Келімбетов бүй дейді..
Келімбетов бүй дейді..
Осыдан
бес-алты жыл бұрын қаржылық қиындыққа тап болып, әбігерге түскен жекеменшік
банктердің қандай қиындығы бар? Күні кеше ғана басшысы ауысқан Ұлттық банктің
ұстанатын саясаты қандай? Қайта қаржыландыру мөлшерлемесінде өзгерістер бола
ма? Ипотекалық несиелеудің келешегі не болмақ? Осы және басқа да сұрақтарға ҚР
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мырза жауап берген еді.
«Теңге құнсызданбайды»
– Қайрат Нематұлы, теңгенің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында 20 мыңдық шығарылатыны
туралы әңгіме қозғалды. Жаңа ақшаның тұсаукесері неге өткізілген жоқ?
– Төл теңгеміздің жиырма жылдығына орай түрлі шара өткізу көзделгені рас. Бірақ
бірқатар шара жыл соңына дейін ұйымдастырылады. Солардың бірі – 20 мыңдық
таралыммен 20 мыңдық ақшаның айналымға енгізілуі. Бұл банкнотты дайындарда
Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Г.Марченко Елбасының келісімн алған. Өздеріңіз
білесіздер, кез келген банкнотты дайындайтын арнайы мерзім бар. Аталған купюра
дайын болған сәтте айналымға жіберіледі.
– Жаңа ақша әзір болатын нақты мерзім белгілі ме?
– Жыл соңына дейін біз 20 мыңдық теңгенің қандай екені және оған қанша шығын
кеткені туралы нақты дерек беріп, мәлімдеме жасаймыз.
– Мерейтойлық теңгеге кім қол қояды?
– Онда ҚР Ұлттық банкінің бұрынғы басшысы Г.Марченконың қолы бар. Ал менің
қолым жаңа ақшада келесі жылдың екінші жартысынан кейін барып көрініс табады.
– 20 мыңдықтың шығарылуы теңгенің құнсыздануына байланысты ма?
– 20 мыңдықтың төңірегінде туындаған ешқандай әбігер жоқ. Сіздерден өтінерім, елді
алаңдататын ақпаратқа абай болсаңыздар. Осыдан бірнеше ай бұрын Г.Марченконың
Елбасыға 20 мыңдық туралы берген есебін тыңдағанмын. Яғни, бұл жобаның ұлттық
валютаның біртіндеп өзгертілетініне немесе құнсызданатынына еш қатысы жоқ.
Әріптестерімнің айтуынша, статистика бойынша, жылына 13 рет теңгенің
девальвациясына қатысты алып-қашпа сөз көтеріледі екен. Бірақ халықтың теңгеге
деген сенімі нығая түсуде. Мұны депозиттерді теңгемен салуы, несиені теңгемен
алуы т.б. аңғаруға болады. Меніңше, девальвацияға қатысты сыбысқа жаңа
купюраның шығуы, Ұлттық банк басшысының ауысуы сияқты мәселелер себеп болды.
Демек, жаңа 20 мыңдықтың айналымға енгізілуінің астарында ешқандай құпия жоқ.
Әрі шектеулі таралыммен басылатындықтан, ақша нарығындағы ахуалға ықпал ете алмайды.
– Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде жаңа валюта шығару мүмкіндігі
туралы айтсаңыз?
– 1994 жылдан бастап интеграция тақырыбын талқылап келеміз. Сонан бері ортақ
валюта жайлы сөз де жиі қозғалады. Қазір айналымда жүрген валютаны, мәселен,
ресейліктердің рублін ортақ ақша ретінде пайдалануға, ТМД мен Кедендік одақ
мүшелерінің бірлескен валютасын енгізуге ұсыныс түседі. Күні бүгінге дейін
жүргізілген келіссөздерді негізге алсақ, ортақ ақша туралы айту асығыстық.
Қазір Кедендік одақты қалыптастыру, Біртұтас экономикалық кеңістікке жаңа
мүшелерді қабылдау мәселелерін қарастырып жатырмыз. Жұмыс тобы 2014 жылдың 1
мамырына дейін БЭК туралы келісімді аяқтауы тиіс. Еуропалық Одақтағы ортақ
валютаны 50 жыл бойы қалыптастырды. Ал біз интеграцияны қалыптастыруға
бағытталған белсенді әрекетке 2009 жылдан кірістік. Яғни, небары 4 жыл. Бірегей
валютаны енгізу үшін бірегей салық-бюджет саясаты, бірегей ақша-несие саясаты
да болуы керек, демек, бұл алдағы жылдардың еншісіндегі әңгіме емес. Тағы бір
назар аударатын жайт – Ұлыбритания ЕО мүшесі бола тұрғанымен, өзінің
валютасынан бас тартқан жоқ қой.
– Соңғы кездері жиі сынға ұшырап жүрген Үкімет кезінде «Халықтық ІРО»
бағдарламасын іске қосқан еді. Осы бастаманың бүгінгі беталысы қалай?
– Мен «Халықтық ІРО» бағдарламасының Қазақстандағы қор нарығын құруда аса
маңызды роль атқаратынына сенімдімін. «ҚазТрансОйл» компаниясының акциялары
сатылымға шығарылғанда қоғам тарапынан үлкен қызығушылық болды. Әсіресе,
«КЕГОК» компаниясына тиесілі акциялардың сатылуы айтарлықтай даярлықпен
жүргізілген болатын. Биыл Үкімет басқа да компанияларды қор нарығына қарай
тартуды көздеп отыр. Бұл туралы Министрлер кабинеті талқылау жұмыстарын
өткізуде. Қазір құқықтық тұрғыда пікір қайшылығын тудырған мәселелер бар.
Мәселен, стратегиялық нысандарды жекешелендіруге қатысты. Ең бастысы, «Халықтық
ІРО» бағдарламасының даму үдерісі орнықты. Көп кешікпей «Халықтық ІРО»-ны
ғаламдық ІРО-мен астастыра қарайтын сәт туатыны анық. Ол кезде тіпті
«ҚазМұнайГаз» сияқты ірі кәсіпорынның акциясын сатылымға шығарамыз.
– Бұл мәселеде Ұлттық банктің басшысы ретіндегі сіздің роліңіз қандай
болмақ?
– Біз ең алдымен Қор нарығын қалыптастыруға мүдделіміз. Сонымен қатар Біртұтас
халықтық зейнетақы қоры секілді үлкен бастаманы да қолға алуға әзірміз. Бұл
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының құрамындағы өзге де ұлттық
компанияларға тиесілі мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
– «ҚазМұнайГаз» компаниясы қашан сатылымға шығарылмақ? Келесі жылы ма, әлде
2015-те ме? Келесі жылы ма, әлде 2015-те ме?
– Меніңше, бұл сауалға нақты жауапты Үкіметтің бергені жөн. Алайда, алдын ала
жасалған жоспарға сәйкес, ірі компаниялар не «Халықтық ІРО» бағдарламасына, не
ғаламдық ІРО-ға тартылады. Бұл Қазақстан қор нарығының дамуына сеп.
– ҚР Ұлттық банкі қаржылық нарықты дамыту бағдарламасын жалғастыра бере ме?
– 2010 жылы қаржылық нарықты дамыту туралы бағдарлама қабылданды. Бүгінгі таңда
біз Елбасының тапсырмасымен, концептуалдық шешім қабылдау бойынша жұмыс
істеудеміз. Бәлкім, бұл құжат қаржы саласын 2020 жылға дейін қолдауға қатысты
болатын шығар. Бірақ құжаттың форматы қандай болатынын және қалай аталатынын
мен айта алмаймын. Ең негізгісі, банк саласы, сақтандыру саласы, жалпы қаржылық
сектор қалай дамитынына байланысты. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда үйымына мүшелікке
өтуі, Кедендік одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістікпен өзара ынтымақтастығы
ескеріле отырып, жоспар құрылатыны анық.
– Ұлттық банктің қоры жыл басынан бері 16 пайызға қысқарған көрінеді. Бұл
келер жылға құрылатын жоспарларға қалай әсер етпек? Теңгенің жағдайы не болады?
– Ұлттық банктің бағамға, теңгенің реттелуші деңгейіне қатысты ұстанатын басты
саясатына келсек, осы кезге дейін Ұлттық банк ғаламдық интервенцияларына
араласпаған болатын. Біз сүйенген жалғыз қағида – қысқамерзімдік
пунктуацияларды, нарықтағы алыпсатарлықты реттеу. Бұларды біз келесі жылы да
жалғастыра береміз. «Теңгенің құны қанша болады?» деген сұрақ жиі қойылады.
Алайда, бұл жерде ешқандай құпия жоқ. Бағамға әсер ететін басты шарттар – мұнай
бағасы мен ресейлік нарықтағы ахуал. Әсіресе, рубльге қатысты. 2009 жылы
теңгені құнсыздандырғанда, рубль бағамы 40 еді, ал қазір 32-ге тең. Мұнай
бағасы 108-дей, демек, басқа іргелі көрсеткіштер жоқ. Шынында да Ұлттық банктің
қоры биылғы жылдың қазанындағы көрсеткіш бойынша 16 пайызға қысқарды. Бұл
Ұлттық банк пен Ұлтық Қор арасындағы операция, Ұлттық банктің теңгені
тұрақтандыру бойынша сатылымдарына байланысты болды. Ал болашақта, Қашаған
жобасының іске қосылуына байланысты алтын-валюта қорының өсуінен үміттіміз.
Келесі жылы Ұлттық қор мен алтын-валюта қорымыз 100 млрд. доллардан асып
түседі. Болашаққа деп жоспарлап отырмыз.
– Ұлттық Қордағы қаржыны Ұлттық банк отандық екінші деңгейлі банктерге
ұзақмерзімдік несие беру мақсатында қолданады ма?
– Негізі Ұлттық Қордағы қаражат Қазақстан Үкіметінікі. Ұлттық Банк ол
қаржыны тек басқарумен айналысады. Сондықтан ақшаны қайда және қалай жұмсаймын
десе, ол Үкіметтің еркі. Ал Ұлттық Қор қаржысы туралы негізгі шешімді
Президенті жанынан құрылған Арнайы кеңес шешеді, оның мүшелері ҚР Президенті,
Үкімет Басшысы, Парламент Төрағалары, Президент Әкімшілігі Жетекшісі, Ұлттық
банк төрағасы, Есеп Комитеті Төрағасы, Қаржы министрі, Экономика министрі
секілді жалпы саны 9 лауазымды тұлғадан тұрады. Ұлттық Қордан жыл сайын 150
млрд. теңге инфрақұрылымды дамытуға жолданады. Бюджеттік мақсатта қолданатын
жоспарлы шара бұл. Ал жекеменшік банктерді Ұлттық Қор тарапынан қолдауға
келсек, мұндай сыбыс жиі қылаң береді. Меніңше, Ұлттық банктің қаржысы есебінен
банктерді қаржыландыру аса құптарлық бастама емес. Біз мұндай тәсілді
қолдамаймыз.
– Елбасының тұтынушылық несиелеу деңгейіне қатысты тапсырмасы туралы
айтыңызшы?
– Тұтынушылық несиені дамытуға мүдделі топтар бар, қарсылары да. Бірақ Елбасы
осы мәселеге баса назар аударуды тапсырып, БАҚ-та кеңінен насихаттауға пәрмен
берді. Біздің жекеменшік банктерге қатысты жүргізіп жатқан шаруамыз мәселенің
екі қырын ашып берді. Біріншісі, тұтынушылық несие көлемі жалпы қарыз
қоржынымен салыстырғанда, аса үлкен емес – 15 пайызға жуық. Ал кез келген
дамыған елде тұтынушылық несие қарыз қоржынының 50 пайыздық үлесіне тең.
Банктердің несие арқылы халықтан ақша жинап, оны инвестиция ретінде жұмсауы –
табиғи заңдылық. Екіншісі, Елбасы назар аударған мәселе, тұтынушылық несиенің
өсу қарқыны. Былтыр және биылғы 9 айда аталған көрсеткіш едәуір жоғары. Қазір
нарықтағы баға өсімін тежейтін тетіктерді қарастыру үстіндеміз. Бар түйткіл
қаржының көлемінде емес, оның өсім қарқынында. 2012 жыл мен 2013 жылдың алғашқы
тоғыз айындағы жағдай қауіп төндіріп тұр. 2007-2008 жылдардағы ипотекалық несиелеуден
туындаған қиындықтар қайталанбас үшін жағдайдың алдын алуды көздеудеміз.
– Қаржы нарығындағы жағдайды жақсарту үшін Ұлттық банк қайта қаржыландыру
мөлшерлемесін өзгерте ме?
