ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕКТІҢ ХАТЫ

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕКТІҢ ХАТЫ

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕКТІҢ ХАТЫ
ашық дереккөзі
801

Көптен бері жолға шықпап едім. «Бөрі азығы жолда» дегенді айтқан аталарымыз қандай данышпан, қолына қалам ұстағандардың жолсапарларда кездесетін қилы тағдыр иелерінің көңіл-күй ауанына жаны ауырып, не болмаса кәдімгідей бір тұшымды дүние жазып жататыны бар. 

– О, сіздің құжатыңызды сұрап не көрініпті, мен сізді білемін,– деген жолсерік келіншектің сөзін әзілге баладым да, орныма орналаса бердім. Мейрам қарсаңы ғой, жақсы бір көңілділіктің табы бойды биледі. Жолға ыңғайлы киімдерімді киіп, жеңілденіп алдым. – Сіз менің сөзімді қалжың деп ойладыңыз ғой деймін, шынымен сізді білемін. Баяғыда, біздің жас кезімізде қазақша шығатын бір журналда «Жамал апайды тыңдасақ» деген айдармен берілетін мақалаларды астын сызып оқушы едік, есіңізде болар. Ал, сіздің «Әйел-Әлеміңізді» жоғалтып алдық,– деп жымиды.

Әңгіме төркіні қызықтыра түс­ті. Өзім қызмет жасайтын га­зетте бір жылдары осындай ай­дармен отбасылық тәлім-тәр­бие­ге байланысты айына бір бет жа­риялап тұрғаным рас. Мені қызықтырғаны, кейбір оқырмандар қай қаладан шығатынын шатастырып жүретін басылымның айдарларын да ұмытпай айтып тұрғаны. Көкірегі ояу, көзі ашық мына келіншектің көзіндегі қара көзілдірігі талай мұңды қымтап, жанын жегі құрттай жеген уа­йым-қайғысын жасырғанымен, дау­сын­дағы зілсіз діріл одан сайын ын­тық­тыра түскендей.

– Білесіз бе, мен тіпті сіз­дің «Саудагер келіншек» деген­ дүниеңізді біраз жылдар сақтадым десем сенер ме едіңіз? Өйткені менің жаным да дәл солай жараланған-ды. Ерке болдым, бойжеттім, жоғары білім алдым. Ғашық болдым. Сүйдім, қосылдым. Ол да мені сүйді, ана сүті-әке қанымен біткен бо­йымдағы еркелікті түсіне білді, бақытты әйел едім. Үш қыз, екі ұл дүниеге әкеліп, бақыттан бас айналған жылдардың қай сәті, қай ке­зеңінен басталғанын қайдам, осы бір жылдарда бақытпен бір­ге ғұмырыма бақытсыздық та еніп кеткенін білмей қалыппын. Қыз­дар бойжетіп, ұзатылып кет­ті. Ұлдар келін әкеліп, шаңы­ра­ғымыз шаттыққа толды. Бірінен кейін бірі немерелер өмірге келіп жатты. Айтуға оңай әрі тез болғанымен бұл кезеңдерде күйеудің де қызметте жолы болып, талай биіктерге көтерілді. Керемет саясаткер болмаса да, аты облыс көлемінде емес, біраз жерге жайылып қалған абырой-атағы бар,беделді. Ірі өндіріс ор­та­лығы болып саналатын Балқаш қаласында бірнеше пәтер, саяжайымыз тап-тұйнақтай. 

Өзім де қызметтен қол үзген емеспін. Бала тәрбиесімен жүріп, отбасындағы береке-бірлікті, татулықты ойлап, оның үстіне аты дардай әкелерінің қызметіне зияны тимесін деген мақсатпен өмір сүріп жаттық. Бірақ, кіші ұлымның, мейірімді, көп сөйлей бермейтін салмақты ұлымның ішімдікке әуестігі жыл өткен сайын үдей түсті. Анда-мұнда «сыра ғана іштім ғой» дегеніне, үйленді, келіншек алды, кішкентайлы болды ғой деп мен де аса мән бермедім. Жоқ, байқаймын, тіпті жиілеп барады. Әкесі де сезе бастады. «Мына ұлдың ішін тесіп бара жатқан қандай күйік, еркекше бір сөйлесіп қойсаңшы» дегенімде: «Уақытым жоқ, өзің сөйлес, енді тәрбиемен айналыссам жұмысты кім істейді?! Осылай талтаңдап жүргендерің айналып келгенде менің арқамда, қыздарыңа да үй әпердім, ұлдарыңда үй бар. Пәтердің ақшасын қалтаңа салып алып тайраңдап сен жүрсің, құтырғансыңдар, тойынғансыңдар»,– деп өзіме бас салды. «Ішкен күні көзіме көрінбесін, бұл ауданда жүрмесін», – деді. 

