Салты мықтының – халқы мықты

Салты мықтының – халқы мықты

Салты мықтының – халқы мықты
ашық дереккөзі
526

28 қазан күні Алматыда Орталық Азия Университетінде Қазақстан Жастар одағы мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының, Т.Айбергенов атындағы республикалық әдеби сыйлықтың, «Ильхам» сыйлығының лауреаты, Қазақ­стан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Қасым­хан Бегмановтың шығар­машы­лығына арналған «Сал­ты мық­тының – халқы мық­ты» атты әде­би-сазды кеш өтті. 

Кешті ұйымдастырған сту­дент жас­тарды мәдени құн­дылықтар негізінде тәрбиелеуді мақсат ететін, фило­логия ғылымдарының докторы Г.С. Балтабаеваның жетек­­шілігімен жақында құрылған «Күл­тегін» республикалық әдеби-тарихи танымдық, этнографиялық және өнер бірлестігі. Ақынмен кездесуді бірлестік жұмысына қолдау көрсетіп отырған Орталық Азия Университетінің ректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор С.А. Қасабеков кіріспе сөзбен ашты. Ары қарай ақын Қасымхан Бегманов өлеңдерін оқып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде жастардың поэзияға қатты қызығатыны, ақындар шығармашылығынан жақсы таныс екендіктері байқалды. Жаратқан берген қасиетпен жүрек төрінен шынайы ақтарылған жырларды әр ақын өзінше суреттейді, өмірлік құбылыстарды зерделей отырып, өзіндік көзқарастарын төгу арқылы ерекшеленеді. Қазақ поэзиясында шабытты шығармашылығымен танылған көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың да өзге ақындардан дараланатын тұсы осы. Қасымхан Бегманов таяуда 55 жасқа толды. Өзінің де кезінде Қазақ политехникалық институтында студент болғандығын еске алған ақын шығармашылық жолды таңдауына институттағы ұстазы Лұқпан Сыдықовтың, ол ашқан «Қызғалдақ» әдеби бірлестігінің ықпалы зор болғандығын тебірене ортаға салды. 1980 жылы инженер-механик мамандығын алып шыққан Қасымхан ары қарайғы өмірін шығармашылықпен бай­ланыстырады. 

Жырларына тарихты, қоғам­дағы көңіл толмайтын дүние­лерді, тау тұлғаларды, мәңгі өл­мей­тін махаббатты арқау еткен ақын көптеген жыр жинақ­тарын шығарды. Жыр сүйер қауымның өлеңдерін іздеп жүріп оқитын ақынына айналды. Ол туралы жазушы, драматург Дулат Исабеков: «Қасымхан үлкен дария сияқты. Қасым­хандар поэзияға кездей­соқ келген құбылыс емес. Бұл өзі табиғатынан ақын болып туыл­ғандар. Өлеңді таусылып жаза­­ды, бәрін сарқып береді», – дей­­ді. 

Ақын Алашорда арыстарының арасынан Мұстафа өмірін зерттеу үшін Мұстафа жүрген жолдармен өтуді жоспарлайды. Зерттеудің нәтижесінде «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильм дүниеге келді. 2011 жылы ол «Жылдың ең үздік деректі фильмі» аталымында жеңімпаз деп танылды. Қасымхан Мұстафа Шоқай атына кір жаққысы келген өскемендік шовинистермен соттасып, алаш қайраткерінің атын ақтап алды. Бұл туралы көрнекті та­рихшы Мәмбет Қойгелді: «Ел тәуел­сіздігінің осынау жиырма жылында жеке басы үшін сот­тас­қандар арамызда көп бол­ды. Ал ұлт қайраткері үшін соттасқан арамызда жалғыз-ақ қазақ бар. Ол осы кітап пен деректі фильмнің авторы ақын Қасым­хан Бегманов», – деп жаз­ды. 

Ақын ата-дәстүрімізді, әдет-ғұрып­тарымыз бен ырым-тыйымдарымызды насихат­тайтын ұлттық «Дәстүр» журналының екі тілде жарық көруіне мұрындық болып келеді. Журналға сұхбат алу барысында Жағда Бабалықұлына барып сырласа, сөйлесе келе ол сұхбаттың соңы «Этнографпен әңгіме» атты кітапқа айналады. Бүгінде ақын «Мұстафа Шоқай жолымен» фильмінің шығарылуы, кітаптың баспаға дейінгі халі, сот процессі, сол кездердегі ақынның жан дүниесіндегі арпалыс, қоғамдағы қазақтың рөлі жайлы ойлары топталған «Экспедициядан кейінгі өмір» атты жаңа бір көлемді кітап жазу үстінде. 

Аталған кешке Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясының, әл-Фара­би атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті мен ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы академиясының өнерге құштар студенттері қатысты. Бұл кеш талай жүректерге әдебиетке, поэзияға құштарлық отын жақ­қаны сөзсіз. 

Айдана ҚУАНТХАНОВА

Серіктес жаңалықтары