймыз. Сөйте тұра қазіргі моңғолдар түріктің байырғы мекеніне ие, тарихи зерделері терең, баласынан басшысына дейін ұлтшыл бола отырып, тілдері түбірімен түрік тілімен тұтасып жатса да батыстық, іргесіндегі қытайлық, онан қалса түбіттік жадын жаулаған жалған тұжырымдарға бой алдырғаны сонша қамық (бүтін) түріктен бүйрегін бөлек салып, өздерін түрікпіз деп санамайды. Моңғолдардың малданып жүрген жазба жәдігерлерінің бірде-бірінің түп нұсқасы атымен жоқ. Барлары болса, қытай мен тибет миссионер ламаларының өздеріне оңтайлысын ғана көшіріп көркемдеп хатқа түсіргендері мен буддистік бағытқа ыңғайлап жазып бергендері болса керек. Бертінгі санаттағы батыстық бастау көздерінің барлығы бәрімізге ортақ «бұлақтар». Ал моңғол үстіртіндегі сан мыңдаған, балталаса өшпейтін заттық және рухани ұстыны айқын, тасқа бәдізделген тарлан мұра, тарихи айғақтарға моңғолдар іш тартудың орнына оларға үрке, үдірейе қарап, түрік десе түрпідей жиырылады. Соның салдарынан бүкіл тарихи мұра, жәдігерлері басқаның бөктеріншегі болып, боданында кетіп-ақ жатыр. Олардың осындай дүбәра күйге түсуі екі жүз жыл тума жәдігерлерінің барлығын түгін қалдырмай қиратып, талқандап, тонап, қытай қорғанының табанының астында жаныштаған оңтүстігінен енген үстем езгі мен еңселі есті ерлерін үйір-үйірімен шіркеу, пұтханаларда қамап ұстауға мәжбүр етіп, жадын жаулаған түбіттің еңсесін езген қуаты зарарлы зорлығы болса, одан қалса қызыл қырғынға шалынып, жетпіс жыл бойы қарғы бауға байланып, темір тепкінің тегеуірінде тірлік кешкен, санасына малшыдан гөрі Маркстің ілімін мол-молынан сіңірудің кесірі болса керек. Сайып келгенде саясатпен астарланған өктем іліми індетінің ірі нәтижесі деп көруге болады. Осының салдарынан өздерінің қайдан келіп, қайдан тұрғанын, қашан қалай пайда болғанын күмәнді деректермен дәлелдеп, қылаяғы «моңғол» атауының әлі күнге дейін байыбына бара алмай отыр. Өздерін байтақтың тұрақты тұрғыны, байырғы егесі дей отырып, Алтай, Қаңғай, Кентай (Моңғол жеріндегі) таулары мен шексіз дала төсінде жаһанға жария көне ескерткіштер, тасқа жазылған жазуларды менікі дейін десе, онда түрік болып кеткелі тұр. Өйткені Жерінің түгін тартса тал шөбіне дейін түрік деп сөйлеп, тілінің түбін қаузаса түрік тілінде сайрай жөнелетінін көріп, біліп, сезе тұра моңғолдар жерден негіз таппай, көктен көмек іздеп, көрбілте күй кешіп, түріктік кеңістіктен өзін аулақ салады. Олардың осы осалдығын дөп басқан Мұхтар Мағауин қалқа-моңғолдарын (халх – Моңғол халқының 90 пайызын құрайтын этнос) әлдебір жақтан ауып келген жұрт де есептейді. Ал оны тілдік тек қуаттай ма? Тіл дегеніміз адамзат баласының ұлы уақыттың бойында өшкенін жандырып, өлгенін тірілтеді, тіл арқылы тарихымызды түгендейміз. Ғалымдар моңғол тілін «алтай дәуірі» деген мерзімі анықталмаған кезеңге апарып, сол тұста түркі-моңғол болып бөлінген дей келе, қайсыбірі біртілділік бірлікті былай қойып, олардың тілдеріндегі ұқсастықтарын туыстық-генетикасына байланысты емес, керісінше ұзақ уақыттық қарым-қатынас негізінде ғана пайда болған деп дәлелдеп бағады. Қамұқ (жалпы) түріктің түрік және моңғол болып бөліне жарылуы орта ғасырдың орта тұсындағы айырым екенін мойындағылары келмейді. Осы пікірге әбден еті өліп, ет-бүйрегі бұрылып, санасы сарсыған ғалымдар (қазақ, моңғол) ақиқатқа жүгінер болса, моңғолдардың тілі де, тіні де түрік ұлы түрік кеңістігінің бір перзенті болып шығатынына күмән келтірмейміз. Бұл тарапта соңғы кездерде моңғолдық тілші және тек тектеу (генетик) ғалымдар арасында жарқын-жарқын ілгерілеуші ұмтылыстар байқалып қалатындығын да атай кеткен жөн. Биомедицина инженері-ғалым, АҚШ-тың адамзат баласының генетикалық тегін анықтау бағыттында ғылыми, зерттеумен айналысатын “ФамилиТрий ДНК” компаниясының (http://www.familytreedna.com/) “Монгол ДНК” жобасының көмекші үйлестірушісі Батбаярын Хэрлэн деген азамат «Шыңғыс ханның генетикалық кодын анықтау сияқты күрделі істі ағылшын, америка, қытайлардың мойнына артып қоймай, өзіміз де үлес қоссақ деген ниетпен осы іске кірістім. Бұл тарапта 2009 жылдан бері қазақтың Жақсылық Сәбитов қатарлы тарихшы, антрополог және генетикалық зерттеу жүргізуші ғалымдармен байланыс жасадым. Моңғолдар мәнжур, қытай текті деген орыс зерттеушісі Сергей Каржавинге Ж.Сәбитов: «Моңғолдар мәнжу мен қытайға генетика жағынан үш қайнаса да сорпасы қосылмайды» деп жауап берді. Моңғолдардың Ү-ДНК Гаплогруппасы С3. Бұл жағынан моңғолға ең жақын ұлт қазақ» деп ағынан жарылады. Осы жерде басын аша кететін бір жай, моңғолдар ұзақ жылдар бойы қолданып келген жоғарыдан төмен қарай тік түзілетін, «оқыған сайын бас шұлғытып, түсінікті, ұғынықты дегізіп отыратын» (Б.Ринчин) найман-моңғол жазуын (ұйғыр-моңғол емес, өйткені Шыңғыс хан шапқыншылығы тұсында Найман хандығының ұлыс таңба-мөрін қойнына тығып тасаланбақ болған тұтқын Тататұңғаны ешбір зертеуші найман емес деп дәлелдей алған жоқ) тастап, 1946 жылы орыс графикасын (кириллица) қабылдағанда (қабылдатқанда – Б.Б) түрік және моңғол тілдеріндегі бірдей дыбыстар жазуда әр түрлі таңбалануы тілдік тұтастыққа айтарлықтай нұқсан келтіріп қана қоймай, бір мағыналы, бір ұғымды беретін түсінікті сөздердің түсініксіз болуына әкеп соқтырды. Моңғолдық әліпби құрамына қазақ тілінің «ң», «і», «ұ», «ғ» қатарлы дыбыстарымен бірдей дыбыстардың енбей қалуы түрік-моңғол тілдерінің ара жігін тіпті алшақтатып жіберді. Соның салдарынан моңғол тілінің ережесі бойынша «моңғыл» деп айтылатын сөз «монгол» болып жазылуы керек болды. «Гар» (қол) деп жазып, «ғар» деп оқытты. Қазақ тілінде қолдың қары деп атаймыз. «Алтан» айтылуы «алтын», «төмөр» айтылуы «төмір» (темір), «булаг» (бұлақ) айтылуы «бұлыг», «тэнгэр» (тэңгір)… Тілдік материалдарды бір-бірімен салыс­тырғанда ғана оның қазіргі жайын бұрынғы тарихымен байланыстыра аламыз. Соның нәтижесінде көптеген белгісіз қоғамдық құбылыстардың жұмбағы шешіліп, тарихи құпия сырлардың беті ашылады. Тарихты жаңаша сипаттауда, тәуелсіз өздік бостан санамен жаңалап, саясиландырмай шынайы жазуда бұның берер пайдасы зор болмақ. Қазіргі түрік тілдері мен моңғол тілі уақыт озуына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар жеке-жеке тіл екенін түсіне отырып, Махмұд Қашқаридың өзi “таза түрік тiлi” деп таныған, тек “түрік тiлiне тән сөздерін” қазiргi моңғол тiлiмен салыстырмалы-тарихи зертеу барысында бүгінгі қолданыстағы моңғол тілінде көне түрік тілінің дыбыстық және ұғымдық жағынан ұқсас, ортақ сөздердің мән-мағынасы өзгерместен анағұрлым мол сақталып қалғандығы ұзақ жылдық қарым-қатынастары нәтижесі ғана емес олардың генеологиялық туыстығының көрінісі екеніне тәнті боламыз. Махмұт