Қаланың сыртындағы жер үйге келінмен бөлек шығардым. Келінім де сүйкімді, тындырымды бала. Бірақ көп сөйлемейді, тұйық. Ұл да тұйық, бала болып бір жарқылдап күліп, сөйлегені анасы менің есімде жоқ. Басында ер баланың сөзге үйір болмағаны жақсы қасиет деп қабылдадық. Бір күні бір қолында арақ, бір қолында сырасы бар әлгі ұлды есік алдында құлап жатқан жерінен тұрғызып, үйіне әкелдім де айда саба… Әр бөлменің терезе перделерін қымтап, сығалап жүрген әкесінің қылығы да жанымды жеп, жүйкеме тие бастаған кез еді. Оның да, менің де сілем қатты. Аяғынан тұра алмайтын ұлымды әбден күшім сарқылып, білегім талғанша сыпырғышпен ұра бердім, ұра бердім… Бетімді жуған жасты сүртуге де шамам жоқ. Балаларын шұбыртып қыздарым жетті, ебіл-дебілдері шыққан. Бой жетіп, күйеуге шыққалы отырған кенже қызым да жетті. Бір кездері үлкен ұл мен әкесі келді. Осыдан кейін қан қысымым көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шықтым. Айлап жаттым. Ұл ішуін қоймады, баласын жетелеп келін кетті төркінге. Ішімдіктің салдарынан үйдегі өмірбойы жинаған алтындарымды ұрлап, ұл тағы да айлап жоғалатын болды. Сонымен, не керек, әбден өлім аузына жетіп, аузы-басы қисайып, тілі бұралмай қалған күндердің бір күні қайтып келді. Ол бар байлығымды алып жоқ болып кеткен бір айдың әрбір күні мен түні не, әрбір минут-сағаты өмірімді қысқартты десем, сенер ме едіңіз?! Келген күні есін жиғызбай наркоау­руханадан бір-ақ шығардым. «Кодировать» етіп тастадық. Сәл-пәл көңіл тынышталғандай болды.

Жүйке тозған. Іштен шыққан перзентіңді өлімге қимайсың. Азапты күндер мен түндер тіпті күйеуден бездіріп жіберді. Жек көре бастадым. Суынып кеттім. Бірақ, оның дәл мендей күй кешіп жүргенін сезіне де, көре де алмадым. Баяғы жұмыс, қағазбастылық… Ең сорақысы әлі де алда екен…

Қазақтың аналары не деген жанысірі еді. Өмірбақи ішкені алдында, ішпегені артында, қонақжай, пысық әйел – менің байдан көрмеген қорлықты ұлдарымнан тарту маң­дайыма ойып тұрып жазылған екен. Көздерін ашқаннан мәдениетті, көргенді кісілердің қолына су құйып өскен екі ұл, екеуі де оңбай шықты. Жастайынан ішімдікке құмар әкені көріп, немесе не істеген тамағында береке жоқ, үй ішінде «боғы» ағып жатқан салақ ананың тәрбиесінде болған емес, не ішем демеді, не киемін демеді, үсті-бастары мұнтаздай, сабақтары да жаман болған жоқ, тәртіптері де анау айтатындай бұзақы емес, бірақ неге екенін қайдам, өте-мөте ызақор болып шықты үлкен ұл. Қызба, тыз ете қалады. Көзі маңдайына шығып кетердей ашушаң. Әйелі де жетіскен неме емес, үй тірлігіне еш икемі жоқ, салдыр-салақ… Үш немерем үнемі кір-қожалақ болып жүргені. Көйлек-көншектері ересектердің киімімен араластыра кір жуатын машинкеде жуылатындықтан балалардың үсті үнемі сасып, жағымсыз иіс шығады. Үйдің іші түгілі, сыртқа шығарда балалар аяқтарына түрлі шұлық киіп жүреді ғой қарабасқанда. Төрт бөлмелі үй түгілі өзінің жатын бөлмесіне адам бас сұға алмайды. Түскеніне он шақты жыл болса да, үй тірлігін алып кете алмады. Басқасын былай қойғанда кір машинкедегі заттары екі-үш күндеп жайылмай тұра береді ғой. Өзім кіші ұлдың соңынан жүріп үйдегі тірлікке бас ауыртпайтын болғанмын. Апта аралатып қыздар келіп жинайды. Жас та келіп қалды, осындай жүйкені жұқартатын оқиғалар тездетті ме, әйел бойында болатын өзгерістер, адам ағзасында болатын «төңкерістер» мені тіпті мазалайтын болды. Жүйкем тозған. Ана сүтімен сіңген кірпияздық бар, көз алдымда шаң басып, қоқысқа айналған айналама көз жұмып тағы қарай алмадым. Жайлап айтқанды ұғатын келін тағы жоқ. «Ел жатса да енекем жатпайды» демекші, ұйықтар алдында асүйді бір шолып, тоңазытқышқа салатынын салып, салмайтынын орны-орнына қойып, қарап шық дегенді ұқпады. Ыдыс-аяқ қол жуғышта толып тұрғаны. Оның бәріне «қойшы өзімді шаршатпайын, онсыз да жетеді ғой айқай-шу» деп көбіне көз жұмып қараймын. Құдай-ау, өмірі балалар уақытымен тамақтанбайды ғой, қарны аш бала ылғи ызыңдап жылап жүргені. 

