Құрылыс алаңынан қашқан компаниялар

Құрылыс алаңынан қашқан компаниялар

Құрылыс  алаңынан    қашқан  компаниялар
ашық дереккөзі

«Сақалды»
құрылыстарға біршама бой үйретіп алдық. Естісек елең етпейміз. Өйткені олар
көп. Әсіресе, әуелгі «Ауыз су», қазіргі «Ақбұлақ» бағдарламасында белгіленген
уақытында құрылысты аяқтау, халыққа мерзімінде су жеткізу деген сирек
кездесетін жағдай өзі. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деп сөксеңіз
де, бүгін тағы да осы бағдарламаның айналасында сөз қозғауға мәжбүрміз.

Көресіні мердігерден көрдік

Әрине, бағдарлама қарқыны жаман емес. Облысымызда 629,4 мың тұрғыны бар 373
ауылдық елді мекен бар. 2009 жылы соның 33 па­йызы ғана орталықтандырылған ауыз
сумен қамтамасыз етілген еді. Былтыр бұл көрсеткіш 52,5 пайызға жетті.
«Ақбұлақ» бағдарламасы осы көрсеткішті жыл өткен сайын жақсарта түсуді көздеп
отырғаны да әмбеге аян. Бірақ, биліктің жоспары мен нақты іс бір-бірімен сәйкес
келсе, қанекей. Тендерде жұмысты адал атқарам деп ант-су ішіп, орта жолда
тастап кететін, соттан сотқа сүйрелесең де шыбын шаққан құрлы көрмейтін
кердеңбайлар кімдер? Әлбетте, мердігерлер. Тапсырыс берушілер (аудан, қала,
облыс әкімдіктерінің құрылыс басқарма-бөлімдері – Ж.Қ.) де осалдығын танытып,
жауапсыз мердігерді уақытында жазалап, шара қолданбайды. Солайша мемлекеттің
қаржысына немқұрайды қарайды. Төбесінде желкелеп, жұмысты қадағалап отырса,
бәлкім, мердігер де осынша тайраңдамас па еді. Адам өз үйіне су кіргізіп жатса,
толық кіргізіп біткенше жаны жай таппай соның басында қадағалап жүрер еді. Ал,
мұнда жағдай басқаша, ақша өкіметтікі, су саған емес, біреуге керек, мүмкін
осынша сорақылықтың барлығы сондай немкетті қарым-қатынастың нәтижесі шығар? Не
десек те, бір кілтипанның бары анық. Әманда бюджеттік, сәулет-қала құрылысы,
санитарлық-эпидемиологиялық заңдылықтар бұзылып жатады. Соның салдарынан сумен
қамту жүйелерін салудың, су құбырлары мен кәріз жүйелерін қайта жарақтандырудың
сапасының төмен болуы, республикалық және жергілікті атқару органдарының
арасында жобаларды қаржыландыруға байланысты ортақ келісімдердің болмауы, жобалардың
тиісті су қорларымен қамтамасыз етілмеуі, нысандарды жобалау сапасының төмен
болуы секілді кемшіліктерге жиі жол беріледі. Жобалардың сапасыз әзірленуі де
бүгінде үйреншікті жағдай.
Бұлай деп таусылуымызға не жорық дерсіз. Оған толық негіз бар. 2011 жылдың
өзінде біз бірталай нысанды әңгімемізге арқау еттік. Оның ішінде Т.Рысқұлов
ауданы Көкдөнен ауылының 2008 жылы басталған су құбыры жүйесі құрылымының
II-кезеңі мердігер «Стандарт-строй» ЖШС-нің «арқасында» 5 жылдан кейін ғана
аяқталды! Жауапсыздық емей немене бұл? Құрылыс фирмасы жұмысты толық бітірмей
құрылыс алаңын қараусыз қалдырып, біраз жыл қашып жүрді. Прокуратура, сот ізіне
шам алып түсіп, әупірімдеп жасатты. Сондай-ақ, жобалау құжаттарынан көп шикілік
шықты. Сонымен, ауыз су ауылға биылғы көктемде ғана келіп жетті. Келуін
келгенмен әлі де бір тұсында құбыр жарылып, су қысымы төмендеп, ауылдың басынан
аяғына, аяғынан ортасына жетпей жатқаны. Кейде бар, кейде жоқ. Тәулік бойы
судың қызығын көру ауыл-аймақтың маңдайына жазылмаған игілік сияқты өзі.
Мәселен, Талас ауданындағы Ақкөл және Көктал ауылдарына су жүргізу жұмысы да
бірнеше жылға созылды. Нәтижесі сол – қазір ақкөлдіктер тіршілік нәрін арнайы
кестемен күніне бірнеше сағат қана тұтынуда. Осы аудандағы Ойық ауылының халқы
да суға жарымады. Құрылысы 2010 жылы басталған нысан жауапсыз мердігердің
кесірінен үш жылдан бері қараусыз қалып, жұмыс тоқтап тұрғаны белгілі. Ауыз су
жүйесін жүргізу құқығын ұтып алған «СК Биік асулар-2006» жауапкершілігі
шектеулі серіктестігі құны 223 809 мың теңге болатын жобаның қаржысын
текке рәсуа етті. Жұмысты енді басқа мердігер жалғастыруда. Ал «СК Биік
асулар-2006» алдын ала аударылып қойған аванс қаржы 70 миллион теңгені әлі
қайтармай отыр. Осындайда біздің билік ақшаны оңды-солды «лақтырып», сосын оны
қайтарып ала алмайтындай, осыншама дәрменсіз бе еді деген ойға келесің.

Қопарылған «Арай»

Бұлар – осы уақытқа дейін айтылып келе жатқан көп нысанның бірді-екілісі ғана.
Енді осы қатарға жаңадан қосылғандарын тізбелеп шығайық. Тараздағы «Арай»
тұрғын алқабы тұрғындарының мұң-мұқтажын біздің газет аз жазған жоқ. Ондағы
электр энергиясының ахуалы «Бәйтерек» мөлтек ауданында салынған қосалқы станса
арқасында қалыпқа келді. Ойдым-ойдым шұқыры көп жолы тегістеліп, қиыршық тасты
көше салынды. Енді «Арайда» ауыз су жүйесі жүргізіле бастады. Бұл жұмыстарды
бас мердігер «Алуан-ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.
Алайда, жұмыс басына іздеп барғанымызда бүкіл алқапты кезіп, қазылған
шұқырлардан басқа ештеңені байқамадық. Жұмысшылар көзге шалынбады. Әупірімдеп
ауылдың шетінен екі жұмысшыны тауып алып, кеңселерін сұрадық. Кеңсе аталатын
шағын вагонда екі кісі бар екен. Учаске бастығы Жұмабек Салиходжаевтың
айтуынша, бұл өтпелі жоба, демек, арайлықтар екі жылдан кейін
орталықтандырылған ауыз суды пайдалана бастайды. Аталған мақсатқа 1 миллиард
800 миллион теңге қаржы қаралған. Биыл соның 380 миллионы бөлініп отыр.
Жұмысшылар екі жыл ішінде ұзындығы 61,7 шақырымға созылатын аумаққа жүйені
жүргізіп шығуы тиіс. Әзірге соның 16,5 шақырымы қазылып, құбырлар тасталған.
Енді құдықтар орнатылуда. «Неге құрылыс басында ешкім жоқ? Шұқырлар қашан
жабылады?» деген сауалдарымызға учаске бастығы ашылып жауап қатқысы келмеді.
– Барлық жұмыс жоспар бойынша өз мерзімінде атқарылуда. Тек жобада біраз
кемшіліктер кетіп, жұмыстар біраз қиындағаны рас. Қазылуға тиіс емес аумақтар
қазылып, өлшемдері де дұрыс келмей, біраз әуре-сарсаңға түстік. Жобаны жасаған
«Астанатехстройэксперт» серіктестігі қазір түзету енгізіп жатыр, – дейді учаске
бастығы.
Бұл жағдай жұмыстың тоқтап қалуына ғана ықпал еткен жоқ, тұрғындарға да зардабы
тиюде. Көшелерді бір емес, екі қазып, әлі бетін жаппаған. Оған тұрғындар ызалы.
Онсыз да жазда – шаң, күз бен көктем – лай-батпақтан көз ашпайтын «Арай»
халқына алаңдауға толық негіз бар. Біріншіден, қазулы аумақтарға бала-шаға
түсіп мертігуі мүмкін, екіншіден, батпаққа батпақ қосылып, есіктің алдына шығу
мұң бола ма деген сары уайым бар. Е.Іңкәрбекұлы «Арайдың» ішкі жағында тұрады.
Оның балалары мектепке бару үшін бірнеше аялдамалық жерді жаяу басып өтеді екен.
Етіктері ауылдың шетіне шықпай жатып-ақ балшыққа белшеден батады. Мына шұқырлар
тағы бар. Жобалаушы жобаны әлі түзеп жатқанда біз кездестірген екі жұмысшы 16,5
шақырым аумақты қашан жауып бітпек?

