ӘЛІПБИ ТАСАСЫНДАҒЫ... ӘЛЕМ

ӘЛІПБИ ТАСАСЫНДАҒЫ... ӘЛЕМ

ӘЛІПБИ ТАСАСЫНДАҒЫ... ӘЛЕМ
ашық дереккөзі
262

Тағдыры қазаққа архив берген жоқ, фольклор берді. Біз тарихты сол ауызекі әңгімелерге қарап жасадық. Яғни, цензурасыз, бақылаусыз баян қисындалды. Әлі де солай. Десек те аңыз алашты сендіргенімен, әлемді сендіре алмайды. Кеңестік идеологияның «сенің тарихың он жетінші жылдан басталады» деген  қисыны да дерексіз, һәм аргументсіз. Сонда қолымызда қандай тарих бар өзі? Сол азды-көпті деректі ақиқат, жаһандық мәртебе бәсекесінде сенімді қисын бола ала ма? 

1. Геродот жазған… қазақы болмыс

Қазақ медивистикасы жағдайында архив деректерінің орнына фольклор жүреді дедік. Ал сол фольклордан не алуға болады? Біз үшін архивке тән қасиеті бар ауыз әдебиетінің көп құндылықтарын жете түсінбейтін сияқтымыз. Көп нәрсе ұмытылды. Көп нәрсені түсінбейміз. Фольклор тасасында жатқан ишаралы имитацияларды ізденуге, ұғынуға зеректікпен қоса, танымдық білігіміз де жетпей жатады. Мәселен, ұлттық брендтің бірі – қымыз. Оның патенті немісте кетті. Бірақ қымыз бұрынғысынша қазақтың төл асы болып қалды. Сонда немістен қымыздың патентін қайтара аламыз ба? Аламыз! Ол үшін патент ұрлағыш пысық неміс түгілі, Германияның өзі де жоқ дәуірдің постулатты деректерін пайдалану керек. Таңданбаңыз, ол – бар! Оның авторы – анау-мынау емес, тарихтың атасы – Геродот! Оның «Мелпомена» атты қомақты шығармасы! «Мелпоменада» «Кас­пийден арғы дүниені» мекендейтін иссидондар (үйсіндер) мен аргиппилерде (арғындарда) жылқы сүтінің культі басым екені жазылады. Жылқы өсірген елдің баласы есебінде жақсы биенің 10 литрге дейін, орташа 5 литр сүт беретінін білеміз. Қымызқұмар қазақты ол да қанағаттандыра алмайды. Сонда биені қайтіп идіріп, сүтін қайтіп молайту керек. Жазбасы, мұраға қалдырар нұсқаулығы жоқ ежелгі ата-бабаның осы орайдағы этнографиялық амал-тәсілінің бізге жетпегені де өкінішті. Ал Геродот ежелгі қазақтардың биені идіру үшін құйрығына ортасы тесік сүйек (қойдың ортан жілігі болуға тиіс деп топшылаймыз – Автор) тығып, үрлейтінін, биенің ағзасын босататынын жазады. Тұрмыстық қана қажеттілігі бар мұндай тәсілді елдік пен патриотизмді ту қылып ұстаған, содан бері мың сан тарихи оқиғаларды бастан кешкен фольклор бізге жеткізе алған жоқ.

Сондай-ақ бүгінгі буын күні кеше ғана өткен Біржанның «Жамбассипарындағы» «Шетіне орамалдың түйдім сусар…» деген өлең жолын түсіне ме? Түсінбейді! Себебі ол заманнан да оның сырын түсіндіретін тәлімдік жазба дерек қалған жоқ. Бұл жердегі «сусар» не сусар сонда? Бала күнімізде қариялардан естіген әңгімелерді қинала отырып, еске түсірер болсақ, аталық сусардың мүшесінде ер адамның қуатын арттыратын феромон бар-мыс. «Манас» жырында айтылатындай, «күндіз – қымыз, түнде – қыз…», қызық қуған заманда Арқаның сал-серілері сол феромонды қолорамалдың шетіне түйіп, қажет кезінде… иіскейтін болған. Немесе, жүзден асқан ұлы әжеміздің келіндеріне: «ер баланы етпетінен жатқызып үйрет…» деп жататынын да талай естідік. Оның сыры неде? «Қараша ауылдың ақсақалды архивариустерінің» айтуынша, ол – жаугершілік заманнан қалған үрдіс, әскери жорықтың тәлімі. Себебі, етпетінен жатқан адам төтеннен үстінен жау басса, күш алып тұрып кете алады. Ал шалқасынан жатқан сарбаз өйте алмайды. 

Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз дегенге келейік. Биеден сүт шығарудың ежелгі этнография­сы бізге жетпеді. Алайда жазба деректің арқасында, одан да ерте өмір сүрген Геродотта ол қисын бар. Оны айтпағанда, күні кешегі Біржан заманының да этнографиялық ұстындарын ұмытыппыз. Міне, фольклор мен жазба деректердің айырмасы осындай!

Біртұтас ұлттық ұстында кінәрат тууы да содан басталады. Себебі, білмейтін нәрсесін әркім өзінше қисындайды. Орашолақ байламдар, тарихи қисындар құрастырылады. Қазіргі ең актуальды мәселе де сол болуға тиіс. Себебі, сол арқылы ұлттың шынайы тарихы, соған сәйкес бет-бедері өзгереді. Яғни басты гәп – тарихты дұрыс қисындауда. Соған сәйкес оны дұрыс жазуда! 

Сөз  реті келгенде, мына бір тарихи нақты деректі де келтіруді жөн көріп отырмыз. Өткен ғасырдың ортасында мәскеулік профессор Депман мен қазақ математигі Мыңбай Ысқақовтың тарихи хронологияның бақандай бір ғасырға қателесіп келгенін анықтағанын білесіз бе? Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын б.д.д. 334 жылы қайтыс болды делік. Яғни біздің дәуірге дейінгі бірінші жыл мен біздің дәуірдің бірінші жылы арасындағы уақыт айырмасы бір жыл деп есептелінді. Ал профессор Депман мен Мыңбай Ысқақов екеуінің арасына «нөл» санын қойып, аралық уақытты бір жылға ұзартты! Ол да – ұлттың дерексіз, елеусіз қалған мәртебелі бренді!  Геродот жазған, таным әлемі мойындаған брендтерімізді білмейтініміз өкінішті-ақ…

2. «Кривойлар» дүниесі: тарихқа ревизияны тарихтың өзі жасайды!

Мақаланың тақырыбына орай, ішінде басшылықтың өзі де бар оқырмандарымызды, құдай өзі кешірсін, сондай-ақ тұтас халықты да «тарихты жасаушылар» және «тарихты жазушылар» деп екі топқа бөлуге мәжбүрміз. Сонымен біреулер – тарихи оқиғаларды жүзеге асырады, ал енді біреулер – оны жазады екен. Яғни тарихи оқиғалардан соңғы тарихты біз сол жазушылар құрастырған қисынға сай білеміз, қабылдаймыз, сенеміз. Сөйтіп таным тұрғысында «Білік. Қабылдау. Сенім.» деген үш ұғым пайда болмақ. Жылдар, ғасырлар, дәуірлер өте келе сол ұғымдар гипотезалық деңгейден өтіп теоремаға, постулатқа айналмақ. Соның салдарымен астарында саясат немесе басқа да бір жымысқы пиғылдар жатқан «қолтума тарих» нақты тарихи дерек есебінде қабылданбақ. Адами таным мен білік тарихында ондай мысал жеткілікті. Алысқа бармай-ақ қоялық. Генерал Рахимовтың қазақ екеніне тым құрымады жалқы өзбекті сендіріп көріңізші! Одан ештеңе шықпайды! Өзбек ұлтының түсінік-танымында генерал Сабыр ака Рахимов – «кәтте өзбек». Өл-тіріл, оны өзгерте алмайсың. Себебі, өзбек тарихы жетпіс жыл бойы солай қисындады, солай жазды және… халқын сендірді. Сендіре білді! Міне, «тарихты жазушылардың» құдіреті осында. 

Бір қарағанда біздің қисынның дүниеден түңілдіріп жіберетіндей болып көрінуі де ғажап емес. Ақиқаты олай емес дер едік. Себебі, әманда әрекет – адамнан, ақиқат – Алладан! Сондай-ақ өз көкейіміздегі негізгі пікірді де дәл осы жерде айтпақпыз. Біздіңше, тарихқа ревизияны тарихтың өзі жасауы керек! Әлбетте, адамзаттың ондаған, жүздеген жылдар бойы басын қатырып, жауабын таба алмаған дүдәмал ойларының жауабы аса төңкерісшіл бір оқиға арқылы ғана алынып, орнына қойылатыны белгілі. Орыс тарихындағы «Смутное время» деген кезеңдегі «Лжедмитрийлер» сияқты біздің де өз «Лжебатырларымыздан» аяқ алып жүре алмай қалған шағымызда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тарихты қайта жазу мәселесін көтеруін біз тарихқа жасалуға тиіс осындай төңкерісшіл ревизияның қарсаңы дер едік. Демек, тарихи ақиқаттардың өз орнына қойылар, «қолтума тарихтың» күні бітер кезеңнің қарсаңында тұрғанға ұқсаймыз. Жұмыс басталып та кетті. Көкейде біраз күмән  жатқанына қарамастан, нәтиженің оңтайлы, иманды болатынынан да үміттенеміз. 

Әлбетте, бастаманың дұрыстығына күмән жоқ. Лорд Байроннан «болашақты болжаудың ең дұрыс жолы – өткенге көз салу» деген ғажайып сөз қалды. «Қазақстан-2030» жобасы, бәсекелестікке қабілетті елу елдің қатарына қосылудың биік мақсатын ұстанып отырған ел үшін ол өте маңызды. Десек те, тарихты қайта ревизиялауды қолға алып отырған басқа елдер бар ма, дегенге келейік. Бар. Оның бір мысалы – іргелес орыс­тар. Орыс тарихында кемеңгерлігі реформатор І Петрден кем емес деп есептелетін Ярослав Мудрый деген ұлы князь өткен. Күні кешеге дейін солай есептелінді. Ярослав данышпан деп саналынды. Ал соңғы кезеңде сөйткен Ярославтың да «қоясы» қопарыла бастады. Орыс тарихшылары Ярослав Мудрыйды (Данышпан) қазір Ярослав Кривой (Қисық) деп жаза бастады. Себебі, православ шіркеулеріне  бейнесі ілінген Ярослав Мудрый иконадағыдай келбетті емес, денесінің кінәраты көп мүгедек адам болған. Сондай-ақ әрекеттері де – нағыз арамзаның ісі. Өзіне дейінгі ұлы князь болған Владимирдің атын өшіріп, бүкіл еңбегін жылнамашыларға өзіне теліткен. Яғни күні бүгінге дейін Ярослав Мудрыйға тиесілі нәрсенің бәрін атқарған ұлы Владимир екен. Орыс тарихы күні кешеге дейін данышпан саналған Ярослав Кривойдың сүйегін моладан қопарып алып, өртеп жіберуге әзір отыр. Міне, тарихқа жасалынар ревизия дегеніміз осы. Бізге салса, ішінара мұндай әрекет қазақ тарихына да керек тәрізді ме-ау… Себебі соңғы жиырма жылда қазақтың «қолтума тарихының» өз «Кривойларын» самсатып, жарнама сахнасына тізіп қойған жағдайы бар. Оны Сіз де жақсы білесіз…

«Өркениеттің 

соңғы күні…»

«Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағида және бар. Соны басшылыққа алсақ, «тарих – нақты ғылым емес-мыс…». Себебі жеңімпаздар тарапынан өзіне саяси, тарихи тұрғыда пайдалы түрлі гипотезалардың, болжамдардың жасалынатыны белгілі. Өйткені қазақы жалпақ тілмен айтқанда, «мықтының арты диірмен тартады…» Одан шыққан «желдің…» иісі нашар гипотезасымақтарды жағымпаздар мен тілектестері іліп әкетіп, одан әрі насихаттайды, таратады. Соның салдарынан әруақты танымның саф атмосферасының иісі бүлінеді… Ал ондай «тарихи» қисындардан басқалардың мұрнын баса… жиіркене қашуы әбден заңды. Мүдделі ортада қажетті тарих есебінде қаншалықты дәріптелсе де оның тұтас халық, адамзат қоғамы үшін дәретхана иісіне ғана лайықты бағасы болмақ. Бізге салса, оны тәуекелге бас тіге отырып, «Өркениеттің соңғы күні» деп атар едік…  

«Зәрулік синдромы» – өзінде жоқтарға ғана тән!

Осы тұстан «зәрулік синдромы» деген тың ұғым туындатуды қош көріп отырмыз. Тың қисын болғандықтан қабылдау немесе қабылдамау өз еркіңізде. Әл-Фараби мен Бейбарыс бабамызға байланысты оңтайлы әрекеттеріміз бен жетістіктеріміз бары белгілі. Әсіресе, мұсылман әлемінің ішінде Бейбарыс бабамызды Мысырды 300 жыл билеп, арабтармен ара-қатынасын салқындатып алған, соған орай араларында бәсеке қалыптасқан түрік ағайын жоғары бағалайды. Олар Бейбарыстың түркілік тегін мақтан етеді. Яғни Бейбарыс атамыз кресшілерді, Құлағу әскерін талқандауына байланысты бүкіл мұсылман дүниесінің мақтанышы болса, Әбу-Насыр бабамыз – планетарлық деңгейдегі тұлға. Фарабидің де, Бейбарыстың да тарихи фактологиялық деректері араб жазбаларындағы «тегі қыпшақ» деген түйінмен қисындалатыны ғана белгілі. Ақиқатында араб құжаттарында олардың екеуі де «қыпшақ даласынан шыққан» деп жазылады. Ал қыпшақтық текке татар-башқұрт та, өзбектер де, Қап тауындағы түркілердің де ортақтаса алатыны белгілі. Алайда қазақ тарихшыларының деректері мен түйіндері жеңіскер болды. Демек, осы орайда ұлттық мәртебеге айтарлықтай үлес қосқан екі тарихшыны айта кетуге тиістіміз. Олардың біріншісі –  Ақжан Машани, ал екіншісі – Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Әсіресе, Бейбарыс тақырыбының даулы болғаны өтірік емес. Кеңестік дәуірде «Қазақфильм» киностудиясы Бейбарыс туралы фильм түсіреді, оның режиссері ұлты татар Болат Мансуров болады дегенде алаңдағанымыз да өтірік емес. Себебі, тегі татар режиссердің Бейбарысты татарға айналдыруы қиын емес-тұғын. Алайда бақытымызға орай, ұлы бабаны Нұрмұхан Жантөрин сомдады. Атыраудан Бейбарыс бабамызға ескерткіш тұрғыздық. Сөйтіп ұлы бабаның қазақтық тегіне енді ешкім таласа алмайды. Тарихқа байланысты тұста деректермен қоса болжамдардың да қисынды сәйкескен бір оқиғасы осы болды. 

Кіндік Азиядағы амбициялы мемлекеттің бірі – Өзбекстан. Әл-Фарабимен қоса ұлы Бейбарыс­тан айрылып қалған өзбектердің «бармағын шайнағаны» айдан анық. Кіндік Азиядағы доминанттықтан мүдделі һәм дәмелі, амбициялы Ташкент үшін ол шынында да орын толмас шығын болатын. Генерал Рахимов үшін қазақпен елу жыл қырқысқан өзбектердің мұндайда қарап жатпайтыны белгілі. Сонда олар не істеді дейсіз ғой? 

Мысыр тарихында тегі қыпшақ, дәл Бейбарыстай болмаса да өзіндік орны болған Қайтпай атты мәмлүк сұлтаны бар. Зәрулік шіркін не істетпейді, ізінше Ташкент оны өзбек есебінде құжаттап алды. Міне, «зәрулік синдромы» деген де осы! 