Бәрі де сол салақтықтан басталды. Өзіміз төсектен тұра сала баланың киімдерін ауыстырып, мұнтаздай киіндіріп, тамағын беріп, сосын күнделікті тірлікке көшуші едік жас кезімізде. Сол күні таңертең үлкен ұлын жетелеп, екі кішкентайын үйге тастап сыртқа шығып кетіпті. Бір жасқа енді толған кішісі жалаң аяқ, бірінші қабат болған соң, еден суық емес пе, мұрнынан су ағып, шырылдап жылап ана бөлмеге бір, мына бөлмеге бір кіріп жүрді. Әкесі ұйқыдан бас алар емес. Мен де сәл кештеу тұрайын деп жатқам, шыдай алмадым. Тұрып, беті-қолын жуып, киімдерін іздесем, бір жөні түзу киім жоқ. Шұлығы колготкиімен бірге киімдерінің арасында умаждалып жүр. Амалсыз бөлмесіне кіріп іздедім. Ондағы былықты көргенше көзім шыққаны жақсы еді… Сөйтіп жатқанда келіннің өзі де келді. «Балам-ау, мынау не сұмдық, шифонеріңді реттеп қойсаңшы, сұмдық қой мынау» дегенім сол еді, «ұнамаса, менің бөлмеме енді кіруші болмаңыз. Қалай тұрғым келеді солай тұрам» деді сазарып… Өліп-талып, осылар деп жүргенде естиін дегенім де осы сөз бе еді?! Не деген тәрбиесіз, әке-шешесінің табалдырығында отырып, айтатыны мынау, егер үйлерінің кілтін өз қолына берсем не болады?! Қаншама қиындықтардан, жүйке тоздыратын түрлі оқиғалардан кейін енем байғұстың қабағына қарайын дейтін келіннің түрі мынау… «Мен неге кірмеуім керек, қайдан шыққан пәлесің, сенің байың түгілі менің байымның да қатысы жоқ бұл үйге, өз еңбегіммен алғанмын, тіпті сендей жап-жас кезімде. Мына сөзің не? Бір шаңырақтың астында тұрып, бір бөлмеден бір бөлмеге кіре алмасам, не болғаны?» Қойшы, әйтеуір он жылда ештеңе айтылмаған, салақтығы мен олақтығы бетіне басылмаған, әй-шәй деспеген келінімнің де үні шыға бастапты, беттен алды. «Өзі қалаған кезде жинайды екен», «Осылай тұрғым келетін шығар», «Ұнамаса бөлмесіне кірмеу керек екен», «Байдың ішкиімі мен өзінің төстігі, төсеніші мен баласының киімі бірге жуыла ма, жоқ па, әйтеуір жуылса болды емес пе», қойшы әйтеуір, өз бөлмемде не істесем де, қалай тұрсам да өзім білемін» деді. «Маған да бәрібір, бөлмеңе түзге отырып, тайып­ жығылсаң да, өзің біл, бірақ әйел болу деген тек қана өмірге перзент әкелу емес, отбасы-ошақ қасын да таза ұстау екенін» түсіндіру қиынға соқты. Осы кезде үлкен ұл: «Мен сенімен тұрғым келмейді, менің де, менің анамның да көңілінен шықпайсың» деп төсектен атып тұрды да, айқайға басты. Үш баласын киіндіріп алды да, келін кетті тарс жауып есікті. Қабырғаны соғып, есік-терезеге қолына түскенді лақтырып, жынданып ұл қалды үйде. Тағы да жалғыз өзім, тағы да ызақор ұлмен жекпе-жек… «Мам, үйге ертіп келіп жүргенде жақсы қыз деген өзің ғой, мен шатасып үйлендім, әйел ретінде мені еш қызықтырмайды… Балаларды қайтемін, өздеріңнің проблемаларың шаш-етектен, сондықтан да талай жыл үндемей келдім, енді не болса да осымен өмір сүремін… Ұнамаса қойсын саған…» 

