1003
АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ЕЛ БІРЛІГІ
АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ЕЛ БІРЛІГІ
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Абылай ханның мерейтойына арналған сөзінде, халқына дана, еліне пана болған ұлы ханның қазақ елі үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екендігін айта келіп: «Мен халыққа арналған сөздерімде ел бірлігі, ұлт татулығы – игіліктің кепілі екендігін айтудан жалыққан емеспін», – деген еді. Елбасының осы сөзіне сүйеніп, келешек ұрпақтың бірлігін, ынтымақтастығын, ұлт-аралық татулығын нығайта беру мақсатында Абылай ханның ата-бабалары жөнінде өз ой-пікірімді тарихи деректерге жүгіне отырып оқырмандарға жеткізуді жөн көрдім. Егер тарихты өткен өмірдің айнасы десек, сол айнаға аракідік үңіліп тұрғанға не жетсін?!
1368 жылы Ханбалықта (Пекинде) Шыңғысханның Толы ұлынан тараған ханзадаларды жоғарғы биліктен кетірген Мин династиясы ендігі жерде империяның шекарасын кеңейтумен болды. Бұған қарсы болған Үгедейдің ұрпақтары, өздеріне ортақ «Ойрат» деген атау алып, Халхыдағы (Моңғолиядағы) хандықтар мен бектіктерді бір ортаға жұмылдырып, Мин империясымен тартысып, олардың императорын қолға түсіреді. Бірақ бұл жетістік көпке ұзамайды, орда ішінен шыққан бүлік ойраттардың бөлшектенуіне себепкер болады. Ойраттардың сол қол билеушісі хошаут, торғаут, дөрбіт,өлет, баит, тағы да басқа ру бірлестіктерін ертіп, Алтай асып, Ертіс алқабында орда көтерді. Бұл бірлестікті моңғолша «жоңғар» – (сол қол –Қ.М.) деді. Жоңғарлар Ганьсу өлкесінің бірсыпыра жерін өз қоластына алып, Батысқа көз тікті. Көп ұзамай жетекші ру бірлестіктерінің арасында бүлік шығып хошаут ру бірлестігі Тибет тауындағы туыстарына, ал торғаут ру бірлестігі Еділ өзенінің төменгі бойына кетті. Қалып қалғандар қалмақ аталынды. Олар Орданы оңтүстіктегі Тәнритағ (Тянь-Шань) бөктерінде орналастырды. Кейін Қалмақ атауы біздің жазба деректерімізде, ауыз әдебиетімізде, ертек-аңыздарымызда көп қолданыс тапқан. Енді біз ойрат, жоңғар сөзінің орнына осы қалмақ атауын жазамыз (Қ.М.).
Әмір Темірдің өлімі, оның әулеттерінің арасындағы бақталастық, моңғол ханзадаларының қайтадан билікке келуіне жағдай жасады. Солардың бірі Әбілхайыр оғлан еді. Ол 17 жасында, немесе 1428 жылы хан тағына отырып, бірсыпыра жерлерді өзіне қосып, Көшпелі Өзбек ұлысын қайтадан жаңғыртты. Әбілқайырдың күшейуіне қарсы болған қалмақтар батысқа жорық жасап, 1457 жылы Сығанақ қаласының түбінде Әбілқайырды ойсырата жеңеді. Әбілқайырдың жеңілісі, Жошының ұлы Орда Еженнен тарайтын Керей сұлтан мен Әбу Саидтың (Әз Жәнібектің) кетуіне себепкер болады. Олар Шығыс Түрікстандағы Моғолстан хандығының билеушісі, Есенбұғаға келіп пана сұрайды. Тарихшы Т.И. Сұлтанов, парсылар моңғол деген сөздегі «ң» әріпін жазбай, оны могол деп жазып кеткен дейді. («Қазақ хандығының тарихы», Алматы, 2003 ж. 39-б.).
Мұсылман халифатының астанасы Дамаскіден Бағдатқа ауысып, парсы тілі халықаралық тіл болғандықтан, мұсылмандар өз еңбектерін көбінше парсы тілінде жазған. Ал парсы тілінде «ң» әріпі болмағандықтан олар моңғол деген сөзді могол деген. Маураннахрдан Кабулға, одан кейін Үндістанға кеткен Захир ад-Дин Бабыр (1493-1530 ж.) өзі құрған мемлекетті Ұлы Моғолстан деген.
Ғалым Ғ. М. Исхаковтың еңбектерінде бұл өлке – Қашқария, Шығыс Түркістан, Кіші Бұхара деп жазылған. Сондай-ақ басқа да біраз ғалымдардың, саяхатшылардың еңбектері мен күнделіктерінде осы атаулар жиі кездеседі. («Исследования по уйгуроведению», Алматы, 2005 ж. 123-б.).