– Қайта қаржыландыру мөлшерлемесі экономиканы қаржыландыруға ықпал ету құралы
емес. Ол қазір 5,5 пайыз төңірегінде, яғни, инфляция деңгейінен әлдеқайда
төмен. Әзірше мөлшерлемені өзгерту туралы ойланған емеспіз. Егер инфляция
бойынша жағдай бірқалыпты деңгейде тұрса, мөлшерлеме ары кетсе, 5,9 пайызбен
шектелмек. Ұлттық банк бүгінде банктерге мемлекетке тиесілі ақшадан басқа
ештеңе беріп отырған жоқ. Егер ақшаға қатысты несиелік аукциондар сияқты
қосымша мүмкіндіктер туса, оны да қарастырамыз. Бұл айырбас бағамы саясатына да
байланысты. Банктер теңге түріндегі қаражаттары жоқ деп жиі мәселе көтерсе де,
теңге қолына тиісімен, өндірістік инвестицияға салуға құлықсыз. Есесіне, валюта
нарығындағы түрлі операцияларға белсене кіріседі. Бүгінде біз Қазақстандағы
қаржылық саланы тұрақтандыратын үлгіні табуды көздеп отырмыз.
«Банктерге қатысты проблема көп»
– «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі компаниялардың құнды
қағаздарын шығарғанда, активтердің қанша пайызы инвестицияланбақ?
– Олардың нарықтағы сұранысына, өсу қарқынына байланысты.
– Ұлттық банк ресми эмитенттерді қадағалауда қандай мүмкіндіктерге жүгінеді?
– Бұл әзірше жаңа бастамалар санатында. Екінші деңгейлі банктерді
лицензиялаумен бірдей.
– Яғни, лицензия алу керек пе?
– Лицензия демес едім. Сірә, белгілі бір шаралар деген дұрыс шығар.
– Ұлттық банктің көрсеткіштеріне сәйкес, қоржын сапасын жақсартуға
байланысты айтсақ, бастапқыда жақсарған сияқты көрінген еді, бірақ қазір тағы
да нашарлап бара жатқанын байқаймыз…
– Осыған қатысты бір анекдот бар. Жалпыукраиндық анекдоттар байқауында «банк
саласы тұрақтанды, бірақ клиенттер әзірге ештеңе жоғалтқан жоқ» деген анекдот
жеңіске жетті. Ахуал әзірге тұрақтанған жоқ. Қазір несиелік қоржын сапасы
тұрғысынан алғанда, біздің жағдайымыз өте қиын. Есесіне, жұмыс істемейтін
активтер (NPL) деңгейі бойынша алдыңғы қатардамыз. Несиелік қоржынның 31
пайызы. Ресми деректерге сүйенсек, қоржынның үштен бір бөлігі. БТА мен Альянс
банкті қосқанда 31 пайыз, егер осы екі банкте жұмыс істемейтін несиелерді
қоспағанда, 20 пайыздың төңірегінде. Алайда, осы 20 пайыздың өзі басқа елдердегі
ең жоғары көрсеткіштерден де жоғары. Марченконың кезінде банктердегі осы санды
15 пайызға дейін төмендетуді талап еткенмен, бірде бір банк құлақ аспады.
Неліктен? Өйткені 2013 жылы жаңа жеңілдіктердің мерзімі бітеді. Осыған
байланысты банктер мен шаруалары шатқаяқтаған заңды тұлғалар салықты қайтіп
төлеу керектігін білмейді. Себебі, бизнесі әлдеқашан тоқтап қалған, салықты
өтеуге қаражаты жоқ. Бұл Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің
салғырттығынан. Екі тарап та бәрі жақсы деген сыңай танытқанмен, меніңше,
жағдай өте нашар. Ең біріншісі, банктердің проблеманы шешуге деген саяси
ерік-жігерінің болмауы. Бұл Ұлттық банкке де қатысты. Ұлттық банк пен
жекеменшік банктер түйткілді шешуге тырысқанда, екі тарап та ортақ көзқараста
болғанда, жетістікке жетер еді. Қазір банктермен келіссөздер жүргізу
үстіндеміз. Үкіметке тиісті заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы ұсыныс білдіруге дайынбыз. Мәселен, заңды тұлғаларды банкроттау,
үмітсіз несиелерді банктердің кешіруі т.б. көптеген мәселелерде. Ресей
Федерациясында бұл көрсеткіш 10 пайыздан төмен, 5 пайыз. Бірақ бұған қарап
қазақстандық банк саласы алты есе осал деуге келмейді ғой. Банктер «мен
несиелемеймін, өйткені ақша жоқ» деген кезде өтірік айтады. Біріншіден, ,
өздерінің онсыз да нашар несие қоржынын әрі қарай нашарлатқысы келмейді,
екіншіден қазір біздің нарықта – қомақты қарыз алуға қабілеттілер жоқтың қасы,
бәрі екінші деңгейлі банктерге борышкер. Дәл қазір мен банктерге қатысты үш
қиындықты айтар едім: біріншісі, несиелер деңгейі (өте жоғары). Екіншісі,
тұтынушылық несиенің өсу қарқыны. Үшіншісі, Базель-3 стандарттарына біртіндеп
көшу. Осы үш мәселе соңғы 4 айда шешімін таппай, тоқырап тұр. Алдағы үш ай
ішінде осы түйткілмен айналысу қажет. Өзім үшін ең маңызды мақсат – алдағы 1-2
жыл аралығында банктердегі жұмыс істемей тұрған несиелердің көлемін 10 пайызға
дейін азайту керек деп жоспарлап отырмын.
– Қайтарылуы қиын несиелердің түйткілін қалай шешуге болады?
– Оның екі жолы бар. Бірі – америкалық. Екіншісі – жапондық. «Жоғалып кеткен
онжылдықтар» деп аталатын жапондық үлгіде жылжымайтын мүлік бағасы тым
шарықтап, борышкерлерге берілетін несиелер де тым өсіп кеткенде жиырма жыл бойы
қарыздарды кешірумен айналысты. Бұл «зомби банк» деп аталатын үлгі. Яғни, банктер
тек сөз жүзінде ғана бар да, іс жүзінде жоқ. Америкалық үлгіге келсек, қарыз
алушының түйіткіл мәселесі кейінге қалдырылмай, аз уақыт аралығында шешіледі,
борышы кешірілуі мүмкін де, несиелік тарихы жаңадан басталады. Демек, үмітсіз,
қайтарылмайтын қарыз – банктің мойнында жүк болып тұрмайды. Бұл борышкерге де,
банкке де қатысты. Меніңше, Қазақстан осы америкалық тәсілді пайдалануы тиіс.
– Бүгінде банктердегі кепілдіктің 70 пайызы – жылжымайтын мүлік. Егер
америкалық үлгіні қолдансақ, жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалды күрт
қиындатпай ма? Өйткені қазір жылжымайтын мүлік бағасының тым шарықтап кетуі
банктердегі ахуалды тұрақтандырған сияқты ғой…
– Егер банктердегі кепілдік бағасы 2004-2007 жылдардағы құнмен есептелсе, нарық
шатқаяқтайды. Қазіргі құнды алсақ, меніңше, баға мәселесінде алыпсатарлыққа
ұрынатындар бар. Әсіресе, Алматы мен Астанада. Шынымды айтсам, халық делдалдар
мен қаржылық пирамидаларға қолындағы ақшасын өз еркімен беретінін түсінбеймін!
Қаржылық сауаттылық жұмысы жүргізілген 10 жылдың ішінде бұл тақырып баяғыда
жабылуы тиіс еді. Бұл жерде өз ісіне немқұрайды қарайтындар бар. Ұлттық банк
сондайлардың ісін қадағалауды күшейтеді. Әзірге заңдық тұрғыда Ұлттық банктің
бұған тікелей қатысы жоқ. Бірақ халықтан кім және қалай ақша жинайтынын
анықтауға рұхсат беру үшін Үкіметке ұсыныс жасамақпыз. Мен «Самұрық-Қазына»
қорына басшы боп тұрған кезде Алматы мен Астана қалаларында салынбай қалған 80
мыңға жуық пәтерің құрылысын аяқтадық. Олардың иелері із-түзсіз жоғалып кетіп,
соңында қалған мәселесін Самұрық-Қазына Қоры шешкен болатын. Сондай олқылықты
қайталамас үшін жан-жақты ойластыру қажет.
«Астанаға
көшкен дұрыс»
– Кезінде экс-төраға Марченконың Ұлттық банктің бас ғимаратын Астанаға
көшіруге үзілді-кесілді қарсы болғанын білеміз. Сіз басшылыққа келгеннен кейін
банктің Астанаға көшірілуі мүмкін бе?
– Мен бір жарым айдан бері Алматыдағы бас ғимаратта жұмыс істеп жатырмын.
Таңғалатыным, бәрі менен «Неге Астанада емессің?» деп сұрайды. Біріншіден,
Ұлттық банк Мемлекет басшысына тікелей бағынады әрі есеп береді. Демек, банкті
Елордаға көшіру мәселесін де тек Елбасы шешеді. Күні бүгінге дейін ондай әңгіме
болған емес. Егер мен осы мәселені көтеріп, ол қолдау тауып жатса, көшіру үшін
кем дегенде 3-4 жыл керек. Өкініштісі, қаржылық саланың дамығанына және шетелдік
сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болғанына қарамастан, Алматы мен
Астанадағы ғимараттарға қойылған құрылғылар кеңестік дәуірдегідей ескі, жұмыс
істеуге қолайсыз. Біз бұл мәселені де көтереміз. Астанадағы ғимарат та сондай.
Кеңсе мен Үкімет Есілдің екі жағасында. Кептеліс кезінде бір жағалаудан
екіншісіне жетуден гөрі Алматыдан Астанаға ұшып келу әлдеқайда оңай. Елордамыз
1997 жылы Астанаға көшіп келді. Менің пікірім, Ұлттық банктің бас ғимараты
Астанада болуы керек. Себебі, Ұлттық банктің жұмысы Үкіметтен тәуелсіз
дегенмен, бірге атқаратын шаралар тығыз қарым-қатынасты талап етеді. Мәселен,
соңғы 1 жарым айда мен Астанаға 8 рет баруға мәжбүр болдым: бюджеттің
талқылануы, оның бекітілуі, алдымен Мәжілісте, сосын Сенаттағы менің қатысуымды
қажет ететін кездесулер болды. Алматы аймақтық қаржылық орталық міндетін
атқаруы тиіс. Ол үшін Ұлттық банктің басым бөлігі, қаржылық бақылау мен
исламдық қаржыландыру мәселелерімен айналысатын бөлімдер Алматыда қалдырылуы
шарт. Банктердің көпшілігі Алматыда болғандықтан, жұмыс орындары осында
қалғанын таңдадық. Тау-шаңғы туризмі, шопинг-орталықтар, туризм индустриясы
мен қаржылық орталық Алматыда ғой. Демек, Орталық Азиядағы, белгілі бір
деңгейде Ресей Федерациясы мен Кедендік одақ үшін де аймақтық қаржылық орталық
болып қалуға тиіс. Екіншіден, күні бүгінге дейін исламдық қаржыландыруға Ұлттық
банк баса назар аударған жоқ. Енді осы бағытты дамытуға көңіл бөлмекпіз.
– Біртұтас зейнетақы жинақтаушы қорына қатысты мәселе де өзекті мәселелер
қатарында. Қазір қорға қатысты қандай шаралар атқарылуда?
– Азаматтардың жинақталған активтерін Біртұтас зейнетақы жинақтаушы қорына
(БЗЖҚ) беру белгілі бір себептерге байланысты сәл кешікті. Бірақ бірінші
тоқсанда БЗЖҚ-ға қатысты мәселелерді аяқтаймыз. Зейнетақы жинақтаушы қорларындағы
құжаттар түгел электронды түрде БЗЖҚ қорына берілмек. Қазір инвестициялық
стратегияны жоспарлау үстіндеміз. Әзірге мемлекеттік құнды қағаздар мен екінші
деңгейлі жекеменшік банктерге депозит салуға бағытталған уақытша стратегияға
тоқталдық. Енді қаражаттың қайда жұмсалғаны, оның нәтижесі туралы нақты
ақпаратты дер кезінде таратып отырамыз. Ең бастысы, біз үлгіні өзгерттік.
Біртұтас зейнетақы жинақтаушы қоры қанша пайда табады деген мәселе емес,
қаншалықты сақталатыны маңызды. Меніңше, қаржылық салада болуы мүмкін ең үлкен
апаттың алдын алдық. Банктерге қатысты жағымсыз жаңалықтардан кейін жинақтаушы
қорлардан да келеңсіздіктер шықпауын қалағанбыз. Сол себепті БЗЖҚ құрылды. Ең
алдымен халыққа тиесілі қаражаттың қауіпсіздігіне жауаптымыз. Басқа да мүмкіндіктер
бар. Мысалы, мемлекеттік құнды қағаздардың кірісіне көз жүгіртсеңіз, оның
өскенін байқайсыз. Бұған дейін жинақтаушы қорлар 3 пайыздық кірісті айтса,
қазір ол 6 пайызға жетті. Үкіметке пайданы өсіру жолдарын ұсынғымыз келеді.
Өйткені инфляциялық деңгейге жете алмасақ, өтемақы төлеуге тура келеді ғой.
Мөлшерлемені көтеруге мүдделіміз әрі мемлекеттік құнды қағаздар құнын да
өсіреміз.
«Тұтынушылар құқын тегін қорғаймыз»
– Соңғы кездері банктердің жұмысына, олардың жасырын пайыздық мөлшерлеме
арқылы пайда тауып жатқанына наразылық танытушылар саны артты. Сіз не айтасыз?
– Банктерге қатысты арыз-шағымдар кейінгі кездері бізге жиі келеді. Мәселен,
келісімдер дұрыс түзілмеген, мөлшерлемесі тым жоғары т.б. Ұлттық банктің
басшысы ретінде айтарым, Банкте Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі комитет
бар. Егер кез келген банктің клиенті немесе қандай да бір азаматтың банкке
қатысты айтары болса, осы комитетке келсін. Соңғы кездері наразылар саны
көбейді. Ақылы түрде көмектесуді ұсынатын қоғамдық қорғаушы дегендер бар, бірақ
біздің Комитет тегін қызмет көрсетеді. Сонымен қатар тұтынушының құқығы бұзылды
ма, жоқ па, не істеу керек? деген сұрақтарды анықтайтын да біз. Бір кездері біз
тұтынушылық несиенің пайдаға шаш-етектен кенелтетін кәсіп екеніне қарамастан,
ең жоғарғы мөлшерлемені 56 пайыздан асырмауға пәрмен бергенбіз. Барлық
комиссия, мөлшерлеме, барлығы сол 56 пайыздың ішінде болуы тиіс. Егер бұдан
жоғары болса, кез келген клиент Ұлттық банкке келуіне болады. Бірақ мұндай шара
қаржылық тұрақтылыққа зиян келтіруге немесе қарызды қайтармауға әкеп соқпауы
тиіс. «Баспананы халыққа қалдырайық» ипотекасы бойынша осындай проблема
туындағаны белгілі. 2004-2007 жылдардағы қателікті қайталамас үшін қазір ерекше
қарқынмен өсіп келе жатқан тұтынушылық несиеге қатысты жайттарды қатаң
қадағалауда ұстамақпыз. Банктер заң шеңберінде әрекет етуде. Егер заңды бұзса,
біз оны анықтап, тиісті жазасын береміз. Егер тұтынушының құқығы бұзылса,
шағымдансын.
– Жекеменшік банктер ипотекалық несиелеуде әлі де белсенді ме?
– Банктер ұзақмерзімдік несиелеу бойынша жұмыстарын аяқтап жатыр. Өйткені
олардың ұзақмерзімдік ресурстары жоқ. Ипотеканы қолдау туралы ұсыныс бар, бірақ
меніңше, 2004-2007 жылдарда борыш алғандар оны ендігі қайтарып үлгерді. Қазір
тек жағдайы барлар ғана ипотека алуға тырысады. Олар аса көп емес. Ипотека
дегеніміз – халық жаппай қолданатын тетік емес. Жалақысы өте жоғары
азаматтардың ғана оны алуға шамасы жетеді. Қолжетімді баспана үшін Үкіметтің
басқа бағдарламалары, жалға алынатын, әкімшілік баспаналар бар. Яғни, жолы көп.
Алайда, ипотека – өте күрделі де қиын құрал. АҚШ-та миллиондаған адамды банктер
үйлерінен көшіріп жіберді. Сондықтан банктер ипотекаға сұраныс өсті екен деп
тағы да асыра сілтеушілікке ұрынбас үшін жіті қадағалап отырамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы