БӘСЕКЕЛЕСТІК ШАРТЫ БҰЗЫЛҒАН ҚАЛА

БӘСЕКЕЛЕСТІК ШАРТЫ БҰЗЫЛҒАН ҚАЛА

БӘСЕКЕЛЕСТІК ШАРТЫ  БҰЗЫЛҒАН ҚАЛА
ашық дереккөзі

Қоғамдық көліктегі жолақының 50 теңгеден 80 теңгеге өсуіне автобус жүргізушілері қарсы шығып, төлемді өз бағасына қайта түсіруді талап етті. Олар тіпті қарбалас кезде де көліктерін қаңтарып қойып, биліктің бетін бері қаратуға тырысты. Пікірлеріне құлақ түрсек, көтерілген тариф жүргізушілерге тиімсіз болған көрінеді. Оның үстіне жаңа тәртіп бойынша шағын автобустағылар айлық жол жүру билеттері бар жолаушыларды тегін тасымалдауы керек екен. Сондықтан да олар «жолақының 50 теңгеде қалуы біз үшін де, қарапайым халық үшін де пайдалы» дегенді айтады. Ал, өз беттерінше бағаны көтермей қойған белсенді жүргізушілерге тиісті орындар «Бұйрыққа бағынбадыңдар!» деп 20 мың теңгеден айыппұл да салыпты. Бұл экономикамыздың қозғаушы күші болып табылатын бәсекелестікті тізеге басып, бұзу болып табылғанына қарамастан, қала билігі қарапайым адамдарға жаны ашитын жүргізушілерді жазалай бастаған. Неге біз әлеуметтік жағдайды күрделендіре береміз? 

Қоғамдық көлік жүргізушілердің бұл әрекеті дұрыс па? Олар неліктен жолақының 80 теңгеге қымбаттауына қарсылық танытты? Білуімізше, жолақының 30 теңгеге өсуінің салдарынан жолаушылар 50 теңгемен қатынайтын қоғамдық көліктің көмегіне жүгінетін болған. Ал есесіне, бағасы шарықтаған автобустарға жеңілдікпен жүретін жолаушылар көптеп міне бастапты. Күнделікті пайдадан қағыс қалдық деп жыларман болған жүргізушілер жоспарды да орындай алмайтындарын айтып әлек. Бұл дұрыс па, бұрыс па? 

Бұдан соң Қарағанды қаласының ондаған тұрғыны қоғамдық көліктің жолақысын қымбаттатуға наразылық шеру өткізді. Тұрғындардың қолындағы плакатта «80 теңгенің орнына балама тариф талап етеміз!» деген жазу бар. «Автобустың келуін күтіп аялдамада жарты сағат тұрамыз. Қысылып-қымтырылып әрең ілінесің. Іші адамға лық толы. Автобустар ескі. Жолақының қымбаттауына қарсымын, бұрынғы баға өскенінен ештеңе өзгерген жоқ», – дейді Қарағанды тұрғыны Любовь Смирнова.

Бір айта кетерлігі, осы жағдайдан кейін Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұлов қоғамдық көлікке мініп, қарапайым жолаушының кейпіне енді. Қала ішін қоғамдық көлікпен аралаған ол кем-кетіктерді көкейіне түйіп, орынбасарларына тапсырма да беріп үлгерді. Бірақ Қарағандыдағы наразылық шеруіне келіп, жиналған жұртқа мәселенің тоқетерін кесіп айтқан әкім: «Жаңа тариф өзгермейді, жолақыны 80 теңгеге дейін көтеруге толық негіз бар» деп мәлімдеді. Ал әкімнің қоғамдық көлікке отырып, қаланы аралағанын естігендер ғаламторды пікірталас алаңына айналдырған. Бірі – бұл көпшіліктің көзін алдау десе, екіншісі – сапалы қызмет болса 80 теңгені де аямас едік дейді. 

Ондаған тұрғын Қарағандының бас даңғылымен шерулетсе, қаланың белсенді жастары интернетте бірігіп, мәселені шешудің өзгеше жолын ұсынды. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде құрылған «Жол серік» қоғамдастығына үш мыңдай адам кірген. Оны құрған 24 жастағы кәсіпкер Андрей Семнадцатый: «Жұртты алаңдатқан мәселеден шет қала алмадым. Баға қымбаттағалы кейбір жандардың 80 теңге төлеуге шамасы келмей, қиналып қалғанын түсінемін. Жекеменшік көлігіммен жүретіндіктен әрі бизнесмен ретінде жолақының қымбаттауын өз басым сезінген жоқпын. Бірақ күніне бірнеше автобуспен жүретін зейнеткерлер мен студенттер бар ғой. Бұл қоғамдастықты сондай жандарға көмектесу үшін құрдық», – дейді. Олар тіпті, көлік жүргізушілерге жол-жөнекей көлік күткен жандарды 50 теңгеге ала кетуді ұсынады. «Негізгі мақсатымыз – жұрттың назарын аударып, жолақы қымбаттауына байланысты қоғамдық көлікке балама ұсыну. Үкіметке өзіміздің қолымыздан да бірдеңе келетінін көрсеткіміз келеді. Үкіметтен қайыр болмаса, өз қамымызды өзіміз ойлауға тура келеді», – дейді еріктілер. 

Алматы қаласында да жолақысы 80 теңгеге қымбаттаған кезде тұрғындардың бас көтергенін көрмеп едік. Тіпті, әкімдіктің мұнысына қыңқ етпей, 80 теңгені төлеуге амалсыз көндікті жұрт. Бірақ сол кезде Жолаушы тасымалдау қызметі басшылары «Қоғамдық көлік мәдениеті қалыптасып, сапалы қызмет көрсетіледі» десе де, «баяғы жартас, сол жартас». Сол иін тірескен жолаушы, боқтампаз жүргізуші мен кондуктор. 

Қай қала болмасын, қоғамдық көлік мәдениеті әлі күнге қалыптасты дегенге сену қиын. Мейлі 80 теңге, мейлі 100 теңгеге қымбаттаса да. Ал артық-ауыс нәпақадан айрылып қаламын деген көлік жүргізушілерінің ойлағаны құлқынның қамы ғана. 

Динара Мыңжасарқызы