Орыстың әйгілі тарихшысы Н.М. Карамзин өзінің «Предание веков», (М.-1988 ж. 256-б.) кітабында «…славные просвещением игуры или уйгоры, обитавшие на границе малой Бухарии, назывались подданными Чингис хана. Сии игоры, обожая идолов, терпели у себя магометан и христиан несторианских: любили науки, художества и сообщали грамоту всем народам татарским…»деген.
Осы тұста мына мәселені де айта кеткен жөн. моңғол – мыңғол – муңғол – мыңқол сөзі екі буыннан тұрады. Моң – мың (муң) – ұйғырша да, моңғолша да – мың, ал ғол деген сөздің үш мағынасы бар: 1. Ғол – үлкен сай, бұл сайдан бір өзен ағып шығады. Мысалы: Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Талғар, Есік т.с.с. Бұл сайларды ұйғырша да, моңғолша да ғол деп атайды. 2. Ғол – деп ұйғырлар да, моңғолдар да баланың екі жауырынының ортасын айтады. 3. Ұйғыр да, моңғол да көшеттің сабағын (центральный стержен) ғол – дейді. Міне, осындай ғолдар Моңғолияда өте көп. Әр ғолдар үлкен бір атаның әулетінен тұрады. Соғыс уақытында, әрбір ғолдан мың сарбаз атқа қонады, сондықтан оларды мыңғол (қол) деп те атайды.
Есенбұға оларға Моғолстанның батысындағы Шу мен Қозыбасы өңірінен қоныс беріп, оларды қазақ, немесе – еркін жүрген адамдар деп атайды. Есенбұғаның өзі Өзбек ұлысының ханы Әбілхайырмен араз болады. Әбілхайыр әскер жинап, Керей мен Әз Жәнібекке аттанады, бірақ жолда ауырып, көз жұмады. Қалың қол жорықты тоқтатып, ханды жерлеуге Ордаға қайтады.
Қашқариядан көмек алып, Әбілхайырдың жасағын күтіп тұрған Керей мен Әз Жәнібек Әбілхайыр қолының кері қайтқанын естіп, оларды өкшелей қуып, Дешті Қыпшаққа келді. Көптеген ру басшылары (солардың ішінде Бүрге-Береке сұлтан да бар) оларды қолдап, Әбілхайырдың мұрагері Шейх-Хайдарға қарсы шығады. Қақтығыста Хайдар өледі. Оның Мұхаммед (1451 ж. туған), Махмут (1454 жылғы) деген екі ұлы өз жақтастарымен қашып Астраханға кетеді. Өзбек ұлысы ыдырап, маңғыт, алшын, тама, керей, найман, қыпшақ, тағы басқа рулар Маңғыт хандығын құрады, кейін олар Ноғай хандығы деп те аталынды. Нұра өзенінің солтүстігі, Тобыл, Есіл және Ертіс өзенінің төменгі алқабын мекендеген керей, найман, уақ, қыпшақ тағы басқа рулар Сібір хандығына кіреді. Жетісудың батысы Сыр, Сарысу өңірін мекендеген арғын, дулат, қаңлы, жалайыр, т.б. рулар Керей мен Әз Жәнібекті қолдап, 1470-1471 жылдары Қазақ хандығын құрады.(А. Күзембайұлы, Аманжолұлы. «История республики Казахстан», Алматы,1998 ж.,134-136 б.)
Ата кегін қайтаруды ұмытпаған Әбілхайырдың немересі Мұхаммед жұртына қайта оралып, шашылған елін жинады. Беделі өсіп, бірсыпыра нөкер жинаған ол Бүрге (Береке) сұлтанмен Сырдың төменгі бойында қыстауды жөн көрді. Бір күні ол нөкерлеріне аңға шығамыз, барлығың менің айналама жиналыңдар деп бұйрық береді. Нөкерлер жиналғанда Бүрге сұлтанның ордасын шабатындығын айтып, мал-мүлікке қызықпаңдар, Орданы қоршап, Бүргені ұстаңдар деп бұйырды. Азанда ат тұяғынан шыққан дүбірден шошып оянған Бүрге сасқанынан ішігін жамылып, қалың қамыстың ішіне сүңгіп кетеді. Үйді тінтіген Мұхаммедтің адамдары Бүргені таба алмай, қалың қамысты паналап, жан-жаққа бытырай қашқан адамдарды қуа жөнеледі. Бір қашқын өзіне жақындап келген сарбаздың:
– Сен кімсің, тоқта, – деген сөзіне:
–Мен сендер іздеп жүрген адаммын, – деп, әрі қарай қаша жөнеледі. Сарбаз бұл қашқынды ұстап сұлтанға алып келеді. Сұлтан оларға:
– Кімді ұстап келдіңдер. Бұл Бүрге емес, оның қызметшісі ұйғыр Мүнке ғой, – деп айтса, нөкерлер бұл кісі: «Мен сендер іздеп жүрген адаммын» деп бізді алдады дейді. Сұлтан Мүнкеден:
– Сен неге нөкерлерге өтірік айттың? – десе, Мүнке:
– Бүрге жақсы адам еді, мен басымды өлімге тігіп, оны құтқаруға мүмкіншілік жасадым. Бүрге ұзап кетті, енді сендер оны ұстай алмайсыңдар, – дейді. Мүнкенің жауабына риза болған Мұхаммед оның кінәсін кешіп, сыйлық беріп қоя береді. Сарбаздар қайтадан Бүргені іздеп тауып, сұлтанның алдына алып келгенде, Мұхаммед Бүргені өлім жазасына кесіп, оның үлесін өзіне қосып алады. Мұхаммед Сыр мен Амударияның аралығындағы қалалардың бірсыпырасын өзіне бағындырып, Мұхаммед Шайбани атанады. Ол Самарқанды астана етіп, Темір әулетін жоғарғы биліктен кетіреді. (Абуль-Ғази Багадур-хан «Родословное древо тюрков…», Москва-Ташкент-Бишкек,1996 ж., 109-110б.).
Әбілхайырдың немерелері Қазақ хандығымен бірнеше рет тартысса да, туысқандық қатынастарын үзбейді. Мұхаммедтің інісі Махмұт қазақ ханы Бұрындықтың қызына үйленеді, ал оның баласы Мұхаммед-Темір де Бұрындыққа күйеу бала болады. Сөйтіп құда-жекжат болып, аралас-құралас күй кешкен бір халық екіге бөлінеді. Мұхаммед Шайбаниді жақтағандар немесе үлкен атадан тарағандар, өздерін өзбек десе, ал олардан бөлініп Керей мен Әз Жәнібекті қолдағандар қазақ атанады. Бұл бөлініс кейінірек қазақ ішінде «өзбек өз ағам» деген халық сөзінің шығуына себепкер болса керек.
Қазақ хандығының бірінші ханы болып Керей сайланады. Хан өлгеннен кейін таққа 1474 жылы оның мұрагері Бұрындық отырып Әз Жәнібекпен бірге ел басқарады. Ханзадалардың ішінде Әз Жәнібектің баласы Қасым ел ішінде ерекше құрметке ие болып, ол барлық ішкі-сыртқы саясатта, мемлекетті қорғауда зор еңбек етіп, көрегендік пен батылдық танытады. Әкесі өлгеннен кейін ол жоғарғы биліктен үміттеніп, Бұрындықтың жақтастарымен тартысады. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей Қасым тартыста жеңіске жетіп, Бұрындық Өзбек үлесіне кетеді. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының шекарасы оңтүстікте Сырдың оң қанаты, Түркістан қаласы, оңтүстік-шығыста Жетісу өлкесінің бірсыпыра аймағы, солтүстік-шығыста Ұлытау мен Балқаш өңірі, солтүстік-батыста Жайық бойына дейін кеңейтілді. Қасым өлгеннен кейін ханзада, сұлтандардың ішінде бақталастық шығып, Қазақ хандығы бірсыпыра жерінен айрылып қалады. Елді тыныштандырып, маңғыттарға (Ноғай хандығы), Көшімге (Сібір хандығы) кеткен жерлерді қайтару Қасымның ұлы хан Назардың үлесіне тиеді. Хақназардың жолын ұстаған оның аталасы Тәуекел хан, Хақназардың інісі Есім хан Қазақ хандығын нығайта түседі. Бірақ, хан Назардың ағасы Жалым сұлтанның баласы Тұрсын бақталасып, Есімді тақтан тайдырады. Есім жақтастарымен қашып, ұйғырларға (Моғолстанға) келіп, олардан көмек алып, шығыстан келген қалмақтың бетін қайтарып, Тұрсыннан тақты қайтарып алады. Хан өгеннен кейін таққа Есімнің мұрагері Жәңгір (1628-1652 ж.) отырады. Қалмақтар қазақтармен қазіргі Іле өзені мен Балқаш көлін шекара етеді. Ал шығыста Енисей өзеніне дейін барып, қазіргі Моңғолияның батыс бөлігін, Қашқария (Моғолистан) хандығын, Тибетті өзіне тәуелді етті.
