ПЕРАЛАДАҒЫ СИЫР ФЕРМАСЫ

ПЕРАЛАДАҒЫ СИЫР ФЕРМАСЫ

ПЕРАЛАДАҒЫ  СИЫР ФЕРМАСЫ
ашық дереккөзі
1531
Каталония провинциясының орталығы Барселона. Өздерінің конституциясы бар, тілдері каталон тілі, испандықтар бұл тілді түсіне бермейді. Каталония провинциясы Испаниянын ең бай облысы, мемлекеттің ішкі өнімінің 40 пайызын береді екен. Бір кездері каталондықтар Испаниядан бөлініп, жеке мемлекет құрамыз деп те әрекет жасапты. Әрине, оған Испания өкіметі ыңғай бермесе керек. Сиыр фермасының иесі Рафаэль 65 жаста, өзі трактор айдап, шөп жинап жүрді, бізбен сұхбаттасуға аз ғана уақытын бөлді. Таңғы асын жеуге де уақыты жоқ екен, бізбен сөйлесіп тұрып, бутербродты қаужаумен болды. Баласы 30 жаста, инженер болып істейді және үш оңтүстік африкандық жігіттер еңбек етеді. Бары-жоғы осы 5 адам. Фермада 500 бас сиыр бар. Оның жартысынан көбі сауын сиырлары. Қалғандары бұзаулар, тайыншалар, өгізшелер. Сиырларды 4 жылдан кейін етке өткізіп жібереді. Әр сиырдан күніне 50 литр сүт алады. Күніне екі рет азанда-кешке сауылады, әр сауылғанда 25 литр сүт береді. Желіндеріне көзіміз түсті – үрген местей. Жыл бойы қолда ұсталады. 200 гектар жері бар, оған тек қана мал азығын егеді – жүгері, күнбағыс т.с.с. өсімдіктер. Шөптерін орып, кепкеннен кейін рулон-рулон қып целлофанмен орап тастайды. Ал, сиырлардың тұрған жерін көріп таң қалыстық. Әр сиырға нөмір берген, олары құлақтарына бекітілген. Жем-шөп жегенде бастарын алысқа соза алмайды – арнайы темір құрсау оған мүмкіндік бермейді. Сүт сауу автоматтандырылған – арнайы айналып тұратын дөңгелек құрылымға бір кіргенде 12 сиыр кіреді. Өздері әбден үйренген. Сол жерде желіндерін автомат жуып, емшек сорғыштар киіледі. Сүт арнайы резіңке түтіктермен үлкен ыдысқа барып құйылып жатыр. Қораның ішінде әр 5-7 метрден кейін желдеткіш, су бүркетін қондырғы қойылған. Арнаулы жерге сиырлардың арқасын сүйкейтін (чесалка) қондырғы орнатылған. Арқасы қышыған сиырлар өздері барып, сүйкеніп-үйкеніп кетіп жатыр. Үйренген сиырлар әдейі қоршалып, бөліп қойған «бөлмелеріне» барып жатады. Сиырлардың барлығы шолақ құй­рық. Жас бұзау кезінде 20 см қалдырып, құйрықтарын кесіп тастайды, кейін сауын сиырлардың желіні таза болу үшін. Жаңа туған бұзаулардың әрқай­сысына жеке үйшік жасалған. «Ясли» деп аталады, ол жерде сүтті емізікпен береді, жұмсақ шөп, комбикорм арнаулы ыдыстармен алдарына қойылған. Бұл жерде қыс кезіндегі ауаның температурасы +6 дан төмен түспейді екен. Сиырдың тезектерін сумен жуып, бетоннан жасалған шұңқырға жібереді. Ол жерден тыңайтқыш ретінде сорып алып, егіндікке шашады. Ал оңтүстік африкандықтар өз тіршілігіне риза, барлық қара жұмысты солар істейді. Айына 700-800 евро айлық алады. Фермаға сыртынан қарасаң бір үлкен мекеме немесе зауыт сияқты көрінеді. Жем дайындайтын биік-биік элеваторлары бар. Бірнеше механизмдер әртүрлі жұмысқа арналған, гаражда тұр. Оған инженер баласы жауап береді. Сүттің бағасы 30 цент – сүт зауыттары өздері келіп алып кетеді. Күніне 6-7 мың литр сүт өткізеді. Ферма 40 жылдан бері жұмыс істейді. Фермаға баратын жол түгел асфальтталған, айналасы көкорай шалғын, шаң деген атымен жоқ, Жерорта теңізінің әсері болар. Жерорта теңізі мен ферманың арасы 10-15 шақырымдай.

 Өскенбай Құлатайұлы,

 Алматы – Барселона – Алматы

Серіктес жаңалықтары