Күні кеше ғана қазақ боксшылары әлем біріншілігінде төрт алтын алып, төрткүл дүниені таңқалдырды. Ағылшындар ойлап тапқан спорт түрі қазақтың «оң жамбасына» келіп тұр, Аллаға шүкір! Тіпті, құдай өзі кешірсін, қымызды патенттеп алған немістерше бокс тарихын бұрмалап… боксты өзіме телуге де мүмкіндігіміз бар сияқты ма-ау, өзі… Әлбетте, біз оған түбегейлі қарсы болар едік. Өйткені, ол – қисынсыз. Зәруліктен туған синдром, сырқат болмақ. Ал біз ондайға тәкаппар халқымызды әсте қимаймыз!

Әйтеуір айтып қалған соң осы «зәрулік синдромы» тұрғысында да ойымызды білдіруіміз ләзім. Мысалға бойы аласа, қамытаяқ қара бозбаланы алайық. Жатса да, тұрса да ондайлардың арманды өкініші «неге ұзын бойлы, аққұба жігіт болмадым?» дегенге сайса керек-ті. Бірақ ол – мүмкін емес нәрсе. Болары болып, бояуы сіңіп қойған оқиға. Мұқтаждық, «зәрулік синдромы» осы тұстан туындамақ. Әрине, Альберт Эйнштейн, Ньютон, Менделеев, Бонапарт қазақ болып туса, арман не? Алайда олардың тегін, елін, ұлтын тарих әлдеқашан тасқа басып нақтылап қойған. Белгілі тұлғаларды аспан айналып, жерге түспесе… өзіңе меншіктей де алмайсың. Бұл қисынның Шыңғыс қағанға да қатысы бар… 

Сондықтан… 

Сондықтан жалпақ жаһанға күлкі болмай, бойы – мықыр, аяғы – қисық кінәратты пендеге ғана тән «зәрулік синдромынан», мұқтаждық қорлығынан арылайық, ағайын! Басқаның қаңсығы өзін сыйлайтын тәкәппар ұлтқа таңсық бола алмайды! Алты алашта мақтан етуге татыр тұлға оларсыз да бар. Түсінген адамға, Мемлекеттік хатшы тастаған үндеудің артында осындай мемлекеттік, елдік ұстын жатыр. Ендігі міндет – шынайы тарих жазу болғай! 

Түйін

Бір ақиқат бар. Жаһандастыру дәуіріндегі ағартушылық миссияның маңызы Абай, Шоқан, Ыбырай заманынан да жоғары. Оны бүгінгі ақиқаттар көрсетіп те отыр. Біз әліпбиді білетіндерді – сауатты, жоғары білімді адамды – зиялы атаймыз. Ақиқатында, соңғыларының көбінің органикалық интеллигенция, яғни, қолдан жасалған зиялы екенін ескере бермейміз. Кеңестік жүйе мамандарды бір сала бойынша ғана дайындады. Яғни, журфак тек журналист, заң факультеті тек заңгер, мединститут тек дәрігер ғана шығарды. Басқаны айтпағанда, күні кешегі ақ патша дәуірінде оқу орындары шәкірттеріне ғылымның барша саласын оқытты. Мысалы Шоқан оқыған Кадет корпусын алайық. Кадет корпусы – орта оқу орны. Әсте, жоғары оқу орны емес. Соны бітірген ұлы Шоқанның танымдық білігіне назар аударыңыз. Шоқан – этнограф, тарихшы, суретші, географ, философ һәм музыка зерттеушісі, тағысын тағы. Бүгін ұлттық тарихқа деген мемлекеттік мүддеге орай, жалпы тарихты білу, түсіну, одан да бетер мойындай білу мәдениеті ортақ міндетке айналса құба-құп. Әріп танумен, әліпбиді білумен мәселе шешілмек емес. Себебі, әліпбидің артында сыншыл да міншіл әлем жатыр! Ал сол әлемнің талабы, стандарттары «зәрулік синдромы» сияқты әлсіздікті, әсте көтермейді…

Өмірзақ МҰҚАЙ,

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

Серіктес жаңалықтары