ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ...

ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ...

ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ...
ашық дереккөзі

Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығына арналған форумда сөйлеген сөзінде: «Болашақ» бағдарламасы ел дамуында зор рөл ойнады. Ең алдымен, бұл экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, ұлттық мәдениет, өнер үшін жаңа кадрлар. Әрбір түлектің екіншісі бүгінде қазақстандық жеке және мемлекеттік компанияларда жұмыс істеуде. Олардың 19 пайызы ұлттық компаниялардың менеджері, шамамен 4 пайызы халықаралық ұйымдар мен Үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейді. Толықтай алғанда түлектердің төрттен үші ел экономикасының шынайы секторында қызмет етуде. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда «болашақтықтардың» төрттен бірі жұмыс істейді. Оның ішінде, мемлекеттік басқару жүйесінде 19 пайызы қызмет етеді. Қазіргі таңда «Болашақ» бойынша шамамен 2 мың инженер-техникалық маман дайындалды. Олар біздер үшін бүгінде өте маңызды. Бұлар инновациялық технологиялар, металлургия, коммуникация салаларының мамандары», – деген еді. 

Сондай, білікті де білімді мамандардың бірі – Бауыржан Еділбаев. Ол – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Бауыржанның таңдауы «Бакингем» университетіне түсіпті. Ал «Бакингем» университетіне оқуға түсу оңай болмапты.  

«Құжаттарды тапсыру, оның нәтижесін күту – бір демде бола қойған жоқ.  «Болашақ» бағдарламасына оқуға түсу үшін бес жыл бойы дайындалдым.   Ағылшын тілін оқыдым және өзімді моральдық-психологиялық тұрғыда дайындадым. Менің таңдауым  Англиядағы «Бакингем» университеті болды. Бұл  – Ұлыбританиядағы бірден-бір тәуелсіз университет. Британдардың  озық тәжірибесін меңгеру – кез келген салаға септігін тигізері анық. Өз білімімізді еліміздің игілігіне пайдалану үшін шет елдерде білім аламыз», – дейді Бауыржан Еділбаев.  

Бауыржан Ұлыбританияда қоршаған ортаны қорғау саласында өз білімін жетілдіреді. Британ елінде жүріп, жас шәкіртке әлемнің жетекші ғалымдарының және ғылыми ұжымдарының зерттемелерімен танысуға мүмкіндік туады. «Ондағы мақсат – әуе бассейнінің автокөлік және стационар салдарынан ластануы туралы деректер жинау, ластаушы заттар туралы зерттеулер жүргізу, үйренген әдістерге талдау жасап, оларды өз елімізде қолдану», – дейді  Бауыржан.

 Лондон, Оксфорд қалаларында өтетін конференцияларға, семинарларға жиі қатысып жүріпті. Сондай-ақ, жас ғалым  біліктілік деңгейін көтеру үшін ғылыми-әдістемелік, тағы басқа зерттеме жұмыстарын әлемдік басылымдарда жариялап та үлгерген. «Бүгінде білім саласындағы қызметімді жалғастырып келемін. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі техникалық білім беруден көшбасшы саналатын жетекші оқу орны Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың Ақпараттық-талдау орталығының директоры қызметін атқарудамын. Тәуелсіз Қазақстанның ғылыми және техникалық идеяларын дамыту – ҚазҰТУ-мен тығыз байланысты. Қазақстанның индустриялдық-инновациялық дамуы үшін сапалы біліммен, ғылыммен қаруланған мамандар қажет. «Университеттің 2020 жылға дейінгі Стратегиясында «2020 жылға қарай халықаралық деңгейдегі ұлттық зерттеу оқу орны болу және әлемдегі жетекші университеттер тізіміне ену» міндеті қойылған. Бұл үшін өзіміздегі білім бағдарламалары бойынша оқу, оларды халықаралық аккредитациялық  агенттіктерде аккредиттеу, профессорлық-педагогикалық құрамның жоғары мүмкіндікке ие болуы, PhD магистратурасы мен доктарантурасында оқуды және халықаралық байланыстарды дамыту, сондай-ақ, инфрақұрылымды, ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді дамыту қажеттігі белгілі», – дейді.

«Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның жоғарғы университетінде білім алған талапты жас өзінің оқыған-білгендерін, тәжірибелерін өз елімізде қолдануды басты мақсат тұтып отыр. Жас ғалым еліміздегі әрбір жас ана тілімен қатар, өзге тілді де меңгерсе, түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанса, елімізге берер пайдасы  мол болар еді деген пікірде. «Шындығына келгенде, әркімнің шет елдегі әлемдік деңгейдегі айтулы университеттерден білім алуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, қазақ жастары осындай тамаша мүмкіндіктерді пайдалана отырып, алдарына нақты мақсат қойса, өздеріне сенсе, Отанымыздың өркендеуі үшін еңбек етер еді», – дейді «Болашақтың» түлегі.  

Гүл БЕКЗАТ