«БАЛАМДЫ ТІРКЕТЕ АЛМАЙ ЖҮРМІН», —дейді алматылық кейбір оралман

«БАЛАМДЫ ТІРКЕТЕ АЛМАЙ ЖҮРМІН», —дейді алматылық кейбір оралман

«БАЛАМДЫ ТІРКЕТЕ АЛМАЙ ЖҮРМІН», —дейді алматылық кейбір оралман
ашық дереккөзі

 

Жақында   Алматы қалалық Әуезов ауданы  Халыққа қызмет көрсету
орталығының мәжіліс залында «Шетелдерден келген қандастардың жаңа ортаға
орналасу, бейімделу және мемлекеттік қызметті пайдалану мәселелері» (Алматы
қаласы мысалында)  атты дөңгелек үстел болып өтті. 

Дөңгелек үстелді Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы, Еңбек
инспекциясы және көші-қон басқармасы, халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры
ұйымдастырды. 

Жиынға Алматы қаласындағы оралмандарға қатысы бар мекемелердің барлығынан
өкілдер шақырылып, оралмандардың мұң-мұқтажын тыңдауға ұсыныс жасалған екен.
Сөйтіп, Алматыдағы 20-дан астам өкілетті органның  өкілдері қатысқан
жиында басты мәселе – оралмандардың Қазақстанда тұрақты тіркелуі, түрлі
жәрдемақыларды алу және балаларын мектепте оқыту проблемалары сөз болды. 

Тұрақты тіркеудің шырғалаңы


Қытайдан қоныс аударған Нұртұрған Нұрданбек 2005 жылы біржола көшіп
келгендігін айтады. Ол Қытайдағы жұмысына орай, Қазақстанға оралғаннан кейін
ықтияр хатпен жүруге мәжбүр болған. Екі баласы бар. Үлкені магистратурада
оқиды. Әрі Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған. Ал екінші баласы
биыл мектепті бітіріп, бірінші курсқа оқуға қабылданған. Алайда ол бұл баласын
Қазақстан Республикасының азаматы атандыра алмай жүргендігін айтады. Ол баласы
Алматыға 8-9 жасында келген екен. Алайда оның 16 жасқа толмауына байланысты
тұрақты тіркеуге алмайды. Қазір оның уақытша тіркеуінің де мерзімі аяқталып
отыр:

– Тоғыз жасында келген балама сотталмағаны туралы анықтама талап етіп отыр.
Әйтіп-бүйтіп жүріп оны тауып әкеліп едім, енді Қытай тарапынан оның азаматтық
алуына қарсылығымыз жоқ деген анықтама әкел дейді. Оны Қытай консулы бермейді
екен. Олар Қытайға барып, баламды «нопос­тан» (тұрақты тіркеуден) шығарып кел
деп жұмсады. Бірақ олар азаматтықтан шықпаған адамды «нопостан» шығармаймыз
деп, қайтарып жіберді. Солай жүргенде делдалдың алдауына түсіп кеттім. Ол маған
бұл құжатты 100 АҚШ долларына жасап беремін деген еді, алайда жасап берген
құжаты жалған боп шығып, қазір мені арнайы қызмет адамдары айналдырып жүр. Олар
бұл құжатты кім жасағанын айт деп қинайды. Мен оның кім екенін білмеймін. Енді
не істеймін, баламның уақытша тіркеуінің уақыты тағы да бітуге таяп тұр, – деді
амалы таусылып. 

Дәл осындай проблеманы Толқын Тұрсынұлы да қозғады:

– Менің төрт қызым бар. Алдыңғы екеуі университетте оқиды. Жастары 22 және
20 жасқа келді. Осы балаларға азаматтық алу үшін бір жарым жылдай сенделдім.
Бұнда да жаңағы Нұрданбек бауырымыздың басындағы жағдай болып тұр.
Сотталмағанын анықтайтын құжат, «нопосты» өшіру. Қытайда шетел азаматтығына
өтпей тұрып, тұрақты тіркеуден шығару деген заң жоқ. Қазір 15 жастағы қызымды
да тіркеу мәселесі қиынға соғып тұр. Оның жасы 16-ға толсын дейді. Толғаннан
кейін, жаңағыдай әуре. Енді не істейміз? Әуезов аудандық көші-қон полициясының
бастығына кірдім. Ол кісі маған «сен әуелі азаматтыққа емес, ықтияр хатқа
құжаттар өткіз. Ол үшін тұрақты тіркелуің керек. Оған Қытайдан «бұл азаматтың
тұрақты тіркелуіне қарсы емеспіз» деген анықтама әкел» деді. Алдында Алматыдағы
Қытай консулдығы маған «Егер, Қытай азаматы болып табылатын мына адам Қазақстан
азаматтығын қабылдайтын болса, Қытай азаматтығынан автоматты түрде шығарылады»
деген анықтама берген. Мұнда ол анықтаманы қаперге алмай отыр. Енді тіркелуіне
қарсы емеспін деген анықтама керек дейді. Олар ондай анықтама беруден бас
тартты, – дейді ол. 

Алматы қаласы Мемлекеттік Еңбек инс­пекциясы және Көші-қон басқармасының
бөлім басшысы Күлсім Ысқақова бұл адамдардың Білім басқармасынан барып,
балаларының осында білім алғандығын растайтын құжатты алуы қажеттігін айтты.
Ондай жағдайда кәмелетке жаңа толған балалардан сотталмағандығы туралы анықтама
талап етілмейді екен. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаларын өздері құжаттарын
азаматтыққа өткізер кезінде бірге өткізу керек. Сол кезде соңынан мәселе
туындамайды дейді ол. 

Оралман әйелдердің «Нұр қоныс» қайырымдылық қорының жетекшісі Зүбира
Алдабергенова дәл осындай жағдайдың Өзбекстаннан келген бір отбасының басынан
өткендігін айтады. Ол отбасы проблемасын аталған қайырымдылық қордың
араласуымен шешкен екен. Ол үшін әуелі оқыған мектебінен анықтама және
ата-анасы құжатын өткізген кезде бірге жазылғандығы жайында білуі тиіс. 


Есенгүл КӘПҚЫЗЫ