КИЕВ ЕРЕУІЛШІЛЕРІ ҚАЙМЫҒАР ЕМЕС

КИЕВ ЕРЕУІЛШІЛЕРІ ҚАЙМЫҒАР ЕМЕС

КИЕВ ЕРЕУІЛШІЛЕРІ  ҚАЙМЫҒАР ЕМЕС
ашық дереккөзі
228

Украинадағы оппозиция өкілдерінің ашуы әлі басылар емес. Алғашқы кезде билік наразылық танытушылардың пікіріне құлақ түрсе, қазір мүлдем елемейтінді шығарды дейді олар. «Себебі де түсінікті. Ресей жеңілдікпен берген көгілдір отын мен 15 млрд. доллар ауыздарына құм құймағанда қайтсін?» деп ашуын білдірген ереуілшілер алған бетінен қайтар түрі жоқ. Тіпті, демалыс күндері Киев алаңдарына шамамен 50 мыңдай адам шеруге шығыпты. 

Еуромайдан Януковичтің мұртын да қисайта алмағандықтан, бұл іске АҚШ араласа бастаған сыңайлы. АҚШ сенаты украин халқын қолдауға байланысты арнайы қарар қабылдап, онда «американдықтар шерушілерді де, билікті де біртұтас ұлттық ымыраға келуге шақырады» делінген. АҚШ-тың Украинадағы елшісі Джеффри Пайетт мырзаның айтуынша, бұл қарар Украинаның тәуелсіз және демократиялық болашағын қолдау мақсатынан туындаған. Сондай-ақ құжатта өткен жылдың 30 қарашасы мен 1 және 11 желтоқсанда бейбіт түрдегі шерушілерге қарсы көрсетілген күш құрылымдарының әрекетін қатаң айыптау туралы да тілге тиек етіледі. Бұған президент Янукович тез арада араласып, кінәлілерге жаза тағайындау керектігін баса айтады. Ал қарардың қабылдануын құп көрген оппозиция өкілдері: «Күш құрылымдарының қару жұмсап, адамдарды аяусыз соғуына жол берген Янукович болмаса, онда оның сенімді өкілдері Ішкі істер министрі Виталий Захарченко мен СНБО басшысы Андрей Клюев шығар. Біз президенттен осы екеуінің бірін отставкаға кетіруін талап етеміз», – деді. «Белоруссия президенті Лукашенкомен салыстырғанда, Януковичтің олигархтармен жақындығы бар екені анық. Тіпті, украиндық қалталылардың Батыста арнайы есепшоты мен жылжымайтын мүлкі, қала берді кәсіп көздері де бар болуы мүмкін. Ал олардың шамына тисе, Януковичті екі аптаның ішінде құртуға күші жетеді. Сондықтан да осыншама байлықтың көзін сақтап қалу үшін олар Януковичті де «сатып» кетуден тайынбайды» дегенді бүкпесіз жеткізді. 

Украина Сыртқы істер министрлігі қарарға жеделғабыл көзқарас танытып, оппозиционерлерді арнайы келіссөзге келуге шақырды. «Украина үкіметі еуропалық интеграцияны қолдау идея­сында қалады және демократиялық реформаларды жалғастыра береді. Осыған орай Президент Янукович мемлекетте тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өзара келісімге келу үндеуін жолдады. Ол құқық қорғау мекемелері тарапынан қолданған күш құрылымдарын жауапқа тартатынын білдірді», – деп мәлімдеді СІМ. 

Қазірдің өзінде американдық елші майдан белсенділерімен кездесіп, бұл әрекеттің заң аясында жүзеге асырылып жатқанын қаперге салды. Кейбір санкцияға тартылған бейбіт тұрғындар алдағы уақытта өркениетті елдерге бару мүмкіндігі бар визадан қағыс қалып, есепшоттарының да бұғатталатынын айтып, араша сұраса, тағы бір белсенді күн сайын МАИ қызметкерлерінен жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырайтындығын тілге тиек етті. Алайда, елші бұл түйткілдерді ретке келтіруге әбден болатынын айтып, сендірді. 

Сонымен, жаңадан басталған 2014 жыл Украина үшін қалай өрбитінін кім білсін, әзірге биліктің басы бірнеше стратегиялық құжаттың ортасында шайқалып тұрғандай. Не оппозиция өкілдерімен де ымыраға келер емес, не «отставкаға кету керек» деген атқамінерлерді қызметінен босататын түрі жоқ. 2015 жылы президенттік сайлаудан үміті бар Януковичтің мұның біріне бас қатырмауы заңды да. Алайда, әлеуметтанушылар Януковия екінші кезеңде оппозиционер Виталий Кличко мен Арсений Яценюктен жеңіліп қалуы мүмкін екенін айтуда. Дегенмен, «Майдан» бірлестігі құрған қоғамдық кеңес алдағы президенттік сайлауға оппозиция басшыларынан бірауыздан бір үміткерді таңдау керектігін талап етті. Қазір халық бұл орынға «Удар» партиясының жетекшісі Виталий Кличконы лайық деп біледі. Арнайы жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, Кличко – ең жоғары көрсеткіште тұрған оппозициялық саясаткер. Ал ресейлік басылымдар Тимошенконың атын арқаланып жүрген саясаткер Яценюкті боксшы Кличконың аса жақтыра бермейтінін жазса, «Тягнибок президенттік сайлауға түсе қалса, екінші кезеңде-ақ дауысын Януковичке береді. Сондықтан да халық тарапынан да еш қолдауға ие болмайды», – дейді. Әрине, бұл болжам ғана. Президенттік сайлауға кімнің түсетіндігіне де уақыт – төреші. 

Айта кету керек, осы аптада шамамен 30 шақты оппозиционер Жоғары Раданың жұмысына кедергі жасап, мінбер мен президиумды жауып тастады. ЖР төрағасы Владимир Рыбак отырысты ашқаны сол еді, оппозициялық топтың баса-көктеуі салдарынан кешке дейін үзіліс жария­лады. «Удар» партиясының жетекшісі В.Кличко: «Біз «Беркут» арнайы жасағын басқарып отырған СІМ Виталий Захарченконың отставкаға кетуін талап етеміз. Сондай-ақ Бас прокурор Виктор Пшонкадан жаппай акция қатысушыларын сауықтыру жөніндегі заңды орындау туралы есеп беруін сұраймыз», – деді. Ал тағы бір белсенді топ тез арада парламентті таратып, кезектен тыс парламенттік сайлауды ұйымдастыруға күш біріктіру керектігін нықтай түсті. Сондай-ақ, «Автомайдан» деп аталатын наразылық шарасын қолдаушылар Украина президенті Виктор Януковичтің резиденциясы алдында «Януковичтің күн тәртібі» деп аталатын кезекті акция өткізбекші. Харьков қаласында 12 қаңтарда билікті қолдайтын «Аймақтар партиясының» ондаған жақтасы сол күні ашылған Бүкілукраиндық Еуромайданның екі күндік форумы өтіп жатқан ғимарат алдында пикет өткізген. 

Осылайша Жоғары рада отырысы кейінге шегеріліп жатқанда, бірінші вице-премьер Сергей Арбузов «сасқан үйрек артымен жүзедінің» керін келтірді. Ол: «Украина биыл Еуроодақпен келісімге келу үшін бар мүмкіндікті аямайды. Біз өзара келіссөзге келуге мейлінше күш саламыз», – деп мәлімдеді. Бұған қарағанда, Украина билігі мемлекет үшін қай жолды нақты таңдау керектігін білмейтін күйге түскен сияқты. 

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары