Абзал Сапарбекұлы, Түркі Кеңесі Хатшысының орынбасары: «Түркіге ортақ телеарна құрылады»

Абзал Сапарбекұлы, Түркі Кеңесі Хатшысының орынбасары: «Түркіге ортақ телеарна құрылады»

Абзал Сапарбекұлы, Түркі Кеңесі Хатшысының орынбасары: «Түркіге ортақ телеарна  құрылады»
ашық дереккөзі
430

Түбі бір түркіге ортақ рухани құндылықтарды насихаттау, түркітілдес мемлекеттер арасындағы саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту, тарихи мұраларды зерттеп, келешек ұрпаққа аманат ету, түркі халықтарының игілігі үшін қыруар шараны атқару міндеті жүктелген Түркі Кеңесі Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған. Түркінің мерейін әлемдік деңгейде үстем етіп жүрген ұйым туралы Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы әңгімелеп берген еді.

«Рухани құндылықтарымыз маңызды»

– Абзал Сапарбекұлы, әңгімемізді Түркі Кеңесінен бастасақ. Кеңестің басты мақсаты мен міндеті қандай?

– Алдымен сұхбаттасу және Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесін (қысқаша Түркі Кеңесі) танытуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Себебі Түркі Кеңесінің құрылғанына 5 жылдан астам уақыт өтті, ұйым мен оның жұмыстарын насихаттайтын ақпараттар көп болса деген тілек бар. Қысқаша айтсақ, түркітілдес мемлекеттердің басшылары (Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түркіменстан) 1992 жылдан бері Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Саммиті деген атаумен кейде жыл сайын, кейде араға жылдар салып басқосып келді. Осы басқосуларда көптеген жақсы пікірлер айтылғанмен, мемлекет басшыларының тапсырмаларын пысықтап, жүйелі түрде қадағалап, жүзеге асыратын құрылым болған жоқ. Осы орайда, 2006 жылы Антальяда өткізілген 8-ші Саммит тарихта ерекше орынға ие болды. Бұл басқосуда Елбасымыз ұзақ жылдар бойы айтылып келген ықпалдастықты жүйелі жолға түсіретін тарихи да тың ой-пікірлерін ортаға салды. Яғни, Қазақстан Түркі Кеңесі, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы, Түркі кеңесі Іскерлер кеңесі және Түркі Академиясының құрылуына, бір сөзбен айтқанда, түркі әлемінің саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастығының іргетасын қалауға ұйытқы болды. Нәтижесінде, араға 3 жыл салып, 2009 жылы Әзірбайжанның Нахчыван қаласында түркі елдері басшыларының 9-шы саммиті өтті. Саммитте Түркі Кеңесін құру жөнінде халықаралық келісімшартқа қол қойылды және осы арқылы ынтымақтастықты жүйелі жолға қоюдың халықаралық құрылымдық механизмі құрылды. Осыдан бір жыл бұрын, яғни, 2008 жылы Стамбұлда Түркітілдес мемлекеттер Парламентаралық ассамблеясы (ТүрікПА) құрылған болатын. 2011 жылы Алматыда өткен Түркі Кеңесінің 1-ші Саммитінде Түркі Кеңесінің Іскерлер кеңесі құрылды. 2015 жылы Астанада 5 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Түркі Академиясының келісімшарты заңды түрде рәсімделіп, халықаралық мәртебеге ие болады. Дәл осылай орталығы Бакуде орналасқан Түркі мәдениеті және мұрасы қорының келісімшарты да ратификациядан өтті. 1992 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ТҮРІКСОЙ ұйымы бар.

Міне, өзіңіз көріп отырғандай, мақсат – түркітілдес мемлекеттер арасында саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты барынша кең ауқымда жүргізу және оны дамыту. Әңгіме барысында атап өткен ұйымдардың тиімділігін арттырып, олардың арасында үйлесімді ықпалдастықты қамтамасыз ету – Түркі кеңесінің басты міндеттерінің бірі. Түркі кеңесі тұрақты және нақты іс-қимылдар жасауға, түрлі жобаларды сөз жүзінде емес, іс жүзінде қолға алуға мүмкіндік туғызды. Мұның бәрі түптің түбінде қаны бір, тілі бір, тарихы мен ділі, діні бір туысқан түркі халықтарының мүддесіне қызмет ететініне күмәнім жоқ.

– Түркіге ортақ рухани құндылықтарды насихаттау үшін Түркі Кеңесі қандай шаралар атқаруда?

 – Түркі өркениетін тереңнен түсіне білетін көзі ашық жанашырлар түркінің рухани құндылықтары, оның ішінде адамзат өркениетіне деген үлесі теңіздегі інжу-маржан екенін жақсы біледі. Әрине қолда бар құндылықтарымыз аз емес, дегенмен көзі ашылмаған талай-талай дүниелер жатқаны анық. Аса ауқымды әрі терең бұл саланың жауапкершілігін Түркі Кеңесінің жалғыз арқалап жүруі мүмкін емес. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, Астанада құрылған Халықаралық Түркі Академиясының рөлі ерекше. Түркі Академиясы әлемде басқа үлгісі жоқ теңдессіз ұйым десе болады. Түркі өркениеті мен рухани дүниесі жөніндегі ғылыми реферанс пен базаның осы күнге дейін бір жерде топтастырылмағанын ескерсек, Түркі Академиясы түркі өркениетін бүкіл әлемге насихаттаудың қайнар көзіне айналуына толық мүмкіндігі бар. Түркі Кеңесі кейде Түркі Академиясының рухани құндылықтарымызды зерттеуге, насихаттауға бағытталған жобаларына қолдау көрсетсе, кейде Түркі Кеңесінде бастама көтеріліп, оны Түркі Академиясы жүзеге асыруда. Мысалы, рухани болмысымыздың алтын арқауы – Қорқыт атаға байланысты кітаптың жарық көргеніне 200 жыл толуына орай Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Түркі Академиясының ұйымдастыруымен ауқымды шара өтті. Дәл осындай мақсатта 2014 жылы Шолпан-Атада Дүниежүзілік көшпенділер ойынының тұсаукесері болды. Оған 20-ға жуық елден 400-ден астам спортшы қатысты. Келесі жылы 2-ші ойын өтеді. Айта кететін бір жайт, біз бұл жерде ортақ тарихи және рухани құндылықтарымызды насихаттауда өзімізді ұмытпағанымыз жөн. Егер, әрбір түрік баласы бертіндегі ұлттық құндылықтармен қатар, сақтардан, ғұндардан, көк түріктерден бастау алған ескі замандағы тарихимызды, құндылықтырымызды оқып, сусындай білсе ғана ортақ сана қалыптасады. Осы мақсатта, Түркі Кеңесі Түркі Академиясымен бірлесе отырып, 15-ші ғасырға дейінгі түркілердің тарихын мектепте оқытатын оқулық дайындалып жатыр. 1-2 жылда мұның сүйіншісін алып қалатынымызға сенімдіміз. Жалпы алғанда бұл бағытта жобалар өте көп.

«Түркі елдері туризмді дамытады»

– Түркі Кеңесінің V саммиті Қазақстан Президентінің ұсынысы бойынша, биыл Астанада өтеді. Саммитте күн тәртібіне шығатын мәселелер анықталды ма?

– Алдағы 11 қыркүйекте Астанада Түркі Кеңесінің 5-ші мерейтой саммитінің күн тәртібіне шығатын мәселелер белгілі. Белгіленген күн тәртібінен тыс президенттердің саммитке алып келетін ұсыныстары болатыны кәміл. Сондықтан да президенттердің осы бір салиқалы маңызды жиында ортаға салатын ой-пікірлерін асыға күтеміз.

Жалпы саммиттердің басты күн тәртібі осы уақытқа дейін президенттердің бастамалары мен тапсырмаларының орындалу барысы екені белгілі. Саммитте Түркі Академиясы мен Түркі мәдениет және мирас қорының қосымша құжаттарына қол қою жоспарлануда. Түркі Кеңесінің экономика, көлік, кеден, туризм, білім, мәдениет, спорт және т.б. салалардағы министрлер деңгейінде қабылданған жобалар президенттердің қарауына ұсынылады. Жалпы бұл Саммите ерекше саммит болатыны анық.

–Былтырғы саммитте басты тақырып туризм болған еді. Түркі елдері арасындағы туризмді дамытуға Түркі Кеңесі шеңберінде былтырдан бері қандай нәтижеге қол жеткізілді?

– Түркі министрлерінің екінші жиыны биыл мамырда Бакуде өтті. Министрлер мамандар дайындаған «Түркі Кеңесінің Жібек жолы туристік саяхат пакетінің» жобасын бекітті. Саяхат маршрутына мүше елдерден 3-4 тарихи қалалар кірді. Қазақстан Жібек жолы тұрғысынан Түркістан, Тараз және Алматы қаласын ұсынды. Бір турист үшін халық-аралық ұшақ билетінен тыс 3-4 күндік шығын шамамен 500 долларды құрайды. Ендігі кезекте бұл саяхаттың тиімділігін арттыру үшін мүше мемлекеттердің әуе жолдарымен келіссөздер жүргізуіміз қажет. Бұл негізгі жоба. Бұдан тыс ортақ семинарлар, оқу-жаттығу дәрістері, халықаралық көрмелер сияқты жобалар жүріп жатыр. Тағы бір маңызды жайт, мүше елдердің туризм ассоцияцияларының арасында ынтымақтастық хаттамаға қол қойылды. Алдағы уақытта жеке секторлар арасындағы ынтымақтастықты арттыру бойынша нақты істерді қолға алуымыз қажет.

«Түркіге ортақ телеарна құрылады»

– Кеңес шеңберінде сауда-экономикалық серіктестікті нығайтуға қатысты жобалар қарастырылған ба?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің барлық сөздерінде экономикалық ынтымақтастық барлық қарым-қатынастарымыздың локомотиві болуы тиіс дегенді ұдайы айтып келеді. Сондықтан экономикалық мәселелер Түркі Кеңесінің күн тәртібіндегі бірінші кезегінде тұр. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Астанада экономикаға жауапты министрлердің 5-ші жиыны өтеді. Түркі Іскерлер кеңесі шеңберінде осы жылы Бакуде мүше мемлекеттердің іскерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Мүше мемлекеттердің іскерлерінен құралған делегациялардың жұмыс сапарларын өткізу жоспарлануда. Инвестиция саласында түрлі деңгейде меморандумдарға қол қойылды. Осы ретте, экономикалық, оның ішінде сауда-саттықтың артуы арадағы көлік және кеден мәселелерімен де тығыз байланысы бар екені белігілі.

Жалпы алғанда, Түркі Кеңесінде көлік саласындағы ынтымақтастықты арттыра отырып, Жібек жолының транзиттік тасымал дәлізінің әлеуетін қайта жандандыруды жолға қоюымыз керек. Атап айтқанда, Баку-Тбилиси-Карс темір жолы жобасының келесі жылы іске қосылуымен Еуропадан Түркия арқылы Бакуге келетін және керісінше Қытайдан Еуропаға тасымалдайтын тауарлардың Каспий арқылы өтуіне барынша мүмкіндік жасау керек. Түркі Кеңесі мүше мемлекеттердің темір жол компанияларының ынтымақтастығына қолдау көрсетіп келеді. Ақтау және Баку порттары арасындағы көлік және кедендік мәселелер бойынша келіссөздер жүргізілуде. Осы мәселелердің бәрі көлік және кеден саласындағы министрлердің тұрақты жиындарында қолға алынуда.

– Қазақстан Президентінің бастамасымен, түркі елдеріне ортақ телеарна құрылғалы жатыр. Бұл жауапкершілік Түркі Кеңесіне сеніп тапсырылғанын білеміз. Телеарна туралы айтып өтсеңіз?

– Бұл жаңалық сіздер үшін үлкен қызығушылық тудырып отырғанын жақсы білеміз. Елбасы Бодрумдағы Саммитте бәскелестігі күшті ақпараттық кеңістік, оның ішінде ортақ телеарна құру жөнінде бастама көтерді. Түркі Кеңесі мамандардың жұмыс тобының үш жиынын өткізді. Тамыздың 18-інде ақпарат министрлерінің бірінші кездесуі болды. Түркітілдес мемлекеттер тарапынан ортақ телеарнаға сұраныс бар және тараптар ол бойынша жұмыс істеуге дайын. Әрине, мұндай ғаламдық жобалардың бір күнде жүзеге асып кетуін ешкім күтпейді. Дегенмен, осы қысқа мерзімде ортақ телеарнаны тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамада телеарна бойынша барлық аспектілер қамтылды.

– Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы – жастар. Түркі Кеңесінде түркітілдес жастардың бірлігін қолдайтын шаралар мен жобалар бар ма?

– Әрине, бар. Алдағы айларда Түркияда жастар және спортқа жауапты министрлердің бірінші жиыны өтеді. Жақында, Трабзон және Самсун қалаларында түркі жастарының бірінші лагерін өткіздік. Лагерлер жобасын келесі жылы одан да ауқымды өткіземіз деген ой бар. Сондай-ақ, келесі жылы Әзірбайжан жастар фестивалін өткізуді қолға алады. Түркі универсиадасын өткізуіміз керек еді. Өкінішке қарай, соңғы мезетте кейінге шегердік. Министрлер жиналысында түркі жастар кеңесін құру көзделіп отыр. Жалпы келешегіміз жастар болғандықтан алдағы уақытта бұл бағытта тың бастамалар көтеріледі деген үміттеміз.

– Істеріңізге сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы

Алматы – Стамбұл – Алматы

Серіктес жаңалықтары