Еңіреп жүр, төңірегіндегілерді түгел қиратты. «Болды, қойшы, саған ажырас деп жатқан кім бар, кем-кетігін айтып тәрбиелемесем несіне енемін, болды» деп құшақтай бергенімде ұлым білегімнен қыршып тістеп алды. Бір кезде сыртқа шығып кетті. Бәрі де ұлдың ішінде жатыр екен. Екі күйеу балаға көмектесіп жатқанымыз да, әпкелеріне үй алып бергеніміз де, кіші күйеу болатын баланың үйге келіп-кетіп жүргені де, ештеңе ұнамайды екен. Ұлдың үлкені деп Астанадан алып қойған үй, қаланың сыртындағы жай үй, тіпті қыздарға алып берген үйлерді де өртеймін, қырамын-жоямын деп кетті… 

Есеңгіреп мен қалдым. Қол шын­таққа дейін күп болып ісіп кеткен. Тағы да жылап-еңіреп қыздар жиналып қалды, соңынан әкесі келді.. 

Шынымды айтсам, өмірден түңіліп кеттім. Мұндай ызаланбаған шығармын. Әке түгілі анамнан шапалақ жеп көрмеген басым, тіпті соншалықты ерке болсам да, әйел ретінде тартымдылығым, пысықтығым болар, ұқыптылығым болар, күйеуден де таяқ түгілі артық сөз естіп көрмеген басым… Өлгім келді, тіпті адам ашынған кезде бай да, бала мен қыз да, ешкім де жолбайлау бола алмайтынын түсіндім. Бәрін де қиып кетер едім, өзімді қимадым! Өйткені, «жоқтан бар жасап, бірді екіге қосып, осыншалық жиған-терген абырой болса, оған да өзімнің жаным қалмай, жаным мұрнымның ұшында жүріп жеткізгенімді жақындарым білмесе де, өзімді танитындар мойындайтынын білдім. Неге жанымды сол үшін қиюым керек, жоқ, өмірбақи жиған қызықты (еркек деген ертең-ақ үйленіп кетсе, ит болса да осы балалардың ырзығы басқа біреулердің езуін тіліп кетер) деген қызғаныштан өлмей қалдым.

Келіншек әлі сөйлеп отыр. Біз мінген №15 пойыз жүрдек деген аты ғана екен, жеті сағатта ілбіп Шу стансасына келіп тоқтады. Алматыдан басталған әңгіме, байқаймын, әлі нүкте қойылар түрі жоқ. Күйеу қайда, ұлдар ше, келін не болды, ең бастысы бұл пойызда неғып жүр деген сыңды сұрақтармен басым қатып мен отырмын. Қарап отырып көңіл құлазыды, көңіл босады. Екі көзге ерік бердім… Не болып барамыз? Құдай-ау, бәріміз де сол ұрпағымыз үшін тірлік жасап жүрген жоқпыз ба?! Мәңгілік ештеңе жоқ, үлкендер жүріп өткен осынау сардап сары дала бізден де, ертең олардан да қалады ғой… Осынау азды-көпті тірлікте неге ғана бір-бірімізге мейірім-шапағат, сый-құрмет көрсетіп өтпейміз? Жоқ, әлде тіршіліктің де сәні сонысымен бе екен?..

– Сізді ойға салып қойдым ба? 

Жолсерік келіншек аздап жы­ми­ғандай болды. Жо-жоқ, мен солай ойладым. Әйтпесе, оның қара көзілдірігінің ар жағынан әбден қажыған, нұры кеткен жанарында мөп-мөлдір тамшыларды менің көзім емес, жүрегім сезеді.

– Қолыңызға қалам алыңызшы, –деп өтінді ол есіктен сығалаған қалпы. Сасып қалсам да, сөмкемнен қалам-қағаз іздей бастадым. Әншейінде өзіммен бірге жүретін қолжазба кітапшам да жоқ екен. Кішкентай ғана дәрігердің дәрі жазып берген қағазынан басқа ештеңе жоқ. 

Былай деп жазыңыз: «Мен сенің ақылды-сабырлылығыңа, талант-қабілетіңе, мейірімділігіңе қарамастан жек көремін! Себебін өзің де білесің! Білмесең айтайын, көзің бақырайып, тірі кезіңде ұлдарыңнан таяқ жегіздің! Қолы тиді! Міне, сенің қадір-қасиетің… Ғашық болдым! Сүйдім! Қосылдық! Үш қыз, екі ұл туып бердім. Ал, бүкіл қиындық артта қалды, жақсылыққа қол жетті, толдым, зейнетке жеттім, бейнет артта қалды деген кезде осылай болды. Кім білсін, өзің айтпақшы әйелдік қасиетім жоқ шығар… Кейде бір жолаушылап алысқа жиналғанда үйден ішіп-жейтін ештеңе алмай шыққан сәттерім болатын, сонда сен осылай дейтінсің… Ал, мен байғұс үйдің асынан жеріген шығар, екеуміз бір оңаша жол үстінде мейрамханаға бара салайықшы деген ниетпен алмайтынмын, қайдан білейін, мұның өзі әйелдік кемшілік екенін… Сонда осы уақытқа дейін қалай, кім болып ғұмыр кешкенмін?.. Сонда жақсы қатын, әдемі әйел, мейірімді ана бола алмағаным ба?..»

Ол үнсіз қалды. Қара көзіл­ді­рік­тің ар жағынан бір ып-ыстық тамшы үзіліп түскенін жаныммен сезіп мен отырмын. 

– Міне, осы хат күйеуімнің төс қалтасында төрт ай жатты. Көп киімнің ішінен киілмей қалса керек, қоштасып тұрып өзімді қимай төрт ай өзімнің қалтамда жүрді. Сегіз ай сергелдең болған ойымды жинақтай алмай жүріп, бір күні осы пойыздың астына түсіп кете жаздадым… «Барар жер, басар тауы болмаған ғой» деп ойласа керек, осындағы жолсерік әйел вагон ішін тазалайтын адам керек деп алдап салып алды. Содан бері осындамын, көмекшімін. Талай жақсы адамдармен тіл табыса алар едім, бірақ мен сізді сыртыңыздан білемін ғой, ащы да болса шындықты, қайғымды сондықтан сізбен бөлістім. Бүгін маған сондай бостандық сыйладыңыз, рахмет! Әңгімені жеті сағат бойы үзбей шыдамдылықпен тыңдағаныңыз үшін рахмет! Енді мазаңызды алмаймын, қайда жүрсеңіздер де аман болыңыз! Үнемі жолда жүретін мамандық болған соң отбасыңызға аман жеткеніңізді қалаймын. Өйткені, балаларыңыз күтеді ғой…

Неге екенін білмеймін, мен купе терезесінен сыртқа қарадым. Пойыз жүрісі тіпті баяулап кеткен сияқты ма, жоқ, тағдыр тәлкегіне түскен жанның жайсыздау әңгімесі уақыт өткізбей қойды ма, білмеймін… Аядай ғана екі кісілік купенің үстіңгі қабатында алаңсыз ұйқыға берілген жолдасыма қарап біраз отырдым. Жаратқан, осынау алаңсыз, қайғысыз, уа-йымсыз тірлігімді ғұмырлы ете ғөр деп тіледім ішімнен. Ұрпағыма мейірім, сана бере гөр, «Жұмақ ананың табанының астында» деген ұғымды түйсінетіндей түйсік бер деп жалындым Жаратқанға!!! О заман да, бұ заман «Әкең жынды болса, байлап бақ» деген қағиданы ұқпайтын жұғымсыз ұрпақтан сақтай гөр, ананың аң сүтін ақтамаған бала мына жарық дүниедегі тірлігінің жібі де түзу бола қоймайтынын қалай ұқпайды екен?!. Ата-ананың қадіріне жетер түйсік бере гөр әулетіме деп жыладым іштей. Ойым онға, санам санға бұзылды.

Астана борандатып-ақ тұр екен. Тонымның етегін алай да, бұлай да алып қашқан суық желдің өтіне қарамай, жан-жағымнан әлгі келіншекті із­де­дім. Көрінбейді. Қасындағы жол­серік әйел ғана болмашы жы­миып қоштасқандай болды. Соған қарағанда әлгі сырдан бұл да хабардар болар деп ойладым. Бір-біріне қамқор, көмегін аямайтын қазақтың қайсар қыздары-ай, әйелдері-ай, сақтарың сынбасыншы дедім дау­сым дірілдеп. Көмейіме ыстық жас келіп қалды… 

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары