АЛМАТЫДАҒЫ «KAZFRAN-2013» КӨРМЕСІ

АЛМАТЫДАҒЫ «KAZFRAN-2013» КӨРМЕСІ

АЛМАТЫДАҒЫ «KAZFRAN-2013» КӨРМЕСІ
ашық дереккөзі

Бүгін Алматыда «KazFran-2013» конференциясы мен көрмесі өтті. «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қолдауымен  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және Еуразиялық франчайзинг қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған  шараға ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, ҚР Өңірлік даму министрлігі, «Атамекен» Одағы»  Ұлттық экономикалық палатасы мен Алматы қаласы әкімшілігінің өкілдері қатысты. Шара барысында кәсіпкерлер, франчайзерлер, шағын және орта бизнестің дамуына мүдделі ұйымдар, екінші деңгейлі банктер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бас қосып, франчайзингтің Қазақстандағы даму үдерісін талқылады. Сондай-ақ жиында еліміздің әр саласындағы ең үздік, отандық франчайзингтік компаниялар өз франшизасын таныстырды.  Осы салада бұрыннан жұмыс істейтін компаниялар мен нарыққа жаңа қосылып жатқандары өзара тәжірибе алмасты.

Шараның мақсаты – Қазақстан Республикасы аумағында франчайзингтік қарым-қатынастың тиімді дамуына ықпал ету және отандық франчайзингті дамыту. 

Франчайзинг – бұл, ірі компанияның өз фирмалық таңбасы мен лицензиясын белгілі кезеңге өзге өндірушілерге ақылы түрде беруі. Экономикасы дамыған елдерде коммерциялық субъектілердің 50 пайызы, өндірістік саладағылардың 30 пайызы қызмет көрсету және бөлшек сауда саласында франчайзингті пайдаланады. Бүкіл әлемде франчайзингтік қарым-қатынастың қарқынды дамуы байқалуда. Ал Қазақстанда қазіргі таңда орта және шағын бизнес субъектілерінің тек 4 пайыздайы ғана франчайзингтің игілігін көріп отыр.

Франчайзингті дамыту кәсіпкерлерге ғана емес, мемлекетке де тиімді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында Ұлттық экономиканың жетекші күші саналатын кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау туралы баса айтқан болатын.  Стратегиялық құжатта 2030 жылға қарай шағын және орта бизнестің үлесі кемінде екі есеге артатыны да айтылған. 

Индира Байсалбекова