Әншілеріміз Веронаны бағындырмақ

Қарашаның 4 мен 10 аралығында Веронада (Италия) Опера
әншілерінің халықаралық конкурсы өтіп жатыр. 40 елден, соның ішінде
Қазақстаннан келген қатысушыларды алдын-ала жүргізілген тыңдау барысында
іріктеді

Енді олар 4-6 қараша аралығында Джакомо Пуччинидің «Богема»
және Гаэтано Доницеттидің «Мария Стюарт» операларын орындап, іріктеу кезеңінен
өтеді, ал конкурс финалы 7-8 қарашада болады. Жеңімпаздар 2014 жылдың қысында
Arena di Verona театрында партияларды орындау жөнінде келісім жасамақ. 
Аталған конкурс екі жылда бір рет ЮНЕСКО қолдауымен өтеді. Arena di Verona
театрының әртістік директоры Гаваццени мырза фестивальдің төрағасы болып
табылады. Әділқазылар мүшесі – 20 жыл бойы осы конкурстың сыйақысын қолдаған,
Опера және поэзия институтының директоры әрі Веронадағы ЮНЕСКО төрағасы
Джанфранко ди Босио.
«Астана Опера» театры Опералық труппасының көркемдік жетекшісі Гюзель Хайбулина
10 жылдан бері опера әншілерінің белгілі бір партияны орындау жөніндегі
халықаралық конкурсында қазылар алқасының мүшесі. Атап айтқанда, Джакомо
Пуччинидің «Турандот» операсына арналған конкурста қазылар алқасының төрайымы
Ева Мартон, Дж. Вердидің «Аида» операсына арналған конкурста қазылар алқасының
төрайымы Бруно Бальоне болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін өкілдер, мейлі
ол Америка, Жапония, ОАР, Австралия, Англия, Скандинавия елдері болсын, Шығыс
Еуропа елдері болсын, өз елдерінде алдын-ала іріктеу жүргізіп, Веронада өтетін
сайыстың жартылай финалына, финалына қатысуға ең үздіктерді алып келеді.
Осы конкурстың алдында Хайбулина Мәскеу, Петербург және Астанада 90-нан астам
адамды тыңдап шықты. «Астана Опера» театрынан ол біздің үздік әншілерімізді
алып барды, олар: Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев, Галина Чеплакова, Әлфия
Кәрімова.
«Arena di Verona-ға қатысу – кез келген әртістің арманы,ал біздің әртістердің
деңгейі өте жоғары деп санаймын, әсіресе мен Рудольф пен Марсель партиясындағы
Медет Шотабаев пен Сүндет Байғожинді ерекше атап өтер едім. Әлфия Кәрімованың
жеңіске жететін барлық мүмкіндігі бар, ол осы конкурс үшін Мария Стюарттің
ауқымды партиясын арнайы жаттады. Мен конкурстан кейін осы спектакльдің, мейлі
жартылай концерттік нұсқада болсын, Астана көрерменіне ұсынылғанын армандаймын»,
– дейді Гюзель Ғарифоллақызы. Салмақты қарсыластар арасынан ол Италия, Оңтүстік
Корея және Қытай әншілерін атады.
Жаңа маусым басталғалы «Астана Опера» театрының бірнеше опера әншісі Еуропа
елдерінде лайықты жеке өнер көрсетті, олар: Италияда «Луиза Миллер» операсында
Рудольф партиясын орындаған Медет Шотабаев, Барселонаның «Лисео» театрында
Әлфия Кәрімова өзінің жеке концертін сәтті өткізді, Артур Қайыпқұлов «Астана
Опера» театрының атынан Елена Образцова атындағы конкурсқа қатысты, кейін ол Париждегі
Орыс үйінде жеке концертін өткізді, қарашада әнші Санкт-Петербордағы И.П.
Богачева атындағы конкурсқа қатысады.

Индира Байсалбекова

Back to top button