Жобалық құжатта шикілік көп

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы
басшысының орынбасары Мұхтар Төлеулиев «Арайға» су жүргізу жобалық-сметалық
құжаттарының ескі нұсқамен, осыдан кем дегенде 4-5 жыл бұрын жасалғанын айтады.
– «Арайдағы» жұмыс сол жобаның шикілігі салдарынан тоқтап тұр. Тіпті, қаржысы
қайта есептеліп жатыр, арасында біршама айырмашылықтар орын алуы да мүмкін.
Өйткені жоба ескі. Сонау 2010 жылы сол кездегі Тараз қалалық құрылыс бөлімінің
басшысы М.Есенбеков осы жобаны тапсырды. Демек, ол 2008-2009 жылдары жасалды
деген сөз. Құжат жасалғаннан кейін үш жыл ғана жарамды, сондықтан, ең соңғы
сәттерде жоба босқа күйіп кетпес үшін қаржы бөлінген. Бірақ, жоба уақыт
талабынан көп артта қалып қойған еді. Мәселен, 2008 жылы «Арайға» қоныстанған
адам саны мен үй қарасы қазіргіден екі-үш есе аз болатын. Оның үстіне
өздеріңізге белгілі, бұрынғы жобаларда көп жайттар ескерілмеген. Құдық, өрт
қауіпсіздігі гидранттары, құбырдың орналасатын аумақтары белгіленгенмен, суды
әр үйдің есігінің алдына дейін жеткізіп, есептегіш орнату деген жоқ. Қазір
бұрынғыдай бір көшенің бойына бірнеше жерге құдық орнатып кетуге болмайды. Әр
үйдің есігінің алдына дейін жеткізеді де, есептегіш қойып кетеді. Есептегіш
болған соң тұрғындар да суды үнемдеп пайдаланады, үйіне тезірек кіргізіп алуға
тырысады. Ал, бұрын сол мердігер жасап кеткен құдықтағы «тегін» суды тұтынып
жайбарақат отыра беретін, – дейді Мұхтар Салкеұлы.
Басқарма басшысының орынбасары Жаңатас қаласын ауыз сумен қамту нысанында да
жобаның ескілігінен жұмыстан мән кетіп, мердігердің тығырыққа тірелгенін
айтады. 2008 жылы жасаған құжатта дәл осы «Арайдыкіндей» көптеген маңызды
факторлар ұмыт қалған. Ал, жобаны жасатқан құрылыс бөлімдері оған төленген ақша
текке кетпес үшін, жобалауға қайта ақша бөлмес үшін сол атам заманғы жобаны
қаржыландыру жолында жүгіріп жүргені. Ал, ертең соның зардабын кім тартатыны
оларға маңызды емес сияқты.

«Байзақ-су» неге банкрот болды?

Байзақ ауданында да ұқсас жағдай орын алды. Қызыл жұлдыз ауылында ауыз су
бұрыннан бар. Тек жаңа көшелерінде жоқ болатын. Су да кестемен, күніне бірнеше
сағатқа ғана берілетін. Биыл сол жаңа үш көшеге ауыз су құбыры жүргізілді. Олар
да әбден қопарды, беті жабылмай екі-үш ай жатты. Әлбетте, құрылыс жүріп жатқан
соң су да наурыз айынан бері өшірулі. Ауыл тұрғыны Раушан Құралбаева әсіресе
қарттардың ерекше елеңдеп отырғанын айтады. Үш көше үшін бүкіл ауыл күтуге
мәжбүр. Бұрын кес­теге күні қараған су енді тәулік бойы берілуі мүмкін, бірақ
Р.Құралбаева оған онша сеніңкіремейді. «Мұнда ауыл тұрғындарының да кінәсі бар.
Жаз бойы бау-бақшаларын ауыз сумен суғарады, қадірін білмейді. Сосын
резервуардағы су азайып, өзгелерге жетпей қалады» дейді ол. Өзі «Байзақ-су»
кәсіпорнында жұмыс істейді екен. Раушан апайдың «Бірнеше айдан бері жалақымды
алмадым» деген арызын тыңдаған біз аталмыш кәсіпорынның басшысына жолығуға
асықтық. Оны іздеуге бұдан бөлек тағы бір себеп түрткі болған еді. Өткен жылғы
жаз кезінде газетіміз Байзақ ауданындағы Жақаш ауылына ауыз су жүргізіліп
жатқанын қуана хабарлаған. Алайда, 2012 жылдың мамырында басталған жұмыстың нәтижесі
құмға сіңген судай ізім-қайым жоқ. Нысанды мердігер «Мақсат-СТ» ЖШС былтырғы
желтоқсанда мемлекет қарауына өткізіпті. Бірақ, сол аралықтағы 10 айдан бері су
жетпеді Жақашқа! Енді, міне, қара күз түскенде ауыл тұрғындары мәселенің әлі
күнге шешілмегенін жыр қылып жеткізіп отыр. Көршілес Қарасу, Көкөзек
ауылдарындағы ауыз су құрылысы да Жақашпен қатар басталған, ол жақтарда мұндай
түйткіл жоқ.

Біткен істің қызығын көре алмаған Жақаш

Кәсіпорын директоры Артық Үкібаевтың сөзіне сенсек, Қызыл жұлдыз ауылындағы
жұмыстар таяу арада аяқталып, Жақаштың мәселесі де оңтайлы шешіледі. Бір сөзбен
айтқанда, «алаңдайтын» дәнеңе жоқ.
– Қызыл жұлдыз ауылында су жіберетін тоған түгел жаңаратын болған соң су беру
уақытша тоқтатылды. Мердігер негізгі жұмысты аяқтаған, алайда, жүйені тексеріп
көргенде бірді-екілі кемшіліктер анықталды. Олар соны қайта жасауда. Ал, Жақаш
ауылына келсек, «Мақсат-СТ» нысанды желтоқсанда, қақаған қыста тапсырғандықтан,
күн жылынғанша су жібермедік. Көктемде қосуға тырыстық, содан бері ақаулар
шетінен шығып жатыр.
– Он айдан бері бітпейтін қандай ақау ол?
– Суды беріп байқап көреміз, бір күні тағы бір жері бүлінгені анықталады. Сосын
мердігер келіп жөндеп береді. Олар жалпы үш жылға кепілдік берген, сондықтан
барлық кемшілікті түзетуге міндетті. Қазір де олар сол ауылда жұмыс істеп
жатыр.
– Бұдан кейін осындай жағдай тағы да орын алуы мүмкін бе?
– Орын алмауы керек.
Үйреншікті жауаптар. Ал, банкроттыққа қатысты түсінгеніміз, «Байзақ-су» су
таратқыштан ауылдарға дейін су жеткізем деп осы халге жеткен. Аудандағы Ынтымақ
су таратқышының суы 10 ауылды қамтуға жеткілікті. Соның бірі – Жақаш. Алайда,
екі ауылдың арасы тым шалғай, ал, жобада су жеткізу шығындары көрсетілмейді.
«Соның кесірінен біз банкрот болып отырмыз. Бар қаражатты су жеткізуге
жұмсадық. Екінші жағынан бұл құрылыс жұмыстарына да өз кесірін тигізді. Бүгінде
кәсіпорынды сауықтыру үшін аудандық бюджеттен 10 миллион теңге бөлінуін күтіп
отырмыз, жұмысшыларымызға да бірнеше айдан бері жалақы төлей алмадық» дейді ол.
«Мақсат-СТ» ЖШС бас прорабы Бақтияр Жайлыбековке хабар­ласқанымызда, ол
компаниядан кетіп қалғанын айтып, бір кездері өзі басшылық еткен жұмыс сапасы
үшін жауап беруге құлықсыздық танытты. Компания басшысы Е.Досболовтың да
байланыс телефондарын беруден бас тартты. Жалпы, бір шикіліктің бары анық.
Сонда дейміз-ау, бұл ауыл халқы газетке шағымданбаса, аудандық әкімдік
өздігімен саусағын қимылдатпай ма? Біз хабарласқан сайын айтатыны бір ғана
жауап – «істеп жатыр, су болады». Тағы да осы жауапқа қанағаттануға тура келді.
Әдеттегідей мердігердің үш жылдық кепілдігін алға тартады. Біз неге оны місе
тұтуымыз керек? Бір жыл бойы түзеліп бітпейтін шұрық тесік нысанды қабылдап
алғанда аудандық әкімдік ай қараған ба? Әрине, кеше біткен болса, мұндай әңгіме
болмас еді. Онсыз да халықтың осы жақсылықты күткендеріне қаншама жыл өтті. Ал,
енді біткен істің өзінің жемісін көре алмай отыр. Мердігер жөндеп береді ғой
деп арқаны кеңге салып жүре берсек, үш жыл да зыр етіп өте шықпай ма? Онсыз да
жұмысты бітіргендеріне бір жылға жуықтады. Бір жыл бойы түзеліп бітпейтін не
кемшілік ол? Сосын тоз-тозы шыққан нысанның игілігін ел көре ала ма, жоқ па?
Бұл сауалдардың жауабын білу үшін біз бұл нысандарды бақылауда ұстаймыз.
Әзірге бізге жеткен деректердің бары осы. Біз білмейтін қанша нысанның барын
кім білсін. Сіздің де ауылда осы тақылеттес жағдайлар орын алса, шет қалмаңыз,
бөлісіңіз. Біздікі – іркіліп тұрған істерге қозғау салып, аты жақсы
бағдарламаның халыққа берері де мол болса деген ниет қана.

Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Жамбыл облысы