Қашқари аталған сөздікте өзі-өсіп өнген ежелгі орта ғасырдағы ислам дінінің жеткен өлкелерін ғана санатқа алып отыр. Егерде ғалым Алтай тауын асып, Құбының құмын жиектей, Тамыр өзеніне жеткенде бұдан әлденеше есе ауқымды таңғажайып табысқа тап болар едік. Өйткені тап осы уақытта анау ұланғайыр үстіртте қалың түрік қара нор болып тапжылмай жатқан еді. Сонымен, мысал, мысал болғанда барлық сөзді түгел тізіп беру міндет емес, тек басты-бастысын ғана атап өтеміз. Сөздіктегі қандық туысқандықтың негізі болатын сөздер: «төркун» (төркiн) сөзі моңғол тілінде «төрхөм» (айтылуы төркім), «умай» (жаңа туған баланың жолдасы) моңғол тілінде «умай» (айтылуы ұмай), қазақ тілінің «жатыр» мағынасын береді. «Уруқ» – «уураг» (урыг) – ұрық, ер – ер – эр, қатун – қатын – хатан (айтылуы қатын), тамур – тамыр – тамир (айтылуы тәмір), еркек – еркек – эрэгтэй (айтылуы эрігтей) «ерекек тақағұ – еркек тауық – эрігтей такиа», амрақ – ынтызар, ғашықтық – амараг (айтылуы амырыг) т.б. Мұның сыртында абу(әке), ижий (әже), эхэ (ене, ана), ах-а (аға), бүл (бөле) қатарлы туыстық атаулардың көне түрік тілімен толық сәйкесетіндігін атаумен ғана шектелсек лазым. Махмұд Қашқари көрсеткен түркi халықтарының мекен-жайлары мен тау, теңiз атаулары қазiргi моңғол тiлiнде түгелдей ұшыраса бермейдi. Бұл ғұламаның қамтыған аймақ-аумағына байланысты болса керек. Ғұламаның өзi де барлық топонимдердi толық көрсетпегенiн атап айтқан болатын. Кiтапқа енген мына атаулар: улуш – ауыл, қыстақ; азығ, абыл – бiздiң жұрт, бiздiң ауыл; Атыл – өзен; Ила – өзен; Артыш – өзен; ордұ – хан ордасы; йәтiген – жетi қарақшы (жұлдыз) қатарлы сөздер қазiргi моңғол тiлiнде улс (улус), айл, Ижил, Или (Элээ), Эрчис (Эрчіс), орд-а түрінде кездеседі. Әр қоғамның өсiп-жетілуіне, өркендеп-дамуына немесе құлап, құлдырауына сай сол заманға байланысты тілдер де бiрде жаңғырып, бiрде өсiп, ал енді бірде мүлдем жойылып отырады. «Сөздік» құрамындағы қазіргі моңғол тілінде көрініс беретін атақ-даңқ, шен-лауазымға байланысты біраз сөздердің қанша ғасыр өтсе де өзінің алғашқы мәнін жоймай сақталып келгендігіне көңiл аударалық. Хан – түркi және моңғол халқына тең сөз, ел мен билiк иесi. Қазіргі моңғол тілі грамматикасы бойынша «хаан», ал көне моңғол тілінде «қаған» түрінде жазылады. «Хан» атауы 1924 жылға дейін қолданылып келді. Моңғолдың соңғы ханы – Богд хаан Жабзандамба хутагт осы жылы қайтыс болды да, «хаан» сөзi тарих бетiне көшкен-ді. Моңғолдар хан тұқымын «алтан уураг» – «алтын ұрық – алтын тектiлер» атап келген. Қатун – Афрасиаб қыздарының құрметтi есiмi дейді М.Қашқари. Бұл сөздiң моңғол тiлiнде бiрнеше мағынасы бар: Ханның әйелін «хатан» десе, бұл сөз «қатыгез, қайтпас, қайсар» деген мағынаны да бiлдiредi. Моңғолдар жаужүрек қаһармандарына “хатан” деген де атақ беріп отырған. Өткен ғасырдың басқы ширегінде моңғол жерiн сырт басқыншыларынан (мәнжi, гоминдан) азат етуде ерекше әйгiленген, ақ сүйектер тобынан шыққан, ұлт азаттық қозғалыстардың бас қолбасшыларының бiрi – Магсаржав «Хатан Баатар Магсаржав» атанған. «Сөздікте» тархан – iсләмияттан бұрын “бек” мағынасында қолданылып келген лауазым деп түсініктеме берілген. Бұл сөзді атақ-лауазым атауы екенін қазақтың даңқты батыры Тархан Жәнiбек есімінен жақсы білеміз. Моңғол тiлiнде «тархан» сөзі “дархан” түрiнде кезiгедi, ол “ұста, шебер” деген мағынаны берумен қатар алым-салық төлемейтiн ерiктiлердi осылай атаған. Сонымен бiрге “дархан” – шен, атақ атауы. «Дархан» атағымен қазіргі кезде жауырыны жерге тимес балуандар мадақталады. Көне түркi тiлiнде өң, түс, реңдi бiлдiретiн көк, сары, қара сөздерi қазiргi моңғол тiлiнде қаз-қалпында қолданылады: көк – хөх, сарығ – шар, ал қызыл – ал улаан, қарақ – хар. Ал, қазақ тiлiндегi баран, күрең, қоңыр, бурыл, кер, шабдар, құла, тарғыл, шұбар сияқты сөздердiң айтылуында ғана аздап өзгерiс бар. Бұлар моңғолша – бараан (баран), хүрэн (күрің), хонгор (қоңғыр), буурал (бурыл), хээр (кер), шавдир (шәбдір), хул-а (құла), тарлан (тарлың), цоохор(цоқыр)) түрiнде қолданылады. Көк түс – моңғол үшiн қасиеттi, қас­терлі өңнiң бiрi. Хөх – аспан, хөх тэнгэр – көк аспан, құдай (көк тәңiрi), құдiрет, жаратушы. Хөх чоно – көк бөрi – моңғолдың аңыздық ата тегi. Көк Түркi – Көк Моңғол. Көк байрақты бiр заманда бұлар да көтерiптi. 1989 жылғы демократиялық шеру тартушылардың көтерген бiрден-бiр туы – осы көк байрақ болған-ды. «Көк» сөзi қазақ тiлiнде “жасыл” деген ұғымды да беретiн болса, мұндай үрдiс моңғолдар да бар. Моңғол тiлiнде егіншілік шаруа­шылығына байланысты тариа (егiн), тарих (егу) деген сөздер бар. Түбiр сөз көне түрікше («Сөздікте») – тарығ – дән, ал моңғолша бұл мағынаны “үр” деген сөз бередi. Моңғол тiлiндегi «егу», «егiн» сөздерi «үр» деген сөзден туындамайды. “Егiншi” моңғол тілінде “үрчин” емес, тарығ+чин – тариачин (чин – жұрнақ). Егiншiлiк кәсiбiне қатысты көне «тарығ» (дән) сөзінің қазіргі түріктер емес моңғол тілінен табылуы тіпті таңғаларлық жай. Біз ұлы ғұлама «Сөздігін» қазіргі моңғол тілімен салыстыра зерделегенде түрік және моңғол тілдеріндегі дыбыстық, мағыналық тарапынан сәйкес келетін сөздердің молдығына көзіміз жете отырып, жазбамызды шағын ғана мысалдар келтіріп, келте қайырдық. Осы мағлұматтарды толықтырып, сұрыптап, сөздіктегі мән-мағынасы, мазмұны қазіргі моңғол тілінде де ортақ мақал-мәтелдерді аударып, топтаса жеке дара бір кітап болары сөзсіз. Мұның өзі бұл тақырыпты ары қарай қаузай зерделеп, тереңдей зерттер адамға дем боларлық, бүгінгі таңдағы кейбір заманауи сұрақтарға жауап табуға иненің жасуындай болса да септік-селбеу болары, сондай-ақ көне дәуірде түрік және моңғол халықтарының ортақ тілде сөйлеуі мүмкін екендігіне аз да болса дерек болатын сияқты. Осы тұрғыдан келгенде, тұтас түрік әлемінің інжу-маржан ізімен жүріп, «күллі түрік тілдерінің тұтастығын білдіретін қасиетін, өзара айырмашылық белгілерін айқындап, өзекті заңдылықтарын жүйелеп, түзіп ұсынған» (А.Егеубай), сол бір ежелгі ортағасырлық дәуірде төрт құбыласы тең, аса көркем, бай тілдің қоғам өмірінің барлық саласына қызмет еткен, бүгінгі тілмен айтқанда халықаралық һәм ұлтаралық қатынас құралы болған, шұрайлы да, құнарлы түрік тілін («Түрік сөздігін») жақын туыс, туыстас немесе алыс туыстас тілдермен бүгінгі заман талабына орай салыстыра зерттеу ортақ тілдік мақсат-мұратымызға жетуге, жалпы түріктік тілдік тұтастықты, тарихи тектестікті қамтамасыз етуге негіз болар іргелі құралдардың бастыларының бірі болатынына, егерде жалпы түріктік ортақ тіл жасақталар болса, ол моңғол тіліне де жат болмасына күмәнданбаймыз.

Бақытбек Бәмішұлы,

 филология ғылымдарының 

кандидаты, жазушы