Олар қазақтармен болған соғыста Жәңгір ханды тұтқынға алып, бір жылдан кейін қайтарды. Бұған ренжіген қазақтар қалмақтарға өшпес, бітпес жау болады. Қалмақтар 1652 жылы Ыстық көл бойындағы қырғыздарды бағындырып, қазақтармен қайта соғысып, жекпе-жекте Жәңгір ханды өлтіріп, Сайрам қамалын күйретіп, Ферғанаға қол сұқты. Шығыста қалмақтар Халхыға шабуыл жасап, ондағы билеуші топты Маньчжурия мен Қытайға ығыстырды. Мин әскерлерінің жеңілісі ел арасында алауыздық туғызды. Халықты тыныштандырған чуржен бірлестігінің басшысы Абахай 1644 жылы жоғарғы билікті қолына алып, Қытайда Цин династиясын бекітті.
Қалмақ ханы Галдан жорықта жүргенде оның туысы Цеван Рабтан, орда ішінде әскери төңкеріс ұйымдастырып, Галданның адамдарын өлтірді. Жақтаушылардан жұрдай болған Галдан уланып өлді. Қалмақтардың арасындағы тартыс қазақтарға уақытша тыныштық әкеліп, олар Жәңгірдің ұлы Тәукені 1680 жылы хан тағына көтеріп, оған кеңесші етіп Төле, Әйтеке, Қазбек билерді сайлады. Жәңгірдің үлкен ұлы Уәлибақы билікке жете алмай, туыстарына өкпелеп Үргенішті билеп тұрған нағашысы Қайып ханның қолына барды. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып, Абылай аталады.) Хан Тәуке кеңесшілерімен ақылдасып, Күлтөбеде “Жеті жарғы (Жеті ереже)” заңын қабылдайды. Ресей мемлекетімен тату, достық қарым-қатынас жасауға тырысады. Хан 1710 жылы үш жүздің игі жақсыларын жиып, Қарақұмда құрылтай өткізіп, қырғыз, ноғай руларымен күш біріктіріп, қалмақтарды шығысқа қарай ығыстырады, бірақ 1714 жылы шешуші шайқаста жеңіліп, көп ұзамай көзін жұмады. Тәуке өлгеннен кейін сұлтандардың арасында бақталастық, алауыздық өршиді. Елді тыныштандыру үшін көпшілік 1717 жылы хан тағына Есім ханның немересі Қайыпты сайлайды. Қайып Кіші жүздің сұлтаны Әбілқайырмен бірге қол жинап, қалмаққа аттанады. Аягөз өзенінің бойындағы шайқаста жеңіліп, кері қайтады. Қалмақтар оларды өкшелей қуып, Қазақ хандығының оңтүстігіндегі аймақтарды басып алады. 1718 жылы Қайып дүниеден өткенде, қазақ сұлтандарының ішіндегі бақталастық күшейе түседі. Кейбір сұлтандар жас, алғыр, өжет Әбілқайыр сұлтанды қолдағанмен хан тағына Тәукенің ұлы Болатты сайлайды. Бұған қарсы болған Кіші жүздің рулары Әбілқайырды өз ханымыз деп таниды. Орта жүздің рулары Шах Мұхамбед Сәмекеге бағынады. Бұл тартыстан хабар алған қалмақ ханы Цеван Рабтан 1723 жылдың көктемінде Қаратаудан асып, Талас өңірінде тұратын халықты қатты қырғынға ұшыратады. 1724-1725 жылдары қалмақтар Түркістан мен Ташкентті алып, кішігірім қалалар мен ауылдарды жойып жібереді. Аман қалған ел безіп, Бұхара мен Самарқантқа кетеді. Бұл оқиға қазақ тарихында “Ақтабан шұбырынды” болып өтеді. Ел есін жиып, бақталастықты тоқтатып, 1726 жылы Әбілқайырды бас қолбасшылыққа тағайындайды. Келесі жылы Цеван-Рабтан өмірден өтіп, орнына баласы Галдан Церен отырып, Маньчжурияға аттанып, қытайдың 60000 әскерін талқандап, олардың жоғарғы қолбасшысын тұтқынға түсіреді. Қалмақтардан секем алған Цин империясы ресейліктермен бірігіп, Қалмақ (Жоңғар) хандығын жойып, оның жерін бөлісіп алайық деген ұсыныс білдіреді. (Бұл ұсыныс ресейліктер жағынан қабылданса керек, бұған кейінгі Ресей-Қытай қатынастары куә бола алады – Қ.М.). Қалмақтың негізгі күші Қытайда жүргенін білген Әбілқайыр сарбаз жинап, қалмаққа аттанып, оларға Бұланты өзенінің бойында (Қарағанды облысы) соққы береді. Қашқандарды өкшелей қуып, 1729 жылы Балқаш көлінің маңындағы Аңырақай даласында қалмақтың әскери күшімен кездесіп, жеңіске жетеді. Қуанышпенен оралған Әбілқайыр хан тағына үміткер екендігін білдіреді. Бірақ көпшілік оны сайлаймай, 1730 жылы Болаттың баласы Әбілмәмбетті хан тағына көтереді. Бұған ренжіген Әбілқайыр Уфа қаласы арқылы Ресей императорына Қазақ хандығының атынан хат жолдап, императордан қазақ халқын бодандыққа және қорғаушылыққа алуды өтініп, хан тағын өзінің (Әбілқайырдың) нәсіліне, атадан балаға беруді сұрайды. Әбілқайырдың сендіруіне иек артып, патша жарлығымен қазақ даласына татар перзенті Қутлу Мухаммед Тевкелев (христиандық аты – Алексей Иванович) елші болып келеді. Ол істің мән-жайын анықтағанда, Әбілқайырдың басқа қазақ хандары мен сұлтандардың шешімін күтпей патшаға хат жолдағаны анықталды. Тевкелев ел аралап қазақтың хан, сұлтан, ру басшыларын, батыр, билерін жинайды. Жиналғандардың бірсыпырасы Әбілқайырды айыптап, Ресейге бодан емес, ол елмен достық бітім-шарт жасауды сұрайды. Бұған елші мен оның жақтастары қарсы болады. Талқылауға қызу қатынасқан Бөгенбай, Есет батырлар, Көдей мырза және 27 ру басшылары мен белсенділер Әбілқайырды қолдайды. Көп ұзамай Ресейге бодан болуға Орта жүз ханы Сәмеке, Ұлы жүзден Төле, Қодар, Хангелді билер, Сатар және Бөлек батыр өз пікірлерін білдіреді. Сөйтіп қазақ халқы 1731-1733 жылдардың арасында Ресей патшалығына бодан болып кіреді. Қол қойған келісімшарт ел арасындағы алауыздықты қайта қоздырады, орыстарға бұрын бодан болып, кейбіреулері христиан дініне кіріп, казак атанғандардың қазақ жеріне дүркін- дүркін шабуыл жасауына, шұрайлы жерлер мен өрістерді иемденуіне мүмкіншілік жасайды. Ал шығыста қалмақтар елдің тыныштығын бұзады. Бұл шиеленістерді шешу үшін қазақ зиялыларының ұсынысымен Орынбор өлкесінің бастығы В.Н. Татищев 1740 жылы Кіші, Орта жүз ақсақалдары мен сұлтандарының құрылтайын өткізеді. Құрылтайға қатынасқан Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, тағы басқалар В.Н. Татищевтің қазақтарды сыртқы жаудан сақтау үшін барлық мүмкіншілікті жасайтын сеніміне ие болды. Бұл шешімге наразы болған қалмақтар 1741 жылы қол жинап, қазақтарға аттанады. Тобыл мен Есіл өзендерінің арасында болған шайқаста Абылайдың қолы жеңіліп, сұлтан мен оның 35 адамын, олардың ішінде Абылайдың аталасы Есімнің баласы Жолбарысты тұтқынға алады. Орынборға келген қалмақ елшісіне Орынбор губернаторы И.Ш. Неплюевтің «Сендер неге Абылайды ұстап тұрсыңдар» деген сұрағына, елші: «Ол қалмақ ханының жақын туысын өлтірді, Абылай қалмақтардан ешқандай қысым көріп тұрған жоқ» дейді. Қалмақ қонтайшысы Абылайдың Жошы әулетінің перзенті екенін біліп, өз мүддесіне пайдалану үшін, оған туысы Тоқыш ханымды ұзатады. (Тоқыштан Қасым туады. Қасымның баласы Кенесары). Абылай қалмақтардың ішінде жүріп тілді, жазуды үйреніп, үлкен беделге ие болады. Оның қалмақтармен тіл табысуы, хан Әбілмәмбет пен Ресей елшісі майор Миллердің араласуы, оны екі жылдан кейін аман-есен барлық адамдарымен еліне оралуға мүмкіншілік тудырады. 1743 жылы Әбілмәмбет ханның ордасына барып қайтқан Орынбор губернаторының өкілдері И.Лапин мен М. Асанов осы сапар жөніндегі мәліметінде былай дейді: «Он, Абылай от жэнгарцев с великим награждением отпущен, а именно: дана ему палатка, щитая золотом щуба, крытая парчою золотою, палатка железная складная, паньцер прочее». («Егемен Қазақстан» газеті, 20-шы ақпан, 2013 ж.). Абылай қалмақ ішінде жүргенде Даваци, Әмірсана деген нояндарыменен жақсы қарым-қатынас орнатады.
Абылайдың тұтқында болуы қазақ сұлтандарының арасында әртүрлі пікір туғызып, олардың басына ауыр күн туғанда Әбілқайырдың көмектеспегені түрткі болып, Әбілқайыр хан 1748 жылы өз қандастарының қолынан қаза табады. Ханның орнына оның баласы Нұралы сайланып, патша үкіметінің жарлығымен оған ай сайын беретін төлем ақы бекітіледі. Осы кезде Қалмақ ханзадаларының ішінде бақталастық шығып, олар бірін-бірі өлтірумен болады. Жоғарғы биліктен дәметкен ханзада Әмірсана да тыс қалмайды, ол билікті алу үшін Цин императоры Цянь-лунға арызданады.
1755 жылы Әмірсана 200 мың маньчжур-қытай қолын бастап келіп, Давациды тұтқынға алады. Император Давациді өлім жазасына кесіп, Әмірсанаға берген уәдесінен тайып, оны қалмақтардың әміршісі болып сайланған маньчжур Бань-диға көмекші етеді. Алданғанын білген Әмірсана Цин империясының Жоңғар даласында қалдырған әскерін талқандап, өзін қалмақтардың ханы деп жариялайды. Ашу кернеген Цянь-лун дереу Әмірсанаға қарсы қалың қол жіберіп, оның адамдарын аяусыз қырды. Әмірсана қашып қазақтарға келгенде Абылай сұлтан, Бөгенбай, Қожаберген батыр көмектесіп, қуғыншыларға тойтарыс береді. Келесі 1757 жылы император тағы да Әмірсанаға Чжао-хуэй бастаған қалың қол жіберіп, қалмақтар мен оның жақтаушыларын аяусыз қырып, Семейге жақындайды. Абылай Чжао-хуэйге елші жіберіп, Цин империясының билігін мойындайтығын білдіреді. Бұдан хабар алған Ресей патшасы Цин императорына төмендегі жолдауды жібереді. «..Сіздер неліктен бізге бодан болған сұлтанменен байланыс жасайсыңдар..?» Цин императоры бұл хатқа төмендегі жауапты беріпті: «Қайдағы Абылай сендердің бодандарың? Егер ол басқарған халық сендерге бодан болса, сендер неге оларға қол ұшын бермедіңдер? Абылай халқын қырғыннан сақтау үшін біздің билігімізді мойындады. Егер олар сендердің биліктеріңде болғысы келсе, олардың өз еркі….» (А.Г. Оловинцов, Г.Ж. Табулдин. «Чингизиды. Династии и эпоха», Астана, 2010 ж., 73-75-б.). Соғыс тоқталып, Әмірсана өз жақтастарының қолынан қаза болды. Қалмақтарды жеңіп, олардың жерін Цин империясы батыс өлке, жаңа өлке, жаңа шекара,тағы сол сияқты ұғым беретін Синьцзян деген таңбамен жазды. (А.Тоқтабай. «Түркі халықтарының этномәдениеті», Алматы, 2006 ж., 223-б.). Бұл таңба (иероглиф) қазір тек Шыңжан-Ұйғыр автоном районында ғана қолданылады. Цин империясының билігін мойындамаған ұйғыр сұлтандары: Бурханнидин мен Ханходжа Қашқар, Шыңжаңдағы қалаларында 1757 жылы ұлт-азаттық қозғалысын көтеріп, оңтүстіктегі Цин армиясын үлкен шығынға ұшыратады. Чжао-хуэй дереу қазақ жеріне кірген Цин әскерін кері қайтарып, Қашқардағы көтерілісті басуға бұйрық береді. Үлкен армияға төтеп бере алмаған Бурханнидин мен Ханходжа шегініп, Бадахшан мен Қоқанға кетеді. (М. Якупов. «Кульджа – город торговый», Алматы, 2004 ж. 36-б.) Бұл көтеріліс Цин империясының батыс аймақтарға: қазақ, қырғыз, өзбек жерлеріне жасайтын жорығына тосқауыл болса, Ресей-Пруссия шекараларында болған қарулы қақтығыс орыстардың шығысқа қарай жылжуын тежеді. Ал аумалы-төкпелі кезең мұсылман қауымын да оятып, олар 1763 жылы Ауған шахы Ахметтің жетекшілігінде Қытайға қарсы жорыққа шығуға талпынады. Бұдан хабар алған қытай императоры 1763 жылы Абылайды бүкіл қазақ елінің ханы екендігін білдіретін құжат (грамота) жібереді. Абылай екі алпауыт мемлекеттің ортасында тұрып, олармен келіскен шарттарды бұзбайды. Шу, Талас өңіріндегі қырғыздарды ығыстырып, Қоқан хандығынан Түркістан, Сайрам, Шымкентті алып, қазіргі Қазақстанның оңтүстік шекарасын бекітті. Абылайдың көрегендігін, батырлығын, әскери қолбасшылығын түсінген халық, оны 1772 жылы Қожа Ахмет мешітінде хан тағына сайлайды. Хан көрші мемлекеттермен тіл табысып, шекара аймақтарында тыныштық орнатып, елдің әл-ауқатын көтергенде ауырып, 1781 жылы дүниеден озады. Ханның мұрагері Уәли әке жолын ұстай алмады. Сұлтандар арасындағы жік-жіктік Ресей империясының қазақ жеріне кіріп, қорғаныс бекіністерін салуға мүмкіншілік жасады. Бұған қарсы болған қазақ батырлары аймақтық, өлкелік көтерлістерді ұйымдастырып еді, үлкен жеңіске жете алмады. Бұны жақсы түсінген Абылайдың немересі Кенесары үш жүзді қайта біріктіріп, ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастыруға ұмтылды. 1841 жылы үш жүздің өкілдері Кенесары Қасымовты хан сайлады. Кенесарының күшейуінен секем алған Ресей патшасы Николай – I 1843 жылы Кенесарыға қарсы ірі көлемді соғыс жасауға бұйрық берді. («Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін», Алматы, 1994 жыл, 228-231-б.). Кенесарыны қолдамаған қазақ сұлтандары мен билері оны орыс әскерінің көмегімен қыспаққа алып, оңтүстіке ығыстырады. Ұлы жүз руларынан көмек алған Кенесары қуғыншыларға қарсы тұрып, Ордасын Мерке бекінісінде орналастырды. 1847 жылы ресейліктерді қолдаған қырғыз қолы Кенесарының қарсыластарымен күш біріктіріп, қазақтарға үш жақтан шабуылға шығады. Ханның қолы оңтүстікке шегініп, Тоқмақ қаласының түбіндегі шайқаста жеңіліп, Кенесары 32 қазақ сұлтандарымен бірге қаза табады.
Орыстың барлау мекемесі Кенесары қайтыс болған жылы 12 жастағы Шоқан Уәлихановты Омбыдағы Кадет корпусына оқуға алып, оның оқу прогаммасына арнаулы пәндерді кіргізеді.
(Б.Қыстаубаев «Тайна Чокана Валиханова», Алматы, 2009 ж., 26-б.). 1853 ж. Шоқан оқуын бітіріп, алғашқыда қатардағы офицер, одан кейін генерал Г. Гасфорттың адьютанты болып қызмет істейді. 1856 жылы ол орыс экспедициясымен Ыстық көл бойына келіп, қырғыздардың мәдениеті мен тарихын үйреніп қайтады. Ресей империясының бірінші барлау тапсырмасын ойдағыдай орындаған Шоқан 1856 жылы арнайы тапсырмамен Құлжаға келіп, онда үш ай тұрып, көптеген мәліметтерді жинап Омбыға келеді. Шоқан алып келген мәліметтер жоғары бағаланып, ол енді ең қиын да қауіпті Қашқар сапарына дайындалады. Шоқанның Қашқар сапары туралы сан рет жазылғандықтан мен оған көп тоқталмай, тек бірер жайды ғана алға тартқым келеді. Ол – осы сапарда Шоқанға төнген қауіп туралы.
Бұл қауіп ең алдымен қырғыздар жақтан келген бір тыңшыдан туса, сосын «Бұл Әлімбай деген саудагер ешқандай саудагер емес, орыстың тыңшысы деген екінші мәлімет тағы бір сенімді адамнан түседі. Бұны Шоқанға жақындау жүрген қашқарлықтар дер кезінде хабарлап үлгіріп, оған жылдам аттанып кетуге бар жағдай жасайды да, ақыры таудағы асуды тазалап, Нарын өзенінен өткізіп, ұйғырлар жөнінде жазылған үш кітапты сыйлап, онымен қоштасады. Бұл мәліметтер Шоқанның Қашқарға сапар деген күнделігінде жазылған. Осы күнделік арқылы Шоқан қазақ халқын дүниеге танытып, ғылым салаларына үлкен үлес қосады.
Қашқар сапарынан кейін Шоқанның жаулары көбейе түседі. Өйткені ол – үлкен құпияның көзі еді. Бұл құпияны тезірек жойып жіберуге Ресей де, Қытай да мүдделі болды. Ақыры ол 1865 жылы 10 көкекте Алтынемелде, Тезек төренің ауылында қайтыс болды. «Қайтыс болды» деген – ресми мәлімет қана. Бұл өлімнің сыры әлі күнге дейін толық ашылды деп айту қиын. Мәселен Б.Қыстаубаев «Тайна Чокана Валиханова» деген зерттеу еңбегінде біраз жұмбақтың шетін шығарған. 1865 жылы Петербургтағы Орыс географиялық қоғамының жиналысында П.П. Семенов-Тянь-Шанский баяндама жасап (орысшадан аударған – Қ.М.): «Қырғыздың кең даласында, Ресейдің Қытаймен шекара аймағында, күш-қуаты шалқып тұрған кезінде, өте дарынды қырғыз сұлтаны Шоқан Валиханов өлтірілді. Бұл өлім арамыздан, шалғайда тұратын ең білімді адамымызды 30 жасында алып кетті» деген. (Б. Қыстаубаев. «Тайна Чокана Валиханова», Алматы, 2009 ж. 380-383-б.). Ресейдің зиялы қауымның арасында кең танымал, беделді адамның бұл мәлімдемесі кездейсоқ сөз еместігі айдан анық. Бұған төмендегі мәліметтер де куә бола алады. Шоқанмен жиі араласқан аталасы, Ресей армиясының полковнигі Тезек төре 1870 жылы Қапал бекінісіне ақша алып бара жатқан майор Задоринканың отрядын жойып, қару мен ақшаны олжалап, Құлжаға кетеді. Іле сұлтанатының сұлтаны – Әлихан (Әлихан) төре Ресейден келген елшілерге: «Біз сіздерге Тезек төре мен оның адамдарын бере алмаймыз…» деп қайтарып жібереді. Ұйғырлардың қазақ бауырларын қорғаштауы ел арасында тез тарап, Ресей армиясының поручигі (кейбір деректерде – прапорщигі) Тазабек Бусурманов есаул Герасимовтың отрядына шабуыл жасап, олжа алып, өзінің 1000-ға жуық адамдарын ертіп мал-мүлкін алып Құлжаға өтіп кетеді. Құлжаға келген Ресей елшілері Әлихан төреге Тезекті, Тазабекті, олардың адамдарын, олжаланған мүлікті 1871 жылғы 3 мамырға дейін қайтарып беруді қатаң талап етіп, бермесе істің насырға шабатынын ескертеді. Ақ патшаның қолына түссе өз бауырларының не боларын білген Әлихан төре Ресей елшілерінің талабын қабылдамайды. Ресей патшалығы Іле сұлтанатына соғыс жарялап, 1871 жылы шілде-тамыз айларында Іле өлкесін басып алып, сұлтанатты жойып жібереді.
Ақ патшаның отарлау саясатына қарсы болған Жетісу халқы 1916 жылы қайтадан көтеріледі. Патша әскері үкіметке қарсылық көрсеткендерді аяусыз жазалап, қарапайым халықты да қуғын-сүгінге түсіреді. Зорлық-зомбылыққа шыдай алмаған 300 мыңдай қазақ, қырғыз елі Құлжа менен Қашқар өлкелеріне қашады. (А.Күзембайұлы, Е.Әбіл. «История РК», Алматы, 1998 ж. 293-бет).
1928-1932 жылдары Еуразияға келген құрғақшылық бірсыпыра елдерді есеңгіретіп жібереді. Қазақ елінің негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, мал қырылып, адамдар үлкен аштыққа ұшырайды. Аман қалғандар бас сауғалап ұйғыр жеріне ауып, бұрын кеткен қандастарымен қауышады.Ұйғырлар келген қазақ бауырларын құшақ жая қарсы алып, оларды аталастарымен шекаралас өлкелерге орналастырады. Бірсыпыра қазақтар тың көтеру мезгілінде еліне қайта оралып, туысқандарымен табысады. Тарихшы А.Тоқтабай «Түркі халықтарының этномәдениеті», (Алматы, 2006 ж.) атты еңбегінде: «Қазір ұйғыр өлкесінде тұратын (Шыңжан – Ұйғыр автоном районы) қазақтар өніп-өсіп, саны 1.257 мың жеткен. Олардың басым көпшілігі 1871 жылы орыстар жойып жіберген Іле сұлтанатының жерінде орналасқан. Шоғырланған мекені Іле – Қазақ автоном облысы деп аталынады. Онда онға жуық баспа ақпарат құралдары таратылады, Үрімжіден күніне 24 сағат қазақ тіліндегі телеарна жұмыс істейді», – деп атап көрсеткен.
Қадірлі қауым, осы тарихи фактілерден, оның ішінде Абылай мен оның ұрпақтарына ұйғырлардың жасаған көмекті байқаған боларсыздар. Бұндай көмектер тек аталас, қандас, бауырлас елде ғана болады. Ал неге біз бөлініп қалдық десек, оны барлықтарыңыз білесіздер, «бөлшекте де билей бер» саясатының құрбанымыз. Сондықтан біз қазір «шортан, аққу, шаян» – жан-жақты күшімізді біріктіріп, қазақ-ұйғыр халықтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел тәуелсіздігін бекіте бергеніміз жөн болар.
Биыл мемлекет тарапынан аталып өтіп жатқан Абылай ханның 300 жылдық мерей тойы тек қазақ бауырларымыздың ғана тойы емес, баршамызға ортақ той. Тойымыз тойға ұлассын.
Қасым Масими, шығыстанушы, тарихшы